Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Атқа міну мәдениеті» деген бөлім бар. Бұл бөлімнің әр сөйлемі біздің бір кездері ғаламат сезім, ғажайып күй кешкен күндерімізді араға жылдар салып қайта еске түсіргендей еді. Қайта зер салып көріңіз:
«Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі».

Міне, мақаланың осы жолдары бірден ат үстіне мінгізгендей қанды қыздырды. Сөз жоқ, қазақ пен жылқыны бөліп қарау мүмкін емес. «Арыстан – аң патшасы» десе, «Жылқы – түлік патшасы» деп бағаның үлкенін берді. Бір қызығы, төрт түлік, үй жануарларының ішінде қолға ең соңғы үйретілгені – жылқы көрінеді. Иә, қанша алыс болса, сонша жақын боп кеттік. Бізде жылқы туралы бәрі бар. Қазақтың бір аты – сөз десеңіз, жылқыға арналған ән-жыр, күй… бәрі-бәрі бар. Ғафу Қайырбеков: «Жылқы туралы гректерде аңыз-әңгіме көп, олар да жылқыға жақын болды. Бірақ жылқының сұлулығын суреттеуден қазақ халқы одан асып түсті», – деген мәнде сөз айтыпты. Рас шығар. Жылқы туралы көп әңгіме айтуға болады. Ал біз бүгінгі мақаламызда жылқы мен қазақ мінезінің астасып кетуі, қазақ пен жылқының айнымас достығы жайында аз-кем әңгімелесек дейміз…

«Әр халықтың жылқысының мінезі әрқилы»

Жылқы жайлы бізде бәрі бар дедік. Ел аузындағы сөздердің көбі кітап боп та жазылды. Солардың бірі, әзірге ең үлкен еңбек – «Қазақ жылқысының тарихы» энциклопедиясы. Авторы – тарих ғылымының докторы Ахмет Тоқтабай. Автор бұл кітап үшін жылқыға қатысты 630 еңбекті ақтарып, көнекөз қариялардың, атбегілердің аузынан жазып жүріп
13 жыл ғұмырын арнапты. Үлкен еңбек! Қамбар ата тұқымының тарихынан бастап бүгінгі күнге дейін тізбелепті. Біз әдетте жылқы туралы ізденгенде бұл кітапты айналып өте алмаспыз. Кітаптың «Жылқы мінезі» бөлімінде автор былай дейді:

«Қазақ халқы мінезіне қарай жылқыны ақкөңіл және арамза деп екіге бөледі. Әр халықтың жылқысының мінезі, әр тұқымның мінезі әрқилы болады. Табиғи ортасына, тәрбиесіне, иесіне байланысты. Қазақта «Мал иесіне тартады» деген мақал иесі мен малдың тікелей арақатынасына қарап айтылған. Сондықтан жылқының мінез-құлқын зерттеу қажет.

Жылқы психологиясы әлемдік иппология (жылқы жөніндегі ғылым) ғылымында өзекті мәселелердің бірі. Соңғы кезде бұл тақырыпты зерттеу үшін күрделі тәжірибелер жасалып, іргелі зерттеулер жарық көруде. Үнемі мал бағып жүрген халық мал мінезінің қыр-сырын да біледі. Қазақ өзін жылқы мінезді халықпыз дейді. Жылқы басқа малға қарағанда таза, кірпияз, кінәмшіл, судың тазасын ішетін, шөптің асылын ғана жейтін мал. Ең бастысы, жылқы өзіне басқаның үстемдік етуіне, тапап-талауына, аяққа басуына жол бермейді. Жылқы еркіндік сүйгіш, бостандықтың символы. Қазақ табиғатында кіршіксіз тазалықты сүйген, біреуге бас июді, біреуге құл болуды, тіпті біреудің бірауыз сөзін басынан асырмайды. Сондықтан қазақ сөзінің мәні еркіндік сүйгіш, «өз еркімен жүрген дала серісі» деген мағынаны береді. Қазақтың жылқыны «есті жануар», «тілсіз адам», жылқының бір-ақ кемістігі бар, Құдай оған тіл бермеген», – деуі бекер айтылмаған. Ол ол ма, қазақ жылқымен сөйлеседі. Биені сауып жатқанда, әсіресе үлкен әйелдер «қарағым», «шырағым» деп, атты бәйгеге қосарда иесі атымен сөйлескендей болады. Атпен сөйлескенде қасыңда ешкім тұрмауы керек, жеке сөйлесу керек, – деп жатады үлкендер. Екі нәрседе қасиет бар дейді: бірі адам, бірі жылқы. Бір үйір жылқыны айдап бара жатсаң, балалар таңырқап қарап тұрады. Ал сол балалар мыңдаған қой, жүздеген сиыр, түйе айдап бара жатсаң бір қарайды да ойнап жүре береді, жылқының ерекше бір қасиеті бар сияқты.

Ат иесі бір нәрсеге душар боларда, жер тартып кісінейді, байлауға көп тұрмай пысқырады. Жақсы ат иесіне келетін пәлені үш жыл бұрын біледі, білген соң өледі. Жақсы түйе иесіне келетін бақытсыздықты үш ай бұрын біледі».

Бұған сенбеске әддіміз жоқ. Себебі, иесі өлгенде атының немесе аты өлгенде иесінің де көп ұзамай қайғыдан өмірден өткені жөнінде ел аузында әңгіме көп. Абылай ханның тұлпары Көкбалақ туралы жазушы Таласбек Әсемқұлов мынадай әңгіме қалдырды:
Ханның атын бағатын жылқышы келіп:
– Хан ием, сіздің Көкбалақ тұлпарыңыз өлейін деп жатыр, – дегенде, Абылай жеке тігулі үйде басын соғып өмірмен қоштасып жатқан Көкбалақтың жанына келіп, басын сүйеп, қамығып:
– Е, дүние, қалмаққа тұтқын болып кеткенімде жанымда Маддақия мен осы Көкбалақ тұл-парым ғана болып еді. Қиын күндері, тағдырым қыл үстінде тұрғанда, Көкбалағым басын кеудеме қойып, оқыранып дем беруші еді, – деп көзіне жас алған дейді.
Ертеңіне ханның тұлпарын, бөренеден биік алау жағып өртепті. Кейіннен Абылай «сендер көрдіңдер ме, от азайғанда Көкбалаққа қанат бітіп орнынан тұрды, содан соң аспан қақ айырылып, баяғы менің екі жүз нөкерім кіл қанатты ат мініп, ұшып келіп Көкбалақты өздерімен бірге ертіп алып кетті» депті дейді.

Абсент неге ренжіді?

Аңыз десек те, жылқының киесі барын жоққа шығара алмаспыз. Жылқы туралы атбегі мен ат сыншы-сынан асырып айтқаны жоқ шығар. «Ат сыншысының атасы – Толыбай» дейді қазақ. Сыр бойында өмір сүрген жан екен деседі. Құлагерді сынаған Күреңбай сыншыны білесіз. Абайды да ат сыншысы болған деп, «Аттың сыны» өлеңін биік қойып жүрміз. Белгілі жазушы Сәуірбек Бақбергеновтың әкесі оңтүстік өңіріне белгілі ат сыншысы болыпты. Жазушының «Ат дүбірі» очеркінде әкесі жайлы айта келіп, мынадай әңгіме түзеді:

«Сыншы» деген сөз әуелде атты сынаудан, соған сын беруден шыққан. Сонсын, келе-келе басқа да мағына алған деп отыратын. Өйткені өзі басқаларға сын-мін айтқанда кілең атқа теңеп, жылқы малымен салыстырып, шендестіре сөйлейтін. Көрікті, сымбатты көркем адамдарды көргенде «құлын мүшелі», «қысыр емген құлындай», «қысырақтай», «тубиедей», «тұрқы бұзылмаған байталдай» деп келсе, жігіттердің өзін, оның ішінде сыпа, таза, асты таңдап жейтіндерді көргенде «жылқы мінезді», «суытқан аттай», «арғымақтай», «жараған жүйріктей» деп келетін. Текті жылқы, нағыз арғымақ ауыздықты алмай, суды тізеден кешіп тұрмай суатқа түспейді. Адам тіліне түсінбес жылқы болмайды, түсіндіре алмас жігіт болады. Жүгенге басы үйренбес асау жоқ, жүгенсіз өскен асау жігіт болуы күдіксіз.

…Біздің Абсентпен болған мына оқиғаны айталық: КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Сергей Филатов 1960 жылы Рим олимпиадасында осы Абсентке мініп, алтын жүлде алды. 1964 жылы Токиода қола алды. Осының себебін түсіндіргенде былай дейді: Токиода Сергей Филатов жүрістің бір кезеңінде жаңылысып кеткен Абсентті қатты ұрып жіберген. Ат бұл ұрғанды ұнатпаса да, нақ сол жерде қатесін түзепті. Бірақ, кейін басқа жарыстар кезінде Абсент нақ сол қате жіберіп, таяқ жеген жеріне келгенде Филатовтың командасын мүлде орындамай, мелшиіп тұрып қалатын болған. Осыдан кейін Филатов Абсентпен мүлде қоштасты. Абсент өзі ұнатпаған адамды тың-дауды қойды. Осы оқиғадан кейін, төрт жылдан соң, 1968 жылы Мехикода Абсентке басқа адам – Иван Калита мінді. Ол тағы да алтын медаль алып берді.

Бұл не? Аңыз ба, өсіріп айтқан қиял ма? Бәрі де емес. Бұл Абсент сынды арғымақта ақыл да, ашу да бар деген сөз. Онда жақсы мен жаманды есте сақтай алатын қасиет те бар. Ол адамды, оның өзіне көзқарасын, қалай қарайтынын біледі, сезеді. Бұл басқа малдарға қарағанда жылқыда көбірек кездесетін қасиеттер».

Жазушы Сәуірбек Бақбергеновтың бойында да әкесінің қасиеті болыпты. Осы очеркте бәйге аттарының артық-кем тұсын жазбай танып тұрғанын қоса кетеді. Қазақ этнографиясы жөнінде Жағда Бабалықұлы атамыздан қалған мұра көп.

«Астынан ат, алдынан жылқы кетпеген жылқы жанды, сырмінез қазақ – «жылқы ақылды жануар» деп сендіре айтады. Өзі туған қанды, өзінен тараған ұрпақ иісін жаңылмай сезеді, өз тұқымының үн-дыбысын, мінез-құлқын жаза баспай табады», – дейді этнограф.

«Жылқының мінезі қабағынан байқалады. Қабағы түйіліп тұратын жылқы намысшыл болып келеді, өршеленіп шабады және алдына қара салмауға тырысады», – дейді атбегілер.

Жылқыны қалай танимыз?

Жылқыны жанына серік еткен қазақ оның іс-қимыл, жүріс-тұрысына қарап мінезі мен көңіл-күйін тап басқан. Айып Нүсіпоқасұлы мен Темірбай Сымағұлұлы құрастырған «Қазақтың дәстүрлі ат үсті ойындары» кітабында (төте жазумен жазылған) қызық деректер бар.

«Алыс сапардан келіп, туған жері мен үйірін көргенде оқырануға бейім жеңіл екі кісінеуі – қуанып күлгені;
Айғырлардың мойнын созып құлағын жымырып үйірін қайырғаны – қызғанғаны, қауіп-қатерден қорғауға тырысқаны;
Өзара жақындасқанда оқыранғаны – жақсы көргені, қуанғаны;
Байлауда тұрып ащы арқырап кісінегені – көмек сұрағаны, шағынғаны;
Бір-бірінен алыстап қалғанда күлдірлеп кісінегені – қайда жүрсіңдер деп бір-бірін шақырғаны, бір-бірін сағынғаны;
Иесін көргенде жеңіл кісінеп, баяу оқыранғаны – қуанғаны, жем-су дәметкені;
Жер тарпып әрі жер иіскелеп, құйымшағын сәл көтеріп осқырғаны – айбат көрсеткені, қарсыласымен айқасуға бейімделгені;
Тай-құлындарының өзінен үлкен айғырлар мен биелерге қарсы келіп қалғанда мойнын алға сәл созып, құйрықтарын бұттарына қысып, ауыздарын кемсеңдеткені – құрмет көрсеткені, қорыққаны;
Құлағын жымырғаны – сес көрсет-кені, тістеуге бейімделгені;
Жанына тұйықсыз жетіп барғанда осқырғаны – қорыққаны;
Өзі қорыққан, секем алған жағына мойнын сәл бұра, құлағын артына қайшылағаны –тебуге немесе жалт етіп бұрыла жөнелуге бейімделгені екендігін қапысыз ұғынады».

Жылқыға қарап келер күнге бол-жам да жасайды екен.

Жылқы пысқырса, сол күні қатты шаршайды;
Сапарға шыққалы тұрғанда есінесе жолы болады;
Сілкінсе, бір жамандық болады деп иесі иманын үйіреді. Изектесе – ауа райы бүзылады;
Құлағын жымырып тұрса, ашуланып тұрғаны;
Бір-бірімен достасқанда – мойындарын айқастырып, тістерімен бір-бірінің арқасын қасиды, – деп сенген.

Жылқы мен адам мінезіне қатысты аз-кем әңгімеміз әзірге осы. Жылқы туралы әңгімені айта да, ести де бергіміз келеді. Құранның «әл-Адият» сүресі «Қатты ентігіп шапқан, тұяғынан от шығарған, таңсәріден шабуыл жасаған, тозаңдатып шаңдатқан, сөйтіп жаудың ортасына кірген аттарға серт» деп басталады. Ислам дінінің ғалымдары Құран мен хадистерге сүйеніп жылқының мақсаты туралы мынадай тұжырым жасайды: «Жылқы үш мақсатта өмір сүреді. Біріншісі – Алла жолындағы жылқы. Бұл – Алла үшін, хақ дін үшін соғысқа арналған жылқы. Оны баптап-күткен бапкерге ол жылқыға қанша мінсе – сонша сауап, біреуге сатқаны үшін – ақша үстіне сауап, тіпті ол жылқы қанша тезек тастаса – сонша сауап бапкерге жазылады дейді. Екіншісі – адам үшін. Яғни, адамның игілігіне, оның күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қызмет қылу үшін өмір сүретін жылқы. Үшіншісі – жын-пері үшін. Ол дегеніңіз – бәс үшін, құмар ойын үшін құрбан болған аттар. Міне, ислам ғалымдары осылай түсінік береді. Жоғарыдағы айтқан әңгімелердің барлығын түйіндеп келгендегі қорытарымыз жылқының осы үш мақсатына саятындай. Ал мұны әлдеқашан түйсініп, «мал иесіне тартады» дегенді тағы да қазақ айтты. «Серінің аты да – сері» деп білді. Қазақтың рухы ат үстінде екені даусыз. Руханият туралы Елбасының кезекті мақаласы да жылқыдан басталуы тегін емес шығар…

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз