Қытайлық Чжан Инь атты бай əйелді əлем жұрты «Қоқыс патшайымы» деп таниды. Инь көп балалы отбасында дүниеге келіп, қиындық көреді. Жоғары білім ала алмайды. Жиырма жасында «ұятты» жиып қойып, қоқыс жинайды. Қоқысты қайта өңдеумен айналысады. Алты жылда көп ақша жинайды. Пайда тауып қана қоймай, қоршаған ортаға пайдасын тигізеді. Қоқысты қайта өңдеу дамыған елдерде жолға қойылған. Мысалы, АҚШ-та қалдықты өңдеудің есебінен жылына миллиард долларға жуық қаржы түседі екен. Германия жергілікті халықтың қоқысын кəдеге жаратып қана қоймай, шет елдің қоқысын қабылдап, қалпына келтіргені үшін миллион еуро алады.

Елімізде қоқыстың 5%-ы ғана өңделеді, сұрыптауға арналған арнайы жəшіктерді Астана мен Алматыдан басқа қалалардан кездестіру қиын. Қоқысты қайта өңдейтін зауыт аз. Халықтың одан хабары жоқ. Содан болар, қоқысты қайда жəне қалай өткізетінін білмейді. «Ұлан» газетінің өткен сандарының бірінен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (IITU) студенттері Айбек Рахым мен Елнұр Жексеновтың ЭКО Tazalyk жəшігін ойлап тапқаны жайлы мақала оқыдым. Сол сəттен бастап игі іс ойымнан кетпей қойды. Жəшік қалай жұмыс істейді? Болашақта қандай қосымша қызметтер атқарады? Сəті түсіп жоба авторларымен əңгімелескен едім.

Елнұр: Компания «NS LABS» деп аталады. Басшысы – Айбек. Ерсұлтан екеуіміз IOS пен Android платформалары үшін бағдарламаны жасаймыз. Анвар жарнама мен қосымшаның əрі қарай дамуына жауап береді. Команда «Жас кəсіпкер» деп аталатын жарыста жиналды. Негізі идеяны Айбектен айтты. Ол күнделікті қоқысты қайта өңдеуге жібергісі келген еді, бірақ қаламызда қандай зауыттар бар екенін білмеді. Зауыттардың мекенжайын тауып беретін қосымша жасағымыз келді. Тұрғындарға мотивация беру үшін бонус жүйесін іске қостық. Ол қалай дейсіздер ғой? Қоқыс өткізе отырып, мөлшеріне қарай ақша аласыз, ал жинақталып қалған бонустарды сыйлықтарға айырбастауға болады.

Айбек: Бұл жоба қара бастың қамы үшін емес, халқымыздың мүддесіне арналған қосымша. Мектеп қабырғасынан бастап ойға алған жоспар жүзеге асып, өз жемісін беруде. Ең бастысы – уақытты зая кетірмей, мақсатыңа жету.

– Жоба жасауға оқыған мамандықтарыңыздың көмегі тиді ме?

Елнұр: Əрине, IT университетінің маңызы орасан зор. Білгеніміздің арқасында «Tazalyk» қосымшасын жасап шығардық. Қосымшаның екінші бөлімі «Eco Box» деп аталады. Оны ең алғаш болып енгізген де біздің университет.

– Халықаралық əрі инновациялық технология университетінде оқудың артықшылығы бар ма?

Елнұр: Университет көпшілікке МУИТ деген атаумен танымал. Бұл жоғары оқу орнын бітірген студент бағдарламалау саласын өте жетік меңгеріп шығады.

Айбек: Университетте сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Көп студент тіл жағынан қиналады. Берген білімді барлық қиындықтарды жеңе отырып қабылдасаң, болашақта білікті маман болатының анық. «Тazalyk» та – сол білімнің нəтижесі.

– Еліміздегі IT саласына қандай баға бересіздер?

Елнұр: Шүкір, қарқынды дамып келе жатыр. Бағдарламалауды үйрететін курстар мен жастарға серпін беретін жарыстар көптеп ұйымдастырылуда.

Айбек: Əрине, Елнұрға қосыламын. Қуана айтатын бір жағдай бар, мемлекет жыл сайын IT мамандары үшін түлектерге көп грант бөлуде. Талантты жастарға есік əрдайым ашық болуы керек.

– Кəсіпкер болу үшін бизнес-тренингтер мен кəсіпкерлік жайындағы кітаптардың маңызы қандай?

Елнұр: Тендер, маркетинг жəне бағдарламалау бағытында түрлі бизнес-тренингтер мен шеберлік сабақтарына қатыстым. Пайдасын көрмесем зиян шектім деп айта алмаймын. Қиыншылықтардың алдын алып, тəжірибелі тəлімгерлерден көп нəрсе үйрендім. Ең болмаса, мотивация алып қайтасыз.

– Алға қойған жоспарларыңыз қандай?

Айбек: Біз бұл жобамен тоқтап қалмаймыз. Қоқысты қайта өңдеп, жаңа əрі сапалы
дүниелер жасап шығаратын цех ашу ойымызда бар.

Елнұр: Болашаққа жоспар көп. Алға қойған мақсатыммен бөліскенді ұнатпаймын. Бірақ бір зат айқын. «Tazalyk» табысты нəтижесін берді. Енді осы жобаны одан əрі дамыту керек.

– «Ұландық» оқырмандарға айтар ақыл-кеңестеріңіз бар ма?

Айбек: Дұрыс əрі мызғымас мақсат қоя отырып, сол жолдан тайып кетпеңдер. Мүмкіндік өте көп, дер кезінде пайдаланып, іске жарата біліңдер.

Елнұр: Белгілі бір сүйікті ісің болса, кəсіпке айналдыра біліңдер. Өзің үшін ғана емес, елге де аз да болсын пайдаң тисін.

Саяжан СОВЕТ,
Жамбыл атындағы
мектеп-интернаттың түлегі.
Қарағанды қаласы

«Ұлан» газеті, №31
31 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз