Қолданбалы өнер саласын зерттеп жүргеніме біраз уақыт болды. Қазіргі дизайнерлер, суретшілер неге қазақтың ұлттық нақыштағы ою-өрнегін қолданбайды, туындыларына неге кірістірмейді? Көпшілігі еуропалық немесе шығыстық стильді таңдайды. Ал дизайнер қайдан шықты, қайдан оқып келді? Әрине, өзімізден! Қалай десек те, қолөнердің мәртебесін көтеру қажет. Тіпті барлық мектептерде жүйелі түрде оқытуды  енгізсе де, артық болмайды. Осылайша жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастырамыз, екіншіден, жас таланттың жолын ерте ашамыз, үшіншіден, халықтың өнерге деген көзқарасын тереңдетеміз. Ою-өрнек туралы танымдық кітаптар бар болғанымен, мектеп жасындағы  балаларға арналғандары тапшы. Орта мектептерде ою-өрнек түрлеріне қызығатын жастар көп. Бірақ, соларға жол көрсетіп, үйрететін білікті ұстаздар да жоқтың қасы. Бұрынғы әжелеріміз оқымаған дизайнер болған. Олар салған оюлар орнымен қолданылып отырған. Ою-өрнегіне қарап, мәдениеті қаншалықты деңгейде екенін анықтаған. Дегенмен, қолөнердің дамуы, құлдырауы, күйреуі, қайта жандануы халық шаруашылығының, мәдениетінің дамуымен, сондай-ақ саяси жағдайымен де тығыз байланысты болу керек депе ойлаймын.

Әр кезеңде ең көп таралған ою-өрнек үлгілерінің бірі – қошқармүйіз.

XVII-XVIII ғасырларда француздардың Версаль сарайында лилия гүлі алтын қасықтардың басында, киімдер, кілемде, әшекейлерде, үй жиһаздарында қолданылған. Лилия гүлінің нышаны қазақтың қошқармүйіз оюына ұқсайды. Демек, ерте замандағы мәдениетіміз Еуропадан кем болмаған. Қошқармүйіз – қазақ оюының ең көне элементерінің бірі. Қошқармүйіз оюы, әдетте, композицияның орта тұсында әшекейленеді. Текемет, сырмақ, тоқымалар, басқұр, алаша, кілем, сондай-ақ былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдар ең бірінші қошқармүйіз оюынан басталған. Қазір қошқармүйізді шапанға жабыстырып қойған. Ол қисынды ма, қисынсыз ба, зерттеп жатқан ешкім жоқ.

Қазақтар үлкен жиындарда бас қосқанда ер адамдар ою салынған шапан киген. Әр өңірге тән оюлар болған. Сондықтан оңтүстік, солтүстік, шығыс, батыстың хандары, билері бір-бірінің қайдан келгенін сұрамай-ақ білген. Сондай-ақ, ұлттық киімдерде тұрғындардың географиялық, ру-тайпалық ерекшеліктерін ою арқылы ажыратқан. Мысалы, тымақтың өзі адай бөрік, арғын тұмақ, қыпшақ тымақ, сырмалаған 6 сай найман тымақ, 4 сай жатаған тобықты тымағы деп бөлінген. Аймақ ерекшелігіне қарай Жетісу, Арқа, Қоңырат үлгісіндегі тымақтар да болған.

Ал, қазақ халқының зергерлік бұйымдарына келер әйел адамдар күмістен ойылып жасалған әшекейлерді қолданған. Оның бетіне салынатын ою-өрнектердің де өз мәні болған. Күмістің пайдасын қазақ ерте заманда-ақ білген. Күміс ыдыстан тамақ ішіп, күміс әшекейлер тағып, сәби дүниеге келгенде күміс теңгеге шомылдырып, «баланың күні күмістей жарық болсын» деген жоралғы жасаған. Күмістің емдік қасиеті бар екені медицинада да дәлелденген. Күміс сумен әрекеттескенде иондалып, ұзақ сақталады. Сондықтан күміс қосылған су ағзадағы көптеген зиянды микроағзаларды жояды. Адам ағзасының тұмау және жұқпалы ауруларға төтеп бере алмауының бір себебі, иммундық жүйедегі күмістің азаюынан болады. Күміс тек қана ауру тудыратын элементтерді жойып қоймай, ағзадан зиянды токсиндер мен микробтарды шығарады. Тіпті ағзада аз ғана күміс жетіспеушілігі байқалған жағдайда адамның жұмыс істеу қабілеті төмендеп, қорғаныш қасиеті азайып, тез шаршау пайда болады.

Сондай-ақ, ертедегі әдет-ғұрып салтымыздың бірі – жас жігіт өзі ұнатқан бойжеткенге сыңар білезік сыйға тартатын. Егер қыз жігітті ұнатса, сыйлықты жүрекке жақын көріп, сол қолына салады. Бірақ күнде емес, жиын-тойларда басы бос еместігін білдіру мақсатымен салатын. Жігіттерді таласқа түсірмеудің бір жолы осылай шешілген. Осы білезікке шынжыр арқылы екі жүзік тіркеледі. Оның біріне «күндей ашық, қуанышты жүрсін» деп – күн, екіншісіне – «құстай ерікті, бақытты болсын» деген тілекпен «құсмұрын» бейнеленеді.

Қазақ бояу түстеріне де айрықша көңіл бөлген. Ұлтымыздың ою-өрнек өнерінде ақ түстің көбірек қолданылуы жайдан-жай емес. Ақ түс – шындық, қуаныш, бақыттың нышаны. Сондықтан халықтың тұтыну құралы мен тағам түрлерінде ақ түс мол кездеседі. Түрлі ауру-сырқау, бәле-жаланың бәрі де ақпен тазарады деп ұғынады. Адам өмірінің ұзақ болуы, елдің амандығы, халық тыныштығы, тағы басқа игі-тілектері ақ ұғымымен тікелей байланысты болған. Қазақ сөздерінде жиі қолданылатын ананың ақ сүті, көңілің ағарсын, ақ дидар, ақжарқын, ақ отау, ақ қайың, ақселеу тіркестерінің белгілі бір мақсаттан, қажеттіліктен туғаны аян. Ертеде ақ киізге орап хан көтеру, тіпті құрбандыққа шалынатын малдың да ақ нар болғаны дұрыс деп түсінуі белгілі бір нанымнан, ақ ұғымын қасиеттеуден туғаны мәлім. «Ақ түйенің қарны жарылды» деген қанатты сөз де үлкен жақсылықтарда айтылады. Құйрығында ақ қылы бар жылқылар құтты саналып, сатылмайды, ешкімге берілмейді. Себебі «сол малмен бірге құт-береке кетеді» деп түсінген.

Тәуелсіздік алғалы біз көк түске көңіл бөліп отырмыз. Көк аспан – «аспанымыз ашық, күніміз жарық, еліміз бақытты болсын» дегенді білдіреді. Айта керу керек,тәуелсіздіктің бір белгісі ретінде халқымыз көк түсті жақсы қабылдады.

Өткен ғасырда өткен қайраткерлеріміздің бірқаншасы қазақтың ою-өрнегін, салт-дәстүрін зеттеп, қағазға түсіріп кетті. Бірақ, солардан қалған мәдени мұраны қазір қаншалықты елеп-ескеріп жатырмыз? «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында осындай дүниелерге де көңіл бөлінсе екен деймін.

Құралай ӘДІЛБЕКОВА,
«Балалар мен жасөспірімдер орталығының» үйірме жетекшісі.
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы
«Ақ желкен» журналы, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз