Алматы – үлкен әрі қауіпті қала. Күн сайын түрлі оқиғаларды естіп-көріп жүрміз. Денис Тенге тапа-тал түсте жасалған қастандық қауіпсіздікке ешкімнің кепіл бола алмайтынын аңғартады.

Өкініштісі, қазір қоғамда жанашырлық азайып барады. Көшеде біреу көмек сұраса, қолұшын беруден қорқамыз. Неге екенін білмейміз. Ешнәрседен қорықпайтындарға қорқа қараймыз. Біреуді ұрып жатса да, тонап жатса да, «бәледен аулақ» деп, ат-тонымызды ала қашамыз. «Егер осындай күн менің басыма туса қайтер едім?» деген сауал төңірегінде ойлануға да қорқамыз. Себебі ешкімнің көмектеспейтінін білеміз. Сондықтан кез келген жағдайда өз-өзіңді қорғай білу керек. Мұны бәріміз түсінеміз. Бірақ, қандай әрекет жасап жатырмыз?

Біз неге каратэні таңдадық?

Жақында пәтерге көштік. Жұмыстан, курстан кеш қайтамыз. Қоғамда болып жатқан түрлі оқиғалар туралы естіп-білген соң үйге жалғыз кіруге қорқатын болдық. «Сақтықта қорлық жоқ». Өз-өзімізді қорғауды үйрену керек деген шешімге келдік. Осылайша, қыздарға арналған каратэ үйірмесіне жазылдық. Қызықтың бәрі осы кезде басталды…

Неге каратэ? Каратэ – қарусыз қорғанудың бір түрі. Жапон тілінен аударғанда «қарусыз қол» деген мағына береді. Спорттық жекпе-жектің бұл түрі қолмен және аяқпен қарсыластың осал тұсына соққы беруге үйретеді. «Каратэде адамның дене дайындығымен қатар, әдіс-айласы, спортшының бойындағы рухы да сыналады». Сенсэй осылай дейді. Айтпақшы, каратэ үйірмесінде жаттықтырушы, бапкер, ұстаз деген атауды қолдануға болмайды. «Осс!» деп сәлемдесіп, ұстазымызды «сенсэй» деп атаймыз.

Алғашында залдағы жаттығуларды күнделікті өмірде қолдана алмаймыз-ау деген ой болды. Алайда екі апталық жаттығудан соң бұл ойымыз өзгерді. Күнде 8 сағат кеңседе компьютердің алдында отыратын адамдар үшін каратэ тек қана қорғаныс емес, белсенділік, спорт та екен.

Каратэде күрес те, бокс та бар

Бізден бұрын кіші топтың балалары жаттығады. Кіп-кішкентай балалардың түрлі әдіс-тәсілдерді жақсы меңгергеніне сырттай қызыға қараймыз. Жаттығудан соң жеті жасар Мейіржаннан неге каратэні таңдағанын сұрап білдік.

Ұлан: Мейіржан, жасың нешеде? Каратэге қатысқаныңа қанша уақыт болды?

Мейіржан Қыпшақ: Менің аты-жөнім – Мейіржан Қыпшақ. Жасым жетіде. Биыл бірінші сыныпты бітірдім. Каратэге қатысқаныма 4 ай болды.

Ұлан: Каратэні таңдауыңа не себеп болды?

Мейіржан Қыпшақ: Ұл балалар көбінесе бокс, күрес сияқты спорт түрлеріне қызығады ғой. Ал каратэде күрес те, бокс та бар. Бірақ ұрыс тәсілдері бокстікінен өзгеше.

Ұлан: Сенсэй қатал емес пе? Жаттығу кезінде сендерге қатаң талап қоятын сияқты.

Мейіржан Қыпшақ: Өте қатал. Жаттығу кезінде тапсырмаларды дұрыс орындамасаң ұрсады. Кейде ұрады (күліп). Бірақ мен оған еш ренжімеймін. Есесіне болашақта мықты каратэ шебері болып шығамын деп ойлаймын.

Ұлан: Болашақта кім болғың келеді?

Мейіржан Қыпшақ: Тәртіп сақшысы болғым келеді. Полицей болу үшін адам жақсы төбелесе білу керек. Сондықтан қазірден бастап каратэге қатысып, дайындалып жүрмін. Өскенде қылмыскерлермен төбелесу үшін каратэдегі тәсілдерді қолданатын шығармын.

Ауыр жарақаттан кейін де спорттан алыстай алмадым

Сенсэйдің аты-жөні – Назерке Батырбекова. Оған ауыр жарақатына байланысты кейбір жаттығуларды жасауға болмайды. Сенсэй өмірлік жарын да спортта жүріп кездестіріпті.

Ұлан:  Каратэ саласы бойынша білім алдыңыз ба? Алғашқы жаттықтырушыңыз кім болды?

Назерке Айдарбекқызы: Иә, осы салада арнайы білімім бар. Алғашқы жатттықтырушым бірнеше жарыстың жүлдегері, Бакуде өткен чемпионаттың алтын медаль иегері – Хакимқызы Меруерт.

Ұлан: Каратэге қанша жасыңызда келдіңіз?

Назерке Айдарбекқызы: 12 жастан бастап каратэмен айналысамын. Каратэмен айналысқаныма 8 жыл болды. Спорттың бұл түрін таңдауыма ағам себеп болды. Ол кісі БДФ таеквандодан Азия чемпионатында II орын алған. Алғашында ағам үйде жаттықтыратын. Спортқа деген сүйіспеншілігімді сол кісі оятты десем болады.

Ұлан: Көп адамдар қыз баланың мұндай спорт түрімен айналысуына қарсы болады ғой. Сіздің ата-анаңыз шешіміңізді қалай қабылдады?

Назерке Айдарбекқызы: Отбасымның тарапынан ешқандай қарсылық болмады. Керісінше спорттағы әрбір қадамыма қолдау білдірді. Қазіргі жеткен жетістіктерім сол кісілердің қолдауының арқасы деп білемін.

Ұлан: Көпшілікке каратэ деген сөз таныс болғанымен, оның қандай спорт түрі екенін толық түсіне бермейді. Каратэ деген қандай спорт түрі?

Назерке Айдарбекқызы: Каратэ деген жапон тілінен аударғанда «жалаң қол», «қарусыз қол» дегенді білдіреді. Каратэ – қол және аяқпен қарсыластың денесінің неғұрлым осал тұсына соққы беруге негізделген спорттық жекпе-жектің бір түрі. Каратэ Рюкю топаралындағы Окинава аралдарында 15 ғасырда пайда болған. Сол кездегі князь Се Хайси қару ұстауға рұқсат бермеген. Ал жергілікті халық сырт жаудан қорғану мақсатында каратэні өмірге әкелген. Ол кезде Окинава Жапониямен емес, Қытаймен көбірек байланыста болған. Сөйтіп Каратэ Қытайдың кунг фу қарусыз күрес түрімен қатар дамыған.

Ұлан: Каратэге қатысып жүрген қыздардың басты мақсаты – чемпион атану емес, өзін-өзі қорғауды үйрену. Жаттығудағы ұрыс тәсілдерін күнделікті өмірде қолдану қаншалықты нәтижесін береді?

Назерке Айдарбекқызы: Каратэні ең мықты спорт түріне жатқызуға болады. Күнделікті тұрмыста да пайдасы көп. Тәжірибеде қолданып көргенмін (күліп).  Каратэші болсаң, қалада кез келген уақытта жалғыз өзің қорықпай жүре аласың. Боксшыға арнайы қолғап керек, семсерлесу спортын меңгерсең қару-жарақ керек. Ал каратэмен айналысу үшін аяқ-қолың сау болса болды. Кез келген жерде, кез келген адаммен төбелесе бересің.

Ұлан: Білуімізше, жұбайыңыз да каратэмен айналысады екен. Таныстықтарыңыз қалай басталды?

Назерке Айдарбекқызы: Иә, жұбайымды осы спорт саласында жүргенде жолықтырдым. Қазір ол да каратэден жаттықтырушы. Алғашында таэквондомен айналысқан, кейіннен дзюдомен айналысып, соңында осы каратэге тоқтады. Менің жаттықтырушым болды. Осылайша отбасын құрдық.

Ұлан: Каратэ оңай спорт емес. Жарақат алған кездеріңіз болды ма?

Назерке Айдарбекқызы: Спорт болған соң ондай жағдайлар болып тұрады. Оған алдын ала дайын болу керек. Спорттан тыс құлап қалып, көп уақыт емханада жаттым. Дәрігерлер спортпен айналысуға болмайтынын айттым. Сол кезде қатты өкіндім. Бұл мен үшін аш адамға тамақ ішпе дегенмен тең. Уақыт өте келе ағзам қалпына келе бастаған соң спортқа қайта келдім. Кейбір ауыр жаттығуларды орындауға болмайды. Сонда да спорттан бас тарта алмаймын. Тым болмаса білгенімді қазақ қыздарына үйретсем деген ниетпен қызмет етіп жүрмін.

Ұлан: Әртүрлі жастағы шәкірттерді жаттықтырып жүрсіз. Баланы неше жастан бастап каратэге беруге болады? Жасына қарай шектеу бар ма?

Назерке Айдарбекқызы: Ең кішкентай шәкіртім жеті жаста. Негізі баланы бес жасынан бастап каратэге үйретуге болады. Жасына қарай шектеу жоқ. Балаларды да, жастарды да, ересектерді де дайындаймыз. Өзім қыздарды жаттықтырамын. Мұсылман қыздарды өзін-өзі қорғауға үйреткім келеді. Бізде орамал тағатындар көп. Олар спортпен айналысайын десе, көп жерде жағдай жасалмаған, мүмкіндік жоқ. Біз ер адамдардан бөлек жаттығамыз. Орамалмен жаттығуға рұқсат береміз, бұл керісінше ыңғайлы.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №31
31 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз