Безымянный8

Президенттің осы жылғы Жолдауында айтылған бір сөзді біз осылай түсіндік. «2017 жылдан бастап кəсіптік-техникалық білім беру тегін болады», – деді Президент. Мектеп бітіргеннен кейін міндетті түрде университетте оқып, университет бітірген соң, міндетті түрде компьютердің алдына қаққан қазықтай қадалып қалуды көздейтін қазақ баласы аз емес, шыны керек. Оқығанда да өз білімімен емес, əке-шешесінің сауын сиырын сатқызып оқитындар күнде кездеседі. Алматы мен Астанада таяқ лақтырсаң, ақылы оқуда оқып жүрген баланың басына тиеді. Солар күнделікті сабаққа да бармайды, жарытып білім де алмайды. Бірақ кеуделері аяққаптай. Сантехник, электрик, дəнекерлеуші, слесарь деген сияқты мамандықтарды ауыздарына да алмайды. «Сондай бір кəсіптің құлағын ұстасаңшы» деген ата-ананы да көрмейсің. Сөйтіп жүріп «битін сығып» оқытқан баласы табақтай дипломмен жұмысқа орналаса алмай жатса, қоғамды кінəлайды. Бұл бұрын «бірсəрісі болармен» шектелсе, бүгінде əлеуметтік дертке айналып отыр. Ата-ана баласын ақша беріп оқытып, пара беріп жұмысқа тұрғызғанын мақтан етіп айтатынын қайтерсің тағы? Табақтай дипломның бетіне қарап отыратын заман өтті, қысқасы. Бүгінде қарапайым халықтың арасында көлік жасайтын, электр желісін жөндейтін, су құбырларын тартатын, жол салатын мамандықтардың иелері озды. Тоңазытқыш бұзылса да, жылу жүйесі істен шықса да, теледидар көрсетпей қалса да, темір қақпа істетсеңіз де соларға кіріптарсыз. Бірақ соны түсінбей, елдің бəрі оқымысты болғысы келеді. «Аспаз болсаң да аш қалмайсың» деген сөз құлаққа кірмейді. Біз менсінбейтін «ұсақ-түйек» кəсіптерді екінің бірінің қолы жетпейтін өнерге айналдырып жібергендердің көрсек те көрмегендей боламыз. Қалаға қоныс аударған ағайындар қалалықтарды кəсіп асырайтынын біле тұра білмегенсиді. Құдай біледі, күндіз-түні ұялы телефон шұқылаған жастар ертең осы тегін оқуға да жоламай қоюы мүмкін бе деп қорқамыз. Біздіңше кəсіптік-техникалық білім беру жастар саясатының бір ұстыны болуға тиіс. Бүгінгі кəсіби ұл – ертеңгі кəсіби ұлт екенін ұмытпағанымыз жөн. «Жолдауды қолдағанда, осындай жақтарын айтып қолдасақ, қанеки!» дегіміз келеді. Төрт жыл оқып дым үйренбегенше, бір-екі жыл оқып, білікті маман атанған мың есе артық. Бұл жоғары оқу орындарына өз білімдерімен қол жеткізе алмағандарға арналып айтылған сөз. Сауын сиырды сатып оқығанмен, сауатсыз баланың «көк қағазы» «сауын сиыр» болып жарытпайды, бəрібір. Көштен қалған намыс емес, кəсіп білмеген намыс!

(«Ақ желкен», №11. 2015 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз