Қазақтың найман руы туралы әңгіме айтыла қалса, ойға Қуат Хамитов оралатын болды. «Найман» лақап атымен танылған спортшымыз әлеуметтік желіде аса танымал.

Ережесіз жекпе-жектен WBK тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған бұл жігіт кім? Есімі ел аузында жүрген Қуат Хамитовтың кім екенін спортшының өзінен сұрап білген едік.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА
Жылы: Ұлу (1988)
Жұлдызы: Балық (23 ақпан)
Сүйікті тағамы: Ет
Сүйікті ісі: Мұқтаж жандарға қолұшын беру
Сусыны: Қымыз, шұбат, морс
Әншісі: Шәмшінің әндері, МузАрт, Б.Шүкенов
Актері: Жан-Клод Ван Дамм, Аль Пачино
Спортшысы: Ж.Үшкемпіров, Д.Тұрлыханов, Жорж Сен-Пьер
Өмірлік ұстанымы: Арманыңа жететініңе әрқашан сен, сеніміңнен ешқашан бас тартпа.

 

– Әкем бала кезімнен спортқа баулып, әр түрлі үйірмелерге апарды. Ережесіз жекпе-жекті таңдауыма сол кісі тікелей әсер етті десем де болады. Темір Тайсонның жекпе-жектерін тамашалап, Ван Дамның киносын көрсетіп өсірді. Сондай-ақ батыр бабаларымыз туралы ертегілерді құлағыма құйып, санама сіңірді. Гимнастика, күрес сияқты спорт түрлеріне жастайымнан машықтанып өстім. Балалық шағым Алакөл ауданындағы Ынталы ауылында өтті. Көшенің қарадомалақ балаларымен асық ойнап, тай жарыстыратынбыз. Бала күнімде өткізген керемет сәттерді әлі де сағынышпен еске аламын.  Болашаққа деген бағыт-бағдарым бала күнімнен айқындалған болатын. Ата-анам да қарапайым отбасынан шыққан. Қазақи қасиеттен айырылмаған, салт-дәстүрге берік жандар. Көрген қиыншылықтарына қарамастан бала-шағасын оқытып тоқытты. Мен өзімді жақсы адаммын деп айта алмаймын. Сондықтан кейде «мен сияқты жаман ұл осындай алтын кісілерден қалай шыққан?» деп өзіме әзілдеп қоямын.

Ережесіз жекпе-жектегі алғашқы жарысыма 23 жасымда қатыстым. Қарсыласым әскери самбодан спорт шебері, менен әлдеқайда тәжірибелі спортшы болды. Сол жекпе-жекте қарсыласымды 30 секундта қапы қалдырдым. Әлбетте, мен үшін бұл жеңістің орны бөлек болды. Өйткені сырттай ғана қызығып, жекпе-жектің жанкүйері ғана болып жүрген едім. Грек-рим күресінен ұтқан үлкен жарыстарымнан ережесіз жекпе-жектегі жеңісімнің әсері ерекше бөлек сезілді. Осы жеңісім менің спорттық мансабымның болашағын айқындап бергендей болды. Қазіргі жеткен жетістіктерімнің барлығына еңбектің арқасында қол жеткіздім. Өйткені мен ешқандай тума талант емеспін, алға қойған мақсатымның жолында аянбай еңбек етіп, тер төктім. Жалқаулыққа жеңілмей, ерінбей еңбек етсең, ол жемісін беретініне анық көзім жетті.

Хамитов «Найман» лақап атын неліктен таңдап алғаны жайлы да сөз қозғап өтті.      

– Негізі «Найман» деген лақап атты менің бұрынғы жаттықтырушым берген болатын. Әңгіме барысында бапкерім маған: «Сені «Найман» деп атайық, лақап атың осылай болсын», – деді. Мен: «Неге «Найман» деп атайсыз, ешкім ренжімей ме?» деп сұрадым. «Жоқ, ешкім ренжи қоймас. Бұл бөлінушілік емес, қайта намысың қайралады», – деді. Осылайша «Найман» атанып кеттік. Әрине, спортта жеңіс те, жеңіліс те болады. Шаршы алаңға шығу үшін айлап-жылдап тер төгіп, ауыр жаттығулар жасаймыз. Арасында жарақат та аласың, 10-12 келі салмақ қуу үшін апталап диета да ұстайсың. Сондықтан осындай ауыртпашылықтан кейін жолың болмай қалса, ұнжырғаң түсіп кетеді. Мұндай жайттар спортшы үшін өте ауыр. Дегенмен қандай жағдай болса да, бәріне дайынмын. Тіпті шаршы алаңда жанымды беруге де әзірмін. Сәтсіздік кезінде жігерімді жанып, өзімді әлі де елімнің үмітін ақтап, абыройын аспандатамын деп жұбатамын.

Аса қауіпті спорт түрі саналатын ережесіз жекпе-жектің жарақаттары да ауыр болады.

– Шынымды айтсам, денемнің сынбаған жері қалмады. Мұрным төрт рет, аяқ-қолым да бірнеше рет сынған болатын. Осындай ауыр жарақаттар алған кезде, спортты тастау туралы ой да болады. Бірақ алға қойған мақсат-мұратыма жетпейінше, спорттан кетуді ойламаймын.

Головкиннен бастап, Төреғалиға дейін сынның астына алған «Найманға» сыналушылардың ешбірі жауап қатпапты. Бұның да өз себебі бар екен.

– Менің сыныма жауап қайтарып, маған қарсы пікір білдіргендер болмады. Өйткені айтқанымның барлығы ақиқат екенін іштері сезеді. Сондықтан ешбір тарап маған қарсы пікір білдіріп, сенікі дұрыс емес деп айтқан жоқ.

Қуаттың бір сұқбатында «депутат болсам» деген сияқты болды. Әлде басқалар солай бұрмалап кетті ме, білмедік. 

– Жалпы, еліңе қызмет ету үшін міндетті түрде депутат немесе бастық болу маңызды емес. Депутат болмай-ақ та елге қызмет етуге болады. Лауазымды қызметте отыру менің алға қойған мақсатым емес. Депутат болмасам да еліме қызмет етіп, халқыма көмектесе аламын.

«Найман» спорттық мансабын аяқтағаннан кейін де осы саланың білікті маманы болғысы келеді екен.

– Спортпен қош айтысқаннан кейін әрбір ауылда қазақтың қарадомалақтарын салауатты өмір салтына үйретіп, дені-сау ұрпақтың өсуіне өз үлесімді қосамын. Спорттың барлық түрінен еліміздің атыншығаратын жастарды тәрбиелеп шығаруды көздеймін. Жалпы болашақ чемпиондарды дайындаумен айналысамын деп ойлаймын.

Қазіргі ережесіз жекпе-жек өкілдерінің басты мақсаты  UFC тұжырымында өнер көрсету екені анық. Бұл жайт Қуат Хамитовты да ойландырып жүрсе керек.

– Әлбетте, бұл спортты серік еткен кез келген спортшының арманы – UFC тұжырымында атой салу. UFC-де өнер көрсетпесек те, әлемнің үздік тұжырымында сынға түсіп жүрміз. Сондай тұжырымдардың белбеуіне таласып, кейбірінен әлем чемпионы атандық. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, үлкен спортта ешқандай демеушісіз, ешкімнің көмегінсіз атағы дардай тұжырымдарда өнер көрсету қиынның қиыны. Бұйыртса, Fight Night Global ұйымында бір-екі жекпе-жегімде жеңіске жетсем, АҚШ еліне UFC тұжырымын бағындыруға аттанамын.

Қазақстан  ережесіз жекпе-жек бойынша әлемдік рейтингте үздік жиырма мемлекеттің қатарына кірген болатын. Елімізде  спорттың бұл түрі даму үстінде, қарқыны қатты. Қуаттың пікірінше, біраз жылдан кейін қазақтың жігіттері әлемді таңдандыратын болады. 

– Біз жауынгер халықтың ұрпағы болғандықтан, әлемнің түкпір-түкпірінде қазақтың мықтылығын дәлелдеп жүрген саңлақтарымыз жетерлік. АСВ, ONE Championship, Fight Night сынды тұжырымдарда сайысқа түскен спортшыларымыздың көрсеткіші жаман емес. Қаншама спортшымыз Еуропаның, Азияның үздік промоушендарының белбеуін ұтып, көк туымызды желбіретіп жүр. Дегенмен біздің артымыздан ерген жас спортшыларға мемлекет тарапынан қолдау болса, қазақ жігіттері ережесіз жекпе-жек спортынан әлемді жаулайды деп ойлаймын.

Қуат та елімізге танымал ережесіз жекпе-жек өкілдерін шығарған Alash pride клубынан түлеп ұшқан. Қазіргі таңда «Naiman team» командасының мүшесі. Хамитов сегізбұрышта 25 кездесу өткізіп, 19 мәрте қарсыласынан басым түссе, 6 рет жеңілген. Жүрегінің түгі бар қайтпас қайсар жігіттердің алапат айқасында Қуатқа әрқашан намысың биік болсын дейміз.

 

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз