Көбелек – əлемдегі ең əсем əрі құпия жəндік. Бұл ерекше таңғажайып жəндіктің əдемілігіне сүйсінбейтін жан жоқ болар. Көбелекті көбіне бақыттың, махаббаттың, адалдықтың символы деп айтып жатады. Батыста үйлену тойларында көгершін орнына көбелек ұшырып, жас жұбайларға бақыт пен пəк махаббат тілейтін көрінеді. Олар өте ежелгі дəуірде пайда болған. Осыдан үш жарым мың жыл бұрынғы Мысыр аңыздарында көбелектер жайлы айтылыпты. Ерте кезден қазіргі күнге дейін адамдар саналуан ғаламат бояуымен ерекшеленетін көбелектерге ерекше ынтызарлықпен қарайды. Бунақденелі жəндік тұқымына жататын көбелектердің жүз елу мыңнан астам, дəлірек айтсақ, 157000 түрі бар екен. Көбелектер табиғатын зерттейтін ғылым саласы «лепидоптерология» деп аталады.

Көбелек коллекциясын жинаумен Набоков, Ротшильд, Булгаков секілді танымал адамдар айналысқан. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Андрей Кравцов та дəл сондай көбелек коллекциясын жинаумен шұғылданады.

«Улан-Удэ қаласында, кəсіби музыканттар отбасында дүниеге келдім. Əкем əскери дирижер болған. Оны сол уақытта Орталық Азия əскери округіне ауыстырған. Осылайша біз Алматы қаласына келдік. Ата-анам менің музыкант болғанымды қалады. Музыка мектебі, училище, кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының фортепиано сыныбын бітірдім. Бірақ музыкант болмадым, өйткені өзімді музыка саласында көрген жоқпын. Ұзақ уақыт фотограф болып жұмыс істедім. Уақыт өте келе үйлендім. Құдайға шүкір, екі балам, төрт немерем бар. Бір күні немеремнің туған күнінде оған досы жиектемеге салынған көбелек сыйлады. Өкініштісі, жиектеменің арты сынық екен. Оны жөндеймін деп, нəзік көбелекті бүлдіріп алдым. Немеремнің сүйікті сыйлығын бұзып алғаннан кейін, оған дəл сондай сыйлық жасап беру керек деп шештім. Кейінгі жұмысым одан да қызық болды: көбелек іздедім, оған жиектеме таңдап, əдемілеп орналастырдым. Немеремді бұл сыйлық қатты таңғалдырды. Оның жүзінен қуаныш көргеннен кейін өзім де шабыттанып кеттім. Жақындарыма да сондай сыйлық жасадым, бəріне ұнады. «Андрей, осындай сыйлықтарыңды сататын дүкен ашсаң қандай күшті болар еді» деп айтатындар да көбейді. Мінеки, қазіргі таңда өмірімнің бір бөлшегіне айналған қызықты жұмысыма осылайша келдім», – дейді Андрей ата.

Андрей ата көбелектерді шет елдерден əкеледі. Перу мемлекетінде көбелек өсіретін фермасы да бар. Фермада оларға арнайы күтім жасалады. Көбелектің популяциясын арттыру мақсатында олар қоректенетін өсімдіктер отырғызады. Көбелектердің жұмыртқалау кезеңі бірнеше күнге ғана созылғанымен, олар мыңдаған жұмыртқа шашады.

«Жалпы, бұл əсем жəндіктердің ғұмыры қысқа – бірнеше күн ғана. Сондықтан жиектемеге салу үшін көбелектерді өлтіреді деп ойлаудың қажеті жоқ. Жиектемеге салу үшін алдымен көбелектерді кептіріп аламын, буға ұстап жұмсартамын. Əр көбелектің өзіндік ерекшелігі болады. Соған орай кебу уақыты да əртүрлі. Көбелек дайын болғаннан кейін оны жиектемеге кішкентай қысқышпен, яғни пинцетпен лупаны пайдалана отырып орналастыру керек. Бұл жұмыс тиянақтылықты қажет етеді. Көбелек те табиғаттың бір бөлшегі, тірі ағза болғандықтан оны жинамастан бұрын танып, біліп, биология, географиядан хабардар болған дұрыс», – дейді коллекционер.

Сағатына 12 шақырым жылдамдықпен ұшатын көбелек бар

Ең ірі көбелек – «Attacus aitas» түнгі көбелегі. Қанатының өзі 30 сантиметр болатын бұл жəндікті құстармен жиі шатастырады.
• Ең шыдамды көбелек – «Монарх». Ол мыңдаған шақырым жолды тоқтаусыз ұшып өтеді. «Монархтың» жылдамдығы сағатына 12 шақырым екен.
• Көздің жауын алатын əсем жəндіктердің бір құпиясы бар – олар күннің сəулесі болмаса ұша алмайды.
• Көбелектің қанаты түссіз мөлдір болады.
• Көбелектердің ішінде ұзақ өмір сүретіндері де бар. Ол Брикстон көбелегі. 10 ай өмір сүреді.
• Ең кішкентай көбелек – «Көк карлик», оның қанатының ұзындығы бар болғаны 1,4 сантиметр ғана.

Андрей Кравцовтың көбелек коллекциясын жинаумен айналысып жүргеніне төрт жылдың жүзі болыпты. Бүгінде оның коллекциясында 3000-нан аса экспонат бар. Олар: көбелектер, қоңыздар жəне тағы да басқа жəндіктер.

Андрей атаның айтуынша, шет елдерде энтомологиялық жəрмеңкелер, яғни жəндіктер жəрмеңкесі көп өтеді екен. Сұхбат барысында «біздің елімізде де сондай жəрмеңкелер өтсе ғой» деп ішкі арманын айтып қалды. Қазіргі таңда Андрей ата көбелек жиектемелерін ғана емес, көбелек салынған сағаттар, кəдесыйлар да жасайды. Біздің елімізде осындай ерекше сыйлықтарға сұраныс та көп көрінеді. Шебердің айтуынша, жасаған заттары тез өтіп кетеді екен.

«Жақын арада Алматы жəне Астана қалаларында көбелек музейін ашпақшымын. Ол музей тек балаларға ғана емес, үлкендерге де қызық болары сөзсіз», – дейді Андрей Кравцов. Ал біз ғажайып музейдің ашылуын асыға күтеміз.

Ақерке ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі

«Ұлан» газеті, №31
31 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз