Ол образ сомдау үшін жанын қинамайды. Жасандылыққа тіптен салынбайды. Кейіпкері өтірік айтып тұрса, ол – ауылдың аңғал қазағының бейнесі. Кейіпкері əлдеқалай алдауға сеніп қалса, ол да біз білетін, біз танитын ағаларымыздың бейнесі. Оның əр рөлі бізге сонысымен ұнайды, сонысымен баурайды. Содан соң бұл актер ойнаған қай фильмді де көре бергіңіз келеді. Қуандық Шəкіржанов туралы біздің бұл ойымыз – сонау «Бауыржан-шоу» театрының қойылымдарынан бастап, кешегі «Жаңа қоныс», «Шашу» телехикаяларын көргеннен кейін түйгеніміз. Ағамызды – сүйікті актерімізді ортаға алып, аз-кем əңгіме құрдық…

– «Жаңа қоныс» телехикаясының продюсері – Дастан мен Рауан деген жігіттер. Бақыт Əліпбаева екеумізді түсуге шақырды. Бірінші маусымда 12 серия түсірдік. «Жаңа қоныс» комедия жанрында болғанымен, ойланып қарасаңыз – трагедия. Əке-шеше 50-ге келіп қалған. Ұл- қыздары өздерің қатарлы, бірақ үйі жоқ, əлі көшіп-қонып жүр. Дұрыс жұмыстары да жоқ. Көпшілік нені көреді? Өмірге жақын нəрсені, шындықты күлкі арқылы жеткізіп жатқан соң көрерменіміз көп болды. Рейтинг жақсы болған соң екінші маусымды да түсірдік. 20 сериялы екінші маусымның да рейтингі өте жақсы болды. Одан соң үшінші маусымды бердік. Жалпы 52 серия түсірдік. Үшінші маусымның да нəтижесі күшті болды. Енді төртіншіге дайындалып жатырмыз. Сценарий жазылып жатыр. Түсірілім қашан басталатыны белгісіз.

– «Шашудың» да жалғасын сұрап жатқандар көп екен…

– Миллиондаған көрермен сұрап жатыр. «Шашуды» «Хабар» арнасының жанындағы «5-студия» деген ұжым түсірді. Толқын Сейдоллақызы деген өте еңбекқор қарындасым басқарады. 32 сериялы «Шашуды» 2018-де түсіріп, «Хабар» арнасынан берді. Кино жақсы болу үшін бірінші сценарий жақсы болу керек. Екінші – сол сценарийге лайықты актерларды таңдап алуда кастинг мықты болу керек. Бүкіл əлеуметтік желілерді қарасаңыз, кемшілік айтқан бір адам жоқ екен. Ауылдың иісі бұрқыраған, шынайы өмірді берген телехикая. Ары қарай түсіру жұмысын «Хабар» арнасы қолдаса, біз дайынбыз.

– Екі телехикаяның да астындағы пікірлердің біразына көз жүгіртіп едік. «Қуандық аға менің əкеме ұқсайды» деген пікір көп екен. Ауыл адамдарының образын арнайы зерттейсіз бе, əлде болмысыңыз сондай ма?

– Əкелеріне, ауылдағы ағайынына, мен қатарлы туыстарына ұқсататындар көп. Əр ауылда маған ұқсайтын біреу бар, əйтеуір. Мұндай əңгімені «Бауыржан-шоудан» бастап естіп келе жатырмын. Кинода қалай ойнаймын, өмірде де сондаймын. Алыстап кеткен ештеңем жоқ. Комедияда ойнайды деп мені бəрі соған шақырады. Театрға ілінбей қалдым. «Қазақфильмнің» де фильмдеріне іліге алмадым. Əйтпесе тарихи фильмдерде, уəзірлер мен батырлардың рөлін неге ойнамасқа?! Бұйырар, уақыты келер.

– Кастингтеріне барып көрдіңіз бе?

– Көп бармадым. Екі-үш қана рет бардым, өтпей қалдым. Əйтпесе актер комедияны да, трагедияны да ойнай алады ғой.

– «Жаңа қоныста» бір ұл мен бір қыздың əкесісіз. Өмірде де дəл солай…

– Иə, бір ұл мен бір қыздың əкесімін. Қызым балаларға арнап кітап жасады. 3-7 жас аралығындағы балаларды қазақылыққа тəрбиелейтін кітап. Ұлым менің жолымды қуам деп Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының 3-курсында оқып жатыр.

– Біз айтып отырған екі телехикаяның да тілі таза қазақша. Мысалы, «интернетті» «ғаламтор», «зарядканы» «қуаттағыш» деген сияқты сөздерді көп қолданасыздар. Бұл былайғы өміріңізге əсер етті ме? Осыған көзқарасаңыз қалай?

– Аударылатын сөздер болады, аударылмайтын да сөздер болады. Мысалы, «футбол», «бильярд», «бокс» сияқты сөздер, халықаралық терминдер аударуға келмейді. Біздің кейбір тіл мамандарымыз соған дейін аударып жіберді. «Бояушы бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей болды. «Футболды» «қумадоп» деп, «бильярдты» «түртпедоп» деп аударып жүргендер бар. Қайсыбір жарнамалардың аудармасы тіптен сорақы. Кейбір аудармалар жастарды, ұлтты адастырып жіберуі мүмкін. «Ұлттық арна» мен «Хабар» арнасында орысша сөз болмау керек. Жүріп жатқан сериалдарында да солай. Бірақ ұрпақты қазақыландыруды балабақшадан бастау керек қой.

– Сіз сценарийге бағынасыз ба, əлде сценарий сізге бағына ма?

– Бірінші сценариймен танысамын. Сахнада 10 минуттық интер- медия қойсаң да астарында үлкен ой болу керек. Күлдіріп отырып ойландыру керек. Сол сияқты кез келген киноның мағынасы болу керек. Ұнап жатса, келісім беремін. Сценариймен келіспей, рөлден бас тартқан кездерім де болды. Өтірігі көп, ұлтты мазақтайтын тұстары болса, бірден бас тартамын. Онсыз да бір киноға түсіп, кейін өкінген кезім бар. Кейін оны балаларымыз, немерелеріміз көреді. Сол сияқты кез келген сценарийге араласамын. «Мына жерін былай өзгертемін» деп айтамын. Көбі менімен келіседі. Өйткені өзім сценарийден алыс емеспін. «Бауыржан-шоуда» «Көк москвичтен» бастап біраз интермедия жаздым.

– Жоғарыда айтқан екі телехикаяда да құлағыңыздың сырғалығын, сосын шынтағыңызды ұстай бересіз. Бұл əдет пе, əлде əдейі жасайтын іс-қимылыңыз ба?

– Ол байқамай кетіп қалатын нəрсе болу керек. Монтажға да байланысты.

– «Жаңа қоныста» қарапайым таксист болсаңыз да тарих пəнін жақсы көресіз. Қазақ тарихына жанашырсыз. Өмірде де тарихқа жақынсыз ба?

– Өмірде де тарихқа жақынмын. Басқа салаға қарағанда қазақ тарихы мен қазақ əдебиетіне жақынмын. Жаныма да жақын, болмысым да соған тартып тұрады.

– Бала кезіңізде есіңізден мəңгі кетпейтіндей, актер болуыңызға əсер еткен оқиғаларыңыз болды ма?

– «Тамаша» театрын, Тұңғышбай, Құдайберген ағаларды көріп өстік. Ол кезде комедиялық театрдан жалғыз «Тамаша» ғана еді. Қазір көп қой. Сосын «Бандыны қуған Хамит» деген фильм хит болды. Сонда «Хамит сияқты батыр боламыз, киноға түсеміз» деп армандадық. Өнерге деген шабыт осылар арқылы оянды. Актер боламын дедім, марқұм əкем қарсы болған жоқ. Оқуға түстім. 24 бала бітірдік. Біздің курс ерекше болды. Соның 20-сы танымал. Ұстазымыз – Тұңғышбай ағамыз. Алғашқы шəкірттері болдық. «Турандот ханшайым» деген спектакль үлкен жаңалық болды. 1993 жылы студент кезімізде қойдық. Шоу спектакль болды. Жұрт билет таппайтын. Оқуды бітірген соң бəрімізді бірдей театрға алмады. Ерлан Білəл, Дария Жүсіпова, Шынар Асқарова, Дулыға Ақмолда, Гүлшат Рақметова, Асылбек Боранбайлар əкемтеатрда, Ұлан ағаларың «Терісқақпай» театрын құрды. Қалғанымыз «Бауыржан-шоуға» кеттік. Бір-екі актерді жолдамамен облыстарға жібереді. Мені Семейге жіберген, бірақ бармадым. Қазіргі ұлттық арнада қызмет істедім. Марқұм Шерхан Мұртаза ағамыз басқарып тұрған кез болатын. Бейбіт Құсанбек, Қойшығұл Жылқышиев ағалардан көп нəрсе үйрендім. Телеарнада екі жыл істедім де, отбасы жағдайымен Жаркентке қайтып кеттім. Жаркентте мəдениет үйінде екі-үш жыл істедім де, «Бауыржан-шоуға» келдім. Сонда театр тарқағанша істедік. 2009-да соңғы концертті қойдық. Кейін Бақыт Əліпбаева екеуміз жеке концертімізді қойдық. Бірақ бүкіл Қазақстанды араламадық. Елді аралап концерт қою қазір оңай емес. Бақыт апайларың мұғалім. Мен сериалдарда жүрмін. Менің қазіргі жұмысым – сериал.

– Актер болғысы келетін бала қандай болу керек?

– Актер болу үшін кітап оқу керек. Интернеттен алған нəрсе уақытша ғана, бір күні бастан ұшып кетеді. Бұрынғы ақын-жазушы ағаларымыздың бəрінің қалтасында қойындəптер мен қаламсабы жүретін. Автобуста кетіп бара жатса да, шəй ішіп отырса да миына бірдеңе қона қалса, бірден қойындəптеріне жазып қоятын. Кейін керегіне жаратады. Əйтпесе ой деген де ұшып кетеді. Қазіргілер қойын дəптер де ұстамайды. Бəрін телефоннан көргісі келеді. Жастар қандай мамандыққа ден қойса, сол саланың кітабын оқуы керек. Дəрігер болғысы келсе, медицина саласындағы кітаптарды оқысын. Актер болғысы келетін жеткіншек тарих пен əдебиетті оқу керек. Өзімнің балама да үнемі айтып, қадағалап отырамын. Жақында ғана Джек Лондонның «Мартин Иден» романын оқып бітірді. «Жақсы екен» дейді. Кітап көп қой. Мырзагелді Кемел ағамыздың «Ақыл қалта» деген кітабын оқуға кеңес беремін. Абайды міндетті түрде оқу керек.

– Қазір қандай сценариймен жұмыс істеп жатырсыз?

– Арманыма жетем бе, жетпеймін бе, білмеймін, бір спектакль қойсам деймін.

– Моноспектакль ме?

– Жоқ, кəдімгі үлкен қойылым. Мен сияқты бос жүрген актерлер көп. Оны жазып жатырмын. Комедиялық жанрда, бірақ ішінде саяси ойлар бар. Қазақстан Жазушылар одағындағы қаламгер ағалармен сценарийді талқылап, ақылдасып жатырмыз. Бұйырса, күзге таман беретін шығармыз. Жаңалық болады деп ойлаймын.

Ал телехикаялар бойынша шақыртулар болып жатыр. Оны сценарийлермен танысқан соң көреміз. Былтыр «Күй-ғұмыр» телехикаясына шақырған. Үлгермейтін болған соң келісім бермедім. Биыл қазақы телехикаяларды қолға алып, түсірілімдерді көбейтіп жатыр ғой…

– Əңгімеңізге рақмет!

Əңгімелескен Асылан ТІЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №5
29 қаңтар 2019 жыл

1 ПІКІР

  1. Бұл азаматтың болмысының өзі қазақ, ойнаған рольдері шынайы, адамды қарапайымдығымен, аңғалдығымен, жасандылығы болмауымен өзіне сендіріп тұрады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз