Құрметті оқырман! «Ақ желкен» журналының осы санынан бастап біз сіздерге әлемдік күнтізбедегі қадау-қадау оқиғалар мен сол оқиғалар төңірегіндегі қызықты әңгімелерді ұсынатын боламыз. «Ақ желкен» журналы сіздің қолыңызға әр айдың соңғы аптасында тиеді. Мысалы, сіз журналдың қыркүйек айындағы санын аталмыш айдың соңында ұстар болсаңыз, біз тоқталатын оқиғалар алдағы қазан айына арналады.

Сонымен, әлем тарихындағы қазан айы…

Қазан жылдың 10-айы. Дегенмен айдың ағылшын, орыс телдеріндегі атауы (Октябрь, October) «сегіз» деген мағына береді. Латын тіліндегі сегіз саны «octo» деп аталады. Яғни қазан айы бір кездері күнтізбенің сегізінші айы болған. Рим билеушісі Юлий Цезарьге дейін римдіктердің жылы наурыз айынан басталады. Қазақ халқының жаңа жылы да наурыздан басталуына байланысты қазан қазақ күнтізбесінде де сегізінші ай болған. Қазан аталу себебі – бұл айда барлық жеміс-жидек, көкөніс жиналып, таусылып бітеді. Ары қарай ешнәрсе өспейді. Қазақ бұл құбылысты «қазан болды» деп атаған. Ай атауының төркіні осы.

1 қазан

Елімізге келген алғашқы ұялы телефондар есіңізде ме? Сіз «nokia», «мotorola» деген гаджеттердің атын атайсыз. Осы қатарда «siemens» атты телефонның да болғаны есіңізде шығар? Вернер фон Сиеменс пен Иоганн Гальске 1847 жылы «Telegraphenbauanstalt Siemens & Halske» компаниясын дәл осы 1 қазан күні ашқан. Компания атауы кейіннен «Siemens AG» болып өзгертілді.

1908 жылдың 1 қазанында бүкіл Америкалықтарды жаппай 4 дөңгелектің үстіне отырғызған автокөлік дүниеге келді. Оның аты «Форд Лиззи» болатын. Зауыттағы атауы «Форд Т». Генри Форд өз автокөліктерін әріптердің әліпбидегі орналасу ретімен атап шығарған. «Форд А», «Форд Б» деген сияқты. Осы автокөліктердің ішіндегі ең танымалы «Форд Т» моделі. Осы уақытқа дейін дүние жүзінде ең көп шыққан автокөлік Фольксваген «Қоңыз (Жук)» 21,5 миллион данамен шыққан болса, «Фард Лиззи» 15 миллион данамен шыққан. Яғни, бұл күн аты аңызға айналған автокөліктің туған күні. Жоғарыда «америкалықтарды жаппай төрт дөңгелектің үстіне отырғызған» автокөлік дедік емес пе? Оның себебі, «Форд Лиззи» автокөлігі 850 доллор ғана тұрған. Кез-келген Форд компаниясының жұмысшысының қол жетімді бағасы. Сонымен қатар, аталған көлік өте қарапайым, жөндеуге оңай, ауыл шаруашылығына ыңғайлы етіліп жасалған. «Форд Лиззи» бүкіл әлемдік автоөнеркәсіпте революция жасаған көлік, қала берді модель бүкіл Ресей автоөнеркәсібінің де бастауында тұр. Ресейдің атақты «ГАЗ» маркалы автокөліктерінің барлығы дерлік Форд автокөліктерінің негізінде жасалған. Анығында, көшірілген. Яғни Америкаға қыр көрсетіп, техникалық салада бәсекеге талпынған Кеңес өкіметінің басшылары мінген «Чайка», «Волга» автокөліктерінің түпкі атасы Америкадан еді….

1 қазан Генри Фордтың атақты автокөлігінің дүниеге келген күні ғана емес, оның тракторының ұрланған күні. Тракторы несі дерсіз? 1919-1932 жылдар аралығында Форд өз зауытында «Fordson» атты атаумен тракторлардың бірнеше түрін шығарған. 20 жылдары жаңа құрылып жатқан Кеңес өкіметі Форд компаниясынан 20 шақты трактор сатып алып, сол тракторлардың көшірмесін С.Орджоникидзе атындағы Харьков трактор зауытында жасап шығарады. Бірақ, басқа атаумен (ХТЗ) және Генри Фордтың рұқсатынсыз. Ресей торриториясындағы алғашқы трактор осылай 1931 жылдың 1 қазанында дүниеге келді. Ең қызығы, Генри Форд Кеңес өкіметімен авторлық құқығының тапталғаны үшін соттасудың орнына, Харьковтағы трактор зауытанан 50 жұмысшыны Америкаға алдырып, өз зауытында оқытып, жаңа модельдегі тракторларымен бірге Ресейге қайта аттандырған.

Генри Фордтың осы тектес ерліктері мен идеяларын бүгін айтып тауысу мүмкін емес.

Сонымен қатар, 1931 жылғы 1 қазанда Ресейде атақты «ЗИЛ» зауыты ашылған. Сондықтан болар, бір кездері Кеңес өкіметінің құрамында болған мемлекеттерде қазан айының соңғы жексенбісінде автомобилистер күні аталып өтілетін.

Бірінші қазанда қазақ даласында қандай өзгерістер болған еді?

Осыдан 300 жыл бұрын қазіргі Семей қаласының іргетасы қаланды. Тарихшылардың айтуы бойынша Семей тарихы мың жылдан асып кетеді. Дегенмен, 1718 жылы қазіргі қала орнынан бекініс бой көтеріп, 1854 жылы Семей облысының салтанатты ашылуы болған.

 

2 қазан

Қазан айының 2-ші жұлдызында Абдолла Қарсақбаев дүниеге келген. Ал, Абдолла Қарсақбаев дүниеге келді деген сөз «Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс» секілді қазақ балалар киносының алтын қоры бірге туылды деген сөз емес пе? Бүгінде Абдолланың фильмдерінде ойнаған көзі тірі актерлер естеліктері арқылы режиссердің ғажайып портретін жасайды. Балалармен жұмыс істеудің машақатына әбден үйреніп алған режиссер балаларға ешқашан «былай ойна» деп айтпайды екен. Өзі бір көрсетіп, бір-екі рет түсірген болып отырады екен де «СТОП» деп түсірілімді тоқтатып тастайтын көрінеді. Бірақ, операторы осы сөзді естігенде барып, камераны қосады. Түсірілім алаңындағы балалар, түсіріп жатыр деген ойдан арылып, алаңда еркінсіп, кинодағы өз қимылдарын, диалогтарын айта бастайды. Ал, оның барлығы таспаға жазылып отырған. Мүмкін, Абдолла фильмдерінің сенімділігі мен шынайылығының астарында режиссердің осындай айласы жатқан шығар…

3 қазан

1895 жылғы үшінші қазан күні орыстың ғажайып ақыны, басбұзары, тентегі Сергей Есенин дүниеге келген. Рязань облысында туған ақынды тегіне қарап түбі түркі ме деп қаласың. Өйткені, Есенин орыстардағы қатты танымал фамилия емес. Ал, зерттей келе Рязань диалектінде «есень» сөзі «осень», яғни «күз» сөзінің орнына қолданылатынын байқадық.

1883 жылдың үшінші қазаны қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі ең маңызды күндердің бірі деуімізге болады. Дәл осы күні Семейде облыстық кітапхана ашылды. Мұның қазақ әдебиетіне не қатысы бар дерсіз. Ал, сол кітапханада Абай отырған десем ше? Көзіңізге елестетіңізші, егерде Семейде кітапхана ашылмаған болса, біз бүгінгі деңгейдегі Абайды таныр ма едік?

4 қазан

4 қазан мен 10 қазан арасы бүкіл әлемде ғарыш аптасы. 1957 жылғы дәл осы күні Төретамнан жердің алғашқы жасанды серігі көк аспанға көтерілген болатын. Сізге Төретам деген атау таныс емес шығар. Қызылордалықтар біледі. Ғарыш айлағы салынғанға дейін қазіргі Байқоңыр қаласының орны Төретам деп аталған. Ғарыш айлағы салынысымен қалаға бүгінгі атауы беріледі.

1959 жылы «Луна-3» атты ғарыш аппараты әуеге көтерілді. Адамзат жердің айрылмас серігі айдың арғы бетін осы аппарат арқылы тұңғыш көрген болатын.

5 қазан

5 қазан Халықаралық мұғалімдер күні. Бұл дата 1994 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен бекітілген. Неге дәл 5 қазан дерсіз. Өйткені, 1966 жылдың 5 қазанында Парижде өткен ЮНЕСКО жиынында білім беру қызметкерлерінің құқықтық мәртебесі туралы халықаралық тұңғыш заңнама қабылданған болатын.

Қазақ әдебиетінің астанасы деп Алматыны атаймыз. Ал әлем әдебиетінің астанасы – Париж. Бүгінгі біз кітаптарына шұқшиып жүрген әлемдік жазушылар мен ақындардың барлығы дерлік Парижге бір соқпай кетпеген. Тіпті Эрнест Хемингуей «Париж – сенімен бірге болатын мәңгілік мейрамың», – дейді. 1925 жылдың 5 қазанында Парижге ғашық американдық жазушының «Біздің жылдар» атты тұңғыш кітабы жарық көреді. 1954 жылғы Нобель сыйлының алғашқы баспалдағы осы болатын.

6 қазан

1889 жылы Томас Эдисонның тұңғыш фильмінің тұсаукесері өтті. Бүгінгі кино өнерінің бастауында тұр деп жүрген ағайынды Люмьерлер фильмдері Томас Эдисонның ойлап тауып, өз атына патенттеген перфорациялы киноплёнкаға түсірілген. Жорж Мельес те өз фильмдерін осы пленкаға түсіріп, «Айға саяхат» фильмін Америкаға сатқан кезінде, Томас бұл фильмді көшіріп, көптеп сатуға қояды. Атақты өнертапқыш осылай өз жаңалығының авторлық құқығын таптағандарға қыр көрсеткен. Әрі осы ісімен бүгінгі Голливудтың негізін қалады. Эдисон көшіріп сатқан кино көшірмелерін көрсететін арнайы орындар ашылып жатты. Бұл алғашқы кинотеатрлар еді және сол кинотеатрлардың бірі – Голливуд деп аталатын.

Дайындаған
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз