Салтанат Ахметова – «Астана Опера» Мемлекеттік опера жəне балет театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Нұржамал Үсенбаева, Майра Мұхамедқызы сынды есімі əлемге əйгілі опера əншілерінің ізін жалғап жүрген сопрано дауысты дарын иесі. Өнерге бала кезінен келген Салтанат Ахметова көптеген  республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты атанып, кіл «сен тұр, мен атайын» деген опера əншілерін шаң қаптырған. Əлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде болып, мықты мамандардан кəсіби тəлім алған. Осыдан екі жыл бұрын ауқымы ірі, шоу элементтері мен академиялық концертке құрылған «Үлкен опера» тележобасына қатысып, бас жүлдені жеңіп алған. «Ұланның» оқырмандарын Салтанат Ахметовамен жақынырақ таныстырғанды жөн көрдік…

Туған жерім – Көкшетау қаласы. Ата-анамыз бізді қолынан келгенше мəпелеп өсірді. Анам музыка мектебіне беріп, өнерге баулыды. Өзі скрипканы қатты жақсы көрген, бала арманы іске аспаған. Таршылық уақыт, ондай қымбат аспапта ойнау оңайға соқпағаны аян. Сол бала арманын біздің іске асырғанымызды қалаған анама мен де, сіңлім де қарыздармыз. Екеуміз де музыка мектебін «қызылға» бітірдік. Мектепті небəрі 14 жасымда тəмамдадым. Бала кезден «Балалар шығармашылық үйіндегі» вокалды қуыршақтар театрына қабылданып, арнайы вокалдық студияда əн айтуды үйрендім. Қандай бала болдыңыз дейсіз бе? Меніңше, елгезек, тілалғыш бала болдым (күліп). Еркеліктің де шегі болады. Бірақ, айтқанды екі етпей орындайтынмын, өйткені, сіңліме үлгі болуға тырыстым.

Радиодан Бибігүл Төлегенова «Бұлбұлды» орындап жатса, жүрегім тулап қоя беретін. Шоқтығы биік опера əншілерін тыңдай жүріп, опера əншісі болғым келетінін түсіндім. Мектепті бітіргеннен кейін Біржан сал атындағы музыкалық колледждің Əн бөліміне оқуға қабылдандым. Осы орайда менің дауысымды табиғаттың берген сыйы деп бағалап, зор күтіммен қараған, дұрыс жүріп-тұру əдебінен бастап, вокал техникасының қыр-сырына дейін үйреткен ұстазым Жақып Көшкембаевқа бас иемін. Колледжді бітірер жылы жетекшім Астанаға алып барып, байқауға қосты. Оңтайлы сəтті пайдаланып, ұстазым қазылар алқасының мүшесі болып отырған Халық əртісі, профессор Хорлан Қалиламбековамен таныстырып, болашақта үмітті ақтайтын шəкірттерінің бірі екенімді жеткізді. «Оң көзіңмен қарап, көз қырыңды сала жүр» деп тапсырды. Жанашыр ұстазымның пейілі ақ екен, бағыма орай сол жылы Астанадағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Жеке əн мамандығына оқуға түстім. Оның үстіне, ойламаған жерден Хорлан Қалиламбекованың тобына топ ете қалдым. Егер мен сахнаға жарқырап шығып, жаңылмай əуелетіп əн салсам, ұлағатты ұстаздарымның берген білімі мен төккен терін ақтағаным деп білемін. Өзімді өмірде жолы болған адаммын деп санаймын.

«Neue Stimmen»-де 1428 әншінің ішінде үздік болдым…

Оқуымды жалғастырып жүріп, сол кездегі Күлəш Байсейітова атындағы ұлттық опера мен балет театрына жұмыс істеуге шақырту алдым. Қателеспесем, 3-курста оқимын. Осылай менің өнердегі алғашқы қадамым басталып кетті. Аз ғана уақыт ішінде үлкен ұжыммен тіл табысып, көзге түсіп үлгердім. Менің болашағыма үміт артқан театр ұжымы Италиядағы вокал өнері академиясына тəжірибеден өтуге мүмкіндік жасады. Мен үшін  күтпеген тосынсый болды. Италияда 4 жыл білім ала жүріп, көптеген достар таптым. Тілін үйреніп, операға деген қызығушылығым арта түсті, өмірге деген көзқарасым өзгеріп, көзім ашылды. Əрине, оның арасында тоқтап қалмай əртүрлі əлемдік байқауларға қатысуға өтініш тастап жүрдім. Германиядағы ең атақты халықаралық байқаулардың бірі – «Neue Stimmen»-ге қатысып, «Классикалық күз» («Klassik Herbst in Gutersloh Forderprei») сыйлығын жеңіп алдым. Бұл байқауға əлемнің əр түкпірінен 1428 адамнан өтініш келіп түсіп, үш ай іріктеу жүрді. Іріктеу нəтижесінде бар-жоғы 40 əнші байқау талабына лайықты деп саналған. Ең соңғы турға тек 9 əнші ғана сүрінбей жетті. Сол тоғыздықтың ішінде мен де бармын. Мен үшін мұның өзі жеңіс болды. Іріктеу турында Г.Гендельдің «Юрий Цезарь» операсынан Клеопатраның ариясын мүлтіксіз орындап, Еуропадан, Америкадан қатысқан қазылар алқасы мүшелерінің оң бағасын алып қайттым.

Арадағы үзілістен кейін Хорлан Қалиламбекова «Үлкен опера» тележобасына қатысуға өтініш берсең қалай болады?»  деп ұсыныс жасады. Байқасам, осыған дейін байқау Ресейдің өз  ішінде ғана өткізіліп отырған. Тек сол жылы үшінші маусымның ауқымы кеңейтіп, ТМД  елдерін де бəйгеге қосатынын мəлімдепті. Мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды, «тисе таяққа, тимесе бұтаққа» деп Мəскеуге тарттым. Көрсеткен өнерім көңілдерінен шығып, іріктеуден де өтіп кеттім. Сөйтіп, «Россия-Культура» телеарнасынан көрсетілетін «Үлкен опера» тележобасында Қазақстанның намысын қорғау мүмкіндігіне ие болдым. Қыркүйек айынан қарашаға дейін жалғасқан байқауға бар өнерімді салу үшін дауысымды күтіп, ұстазыммен көбірек кеңесіп отыру керек болды. Əр жұма сайын Мəскеуге ұшақпен ұшарда, күн мен түнім ауысып кетсе де, намысты қолдан бермеймін деген ұранмен отыратынмын. Еңбегімнің жанғаны осы болар, халық мені ерекше ықыласпен тыңдап, өнерімді жоғары бағалады. Бірнеше елден келген кəсіби опера əншілерінің ішінен топ жарып шығу мен үшін жаңа белес болды. Жоба барысында біз бəсекелес ретінде емес, дос- бауырдай тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедік. Ал, ең көп көрермен дауысын жинап, жеңіс рухының жүрегімді толқытқан сəті ешқашан ұмытылмайды.

Опера өнері отандық телеарналарда насихатталмайды

Мамандық таңдауда қателескен жоқпын. Менің хоббиім –менің жұмысым. Өзімді басқа салада елестете алмаймын. Шет елдерде білімімді жетілдіргеннен кейін, бас қаламызға оралдым. «Астана Опера» Мемлекеттік опера жəне балет театрына қабылданып, жұмыс істейтінімді білгенде төбем көкке жеткендей қуандым. Кең сарайдың сыртқы архитектурасының өзі көз жауын алады. Ол бұл тұста Миландағы «Ла Скала», Мадридтағы «Корольдік опера», Мəскеудегі «Үлкен театр», Нью-Йорктегі «Метрополитен-опера» сынды əйгілі театрлардан кем түспейді. Арьерсахна, көптеген шеберханалар, дайындық залдары жоғары талаптармен жабдықталған. Опера əншісіне бұдан асқан мəртебе жоқ. Ең үздік классикалық дəстүрлермен салынған театр сəулетінде ұлттық нақыш айқын көрінеді. Көрермендер бірінші осы сарайдың ішін көрсем деп келетіні жасырын емес. Шетелден келген туристердің өздері біздің театрды көріп, таңдай қақпай кетпейді. Бір əттеген-айы – опера жанры елімізде əлі күнге өз тыңдармандарын жинай алмай жатыр. Жастар эстрадалық бағытта тəрбиеленуде. Мұның бір себебі, опера өнері отандық телеарналарда насихатталмайды. Тіпті, операның не екенін білмейтін жастар өсіп келеді. Ал оны  талғамы биік, көзі қырағы, сауатты адамдар ғана түсіне алады. Классикалық өнер мен балет өнері – адамзат өркениетінің алтын қазығы. Театр жанға рахат сыйлап, алып күш береді. Ал оныжеткізудің жолы отбасынан басталу керек. Опералық театр болсын, музыкалық драма театр болсын, тіпті, мерекелік концерт болсын, балаларды жастайынан рухани азық жинауға тəрбиелесе, шіркін! Олар да 1-2 рет барғаннан кейін театрдың құдіретін түсінер еді.

Менің театрдағы бір күнім көбіне дайындықпен өтеді. Біздің күн тəртібіміз өзгелердей емес. Таңнан кешке дейін əндете алмаймыз. Бос уақытымда кітап оқығанды, тігін тіккенді ұнатамын. Менен дауысыңызды қалай күтесіз деп көп сұрайды. Оның айтарлықтай құпиясы жоқ. Тек ертерек ұйқыға жатып, күн шықпай тұрған абзал. Аязда тоңып, суық тигізбеу айтпаса да түсінікті. Өмірде армансыз адам болмайды. Менің арманым – қазақтың опера өнеріне сүбелі үлес қосу. Сахнаға шығып, көрерменнің ықыласына бөлену мені ерекше бақытқа бөлейді! Жақын арада «Қыз Жібек» операсы қойылатын болады. Соған дайындық жасап жатырмыз.

САЛТАНАТТЫҢ БІЛІМІ:

Көкшетау қаласы Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің Əн бөлімі (ұстазы Ж.М.Көшкембаев, 2004);

ҚазҰӨА Жеке əн мамандығы бойынша бітірген (профессор, ҚР Халық əртісі Х.И.Қалиламбекова сыныбы, 2008);

Итальяндық Вокал өнері академиясында машықтанудан өтті (Accademia d’Arte Lirica, Озимо қ., 2009);

Сонымен қатар, Винченцо Де Виво, Серджио Сегалини, Альберто Дзедда, Джанни Тангуччи, Кристина Мути, Райна Кабайванска, Лелла Куберли, Уильям Маттеуци, Сильвия Саш, Антонио Юварра, Стефано Демикели, Харриэт Лоусон, Карло Морганти шеберлік сыныптарынан өткен;

2014 жылдан бері «Астана Операның» жетекші солисі.

 

САЛТАНАТТЫҢ МАРАПАТТАУЛАРЫ:

Жас орындаушылар республикалық байқауының дипломанты (Қазақстан, 2003);

«Очарование Романсом» халықаралық байқауының лауреаты (Қазақстан/Ресей, 2005);

К.Байсейітова атындағы республикалық байқаудың «Үміт» сыйлығы иегері (Алматы, 2005);

Ғ.Жұбанова атындағы республикалық байқауының 1-орын лауреаты (Алматы, 2005);

«Шабыт – Inspiration» халықаралық фестивалінің 3-орын лауреаты (Астана, 2006);

«Bella Voce» халықаралық байқауының 5-сыйлығының лауреаты (Ресей, 2007);

М.И.Глинка атындағы XXII халықаралық байқауының дипломанты (Ресей, 2008);

«Villa in canto» халықаралық байқауының жеңімпазы (Италия, 2011);

Б.Төлегенова халықаралық байқауының 1-орын лауреаты (Алматы, 2011);

Neue Stimmen халықаралық байқауының финалға шыққан қатысушысы, Klassik-Herbst Forderpreis арнайы сыйлығының иегері (Германия, 2013).

 

САЛТАНАТТЫҢ РЕПЕРТУАРЫ:

Қыз Жібек (Е.Брусиловский, «Қыз Жібек»);

Алтынай (М.Төлебаев, «Біржан-Сара»);

Мюзетта (Дж.Пуччини, «Богема»);

Ажар (А.Жұбанов жəне Л.Хамиди, «Абай»);

Олимпия, Антония, Джульетта (Ж.Оффенбах, «Гофман ертегілері»);

Түн патшайымы (В.А.Моцарт, «Сиқырлы флейта»);

Розина (Дж.Россини, «Севилия шаштаразы»);

Адина (Г.Доницетти, «Махаббат шырыны»).

Назым НҰРСҰЛТАН

«Ұлан», №7

14.02.2017 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз