Әкем құстай ұшып келеді. Өйтпегенде қайтсін, 50 жыл көрмеген туған жеріне жетеді. Ар жақта қалған әкесіне құран оқиды. Шекарадан өте алмай, шерменде болған жамағайын көреді. Бертінде ғана бетін көрген туған әпкесінің қолынан шәй ішеді. Таңертеңнен әкем асығыс болды. Үйден шығарда анамды бірнеше рет «қуырып» үлгерді. Апам ақылды әйел, үндемей жеңді. Екеуміз таксиге отырғанда артта қалған тал-дарақтармен бірге әкемнің ойы жүйткіп келе жатты. Жүрегіндегі көп жылғы аңсар жүзіне шығып кетіпті. Көзінің күлімдеп тұрғаны содан. Шекарадан өткенде көзі тіпті күлімдеді. Әкешімнің көп жылғы шер- шеменін білетінмін. Әмеңгерлікпен үйленген екінші әкесі қайтқан соң үнсіз қалды. Туған жерін сол кісіге көп айтатын. Атамыз Тілебалды Қытайдағы туған інісі Тоқтасынды бір көре алмай, топырақ сала алмай өтті. Оны соның күйігі алып кетті. Ағасы Матнияздың бейітіне де бара алмай, зарғақты күй кешті. Ал оның жанында асқар тауым бүгін бақытты.

Қытай сапарына бірінші осы жағдайлар себеп болды. Екіншіден, Қытайдағы білім жүйесін білу. Біздегі білім жүйесімен салыстыру. Біз Қытайға жеткенде, кеш қарайып қалған. Балалар спорттық киімдермен велосипед, мотоцикл, ток арбалармен сабақтан қайтып келе жатты. Бір-бірін айыру қиын. Бәрі ала-құла спорт киімінде. Мұны көргенде мұндағы білім жүйесіне қызығушылығым тіпті оянды…

Сақшы жол ережесіне қарамайтын сияқты…

Біз жүрген үлкен жолмен арба, шайтан арба, көлік, адам бәрі ағылып жатыр. Оны қадағалайтын сақшы жоқ па деп қалдық мұнда. Сақшы тек адамды бақылайды. Сағат 12-ден кейін жүргізбейді. Бірден ұстап әкетеді. Құжатың міндетті түрде қасыңда болуы керек. Ащы су сілтесең, бірден қамаласың. Қорғастың шекарасынан аттаған соң Қорғас ауданына қарасты Чинчахоз деген қалашыққа бет алдық. Бір қызығы таксистен бөлек, мұнда ток арба, мото арбалармен де такси ұстап кетуге болады екен. Біз кәдімгі такси ұстадық. Алдымен ақшамызды ауыстырып әурелендік. Қолымдағы 100 мыңым, Қытайдың 900-ден артық июаны болды. Таңмын. Бір қызығы, осындағы таксистердің қорғанысы мықты…Таксистердің жанына ешкім отырмайды екен. Жүргізуші темір тормен қоршалған алдыңғы орында отырады. Қанша пұл төлейтініңді арнайы құрылғы шақырымына қарай көрсетеді. «Келін» хикаясында Бомбейде жүретін кікшентай көліктерді көргенде күлкіге баттым. Үндістанда жүргендей қуанып кеттім…

Бізді Мейрамбек Беспаев қарсы алды…

Мен екібастан Мейрамбекті жақсы көрем. Сонымды біліп қойды ма, бізді Мейрамбегім күтіп алды. Таксиге кіре қойып едім, оның әндері әуелеп тұр. Бауырларымыз Мейрамбекті жақсы көреді екен. Мейрамбектің аты онда да дүркіреп тұр. Сосын «Нұртуғанның термесін» орындайтын Мөлдір Әуелбекованы тыңдайды екен. Одан әрі Жанар Айжанова, Ақылбек Жеменей, Майра Ілиясова болып кете береді. Бірақ телеарнасы бізден 30 жылға қалып қойыпты. Олар Майра Ілиясованы әлі 30-да деп ойлайды. Сол жылғы ескі таспалар, ескі бағдарламалар беріледі. Жастар жағы Қытайдың арналарын көреді. «Қытай дауысы» сынды жобаларға қарайды. Сол жобалар арқылы Таңбол деген қазақ жігіті көтеріліп келеді. Біз соған жанкүйер болдық.

Мен көрген Қытайдағы «құқай»…

Одан әрі ШИчязы деген қыстақта болдық. Қандастарымыздың жағдайы пәс. Біз ғана еркіндік деген ауамен тыныстайтын сыңайлымыз.

Қыстаққа Нұржамал апамның үйіне барған бойда екі сақшы келді. «Напостарыңды көрсетіңдер! Уақытша напостарыңды тіркеңдер. БАЖ салығын төлеңдер», – деді. Айтқанын бұлжытпадық. Күнбе-күн келіп, адам басын санап кетеді. Лупаңда, біз сияқты қабат үйде тұратындарға тіпті қиын. Дауыс көтерсе, бірден ұстап әкететін көрінеді. Әкем мен Тойлан ағам екі елдің саясаты туралы әңгімелеспек еді, ағам қорықты. Саясат, бүлік, халықтың жағдайы сынды жайды естісе, оңдырмайды…

Біз алдымен Тұрғаш аға мен Гүмәй жеңгемнің үйіне түстік. Ләззат, Сымбат есімді сүйкімді балапандар күтіп алды. Оларға отыратын орындық алдыра алмай, қор болдым. Үстел, стол десем түсінбейді. Отырғыш деп жатып, әрең ұқтырдым. Көп сөздері біздікіне ұқсамайды. Кейбір атаулар тіпті қытайша. Акценттері ұйғырша, қытайшаға келеді.

Екі аттасаң сақшы тұрады…

Ол жақта сақшы көп. Содан ба, адамдар үркек. Әр аялдамадан қару асынған әскерді көресің. Әскерге мектеп бітірген азаматты ала береді. Қару ұстай алса, болды. Тіпті, Құлжа сынды ірі қалаларда автобекет маңын қарулы әскер танкімен торуылдап, күзетіп тұр. Қаладағы шаң-шұңнан құлақ тұнады. Мұндағылар қатты даурығып сөйлейді. Әңгімелесіп не ұрсысып жатқандарын айыру қиын. Дауыстары қатты шығып кеткендерге, әскер жетіп келеді.  Оқуға ілікпей қалған жігіттер әскерден кейін бірден сақшылыққа барады. Қытайдың саясатын қолдаса болды. Әр аттаған сайын сақшыны көрсең, суынып, қорқады екенсің.  Дінге де қатал. Нұржамал апам тығылып намаз оқиды. Қайбір жылдары қазақтардың моласын тып-типыл етіпті. Мешіт бар көрінеді, бірақ баратындар сирек. Жастар дін ұстайды деу қиын…

Есесіне мұнда ұрылар, оларша айтқанда, жаншықшылар көп. Сөмкемізді алдымызға алып жүрдік. Нұржамал апам тіпті шұлығына тығыпты. Бүкіл автобусты күттіріп, үш июаньді шұлығынан ап шыққаны да қызық.

 Көршілердің хикаясы…

Үйге кім келгенін апамның көршілері де аңдып жүрді. Құдды тыңшы сияқты. Бір таңқалғаным, мұндағылар бір-бірімен қатыспайды екен. Бірде-бір рет кіргенін көргем жоқ. Сақшы көрсе, көрге кірген тышқандай жоқ болады. Біз барған ауылдың жағдайы мәз емес. Шаңы шыққан ескі қыстақ. Көңілді жұбатарлығы суы бар. Қалаға да жақын. Жолы жол емес, тастақ. Әртүрлі шайтаншақтармен жастар да, үлкендер де қалаға, сабаққа, жұмысқа ағылып жатыр. Ең қызығы жаулығы желбіреп, әйелдер де, кемпірлер де шайтаншаққа міне береді. Нұржамал апам жетпіске жетсе де, мотомен ызғытып жүр.

Оқушыларды қатты аядым…

Қытай білім жүйесін мектепке дейінгі дайындық, бастауыш мектеп, толымсыз орта білім, толымды орта білім, университет, аспирантура құрайды.
Балаларды бастауыш мектепке 6 жастан бастап қабылдайды. Осы жерде 6 жыл білім алады. Қоғам мен табиғат туралы пәндер көбірек оқытылады. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, әрбір оқушының бойындағы патриоттық сезімді оятуға көп көңіл бөлінеді. Ана тілі, математика, адамгершілік пен этика, музыка, шет тілі сынды пәндерге баса назар аударылады. 3 сыныптан бастап ағылшын тілі жиілей бастайды. 4 сынып оқушылары жылына 2 апта фермаларға, шеберханаларға барып жұмыс істейді. Барған жерлерінің тыныс-тіршілігімен танысады. Мұнымен қатар, әрбір оқушыға аптасына бір күн қоғам өміріне қатысты мерекелік кештерге, мәдени шараларға қатысу міндеттеледі.

Орта мектеп екі сатыдан тұрады. Алғашқысы толымсыз орта білім, кейінгісі – толық орта білім. Оқушылар бұл мектепке 12-13 жастан бастап қабылдана бастайды. ҚХР заңына сәйкес әрбір республика азаматы 9 жылдық білім алуы керек. Толық орта білім мектебі оқушыларды 15-16 жастан бастап қабылдайды. Оқушы өзі таңдаған оқу курсына байланысты 2 немесе 4 жыл оқиды. Әдетте жалпы курс академиялық және кәсіби техникалық бағыттар деп екі үлкен салаға бөлінеді.
Оқуды аяқтаған соң дашө яғни университетке баруға болады. Бірақ біздікіндей гранттар жоқтың қасы. Барлық мүмкін болған 300 балдан 300 нөмір алған сіңлім Мақпал жер мен топырақтың оқуын ақылы оқыды. Ухан деген ішкі Қытайдың үлкен қаласында қытайлармен жатақта бір жатып оқыды. Сабақтың көптігенен милары шатасып, шаршап, қолдары тесіліп кетеді екен жаза бергеннен. Ондағы балалардың ойынға уақыты жоқ деуге болады.

Мұндағы ластықты айтып жеткізе алмайсың. Көшеде, кафеде, тамақтану орындарында шемішке шағу – мұнда үйреншікті жағдай. Асханаларда әр үстелдің басында бір шелек тұрады. Қоқыс әлгіден үйіліп шығып жатады. Асханаларында тамақ дәмді болғанымен, тазалық жоқтың қасы. Орталық қалаларында ғана жылтыраған кафелер бар. Жатақханаларда да тазалыққа көңіл бөлінеді деу қиын. Оқушыларға жатақ беріледі. Мұндағылар кез келген жерде түкіре береді, оған тиым салынбайды. Оқушылар күнделікті кезекші болып, тазалық атқарады. Сыныптан бөлек, дәретхананы да тазалайды. Бұл оларды қоғаммен байланыстыру үшін керек көрінеді.

Оқушылар да біздікіндей үйден ақша апарады. Бірақ көп емес. Түрлі витаминдер мен сусын, шемішке алуы ғана мүмкін. Ләззат пен Сымбат неше күн сөйтті. Тіпті мені бала көріп, күнде мені қыдыртып, түрлі тәттілер әперіп жүрді.

Тойлан ұстаз: «Мұнда білімге ғана көңіл қояды…»

Аудан орталығы Шичязыға барған бойда мектебіне кіріп, танысуды ойладым. Апаның үлкен ұлы Тойлан ағам мұнда мұғалім болғанымен, кіргізе алмады. Тәртіп қатал. Сақшының қаһарынан қайттым. Тек сыртын түсірумен шектелдім. Есесіне мұғалім ағам білім жүйесін түгел әңгімелеп берді. Ауданда ғана еңселі ғимарат. Ал ауылда тоқалтам сынды мектептер.

«Ұстаздықпен зейнетке шыққалы жүрмін. Бастауышқа дәріс беремін. Мектепке 7-де барамыз. Бізден кейін оқушылар келеді. Келген бойда сақшыға қол қоямыз. Содан кейін қақпаға жоламаймыз. Жатаққа жатпайтындар ғана үйіне қайтады. Жатақта балаларға үй сабағын оқытатын мұғалімдер бар. Соны орындаумен кеш батады. Мұнда математикаға көп көңіл бөлінеді. Жадуал жаттамаған бала сабаққа кірмейді. Оқушылар төте жазумен оқиды. Қытай тілі қатар оқытылады. Дәптерден бөлек, кітапқа да жаза береді. Тапсырмалар кұрделі. Балаларға баға қойылмайды. 100 нөмірмен бағалаймыз. Тиісті межеден өте алмағандар, сыныпты қайта оқиды.

Киімге, оқушылардың ата-анасының шарт жағдайына қарамаймыз. Бәрі спорттық шалбар, кеудешемен келеді. Шашы өссе де, тырнағы алынбаса да, Қазақстандағыдай міндеттемейміз. Үйде спорттық киімін шешпей, кір-кір боп жүре беретіндер бар. Кітапхана, арнайы оқу бөлмелері жұмыс істейді.

Мұндағы балалар мотоларының қымбаттығымен жарысуы мүмкін. Жылдамдығы мен бағасы әртүрлі өйткені. Техника дамыған. Қытайда көбіне балалар техникалық мамандықтарға барады. Сіздерде ватцап болса, мұнда витчат дейді. Ғаламторды тор деп атайды. Онда көп нәрсеге шектеу бар.

Қытайдың әріпін танып болуға адамның ғұмыры жетпейді. Мықтылар ғана үлгереді. Себебі, бір әріп, бірнеше ұғымды білдіреді. Кириллица білетіндер сирек».

Сабақ «Қара жорғамен» басталады…

Таңертең оқушылар қаздай тізіліп, «Қара жорға» билейді. Бұл көп жылдан бастау алған. Мұның денсаулықпен қатар, патриоттық та мәні бар. Бір кездері тіпті он мың адам билеген кезі болып, рекордқа енген.

Жастар жағы ән-биге құмар. Қазақтың халық билерінің, халық әндерінің мәйегі осында. Әндерінде зар мен запыран басым.

Мейрамхана мен қонақүйлік қызмет Қытайда қатты дамыпты. Сол қызметте көбіне жастар жүр. Бірнеше тілді меңгерген. Моншаға кірсең, басыңнан бақайшығыңа дейін қыздар жуындырып, массаж, спа жасап, шығарып салады. Бағасы да қымбат емес. Мұнда монша мен асханаға көңіл тояды. Тамақтың түр-түрі бар. Тек халал емес өнімге соқпасаңыз болды. Әкем екеуміз шынашақтай кәуапқа қызығып, ол шошқанікі болып шықты. Сондықтан ұйғыр мен дұнғандардікін жағаладық.

Жұлдыз сіңлім туыстарынан тығылып, ең ащы «Га мәмпир» деген тамақ әперді. Қытайлықтар неге қартаймайтыны осы ащы тағамдарды көп тұтынғаннан болса керек…

Апамыз мәмпар көжені келістіріп жасады. Ащщы көк, биден көк сынды дәмді шөптер қосылған көжені ішуді қазір де армандаймын..

Оқушы қызға той жасалады…

Қыз он үшке келгенде сырға той жасалады екен. Біз барғанда Тұрғаш ағамдар Сымбаттың осы тойына даярлық жасап жатты. Құлағын тесіп, сырға тағады. Үйге 200-дей кісі екі күнге шақырылыпты. Асаба мен дәншүй жігіттер сырнай-кернейлерімен әуелетеді. Үлкен де, кіші де билейді. Халық әндері орындалады. Қой сойылып, үлкен дастархан жасалады. Салаттың мың түрі бар.

Шақыруға үй іші суретке түседі екен. Сол күні Гүмәй жеңгемді танымай қалдым. Сұлуланып кетіпті. Мұнда сұлулық қызметі жақсы дамыған. Шұғыла салонда істейді. Жеңгемді сол әрлепті. Жаңағы тауықтың тұяғымен қорқытқан әпкемнің рәсімханасы бар. Шақыру билеттерін түсіреді. Жеңгем мен ағам, қыздар суретке сонда түсіпті.

Бәрі кәсіпке бейім…

Оқуға түсе алмаған жастар кәсіп ашады. Асхана, рәсімхана, сұлулық салоны, сауда… Асқар саудамен, егіншілікпен айналысып жүрді. Нұрбүбі әпкем сауда ұстайды. Амантай ағам үлкен малшаруашылығын басқарады. Үш жүзге тарта қойы бар.

Қытайда болған он күнде әкеме оншақты бас тартылды. Қонаққа шақырған үй, қонақтан бата алмай, қой соймайды. Сосын ғана қой сойылып, қазан көтеріледі. Біз барғанда бәрі асты-үстімізге түсіп күтті. Бірақ мен Қазақстанды, ондағы демократияны аңсадым.

Біз барған күні апа да арқардай қойын жықты. «Бауырым келді» деп, жанұшырып жүр. Бірақ көмекке келіндері келмей қап, ит зықысы шықты. Кейін келіндеріне кәрін төкті. Келіндерін мықты ұстайды екен.

Сегіз баланы жалғыз өсіріп баққан апамыз таң. Әлі тіп-тік жүр. Біздің барғанымыз апаға да жақсы болды. Әкем  екеуінің қонақтан қолы тимеді. Бізді күткен күннің ертесіне апа басын ұстап, таусылып отыр. «Бауырымды күте алмадым» деп мұңайды. Біздікіндей көл-көсір дастархан жасай алмағанын айтады. Келіндерінің қолынан шыққан қамыр неткен дәмді. Еттің қамырын майлап салады екен. Кенжехан тәтем бар өнерін салыпты.

Қытайда дос табу қиын…

Мұнан соң ұстаз ағамның ұлы Асқарды сөзге тарттым. Асқар – Мақпалдың інісі. Сырт келбеті қытайдың модель жігіттеріне келеді. Сабақты жақсы оқып, толымды орта мектептен соң компьютерлікті оқығанға ұқсайды. Бірақ бірде-бір дос таба алмапты. «Бәрі Қытай, біз мұсылман, көзқарастарымыз әртүрлі. Бірге тамақтана алмаймыз, бақа-шаян жейді» дейді.

Бірақ, қытайлыққа тұрмысқа шығатын қыздар көп. Біздің орысша суылдайтынымыз сияқты жатсар ханзушаға ағып тұр. Қалалық болуға ұмтылады. Әсіресе, менің сұлу сіңлім Жұлдыз. Анасы Нұрбүбі тәтемен күніне жүз ұрысысып жүріп, сәнді киініп, көзін бояп алады. Бір жаққа барарда үйінен үш сағат сәнденбей шықпайды. Ауыр дертке шалдығып, Жұлдыз оқуын жалғастыра алмады. Оқуға түсуді армандап жүрді. Мені «жеже» деп атады, бізше «әпке» дегені.

Асқар Қазақстанда тұрады қазір. Өз білімімен ҚазҰУ-дың дайындығына грантқа түсті. Мұнда білім жүйесі жақсы қойылғанын айтады. Кириллицаны телефоннан-ақ жаттады. Еліміздегі «Жол картасы» сынды бағдарлама арқылы Тараз сынды оңтүстік өңірлерде жұмыс істеді. Алматының Талғар маңынан жылыжайда қияр, картоп, қызанақ егіп, пайда тапты. Саудаға жүйрік. Өзі айтпақшы, «кез-келген қытайдың шляпасын теріс айналдырып жібереді».

Мақпал әкімшілікте істейді…

Мақпал ішкі Қытайда әкімшілікте істейді. Сондағы жергілікті қазақпен танысып, Қытайда қалып қойды. Күйеуі сақшы. Қазір екі балақаны бар. Әкімшілікте талап қатал. Параға жол берілмейді. Ұрлықпен, парамен ұсталсаң,  қолыңды шабады. Соттатуы да мүмкін.

Жастар би алаңдарына барады. Мақпал сол жолы той қылуға рәсімге түсіп жатты. Кенжехан тәте қызының жасауына бір үйлік зат дайындапты. Итаяғы ғана алтын емес. Асыл тастармен көмкерілген ыдыстарды көргенде, аңтарылып қалдық. Нұржамал апам «ысырап деп», басын ұстап, отырып қалды. Есесіне Мақпалдың әке-шешесі мұны қызының жақсы оқығаны деп түсінеді. Қалың малы да 10 000 июань керемет келіпті. Соның ақысына ұзату мен төсек-орын дайындапты. Мұнан сырт киіт-миіт пен әкесіне ат мінгізіпті жігіт жақ.

Жастар ашықтыққа бет бұрыпты…

Қазақстанның жастарын «еуропаланып кетіпті» деп, таңғалатын жастар қазір өздері ашықтыққа бет бұрыпты. Той жасамай тұрып, бір-бірінің үйіне бара береді екен. Мұны Амантай ағама ақын қыз келгіштеп жүргенінен білдім. Тойда жаппай отырып, шешішке шағып, ащы су сілтейді екен. Темекі тартып, көк түтіннің арасында билейді. Үлкендер ғана бөлек отырады екен. Мұны маған Гүмай жеңгем әңгімелеп берді.

Жеңешемнің тағамдарының бәрі ащы. Жергілікті асханадан үйренгені болар. Бірнеше сәй қуырылады күнделікті. Күрішті көп тұтынады екен. Тандырға нан жапқандарымен, пияз қосып жібереді. Макарон, су май, кәмпит сынды заттар тек Қазақстаннан алынады. Газ, ток шәугім деген әңгіме жоқ. Қазан мен моста пісіріледі бәрі. Келіншектер жапаға жаралғандай құдды.

Кластастардың қызығы…

Біз барған күні ток арбамен әкемнің кластастары жетті. Күні бұрын естіпті. Кластас деген аты болмаса, бәрі қаусыраған шал. Нұрмолдамен тағы бір кісі. Әкем қастарында жігіт. Оларды тұрмыс пен сағыныш қажытып жіберіпті. Бәрі әкеме қарап, қызықты. Әйтпесе, әкем де мында бейнетті көрудей көрді. 11 жасында жетім қалып, он бауырын өзі баққаны тағы бар. Қой бағып, біреудің қолында жүргенін ойласа, жылап қалады.

Ләззат пен Сымбаттың да кластастары көп екен. Қытайдан бөлек, қазағы да бар. Бәрі велосипедпен ойнайды. Көршілер ретінде де араласады. Бір қызығы, Ләззат та, Сымбат та ұлға ұқсайды. Шаштары да. Қоғамдық моншаға 10 июань төлеп барады екен.

Қазақстанмен салыстырғанда…

Екі елдің білім жүйесінің қайсысы озық екенін анық аңғара алмадым. Бірақ Қытайда тек қана білімге жол қойылған. Сосын еңбекшілдік пен тәртіп. Ырду-дырдудан ада. Біздегідей көже апарып, наурыз, мейрамдар тойламайды. Туған күнді де сирек атап өтеді. Ұстазға сыйлық әперу атымен жоқ. Пара дегеннің аты естілмейді.

Тек мұндағыларға университетке түсу қиын. Түссе де, Мақпал сияқты алдымен мемлекетке қызмет етеді. Сол елдің саясатына бағынады. Мектепте махаббаттасуға болады. Тек артық кетпеу керек. Сабақтастар бір жүруі қажет. Қыздары қытайлықтар сияқты сұлу келгенімен, татуажға көп жүгінеді. Жергілікті қытайларға түрлері ұқсап кеткен.

Кітапты кейде өзің сатып алуға тура келеді. Осы жағынан және грант бөлу жағынан Қазақстан қалайда озық. Әрі Қазақстанда мәдени сауықтыруға көп көңіл бөлінеді.

Мұғалімдердің мәртебесі мұнда мықты. Ешкім ұстазға қарсы шықпайды. Біздікіндей сойылға жықпайды. Үкімет адамдарынан кейін мұғалімдерге мұнда жақсы жалақы төленетінін Тойлан ағадан естідік. Зейнеткерлік те лайықты бағаланады екен.

Екі тошайдың әңгімесі және бауырластық…

Қытайдағы оқушылардың бауырластығы мықты. Бір-біріне қолын созып тұрады. Шайтаншағы бұзылса, мінгестіре кетеді. Бауырлардың сыйластығы басым. Біздегідей жұдырық ала жүгірмейді. Тұралбай, Тұрғаш, Қарашаштар анасын мықты сыйлайды екен. Қарындасы ағасына қарсы шықпайды.

Қалипа әпкемнің салған әні төбе құйқаңды шымырлатады. Жүсіп жездем де бауырмал екен. «Тауға мотомен алдырам» деп, біраз мазалады мені.

Нұрбүбі әпкем «қала фасонда жүрем» дейді. Жұлдызды да сол бағытта тәрбиелеген. Жұлдыз екеуі Қазақстанға келуді, осында оқуды армандады. Өкініштісі, Жұлдыз ол арманына жете алмай, ағып түсті. Ақ қан ауруын Қытай медицинасы жаза алмапты. Әйтпесе, апа миллиондап ақша салған екен.

«Тошайды әкелші!». Осы сөзді естігенде тосырылып қалдым. Тошайды таппадым. Сөйтсем, аяққа киетін сүйреме екен. Жұмыстан түскен соң Нұрбүбі тәтеден осыны жиі естідім. Апа «Көмектес» десе: «Ой, мен осы үйді үй қылам деп шаршадым» деп, жатып қалғаны қызық. Есесіне Қарашаш әпкем бауырмал көрінді. Келе сала, төркініне лағман жасап, бізді күтіп жіберді.

Қытайдан маған тигені жалғыз шақай. Әкемді бастан-аяқ киіндірдім. Туыстарыма сыйлық алдым. Сонда апаның «Әкесін мұнша құрметтейтін қызды алғаш көруім» деп шын көңілден айтқаны есімде. Есесіне анама сыйлық ала алмай, ренжітіп алдым. Мұны анам көп уақыт айтып жүрді. Ал мен өзімді кешіре алмадым. Қолдың қысқалығы ғой баяғы.

 Қоштасарда…

Әкем мен әпкесі елу жыл бұрын пошта бөлімшесінің қасында қоштасыпты. Жамалхан ападан бастап бәрі кішкентай. Сол жолы Нұржамалдың үлкен ұлын Жамалхан апам көтеріп тұрып, құлатып ала жаздапты. Ол оқиға осынысымен де есте.

Тағы да сол жерде тұрмыз. Жаулығы желбіреп, пірәшке арбамен апа шығарып салуға келді. Таксиге бізді аманаттап жатыр.

Қытайда болған он күннің ішінде әкем де, апа да жасап, жүздеріне қан жүгіріп қалды. Ой мен қырды теріп, рақаттанды.

Барған күннің ертесіне Матнияз атама құран бағыштады. Әкесінің бейітінде әкем таза жылапты. Екі көзі көнектей боп, қызарып келді.

Тағы да қоштасу екеуіне қиынға соқты. Ұзақ құшақтасып тұрды. Апаның жанарына жас толды. Қытайда тоғыз бауырынан жырақ топырақта қалғанына өкінді. Менің де көңілім босап, сырт айналып кеттім. Мұнымды әкем байқап қойды. Ол көзіне жас алмады. Ұстамды болды.

Шекарада мені шырылдатты…

Қытайдан мыңға жуық сурет түсірдім. Мектебін де көп түсіргем. Шекарада фотоаппаратым әбден тексеріліп, көп суретімді өшіртіп тастады. Соған өкіндім.

Қазақстанға келгенде екінші тынысым ашылды. Мұндағы еркіндікке тәнті болдым. Сауылдаған сақшыны да көрмейсің. Мәдени экспанция да жоқ. Батысқа өзің еліктемесең болды. Әркімге өз елі, өз жері қымбат.

Сол сапарда апа інісіне қымбат пальто кигізді. Екі мезгіл киетін пальтоны әкем үстінен тастамайды. Пальтосы бұрын да бар еді ғой, бірақ мұның жөні бөлек. Бұл шекпенге сағыныш деген қасиет шер болып жабысқан.

Қытайдан қайтарда Ертай Нүсіпжанұлы сынды Қытайда магистратура оқуды ойладым. Әлі де арманым бар.

Бұл мақаланы көп бұрын жазуым керек еді. Бірақ біртүрлі бүлдіріп алатындай болдым… жаза алмадым. Әкем ауылда қалған. Қазір сағынып жүрмін. Сондықтан сағынып отырып жаздым. Сонда сағыныш шынайы шығады.

«Жәмила той қылды ма?». 40-қа келсе де, салт жүрген әпкемді қай үйге барсам да сұрады. Той әлі болмаған еді. Қазір мен күлемін. Қытайда қалған бауырларым бір-бірінен: «Қарлыға той қылды ма?» деп жүрген шығар. Ол күнде алыс емес, иншалла! Жақында көптен күткен той болып қалар. «Жүрегімді ұсташы, сағынғаным» дейтін ең әдемі жігітпен!!! Әзіл ғой…

Айтайын дегенім Қытайдағыдай емес, Қазақстанда оқу-тоқу деген еркін-ау. Кейде еркіндікті еркелікке де ұластырып алып жатамыз. Бұл мақаланы бір жағы оқушы балаларымызға сабақ болсын деп те жазып отырмын. Сендерді Қытайдағыдай «қамап» оқытса қайтеді, ә?!.»

Қарлыға АЙСАНҚЫЗЫ

Алматы – Жаркент- Қорғас-Қытай –Құлжа –Жаркент- Алматы.

«Ақ желкен»  журналы, №4

Сәуір 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз