«Рухани жаңғыру» және түркі әлемі тарихының мәселелері. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Халықаралық түркі академиясы бірлесе ұйымдастырған ғылыми-практикалық конференция осылай деп аталды. Конференция тарих ғылымдарының кандидаты, аудармашы Әлімғазы Дәулетханның 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Жиынды институт директоры Зиябек Ермұханұлы ашып берді. Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов Әлімғазы Дәулетханның шыққан тегі, атқарған қызметі, көрген теперіші туралы біраз жайтты баяндады. Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі бастап, Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков, Берекет Кәрібаев бастаған тарихшы ғалымдарымыз біраз жайттан сыр шертті. Осы кеште Әлімғазы ағаның үш бірдей кітабының тұсауы кесілді. Мерейтой иесіне Тарих және этнология институтының құрметті профессоры атағы берілді.

Тарихшы Берекет Кәрібаев Әлімғазы ағаның бастан кешкендерін өз аузынан естігенде қатты таңғалғанын айтты. «Мен мұндай адамдар кітапта ғана болады деп ойлайтын едім, бүгінгі заманда батырлар жоқ деп ойлайтынмын. Сөйтсем, ондай батырлар қасымызда жүр екен. Әлімғазы ағаның ештеңеге қарамастан шындық жағында болатыны үлгі боларлық іс. Бізде көбіне жершілдік, сыйластық жеңіп кетеді де, шындық тасада қалып қояды. Әлімғазы аға мұндайға қарсы», – деді тарихшы өз сөзінде. Расында да, Әлімғазы Дәулетханның бүкіл өмір жолы күрестен тұрады екен. «Екі империяның қысымын көрген» дейтіні тегін емес. Мәдениет төңкерісі кезінде Қытай билігінің қырына ілігіп, қаһарына ұшыраса, атамекеніне оралғаннан кейін кеңестік биліктің қысымына түскен. Тіпті, «азаматтығы жоқ адам» атанып, төлқұжат та ала алмаған. Кеңес азаматы деген төлқұжатты Әлімғазы аға 1986 жылы ғана алған екен.

Ә.Дәулетхан қуғында жүрген жылдары Шымкентте бала оқытқан. Кейін Қазақ телевизиясында, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында қызмет еткен. 1997 жылдан бастап Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан бөлімінде қызмет етеді. Денсаулығына қарамастан, 75 жасқа келсе де аттан түспей, әлі де жазып-сызып жүрген азамат. Азаматтық ойы, айқын позициясы бар. Дәл осы қырын конференцияға қатысушылардың әрқайсысы ерекше атап айтуы тегін болмаса керек.

Қабдеш Жұмаділов, Қазақстанның халық жазушысы:

1969 жылы келгендерден үш адам ерекше назарымда…

– Кеңестік билік шекара бұзып, Қытайдан келгендерді қабылдады. Оларды бастап келгендер бар, белгілі. Бірақ осы уақытқа дейін бұл құбылыстың себеп-салдарын зерттеген тарихшыны көрмедім.

1969 жылы келгендердің көбін танимын. Соның ішінде үш адам ерекше назарымда болды. Олар: Жәркен Бөдеш, Әлімғазы Дәулетхан және марқұм Айтан Нүсіпхан. Келгеннен кейін үшеуі үш салаға кетті. Айтан Мәскеуге барды. Қытай тілін жақсы білетін, сауаты мол Айтанды ол жақтағылар жақсы пайдаланды. Кейін саясатқа араласып, жұмбақ жағдайда көз жұмды. Жәркен әдебиетке, соның ішінде өлеңге ден қойды. Жәркен Бөдеш – керемет ақын, көрнекті ақын. Тек бәйгелерде үнемі соңғы сында аты сүрініп кетіп жүр. Дұрысы сүріндіріп жіберіп жүр. Әлімғазы ғылымға ден қойды. Арасында түрік тілін меңгеріп, аударма саласында біраз еңбектенді. Ән де жазды. Кей әндерін Жағда Бабалықұлы бәріміз отырыстарда қосыла айтатын едік.

Әлімғазының тегі мықты. Атасы Шылбы ағартушы, ақын, күйші. Әкесі Дәулетхан да осал емес. 1987 жылы Дәулетхан Шәуілдір ауданында Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбековамен айтысқан екен. Әселхан «қытай» деген бір сөзді айтамын деп, бәлеге қалыпты. Айтысты оқып отырсам, Дәулетхан Әселханнан мықты!.. Осындай текті әулеттен өсіп-өнген Әлімғазы да осал емес.

Талас Омарбеков, тарих ғылымларының докторы, профессор:

«Гумилевтің қатесін қалай түзейміз?» деген мақала жаздым

– Әлімғазы Дәулетханның тарихшы әрі әдебиетші екенін ескеру керек. Аударма саласында да еңбегі зор. Тарих ғылымындағы ең үлкен еңбегі – Түркеш қағанатын зерттеуі. Мұның маңызды болатын себебі, Бичурин мен Гумилевтің еңбектерінде көптеген түркі сөздері бұрмаланып берілген. Әлекеңнің артықшылығы – қытай, түрік деректерін оқи алады. Осының арқасында Түркеш қағанатының төл тарихымыз екенін дәлелдеп берді. «Ұлы Ғұн империясының тарихы» – тарих ғылымына төңкеріс жасаған дүние. Аудармашы ретінде қытай тарихындағы деректерді қазаққа жақындатты. «Гумилевтің қатесін қалай түзейміз?» деген мақала жаздым. Тарихты жөндеп алуымыз керек. Түркі сөздерін бұрмалауға жол бермеу керек. Бір де бір түркі тілін білмейтіндер түркі әлемін зерттеп, еңбектер жазған, оларда бұрмалау көп болған. Осының бәрін жөнге келтіру керек.

Әлекеңнің тағы бір жақсы мінезі – турашылдығы. Осыдан біраз бұрын Өмірбек Байгелді деген ағамыз қытайдың Ли Бай деген ақынын қазақ қылып, қазақ қылғанда да Дулат қылып шығарып, масқара болдық. Сол кезде Әлімғазы Дәулетхан дәлел келтіріп тұрып, қарсы мақалалар жазды. Өмекең маған туыс болып келеді, Дулаттың ішінде де бір атадан тараймыз. Бірақ, шындық қымбат. Сондықтан мен де Әлімғазы Дәулетханмен бірігіп, қарсы мақала жаздым. Қытайдың көрнекті тұлғаларын қазақ қыла берудің қажеті жоқ. Мұның соңы жақсылыққа апармайды.

Тарих туралы айтқанда, Әлімғазы туралы айтқанда Зардыхан Қинаятұлынан аттап кете алмаймыз. Көп мәселеде Әлекең Зардыханды да қолдап, мақалалар жазды.

Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Шәмші Қалдаяқов туралы керемет мақала жазды

– Әлекеңмен танысуымыз қызық. Айтан Нүсіпхан деген мықты замандасымыз болды. Ерекше жан еді. Қазақстанда тұңғыш рет Мұстафа Шоқай туралы екі том еңбек жазған адам. Әлекеңнің үйіне сол Айтан Нүсіпхан ертіп барды. Солай таныстық.

Әлімғазы Дәулетхан Шымкентте жер аударылып жүргенде Шәмші Қалдаяқовпен араласқан. Кейін сол туралы керемет мақала да жазды. Әлекең тарихқа әдебиеттен келген адам. Содан да тілі шұрайлы. Тарихшылардың көбі құрғақтау келеді. Ал тарихқа тіл бітіретін – тіл, сезім. Әлімғазы ағаның артықшылығы да осында.

Жұлдыз ӘБДІЛДА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз