Үш қыздың әңгімесі

ҚАЗАҚТАР ТАҒЫ БІР БАҺАДҮРІНІҢ ҚАДІРІНЕ ЖЕТПЕЙ ЖҮР

2008 жылы алтыннан алқа тағынып, елінің абыройын бір көтеріп тастаған боксшы Бақыт Сәрсекбаев қазір қайда жүр? Иә, ешкім білмейді, ешкім іздемейді. Бақыттың өзі де еш жерден жылтыңдап төбе көрсетіп жүрген жоқ. Бірақ, өткенде бір әріптесіміз телефон соғып, жағдайын сұрағанда: «Сендер мені ұмыттыңдар. Мен чемпион болғанда керекпін. Ал қазір ешкімге қажетім жоқ. Мен жұмыссыз жүрмін. Менің бала-шағам бар, оларды асырау керек. Қазір Астанада емеспін. Бірақ келемін, сосын сөйлесе жатармыз…» – депті. Сөзінен ренжіп жүргені анық байқалады. Қазақтар тағы бір баһадүрдің қадіріне жетпей жүр…

«Әкең естіп қоймасын»

Өткенде «Жамбыл облысында жасөсіпірім қыз анасының басын жара жаздапты» дегенді естіп жағамызды ұстадық. Достарымен кездесуге шықпайсың деген анасымен айқайласып, құтыдағы сабынсуды лақтырып жіберіпті. Ауыр соққыдан шекесі қанап, маңдайы торсықтай болып шыға келіпті.  «Осы жасқа келіп, қызымнан таяқ жеймін деп ойладым ба?» деп ана жүрегі қарс айрылыпты. Ауылдастары: «Ол отбасының бұрын ешқандай ың-шыңы сырт көзге байқалмайтын. Әке-шешесі балаларына «не ішем, не кием» дегізген емес. Балаларын қатты еркелететін. Тіпті, балалары ата-анасына «сен» деп сөйлейтін. Өздерінше «сіз деген алыс адамдарға айтылады» дейтін», – дейді. Мәселенің бәрі осы баланы тым еркінсітуден шығып тұрған жоқ па? Баланың ата-анасын «сіз» демей, «сен» деуі сыйластық па? Керісінше, «сіз» деген көргенді отбасыдан шыққан әдепті баланың айтар сөзі емес пе? Ата-анасын сыйлай алмаған бала басқаны сыйлап жарытады дегенге сенбеймін. Әу бастан санамызға «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, парызыңнан құтыла алмайсың» деген сөз сіңіп қалған қазақпыз. Баланы ананың мейірімі, әкенің сұсы тәрбиелейді. Аналарымыз «Әкең естіп қоймасын», «Әкеңнен  білсе, ренжиді» десе, сол сөзден айылын жыйатын ұрпақ едік. Бірақ ана өстіп айтқанмен, жекіп жатқан әкені көрмедік. Бұл да болса, қазақы тәрбиенің ең жарқын үлгісінің бірі. Ұлттық санаға сіңген салт-дәстүрден аттап, ұзаққа барған елді көрген емеспіз.

Осыны бізден бұрын өзбектер мен әзербайжандар тез ұғыныпты. 1-мамырдан бастап Әзербайжан мен Өзбекстан  телеарналарынан шетелдік телехикаяларды көруге тыйым салды. Тіпті, «Түрік сериалдары ұрпағымызды азғындатып бара жатыр. Біздің ділімізге жат» деп бір-ақ қайырыпты. Өте орынды. Апалы-сіңлілілердің, анасы мен қызының бір күйеуге таласқаны қандай тәрбие? Қолына таспих ұстап алып, адам өлтіретін кейіпкер кімге үлгі? 400 бөлімнен асатын «Денизді» мұғалім мен оқушы сабақ үстінде жарыса талқылап отырса, сабақты кім оқиды? Отандық арналарымызда сағызша созылған түрік сериалдарында ертеңгі ұрпаққа керек құттай тәрбие бар болса, неғыл дейсіз. Бір ғана нәрсені мойындаймыз, сценаристер мен режиссерлері, әртістері мықты. Сол үшін теледидардың алдына байланып қалдық дей алмаймыз тағы. Телеарналарымызда кешкісін сабақтан, жұмыстан келгенде көретін бағдарлама болмаған соң амал жоқ, сериалды көріп кеткенімізді өзіміз де байқамай қаламыз.

Көршілеріміз секілді  біздің елде де Парламент арнайы заң шығарып, тыйым салса қандай жақсы болар еді. Телеарна басты тәрбиелік құралға айналып кеткен заманда қалаулыларымыз мұны бірінші кезекте ойлануға тиісті еді. Әйтпесе, бас жарып, көз шығарған ұрпақтан көкесіні көрерміз…

ШҮКЕНОВ «ШҮКІР» ДЕГІЗБЕЙ ТҰР

Батырхан Шүкеновті кумир санайтындардың саны соңғы кезде азайған сияқты. Алғашында Батырханға жететін әнші жоқ сияқты еді. Әндерін сүйіп тыңдайтын тыңдармандарда есеп жоқ болатын. Бір жылдары Ресейге кетті де, туған елінің ыстық ықыласынан айырылып қалды. Бірақ Батырханның өзі одан жаман болған жоқ. Кәсіби әншіге айналды, Ресей эстрадасының мадоннасы Алла Пугачеваның сүйікті әншісі бола білді. Қысқасын айтқанда, орыстарға жақты. 2009 жылдан бері БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы тұңғыш «Ізгілік елшісі». Бірақ балалар құқығына байланысты мәселе көтерген, көтермегенінен хабарымыз жоқ. «Кеттім» деп кеткен Ресейден Қазақстанға біржолата оралды ма, оралмады ма, ол жағы да белгісіз. Қазір «Хабар» телеарнасынан беріліп жүрген «Алдар Көсе» сериалының музыкалық продюсері екенін білеміз, әйтеуір. Қайбір жылы «Отан-Ана» деген әні шықты. Тебіреніп тыңдайтынбыз. Батырханның жоғалтып алған сүйкімі қайта оралғандай болған сол кезде. Бірақ, Батырдың соңғы шыққан «Письмо» деген клипін көріп, бетімізді шымшыдық. Екі қызбен екі жақта көңіл көтереді және бәрін ашық көрсетеді. Жалаңаш қызды қуалап жүргенін көріп жақтырмай қалдық. Шығармашылық адамдарының белгілі бір дәрежеге жеткенде «қуа» бастайтын «ауруы» бар емес пе? Батырхан да сондай «ауруға» шалдығып қалғандай көрінді бізге…

Жеңгеге жарымадық

Қыз Жібек қандай бақытты – «еркем», «шырайлым» деп сызылып жүретін жеңгесі бар. Бұрынғы заманның жеңгелері адал болған ба, әлде қайынсіңлілері «аңқау» болған ба, әйтеуір қайынсіңлі бар құпиясын жеңгесіне жайып салады екен. Қазір Құдай-ау, жеңге мен қайынсіңлінің  арасы мысық пен тышқандай ғой. Не болып барамыз өзі? Бүгінде оң жақта отырып қалатын қыздар да көп. Егер жаны ашитын жеңге болса, кәріқыздардың саны да азаяр еді дейсің.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін актриса Данагүл Темірсұлтанова білек сыбанғалы біраз болды.  «Давай, поженимсяның» қазақша нұсқасы «7-арнадан» «Жар-жар» деген атпен көрсетіліп жүр.  Екі жас осы бағдарлама арқылы шынымен бірін-бірі тауып, бақытты болып жатса, «құба-құп» дейік. Мұндай бағдарлама қазаққа жат деп сын айтқымыз келмейді. Бірақ Данагүл жеңгеміздің  этикадан ылғи аттап кете беретіні  жүдә ұнамайды. Өткенде бір шығарылымын көріп қалғанымда: «Біреудің әп-әдемі қызы. Сен оны қалай асырайсың? Тұрақты жұмысың, ең бастысы – басыңда баспанаң бар ма? Қазіргі қыздарға сол керек», – деп бір жігітті әбден састырды. Үйбай-ау, дүние деген қолдың кірі емес пе? Бүйтіп ер жігіттің сағын сындырып, қыздарды ақымақ қылып көрсету кімге, неге керек? Жүрегінде иманы, адамгершілігі, ақылы бар жігіт алған жарын жылатып қоймайды ғой. Одан да қазақтың жары, анасы, келіні қандай болу керек екенін қыздардың санасына сіңіре бермей ме? Зере мен Ұлжанның Абайды қалай тәрбиелегенін, Ұлпанның жары Есенейді қалай құрметегенін, Біржанның жары Әпішті ру анасының қалай ақылға шақырғанын, соғыста қайтыс болған жарын күтіп, өмір бойы жарына адал болып кеткен аналырымызды айтсын. Тіпті,  көзі тірі Зейнеп Бауыржан келінінің тәлімінің өзі бағдарламаның қаншама шығарылымына жетеді. Бірақ қазір ұлттың қамын ойлауға көп жеңгеміздің өресі жете бермейді. Ащы да болса шындық,  жеңгеге жарымадық қой…

МОДЕЛЬ БОЛУ– ӨМІРІҢДІ ҚҰРТУ

Өңі жылтыраған қыздардың арасында модель болуды армандамайтындары кемде-кем шығар. Өйткені, олар модельдердің өмірін ертегідегідей елестетеді. Соңғы үлгідегі сәнді киімдер, жарқ-жұрқ еткен өмір деп ойлайды. Жалпы модель бизнесінің артында қандай былық жатқанынан хабарсыз оларға, «болмайсың» деп айта алмайсың. Шындығына келгенде, модель бизнесі адам бизнесімен пара-пар. Модель болу – өз өміріңді өз қолыңмен қирату. Бұлай дейтін себебіміз, осы уақытқа дейін осы мамандықты абыройымен алып жүре алғандар сирек. Кейбір модель қыздардың артынан «пәленше деген олигархтың қолдауымен күн көріп жүр екен, сол арқылы топ-модель болып жүр» деген әңгіме жиі айтылады. Сосын ол жерде көбіне көп ішімдіксіз, есірткісіз өмір жоқ екенін де баса айтқымыз келеді. Ондай әрекетке олар тек қажеттілік үшін барады. Өйткені, модель бизнесінің күңі болып кеткен арулар көп жұмыс істейді. Бар тапқаны сұлулық салондары мен қымбат косметикалық бұйымға кетеді. Осының бәрі жиналып келіп, адамды депрессияға бір-ақ шығарады. Күйзеліске көп түскен адамның өңі қашып, «тірі өлікке» айналады әдетте. Соны білдірмес үшін жүйкені тыныштандыратын, энергия беретін, бірақ ағзаны тоздырып жіберетін дәрі-дәрмектерді көп ішеді. Беттің жылтырап, көздің ойнап тұруы үшін есірткі шегіп алады. Кейбір агенттіктер өз модельдерін «тұсаулап» қою үшін күштеп есірткіге отырғызады. Әлемге аты шыққан модель қыздардың көбі осы ішімдік пен есірткінің салдарынан көз жұмған. Тұрмысқа шығып, бала сүю үшін модель болам деген арманынан бас тартуына тура келеді. Болмаса, ондай түнектен қалталы еркектер ғана құтқара алады. Қазір 20 жастағы қыздар модель бизнесі үшін кәрі қыздар болып есептеледі. Ал 25 жастағы модельдер «зейнеткерлікке» кетеді. Өйткені, модельдікке 13-15 жастағы қыздарды ала бастаған. Жас қыздар жарқын болашақ үшін ештеңеден тайынбайды деген қағида бар. Ал подиумда кетіп бара жатып жан тапсырған арулар қаншама? «Мен бірдеңені білгеннен кейін айтамын», – деп әжем айтқандай, біз бұның бәрін көріп, естіп жүргеннен кейін айтып отырмыз. Өміріңді құртып алма, оны қайтадан бастай алмайсың дегіміз келеді.

«ҚОЙ БОЛҒЫҢ КЕЛМЕСЕ, ТАКСИМЕН ЖҮР»

Қазір қаладағы жұртшылық автобустардағы кондуктор мен жүргізушілерге дым да риза емес. «Қара жолда жүрміз ғой, абайлайықшы» деп жатқан олар жоқ. «Қой салып алғандай жүрдіңіз ғой, аға», – деп булықты бір студент қыз. «Қой болғың келмесе, таксимен жүр», – деп зекіді жүргізуші. Қоғамдық көлікке күнде мінген сайын көретініміз осы. Жұмысқа жеткенше энергияң таусылып, жүйкең жұқарып кетеді. Автобустың «тазалығы» жөнінде айтпай-ақ қойсақ та болады.

Жүргізушілер мен кондукторларды оқытқан жөн сияқты, біздіңше. Көпшілікпен жұмыс істеу оңай емес, әрине. Бірақ, халықпен жұмыс істеуді міндетті түрде үйренген жөн. Өйткені, қашан көрсең үсті-бастарын шаң басып, шаштары майласып, қалай болса солай сөйлей беретін кондуторларымызды көрген шетелдік қонақтар шошып кетер. Ал өзіміздің ондайға етіміз үйреніп кеткелі қаш-ш-ан?

ҰБТ-ДА ЖЫЛДА ЖАҢАЛЫҚ

Биыл ҰБТ-ға математика пәнінен логикалық тапсырмалар енгізілетін болды.  Мұны Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиев айтты жақында. ҰБТ жақындаған сайын мектеп бітіретін інім үрейленіп бітетін болды. Әбдиевтің математикадан логикалық тапсырмалар көбейеді дегенін ести сала  жыларман болып: «Үш сағатта тағдырымыз шешілетіндіктен, қорқып, стресспен кіреміз. Ондай кезде логикалық есепті қайдан шешеміз? Логикалық есепті ойланып отырмақ түгілі математиканың басқа есептерін шығаруға уақыт әрең жетеді ғой. Есеп шығарғаннан бұрын тестілеу бланкісін бояудың өзі біраз уақытты алады. Жыл сайын немене жаңалық  енгізе береді екен осы?», – деп кейіді. Інімнің олай дейтініндей-ақ бар.  Жыл сайын ҰБТ жаңалықсыз өтпейді. Әркім білім саласына реформа жасап қалғысы келе ме, әйтеуір әр министрдің тұсында ҰБТ-ға бір жаңалық енеді. Бұрынғы министр Жансейіт Түймебаев ҰБТ-ға орыс тілін енгізіп еді. Бақытжан Жұмағұлов та бұрынғы министрлерден қалмайын деді ме, біраз реформаны бастап жіберді. Алдағы уақыттан бастап Жоғарғы оқу орнына түсу үшін колледж бітіретін  студенттер де кешенді тест тапсыратын  болды. Бітіріп, әне-міне диплом аламыз деп отырған студенттер енді екі ай қалғанда тестке дайындалуға мәжбүр. Аяқасты енгізілген жаңалыққа еліміздегі 896 колледждің студенттері шулап жүр.

«ІШІҢ КҮЙСЕ, ТҰЗ ЖАЛА»

Қазақ эстрадасында батыс өңірінің әншілері бір-бірін аға-әпке тұтып, шүпірлесіп жүретінін жиі байқаймыз.  Батыстан шыққан әншілердің  көбісі Лұқпан Жолдасовтың  студиясын жағалайды. Жақында бір журналист құрбым «жершілдік» туралы айтып отырып: «Ойбай, әншілерден батыстықтар сұмдық рушыл. Әсіресе, Тамара Асардың жершілдігі бетіне шығып кеткен. Үнемі батыстықтарды қолпаштап мақтап, көтеріп жүреді» дегені бар.  Тамарамен күнделікті етене араласып жүрмегендіктен мән бере қоймағанбыз. Ілгеріде  «Ақ желкенге»  сұхбат алғанымызда Тамарадан «Сіздерді жершіл дейді ғой» деп сұрасақ: «Жершіл екеніміз 100 пайызға рас. Аймақтан шалғайда жүргесін осындай шығармыз. «Каспий» тобының жігіттеріне, Ақылбек Жеменейге, Ғаділбек Жанайға мен ешкімді теңестіре алмаймын. Мақтағаным емес, көбісі бұлардың лақтырған таяғын әкеле алмайтындай көрінеді», – деп мойындап отыр. Ауылдан жырақта жүргесін бір-бірін қолдап, қолпаштап жүргендері құптарлық, әрине. Бірақ үнемі «біздің жақтікі» деп бүйрегі бұрып,  бөліну дұрыс емес қой. «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» дейтін қазақтың ұрпағы емеспіз бе? Айтпақшы, жақында батыстықтардың бірі  Ғаділбек Жанай үйленіп, Тамара Асар Ғаділбектің аулына келінді өзі алып барыпты. Бүгінде елден ерекше өткіземіз деп  әр тойда бір «жаңалық»  ашылатын болды ғой. Ғаділбектің тойында Тамара «Келіншек» атты ән айтып, Ғаділбектің әулетінің бүкіл келіндерін тізіп қойып, жиналғандарға сәлем салғызғаны көп адамның аузында жүр. Бұған енді «Бәрекелді!» демеске амалың жоқ. Ал  Ғаділбек 29-ға шейін неге сүрбойдақ жүр десек, болашақ жары Ақмаржанның  кәмелетке толуын күтіп жүріпті ғой. Әйтеуір он сегізге толтырып, Маңғыстаудың Құрық аулының 1994 жылғы қызын алыпты.

«ТЫҚЫЛДАҚ МАРЖАН» ЖҰМЫСТАН НЕГЕ КЕТТІ?

«Нашла тему, интересную! Пишу про капроновые колготки))))) читайте в моих блогах)))) только для этого сначала нужно изучить казахский! Удачи!». Белгілі тележүргізуші Маржан Сұлтанбаева фейсбукке өстіп жазып, елдің бәрін «қарық» жасады. «Капрон мәселесі күйіп тұрса, біздікі не сор?» деп ойладық. Жалпы Маржан телевидениеге келгенде «дені дұрыс жүргізушіге жарыдық-ау», – деп қатты қуанған едік. Біраз уақыт өткеннен кейін Маржан «қуа» бастады. Оның алды «Шіркін life» бағдарламасында бүкіл көрерменнің алдында шашын тықырлатып алдырып тастаудан басталды. Содан кейін оның рейтингісі бірден көтерілді. Қазір Маржан шоу-бизнестің жұлдызы. Кейде жаңа ойларымен, кейде біртүрлі, адам түсінбейтін пікірлерімен жарқ ете қалады. Оның «Русское радиода» істегенін білеміз. Даусы әдемі шығатын. Елең етіп, тыңдап қалатынбыз. Хабардың соңына қарай «сіздермен бірге болған мен – тықылдақ Маржан. Бауырларыңыз бүтін, аналарыңыз аман болсын» деп аяқтап, бір сүйсіндіріп тастайтын. Сол жұмысынан тілге жүргізілген қарсы саясатқа бола кетті. «Атасының басына жаза ма, заңды орындата алмаса?.. (Қатты айтқаным үшін кешірім сұрағым да жоқ!)» деп, 4 жыл қызмет істеген жерін, бір күнде тастап кетті.  Қазір Маржан – эпатажды. Санаулы адамдарға ғана болмаса, неге екені белгісіз, көпшілікке сүйкімі жоқ. Осы бір батыл қызымыз бұдан кейін де қазақ руханиятына қызмет ететін шығар деп үміттенген едік. Бірақ, фейсбуктегі жазбаларына қарап, олай деп айта алмайсың.

ҚАЙ ОҚЫРМАН «ЖӘЙ» ОҚЫРМАН?

«Соңғы кездері жазылған шығармалардың көбі интеллектуалды оқырмандар үшін жазылған». Бұл әдебиет сыншылары мен жазушылардың пікірі. Мысалы, Дулат Исабековтің «Қарғын» романын оқу үшін интеллектуал болу керек. Таласбек Әсемқұловтың «Талтүсін» оқу үшін интеллектінің жоғары болғаны абзал. Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптарын» оқу үшін де интеллектуалды оқырман болуың керек екен. Әйтпесе, кітапты түсінбей, обалына қалуың мүмкін. Сонда қарапайым (интеллектуал да, философ та емес) оқырман үшін жазылған қандай кітап бар?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз