Қиялыңдағы істерді жүзеге асырып, бағынбастай көрінген белестерді артта қалдыру үшін еңбекқорлық, төзім, кей тұста мінез де бойыңнан табылғаны абзал. Одан бөлек білімнің де алар орны ерекше. Бұл заман талабы. Осылай шешім қабылдап, нақты іс жасар шақта кез келген жасөспірімнің алдында ҰБТ деген асу тұрады. Жоғары оқу орнына түсіп, мамандығың бойынша білім алу – мақсатқа жетер жолдағы басты дүниелердің бірі. «Ұланның» мектеп бітірейін деп, үлкен өмірге қадам жасауға бекінген оқырмандары көп. Сондықтан сендерге сәттілік тілеп, Сүлейман Демирел атындағы оқу орнына қос бірдей грант жеңіп алған замандастарың Арайлым Жорабаевамен таныстырмақпыз. Ол жетістігінің құпиясы туралы айтып берген еді.

Ұлан: Арайлым, жеңісің құтты болсын! Екі бірдей грантты қалай иеленіп жүрсің?

Арайлым: Байқаулар жайлы мәлеметтерді интернетті шолып отырып, байқаусызда көзім шалып қалды. Қызығушылығымды тудырған ақпаратты нақтылап алып, екі жарыс туралы зерттедім. Жалпы, маған «мына додаға қатыс» деп ешкім жол сілтеген жоқ. Ниеттенген кез келген мектеп оқушысы бағын сынай алады.

Ұлан: Оқырмандарға түсінікті болу үшін олимпиадалар жайлы қысқаша ақпаратпен бөліссең…

Арайлым: Алғашқысы жыл сайын көктемде SDU-дың ұйымдастыруымен өтетін «SPT-2018» (ред – SDU Proficiency Test) республикалық олимпиадасы. Олимпиада тапсырмаларын Қызылордада тапсырдым. Оқушылардың тест тапсыруына кедергілер туғызбас үшін сайыс ұйымдастырушылары 14 облыста тест тапсыру орындарын белгілеп, алдын ала хабарлайды. Байқау  бес бағыттан тұрады. Мен «Қазақ тілі мен əдебиеті» бөліміне ұсыныс білдіріп, бағымды сынап көрдім.  Ал екіншісі «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасы еді. Жарыс 4 айналымнан тұрды. Республикалық кезеңге өтпес бұрын аудандық, қалалық, облыстық деңгейде байқау өткізілді. Үздік шыққандар республикалық деңгейде бақ сынайды.

Ұлан: Байқаудың форматы қалай өтті? Қандай талаптар болды? Жүлдеге ілігу үшін неше ұпай жинау керек екен?

Арайлым: SPT-2018-де барлығы 100 сұрақ болды: Оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы бойынша 25 сұрақ, Қазақ тілі мен əдебиеті пәндерінен 50 сұрақ. Байқау жауабы бір апта өткеннен кейін жарияланды. Одан соң үміткерлер жинаған балына сəйкес СДУ-ға 10, 20, 30, 40, 50 пайыздық жеңілдіктер алды. Менімен қатар тағы екі қатысушы толықтай 100 пайыздық білім грантын жеңіп алды. Екінші бәсекеде 5 бағытта болатын. Бірақ формасы алдыңғы сайысқа қараған басқа болды. Талапкерлердің болашақ мамандығына көбірек мән берілген. «Тілші-əдебиетші», «Жазушылар», «Ғылыми жоба», «Көркем сөз», «Әнші-бұлбұл» деген секілді. Байқауда əр сала бойынша, əр орын бойынша 2 жеңімпаз анықталды. Осы жолы да бабым мен бағым қатар шауып, жеңімпаз атандым.

Ұлан: ҰБТ-дан да жоғары ұпайды еншіледің. Білім сынағына қалай дайындалдың?

Арайлым: ҰБТ-да таңдау пәні ретінде қазақ тілі мен әдебиетін таңдап, 130 балл жинадым. Дайындық барысында мейлінше мектеп оқулықтарын қолдануға тырыстым. Күнделікті жоспар жасап, соны дағдыға айналдырдым. Қиындық тудырған пәндерге көп көңіл бөлген абзал. Сонымен қатар, онлайн сабақтардың да пайдасы тиді. Математикалық сауаттылықтан Абылай Ахметқали ағайдың желідегі сабақтарына жазылдым. Ұйықтар алдында тәулікті қорытындылап, өз-өзіме есеп беріп отырдым. Осылай белгілі бір жүйе қалыптастырудың әсері болды. «Ұланның» 11-сынып бітіргелі жатқан оқырмандарына осы тәсілді қолдануға кеңес берер едім. Сосын көп армандау керек. Бірақ арманның барлығын ҰБТ-мен байланыстырмаған жөн.

Ұлан: Ой бөліскеніңе рақмет!

Əңгімелескен
Ілияс СƏРСЕНБАЙ.
Алматы қаласы

«Ұлан» газеті, №45
6 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз