Ғажайып ғаламтор

Үйретері бар Уикипедия

Балалар, сендер ғаламторда «Wikipedia» атты әлемдік әмбебап энциклопедия бар екендігі-нен хабардар боларсыңдар. Бүгін біз сендерге дәл осы әлемнің 250-ден астам тілінде таралатын, кез келген адам еркін өңдей алатын ашық және тегін энциклопедия жайында сөз қозғамақпыз.

Уикипедия дегеніміз — көп тілді, ғаламторға негізделген, тегін энциклопедиялық жоба. Уикипедия сөзі уики (көп адамдар бірлесіп жасайтын интернет парақшасы) және энциклопедия деген екі сөздің қосылуынан пайда болған.

Тарихы

Уикипедия алғашында Нупедия-ның бір тармағы ретінде дүниеге келді. Нупедия деген не? Ол да тегін энциклопедия болды. Бірақ оған тек білікті маман үлес қоса алатын. Бүгінде Нупедия жұмысын тоқтатқан. 2001 жылы Калифорниядағы Сан-Диего қаласында тұратын Бен Ковиц деген компьютер бағдарламашысы Нупедияның бас-шылары Джимми Уейдс пен Ларри Сангерді «уики» ұғымымен таныстырады. Сөйтіп, Нупедияның алғашқы «уикиі» қаңтардың 10-ында ғаламторда пайда болады. 15-і күні жобаға «Уикипедия» деген жаңа ат беріліп (бұл күнді қазір кейбір қолданушылар Уикипедия күні деп атап өтіп жүр), wikipedia.com деген өзінің жеке доменінде шыға бастады.

Ал Қазақша Уикипедия өз жұ-мысын 2002 жылдың 3 маусымынан бастады. Бұл Уикипедияның ерек-шелігі – мақалалар кириллица (Қазақстан, Ресей, Моңғолия), төте жазу (Қытай, Иран) және латын қарпімен (Түркия) жазылады.

Осы жылғы қыркүйек айындағы статистикалық мәліметтерге жүгінсек, қазір Қазақша Уикипедияда 203 035 мақала бар.

26 499 қатысушы тіркелген.

Айына орта есеппен Қазақша Уикипедия жобасының 7 329 947 беті қаралады (күніне 244 мың, сағатына 10 мың, минутына 170, секундына 2,8).

Сен де үлес қос!

Уикипедияға кез келген адам мақала жазып, өңдей алады. Ол үшін өңдеу деген сілтемені басса жетіп жатыр. Мәлімет қосқанда немесе өңдегенде, «қателік жіберіп қоймаймын ба?» деп қорқудың қажеті жоқ. Өйткені, өзге редакторлар кеңес беруге, білмегенді үйретуге, қатені түзетуге әрқашан дайын.

Уикипедияның артықшылығы

Қағазға басылған энциклопе-дияларға жаңа мақалалар жазып, бар мақалаларды өңдеу үшін айлап-жылдап уақыт кететін болса, Уикипедияда бұл бірнеше секунд, минуттың ішінде орындалады. Ашық энциклопедия үздіксіз жаңарып, мәліметтермен толыға түсуде.

Ұмытпа!

Жас дос, егер сен бір мақалаға бір мәлімет қосатын болсаң, онда өз мәліметіңді қайдан алғаныңды көрсет. Себебі, сілтемесіз келтірілген мәліметтер алынып тасталады.

УИкипедияшылар Гонконкте бас қосты

Жақында Уикипедияға мақала жазып өз үлестерін қосып жүрген Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 33 оқушысы мен 12 мұғалімі «WikiBilim» Қоғамдық Қорының мамандарымен бірге Гонконгта өткен «Wikimania-2013» халықаралық конференциясына қатысып қайтты. Олар Уикипедияның негізін қалаушы Джимми Уейлспен кездесуге мүмкіндік алып, оған «Балаларға арналған Уикипедия ашуға бола ма?» «Қазақстанда Уикимания конференциясын өткізуге қалай қарайсыз?», «Уикипедиядағы ең бірінші мақала есіңізде ме?» деген сұрақтарын жаудырды. Бұл сапар балалардың есінде көпке дейін сақталатыны анық. Олар өзге елден келген қатысушылармен тез-ақ достасып кетті. Пікір алмасты. Өз ойын еркін жеткізіп, топпен жұмыс істеудің маңыздылығын ұғынды. Конференцияға қатысқан оқушылар алдағы уақытта Қазақша Уикипедияның мақалалар саны мен сапасының артуына үлес қосатындықтарын жеткізді. Сондай-ақ, басқа да оқушыларға, достарына ашық энциклопедия туралы айтып, білгендерін үйретпекші. Гонконгтағы конференцияға қатысып қайтқан балалар алған әсерлерімен бөліскен еді.

Азамат ЖАЛМҰРАТОВ, Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы:

– Қытайдың қиыр нүктесі – Гонконг қаласындағы конференция «Гонконг Политехникалық универси-тетінде» өтті. Спикер Чарлз Мок жүргізген сессия қатты ұнады. Бар-лық қатысушылардың көңілінен шықты деп ойлаймын. Себебі Чарлз сабырлы, өз ойын көрерменге еркін, әзіл түрінде жеткізе алатын жан екен. Оның айтуынша, «дүние жүзінде 2,7 миллиард адам интернет пайдаланатын болса, соның 571 миллион қытай-лықтар көрінеді. Бірақ Google Гонконгте болғанымен , Қытайда жоқ. Және Қытайда Уикипедияға кез келген адам мақала жазып , өңдей алмайды, ал Гонконгта бәрі өз еркіңде. «Неге бір ел, 2 жүйе?! Одан да неге 1 әлем, 1 ел, 1 жүйе болмасқа», – дейді Чарлз Мок. Айта кетейін, конференцияға қатысушылардың арасындағы ең жасы біз болдық. Сессия барысында ұйымдастырушылар біздің елімізді ерекше атап өтті. Осылайша өзге елдерден келген қатысушылардың арасында мерейіміз үстем болды.

Кейбір балалар сұхбат берді, ал мен жаныма серік еткен киелі аспап, қазақтың қара домбырасымен Құрманғазының «Адай» күйін орындап бердім. Домбыраның құдіретті даусы бәрінің жүрегін тебірентті. Бәріміз бірге «Қазақстан» деп айғайлап, қолымыздағы жалаушаларды желбіреткенде, кеудемде ерекше патриоттық сезімі ұялады.

Назерке ЖҰМАЛИНА, Ақтөбе қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы:

– Маған ұнағаны сессияның аты «Уикиманияның өркендеуі мен болашағы» («The Growth and Future of Wikimania») деп аталуы. Біз осы дәрісте өзімізді көптен бері толғандырып жүрген сұрақтарға жауап алдық. Криско есімді спикердің айтқан ұсыныстары көңілге қонды. Оның айтуынша, Уикипедияда Еуропадағы атақты тұлғалар туралы мақалалар көп. Ал Азия, оның ішінде Шығыс Азиядағы белгілі тұлғалар туралы берілген мәліметтер аз, тіпті, жоқ десе де болады. Криско Шығыс Азиядағы бірқатар елдерді зерттепті. Индонезиядағы бұрын өмір сүрген бір діндар адам туралы мәліметтер жинап, оны Уикипедияға енгізген. Бұл дәрістен кейін менде де жаңа идеялар туындады. «Неге біз қазақ уикипедияшылары өзіміздің атақты жұлдыздарды немесе бұрын өмір сүрген ғұламалар, батырлар, қоғам қайраткерлері туралы жазбасқа?» деген ойлар келді. Бұл конференцияда бізге Уикипедияның негізін қалаушы Джимми Уейлспен кездесу өте әсерлі кездесу болды. Сондай-ақ, біз әлемнің әр бұрышынан келген шетелдіктермен де таныстық. Оларға Қазақстан жайлы мақтанышпен айтып, еліміздің туы бейнеленген кәдесыйларды сыйға тарттық. Бұл менің шетелге бірінші сапарым болғандықтан, есімде ұзақ сақталатын шығар.

Бақытгүл САЛЫҚОВА, «WikiBilim» Қоғамдық Қорының маманы:

Уикипедияда 7-11 сыныптарда оқыЛатын әдебиеттер тізімі бар

– Елімізде ашылып жатқан Назарбаев Зияткерлік мектептерінде Уикипедия үйірмелерін (Wikipedia Club) ашуды қолға алып отыр. Осы жылдың ақпан-мамыр айларында түрлі семинар-тренингтер өткізіліп, оған 300-ден аса оқушы, 40-тан аса мұғалім қатысты. Дәріс барысында «WikiBilim» Қоғамдық Қорының мамандары тұсаукесерлер өткізіп қана қоймай, мақала жазу, өңдеу, сурет жүктеу, сілтемелер жасау, Уикипедияның басқа да жобалары, әсіресе, уикисөздік пен уикикітапты пайдалану жолдарын да үйреткен еді. Уикипедияны қазақ тілі мен әдебиет сабағында қолдану жолдары оқушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Ұйымдастырушылар 7-11 сыныптарда оқытылатын әдебиеттер тізімін жасап шықты. Соның ішінен ең танымал шығармалар таңдалып, үлгі мақалалар жазылды. Мақаланың құрылымында шығарманың қысқаша мазмұны мен кейіпкерлеріне сипаттама беру басты орында болды. Осының нәтижесінде қазір Уикипедияның қазақша бөлігінде көркем шығармалармен байланысты он бестен аса мақала бар. Таңдалған шығармалардың ішінде Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» пен «Қараш-қараш» оқиғасы, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы» да бар. Болашақта бұл мақалаларды басқа да қатысушылар өңдеп, толықтырып, жақсарта түсетініне сенімдіміз.

Бетті дайындаған Әйгерім БЕГІМБЕТ.

Оңтүстік Қазақстан облысы

(«Ұлан», №37, 17.09.2013)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз