Əдетте үлкендер балаларды «Бүжəй келеді», «Құбыжық келеді», əрі кетсе «Жоңғар алып кетеді» деп қорқытады ғой. Мені үйдегілер «Шымкентке алып қашып кетеді» деп қорқытатын. Есін енді біле бастаған шығыстың қызы Шымкенттің қандай болатынын қайдан білсін? Үлкендер қорқытқан соң қорқынышты деп елестетеді ғой.

Мектепке барып, сауат ашқан соң Қазақстанның оңтүстігінде Шымкент деген қала бар екенін білдім. Кейін жоғары оқу орнына түскен соң жатақханада шымкенттік қызбен бірге тұрып, құрбы болдық.

Шымкент қаласы жəне оның тұрғындары туралы ел арасында алыпқашпа əңгіме жиі айтылады. Бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болған бұл қала 2018 жылдың 19 маусымынан бастап Қазақстанның үшінші мегаполисіне айналды.

Шымкент – қайнаған тіршілік пен тойдың қаласы. Жиырма жыл бойы маған қорқынышты болып көрінген қалаға биыл екі рет барып қайттық. Оған себепші болған да – той. Шымкент деген – қандай «субэтнос»? Шымқалаға жасаған екі күндік сапарымызда осы сауалдарға жауап табуға тырыстық. Тапқан да секілдіміз.

Шымкенттіктер… Олар қандай?

Миллион халқы бар Шымкент қаласының тұрғындары туралы түрлі пікір бар. Олар туралы пікірдің көп жəне сан түрлі болатыны тұрғындарының көптігінен шығар деп болжадық. Жалпы, шымкенттік деген атауды естіген кезде пысық, ақкөңіл, адамдармен тез тілтабысқыш тұлғаның бейнесі көз алдымызға келеді. Расында, олар сондай. Оған шектен тыс қонақжайлығын қосыңыз.

Тарихқа көз жүгіртсек, қай заманда болсын өнер мен мəдениет солтүстікке қарағанда оңтүстік аймақтарда жақсы дамыған. Оңтүстіктің адамдары  пысық, қызуқанды келеді. Ал солтүстіктің халқы асықпайтын, сабырлы болады деп жатады. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, Қырғызстан мен АҚШ-та, Еуропа елдерінде де қалыптасқан стереотип. Мысалы, Оңтүстік Корея мен Солтүстік Кореяның экономикалық-əлеуметтік жағдайын, саяси сахнадағы беделін салыстырғанда, Оңтүстік Корея көш бойы алда тұрады. Қырғызстанның танымал қаласы Ош та елдің оңтүстік аймағында орналасқан. Сондықтан 2200 жылдық тарихы бар, миллионнан аса халқы бар Шым қаланың шарықтауы, адамдарының əлеуметтік жағдайының жақсы болуы – заңдылық.

«Қазақтың Шымкентте жүр бестен бірі,
Ешқашан шығармаңдар естен мұны.
Əрқашан соған қарап өлшенеді,
Қазақтың қаншалықты өскендігі», – деп ақын Əселхан Қалыбек жырлаған Шымкент халқының көп болуына да бірнеше дəлелді себеп келтіре кетейік.

Елдің оңтүстігінде климат та адамдардың өмір сүруіне қолайлы. «Ол жақта бəрі дейді ғой, қысы да жылы, жаздайын» деген əн де осы қалаға арналып айтылғандай. Оның үстіне, Шымкент – қалтаға қолайлы қала. Байқап қарасаңыз, Шымкентте əр отбасында кем дегенде 4-5 бала бар. Статистикалық тмəліметтерге сүйенсек, тұрғындары ең сирек ауыратын аймақ та осы оңтүстік. Ауа райының, климатының қолайлы болуына байланысты балалардың науқастануы жиі кездеспейді. Сондай-ақ оларды тамақтандыру, асырау да басқа аймақтармен салыстырғанда оңайырақ.

ШҚШ деген қандай субэтнос?

ШҚШ – яғни, Шымкент құрама штаттары дегенді естуіңіз бар ма? «Шымкент –Қазақстандағы Техас» дейді білетіндер. Ал Америкадағы Техас штаты «Жалғыз жұлдызды штат» атанғанын біреу білсе, біреу біле қоймас.

Ел арасында «Əкімшілікте үш қазақ жұмыс істейді, қалғандары –шымкенттік» деген əзіл бар. Сонда шымкенттік деген ұғым мен қазақ деген ұғым екі бөлек əңгіме ме? Шымкенттік болу – ерекше субэтнос өкілі дегенді білдіретіні жасырын емес. Тіпті, шетелдіктерге қазақстандықпын десең, «Сонда Шымкенттенсің бе?» деп сұрайтындары да бар. Шымкенттіктер көп, олар барлық жерде бар. Қоғамда «Тас лақтырсаң, шымкенттікке тиеді» деген мысқыл əзіл де бар.

Ықтималдылық теориясына сүйенетін болсақ, процеске қатысушылардың саны қанша көп болса, оқиғаның жүзеге асу коэффициенті де сонша мəрте өседі деген сөз. Демек, ерекше субэтнос өкілдері туралы пікірлер мен аңыздардың ғарыштық жылдамдықпен таралуы табиғи заңдылық.

Келін болғың келе ме?

Шымкенттіктер туралы тұжырымдар түсіндіруді қажет етпейтін аксиомаға айналып кеткелі қашан. Сондай тұжырымдардың бірі – қыз алып қашу. Үйдегі үлкендердің «Шымкенттік алып кетеді» деп неге қорқытқанын да кейін барып түсіндік қой. Оңтүстікте қыз алып қашу операциясы туралы естіген қыздар оларға қорқынышпен қарайтыны жасырын емес. Режиссер Жəнібек Жанқараев түсірген «Потому что шымкентский» фильмінің өзі қоғамның Шымкентке деген қате көзқарасын танытады. Мұндай мазмұндағы фильмдер қазір отандық кино комедияларға жиі арқау болады.

Сондай-ақ, шымкенттік келіндер таңғы 6-да тұрып аула сыпырып, ата-енесіне сəлем салуы керек деген ой да көп қыздарға маза бермейтіні анық. XXІ ғасырда ерте тұрып аула сыпыру əдеттен тыс пысықтықты білдірсе, жасы үлкендерге иіліп сəлем беру – əдептіліктің белгісі.

Сонымен, Шымкент – қорқынышты қағидалардың отаны емес, салт-дəстүр мен жоралғылар жақсы сақталған ел ұйытқысы деген тұжырымға келдік. Бекболат Тілеуханның «Қазақ болып қалғымыз келсе, Шымкенттің етегінен ұстап жүруіміз керек» деуінің мəні осында шығар.

Шымкент – тарихи мекен

Қаланың тарихы тереңде жатыр. 2200 жыл бұрын пайда болған бұл қалада тарихтан сыр шертетін орындар көп. Бізге ерекше əсер қалдырғаны – Бəйдібек би ескерткіші мен Дендросаябақ. Дендросаябақтағы Нұрсұлтан Назарбаев, Талғат Бигелдинов, Сүлейман Демирел, Талғат Мұсабаев, Роза Бағланова сынды тұлғалар өз қолымен отырғызған ағаштарды көріп таң-тамаша болдық.

«Шымкентте өмір сүргім келеді»

Қоғамдағы небір оқиғаларды көріп өскен, шетел көріп келген қазақ жастары Қазақстанда тұрғым келмейді деп қиғылық салатынын да кездестіріп жүрміз. Ондайларды екі-үш күн Шымкентке апарып тастасаңыз, ойын өзгертуі əбден мүмкін. Шымкент қаласы климатының жайлылығымен ғана емес, дамыған инфрақұрылымымен, бағасының қолайлылығымен, адамдарға сыйлайтын ерекше əсемдігімен, əсерімен ерекшеленеді. Мұхтар Мағауиннің «Шымкент Қазақстансыз өмір сүре алса да, Қазақстан Шымкентсіз өмір сүре алмайды» деуінің өзі осы сөзіміздің дəлелі сияқты. Шымкент қаласын көрген адамның «Шымкентте өмір сүргім келеді» деген шешімге келуі де бұлтартпас заңдылық.
Шымқалаға жасаған сапардан соң біз де бұл заңдылықтан аттап кете алмадық. Алматыға «мен əлі ораламын», «Шымкентте өмір сүргім келеді» деген ойдың жетегінде қайттық.

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №32
7 тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз