Кішкентай Қыз үстелдің үстінде сурет салып отыр еді. Кенет тарғыл Мысық келді де, Қыздың не істеп жатқанына қарай бастады.

– Сен не істеп отырсың? – деп сұрады үнемі әрнәрсені білгісі кеп тұратын әуесқой Мысық.

– Мен саған үй салып отырмын, – деді Қыз. – Қарашы, міне, төбесі, міне, мұржасы, ал мынау – есігі…

– Ал мен онда не істеймін?

– От жағып, тамақ пісіресің.

Сосын Қыз мұржадан қалай түтін шығып жатқанын салды.

– Ал терезесі қайда? Мысық терезеден секіреді ғой!

– Міне, саған терезе. Бір, екі, үш, төрт… – деді де

Қыз терезенің төрт көзін салды.

– Ал мен қай жерде серуендеймін?

– Мына жерде.

Қыз үйдің айналасына қоршау салды.

– Бұл бақ болады, – деді ол.

Мысық қарады да пысқырынды:

– Қайдағы бақ бұл? Мұнда ештеңе жоқ.

– Тоқтай тұр, – деді Қыз. – Міне, саған гүл егілген жер, міне, алмасы бар алма ағаш, ал мына жерде бақша: бұл жерде сәбіз және қырыққабат өседі…

– Қырыққабат!– деп тыржыңдады Мысық. – Ал мен қай жерден балық ауламақпын?

– Мына жерден… Қыз көлшікті, көлшіктегі балықты салды.

– Бұл, әрине, жақсы. Ал құстар бола ма? – деп сұрады әуестік билеген Мысық. – Мен құстарды жақсы көремін.

– Болады. Міне, саған тауық, міне, қаз, міне, үш балапан…

Мысық кенет тілін жаланып, бырылдады да, ақырын ғана:

– Бірақ… онда… үйде… тышқандар бола ма? – деп сұрады.

– Жоқ, тышқандар болмайды.

– Онда менің үйімді кім күзетеді?

– Оны күзететін… – Қыз иттің үйшігін салды. – Міне, мына Бобик күзетеді!

Мысықтың құйрығы тіпті дірілдеп кетті, ал оның арқа жүні, неге екені белгісіз, дүрдиіп шыға келді.

– Сенің үйің ұнамайды маған, – деді Мысық. – Мен онда тұрғым келмейді!..

Сөйтті де, әлдекім ренжіткендей кетіп қалды.

Қандай қыңыр Мысық еді!

Владимир СУТЕЕВ
Орыс жазушысы

Орыс тілінен аударған
Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ

«Балдырған» журналы, №7
Шілде, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз