Қазақ әдебиетінің тұтас бір дәуірі Қабдеш Жұмаділов деген есіммен тікелей байланысты. Бұлай деп батыл айтуымыздың екі түрлі себебі бар. Қазақтың бір қауым жұртының Қытайға ауғаны, сол Қытайдағы қазақ диаспорасының өмір сүру кезеңі Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» атты көптомдық романында толық баяндалады. Ал Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көші» өз ортамызға қайта оралған қазақтың рухы десек, оған тіл де, діл де, бәрі кіреді. Әрине, тікелей сол тақырыпты қамтымаса да, сырттағы рухтың мына отаршылдық шырмауында қалған елге келіп қосылған бір дариясындай болып көрінеді. Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Платиналы «Тарлан» сыйлығының иегері, көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділов пен Қажығұмар Шабданұлының ауылдасы, көзін көрген, уағында шапанын көтеріп жүрген белгілі ақын Алмас Ахметбекұлымен бұл тақырып жөнінде бөлісер сыр көп.

    Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қабдеш аға, «Соңғы көш» Кеңес заманында жазылса да, қолымызға әйтеуір бас-аяғы бүтін жеткен шығарма деп есептеймін. «Қылмыс» көрген теперішті «Соңғы көш» көрген жоқ, оның басы ашық енді. Дегенмен түрлі сүзгіден, тексеруден өтпеді дегенге сене алмай отырмын.      

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: «Соңғы көшті» атап қалдың ғой. Жариялануы жағынан бұл кітаптың шыққанына да қырық жылдай уақыт болды. «Соңғы көштің» жазылуынан жариялануы қиын болды», – деп бір сұхбатта айтып едім. Себебі, «Соңғы көш» тыңнан жол салған кітап. Ол кезде шекара сыртында қазақтар тұратынын біреу білсе, біреу білмейтін. Бірінші томды жетпісінші жылы жазып болдым. «Жазушы» баспасында жай редактор болсам да, қазанның құлағын ұстап отырғандай ем. «Соңғы көшті» сараптан өткізуге төрелік айтатын адам табылмады. Төрт дана ғып бастырғанмын. Оның бір данасын ЦК-ға, біреуін Ғылым академиясына, біреуін Қауіпсіздік комитетіне жібердік. Солардың бәрінен «мұны талдайтын маман жоқ, кесіп-пішіп ештеңе айта алмаймыз» деген қысқа-қысқа жауап келді. Академияның әдеби бөлімі айтыпты: «Көркемдік жағына тағатын мініміз жоқ, бірақ ондағы оқиғаларды біз талдап, түсіндіріп бере алмаймыз», – деп. Қауіпсіздік комитетінің бір пайдасы – олар маған дұрыс жол сілтеді. «Бұл кітап туралы КСРО-да бір-ақ жер төрелік айта алады. Мәскеуде Қиыр Шығыс институты дейтін бар. Қытайды, Жапонды, Вьетнамды зерттейтін. Қолжазбаңызды орысшаға аудартып, сонда жіберіңіз», – деді. Ол кезде орысшаға аудару оңайға түспейтін. Әнуар Әлімжановтың көмегімен одақтан ақша бөлініп, аудартуға екі жігіт жегілді. Екеуіне бір романды қақ бөліп берді. Үш айдай отырып, екеуі аударып шықты. Сол екеуін Мәскеуге, Қиыр Шығыс институтына жібердік. Алты ай өткенде олар келді. «Бұл өте керек кітап, қазіргі қытай саясатын асырмаған да, жасырмаған да. Аз ұлттардың басына түсіп отырған қиыншылықтар қаз қалпында көрсетілген, бұл бізге қажет кітап, шығару керек»,  – деген жауап алдық. «Соңғы көшке» жол ашқан осы сөздер болды. Қиыр Шығыс институтының хатымен бірге «Жұлдыз» журналына алып бардым. Ол кезде Шерхан Мұртаза бас редактор. Жаңағы сөзді беташар ретінде бас жағына беріп, 1973 жылы «Жұлдыздың» үш номеріне романды басып жіберді. Сөйтіп «Соңғы көш» арқылы жарқ етіп шыға келгенбіз. Сол журналдар менде сақталған. Әнеукүні қарап отырсам, 196 мың данамен тараған екен. Сонда дүниежүзінің қазақтары түгел оқыған ғой. «Соңғы көш» осылай шықты. Бұл диаспора тақырыбына жол ашқан кітап болды. Менің ғана емес, осы тақырыпта жазғысы келген адамдардың жолын ашты. Жариялануы қиын болғанымен, түбі қайырлы болды. 1981 жылы роман Мемлекеттік сыйлық алып кететін еді. Жұрттың ықыласында шек жоқ, келген хаттар мая-мая деуге болады. Соңғы финалға дейін төрт адам таластық. Ең соңғы дауысқа саларда Максим Зверьев, Хамит Ерғалиев, Тұманбай Молдағалиевтар өтіп, мені тізімнен алып қалыпты. Жарамайды деп емес, дауысты алып кетеді деп қорыққан. Қалғандары бәйгеден жүлде алуға тиісті жүйріктер ғой. Соларды келтіру үшін мені алып қалған. Сол жылы Қазақстандағы Әуезов атындағы алғашқы сыйлықты беріп, менің көңілімді жұбатқан еді. Сондықтан жолы ауыр да болды. Салмақты нәрсе қашанда ауыр болады ғой.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Ол заманда ондай тақырыпқа тәуекелге барып қалам тарту, онда да көлемді роман-дилогия қылып жазу ерлікпен пара-пар іс болған шығар, еңбектің еш кетуі де мүмкін ғой, әрбірден кейін баспай қойса. Ал ерліктің ерлігі Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» атты көп томдық романында. Алмас, сіз аңыз әңгімелердің бәрін естіп жүрдіңіз, кітаптың қалай жазылып, қалай шығып жатқанын ар жақта да, бер жақта да естіп, біліп жүрдіңіз. «Соңғы көшпен» жалғастыра, «Қылмысқа» да тоқтала өтсек.

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ: «Қылмыс» бірінші жақпен, яғни «мен» деп басталып жазылған алты томдық роман. Қазақ әдебиетінің тарихында мұндай көлемді шығарма әзірге біреу болуға тиіс. Қажығұмар Шабданұлы біз әдебиетке әуестеніп, әдебиет факультетін бітіріп келгенде романның екі томын жазып болып, келесі томдарына кірісіп жатқан кезі. 7-8 жылдай бостандықта болды. Сол жылдары Шыңжаңдағы әдебиет көркемөнер бірлестігі кәсіби жазушы ретінде бағалап, «Қылмыстың» екі томдығы сол жақта 30 мың тиражбен тарап, үлкен сенсация болған заман болды. Бұл кісіні пайғамбар, әулие секілді көріп, халық қатты сыйлады. Табиғаты да сондай керемет, кербез, бекзат кісі болатын. Дене бітімі осы Қабекеңдермен шамалас, жұқа, аппақ кісі еді. Тек қана әділ сөйлеуді, тура сөйлеуді ұнататын. Біз үйіне жиі барып тұратынбыз, күні бойы шығармасын жазып та, үйіне келген кісілерді қабылдап та үлгеретін. Кішкентай ғана жазу үстелі болды. Бір жағында сигарет тұратын. Сигаретті екіге бөліп, жартысын ғана тартып, келесі бір кезекте жартысын тартып отыратын кісі еді. Әдебиетке шексіз адал болған кісі. Соның алдында 20 жылдай Тарымда болып келген. Тарым деген Барсакелместің мекені, кейінгі мәліметтер бойынша оған 3 мыңдай қытайдағы қазақ зиялысы барып, 700-і ғана аман қайқан. Тарымнан қайтып келе жатқанда қасындағы адамдарға «өзімді прототип ете отырып, «Қылмыс» атты алты томдық роман жазамын» деп айтқан екен. «Қылмыс» өзінің философиясы бойынша: «бодандықтағы халық үшін дұрыс өмір сүремін, құқығыммен өмір сүремін деп айтудың өзі, тік жүріп өмір сүрудің өзі қылмыс» дегенге келтіреді. Кейін 1976 жылы 30 желтоқсан күні қайтадан қамауға алынды. Үрімжінің бірінші түрмесінде 15 жыл табандап отырып шықты, қалған үш томын жазып шықты.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Папиростың қағазына жазыпты деген әңгіме бар ғой. Сол қаншалықты анық?

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ: Әртүрлі қолына түскен қағаздың бәріне жаза берген. Бұл кісі жазуға соншалықты адал болған. Күніне екі бет болса да жазуым керек деп өзі айтатын. Сондай қажырлықпен жазды. Түрменің орынбасары, дәрігерлері  қазақ болды. Қағаздардың аман-есен шығып, қолға жетуіне сол жігіттер көмектесті. Бақаш деген бәйбішесі болды. Ол кісі де жазу мәселесіне ұқыпты адам. Аңызда айтылатын Толстойдың бәйбішесі секілді бәрін реттеп, қағаздарын жасап отыратын. Қолжазбасын Қабекеңе жіберіпті кейін, қалай шығарғанын Қабекең айтар…

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: Ендігісін мен жалғастырайын. Қытай қазақтарында «Түрме әдебиеті» деген болған. Бізде жоқ. Оның атын мен қойдым. Оның негізін Таңжарық ақын салған. Бүкіл шығармаларының 70 пайызы түрмеде жазылған екен. Арада 40 жыл өткенде соны жалғастырған адам Қажығұмар болды. Поэзияның түрмеден шығуы оңай. Көп адамдар поэмаларды, өлеңдерді жаттап алып шығады. Ал романның үзік-үзігін сыртқа шығаруды Құдай басқа бермесін. Бұл кісі жазғандарын нөмірлеп шығарып отырған. Жаңылмаған. Шыққан соң басын біріктірген. Нөмірден жаңылмай отырып құрастырған. Алғашқы екі кітабының сұлбасы бар. Бірақ ол күзелген, арабша басылған. Үшіншісі шығайын деп жатқанда, түптеліп жатқанда жыртылған. Сонымен менің қолыма екі томы кітап күйінде, қалған төрт томы қолжазба күйінде түсті. Шыққан екі томның күзелген, түзелген жері көп екен. Қажекеңнің ұқыптылығын айтайын, өзінің жазуы жаман емес, арабша әдемі жазады. Жазып отырып, қиып алған жерлерге желімдеп, қосып отырған. Сонымен алғашқы екі том түгел толықтанды. Қажекең түрмеден қайтып келгеннен кейін де ауызша сәлем айтқанмын. Хат жазсаң ұстап алады. «Бұдан кейін роман жазар, жазбас. Бірақ мына «Қылмыс» деген романды жоғалтпасын, күзелген жерінің бәрін қалпына келтіріп, Қазақстанға бір-бірден өткізе берсін», – деп. Сонымен алты томы да екі жылдың ішінде түгел маған жетті. Мекен-жай деген атымен жоқ, «Алматыға, Қабдеш Жұмаділовтың қолына тисін» дейді. Сонда соған көмектескен жігіттер бар. Көшіп келе жатып жүктерінің арасына, тамақтарының арасына тығып, «контрабандалық» жолмен өткен ғой. Енді бұл кітапты шығару керек. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы деген жер бар, шеттегі қазақтарға ие болып жүрген. Ол кезде Қалдарбек Найманбаевтың тұсы, жұмыс өте жақсы жүрген болатын. Олар шетелдегі қазақтардың 15-20 кітабын шығарады. Сосын мен алты томның бәрін емес, қорқытпайын деп үш томын көтеріп бардым. Қазір Талғат Мамашев дейтін азамат Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары. Соған айттым: «Жылына алтауын бір-ақ шығар демеймін, жылына біреуін шығарып отырыңыздаршы. Сонда алты жылда шығып қалар. Шама келсе екі томын шығарып жіберерсіңдер», – дедім. Не керек, олар шығаруға ықыласты болмады. Солардың сейфінде үш жылдай жатты. Анда-санда барып, «анау сейфте тұр ма» деп тексеріп кетемін. Өйткені баспен жауап беремін ғой, романның басқа данасы жоқ. Бір күні ол қолжазбаны алып кетуге тура келді. Себебі Талғатпен сөйлесіп отырсам, «Қабеке, мынау көп қой, қысқартып үш томға түсіріп берсеңіз қайтеді» дейді. Бұл көркем әдебиетпен таныстығы жоқ, білмейтін адамның сөзі. Екіншіден, шетте жатқан қазақтың жазушысына жаны ашымайтын адам. Мен ренжідім-дағы, оны қайтадан алып кеттім. «Әй, шырағым, біреу түрмеде жатып, қорлық көріп жазып шығады, неше түрлі жолмен ол маған келеді, ал мен оның жартысын қысқартып тастаймын. Оны қайдан көрдің? Өзіңнің мамандығың не? Агроном емессің бе?» – деппім оған. «Жоқ, мен тарихшымын», – дейді. «Бұл сөзің тарихшыға да ұқсамайды», – деп мен ренжіп, өзімде тұрсын деп, алып кеттім. 2008 жылдың басында Мұхтар Құл-Мұхаммед министр болып қайта келді емес пе, сонда Мұхтарға арнайы бардым. Жағдайдың бәрін айттым. «Жарайды, Қабеке. Мен 2009 жылдың жоспарына енгізіп, ақша қарастырайын», – деді. Шынында да Мұхтар Құл-Мұхаммед айтқанында тұрды, рахмет! Енді романды біз шығарамыз деушілер көбейді. Бүгінге дейін шығармай келген қауымдастықтың «Атажұрт» дейтін баспасы бар, тендер болған кезде белсеніп шыға келді. Алдында көңілім қалғаннан кейін бергім келген жоқ. Әрбір жинақты он мың теңгеден дүкенге берген екен, талап кетіпті. Қазақстан бойынша жақсы тарады.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Рухымыз тірі деген сөз ғой...

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: Шүкір, қазақ халқы Қажығұмардың өзімен қауышпаса да, кітабымен қауышты. Қапаста туған роман қазақ даласын еркін шарлады. Мен осыған разымын. Өзімді Қажығұмардың шәкіртімін деп есептеймін, кітабын шығартқаным шәкірттік парызымды өтегендік болар.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бұл да болса тәуелсіздіктің арқасы. Қажығұмардың атын естігеніміз болмаса, кітабын алып келіп шығарады деп кім ойлаған? Соның өзінде сіздер сияқты жанкүйер болмағанда бұл кітап қолымызға тимей, қолжазба күйінде сейфте жатуы мүмкін еді ғой. Бұл кітаптың әлі де дақпыртымен жүрміз деп ойлаймын. Кітап қолымызға тиді, журналдарда үзінділері жарияланды. Бірақ кітапқа тоқталып, арнайы бүге-шігесіне дейін зерттеп, артықшылығы неде, жетістігі неде деген жан баласы жоқ. Көркемдік құндылығы жөнінде дәлелдеп жазған үлкен толымды мақаланы көрген жоқпын. Қазір әдеби сынның кенже қалып тұрған кезіне тап келіп тұр ғой. Бұл кітап туралы жазылған әдеби сынның өзі де қызықты болады деп ойлаймын. Газет-журналдар, әсіресе әдеби басылымдар ескерсе деген тілегіміз бар. Бағана өзіңіз айтып өттіңіз, тілі қандай, ондағы юмор, сарказм қандай? «Мен қылмыскермін» деп бастап жазғанын айтсаңызшы. Адамның бүкіл жан жүниесін қозғап жібереді. Ұраға тығып қойған астықты абайсыз айтып қою, халықтың таршылықтағы ауыр тағдыры көзіңе жас келтіреді. Қазақтың жанына жақын ғып, картинаны көз алдымызға әкеліп қояды. Аса шебер суреткерлікпен жазылған…

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ: Кетіп бара жатқанда шешесін алып жүруге шамасы жоқ, кішкентай дорбаға талқан салып, қалдырып кетеді…

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Түрмеде көрген қиыншылықтары,  соның бәрі бұл кітапта бар.

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ: Қазақтың басындағы трагедияны жақсы береді. Елуінші жылдары қазақ зиялыларының бірсыпырасы шәйіт болды, соларға да бұл роман жақсы ескерткіш.

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: Өмірбаяндық тұрғыда жазылған мемуар сияқты. Бір адамның басынан кешкен нәрсе емес, бүкіл қазақ зиялыларының жарты ғасырлық басынан кешкен трагедиясы ғой. Эпопеяны қазір дәуірнамалық шығарма деп жүрміз ғой, бұл дәуірнамалық шығармаға жатады.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Дәстүрлі әдебиетімізден де бөлек сарын бар. Осыншалықты мол қазынаны алдымызға жайып қойып отырмыз. Бірақ сол қазына елдің қолында жоқ. Бір таңқалатыным, біздің баспалар масылдық психологияда отыр әлі. Мемлекет осындай кітап бар, ұлтқа керек, алғашқы баспалдағын біз жасап берейік, демеушілікпен алғашқы таралымын шығарып берейік, міне, мұнша ақша деп қаражат бөледі. Бағанағы баспалар соған өлшеп, екі мың данамен басады да қарап отырады. Ол кітап қолға тиді, мемлекет оған жол салып берді, осы кітап сұранысқа ие екен, екі мың данамен шыққаннан кейін тез тарап кетті әне. Ары қарай сұраныс болып жатыр, біз өзіміз шығарып, таратайық деген ниет жоқ. Содан кейін бір қауіп те бар. Мен ешқандай баспаны кінәламаймын, ешқандай баспаның атын атамаймын. Бірақ артық шығаруы мүмкін. Оны таратуы мүмкін. Бүл біреуді кінәлау емес, өзімнің ішімдегі күмән.

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ: Қосып айтарым бір нәрсе. Биыл Абылайдың туғанына 300 жыл. Бірақ көп айтылмай жатыр. Осы 300 жылдыққа қандай кітап басып шығаруға болады? Бұны министрлік неге есептеп отырмайды? Шығармаларды неге кіргізбеске? Абылай өзіміздің бабамыз, қанымыз және менің кейіпкерім. Тәуелсіздігіміз бен Абылай қайшы нәрсе емес. 20 жылдық пен 300 жылдықты қабыстырып, бірге айтып, бірге дәріптеуімізге болар еді. Егер менің 18-ғасырды зерттегенім рас болса, Абылайдың еңбегімен ойнауға болмайды. Қазақ даласын жоңғарлардан тазартпаса, азат етпесе, біз қайда жүрер едік, мысалы?

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Дегенмен қазіргі біздің Үкіметіміз кітап шығаруды жолға қойып келе жатыр. Осы кітаптың барлығы Үкіметтің қолдауымен шығып жатыр. Кітапты шығаруға мұрсат берген Мұхтар Құл-Мұхаммедтей азаматтардың барына шүкір дейік. Осы кітаптардың қолымызға тиіп жатқанына да шүкіршілік айтайық. Алайда кітап өтпейді емес, жетпейді деген сөз тағы алдымыздан шығып отыр. Кітапқа көңіліміз құласын десек, бізге «Қылмыс», «Соңғы көш» сияқты қызық оқылатын кітаптар керек.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз