Гомердің «Илиада» поэмасы, Еврипидтің «Медея», «Троя арулары», «Елена» трагедияларынан бастап, әлемнің көптеген ұлы ақындары мен жазушыларын ана тідімізде сөйлеткен Қайрат аталарыңның қазақ поэзиясы төрінен алатын өзіндік орны бар. Ол, балалар, сендерге де арнап бірнеше кітап жазған-ды. Ақынның балаларға арналған туындыларының дені «Ақ тайлақ» деген атпен жарық көрген таңдамалысына енген. 

Балалар психологиясын жетік білетін ақын шығармалары көбіне сюжетке құрылады. Оқуға қызғылықты һәм танымдық маңызы зор.
Қайраат Жұмағалиев «Балдырған» журналының да белсенді авторларының бірі болатын. Ақынның мерейтойы қарсаңында оның бір топ өлеңдерін назарларыңа ұсынып отырмыз. Бұл туындылардың сендерге ұнайтынына сеніміміз зор.

ЖЕҢІС КҮНІ

Ойлап-ойлап тұрдым кеп,
Сауал бердім білгім кеп:
– Қуанышты мереке –
Жеңіс күні қай күн?– деп.

Атамнан да сұрадым,
Папамнан да сұрадым,
Ағамнан да сұрадым,
Апамнан да сұрадым.

Тосты бәрі құлағын:
– Дұрыс, – десті, – сұрағың!
Бейбіт күннің бәрі де –
Жеңіс күні, шырағым!

КІМ ОЙЛАП ТАПҚАН?

Сөздерді ең аяулы
Жақсы көріп жаттадым.
Енді білдім оларды
Кімнің ойлап тапқанын.

«Ана» деген сөзді де,
«Аға» деген сөзді де,
«Әке» деген сөзді де,
«Тәте» деген сөзді де,
«Ата» деген сөзді де,
«Апа» деген сөзді де –
Ойлап тапқан балалар.

«Күнім, жаным» дегенді,
«Құлыншағым» дегенді,
«Ботақаным» дегенді,
«Қошақаным» дегенді,
«Айналайын» дегенді,
«Толған айым» дегенді –
Ойлап тапқан аналар!

ЕКІ ОН

Санат созды оң қолын:
– Қанша, – деді, – саусағым?
Талап созды сол қолын:
– Қос та, айтып бер бар санын.

Манат үнсіз санады,
Санады да:
– Он, – деді.
Сөйтіп, күле қарады,
Санат, Талап:
– Жөн! – деді.

Санат созды сол қолын:
– Сана енді мынаны.
Талап созды оң қолын:
– Қоссаң, қанша шығады?

Манат үнсіз санады,
Санады да:
– Он, – деді.
Сөйтіп, күле қарады,
Санат, Талап:
– Жөн, – деді. –
Енді қосшы барлығын.
Манат:
– Екі он, – деді.
Санат, Талап:
– Ал мұның
Жиырма, – деп жөндеді.

ӘЙ, НҰРЛАН-АЙ!

– Әй, Нұрлан-ай, Нұрлан-ай!
Айтқан сөзді тыңдамай,
Бұл жүрісің қай жүріс,
Айтшы маған, бұл қалай?

Айтқан ақыл мұндайда
Зердеңе шын қонбай ма?!
Ең болмаса, бетіңді
Жуып жүрсең болмай ма?!

Бет, қолыңда кір барда,
Сендей салақ бұл маңда
Жоқ шығар,– деп ұрыстым
Алдымдағы Нұрланға.

Нұрлан ұяң үнімен
Жауап берді:
– Мұны мен
Иіс сабын таба алмай,
Кір сабынмен жуып ем…

КІМ КӨРІПТІ МҰНДАЙДЫ?

Екі сойдақ тісі бар,
Алапаттай күші бар,
Ешбір аң жоқ
Маңайда
Ол сескенер,
Қысылар.
Ақ аюдың өзін де
Қалпақтай-ақ ұшырар!

Бәрі одан тайынар,
Қолапайсыз жайы бар.
Бір тоннадай салмағы,
Жарты тонна майы бар.
Суық теңіз түбінде
Қысы-жазы жайылар.
Көрсең,
Қайран қаласың,
Қызығына қанасың:
Таяп барсаң теңізге,
Көресің бір қорасын.
Үш жыл бойы тастамай
Арқалайды баласын.

Жағалаудан бірақ та
Кетпес ұзап жыраққа.
Жүрер үйір-үйір боп,
Жалғыздықты ұнатпай.
Өзі дәп-дәу болса да,
Суда сырғыр сынаптай!

Кім көріпті мұндайды?!
Кім көріпті мұндайды?!
Аяқ деген,
Қол деген
Онда мүлде болмайды!
Қақап тұрған аязда
Ол ешқашан тоңбайды!

Не құрлыққа жете алмай,
Не мұхитқа кете алмай,
Екі ойлы боп жүргендей,
Бір жағына өте алмай.
Тұлғасына қарасаң,
Алты жасар атандай.
Морж суда заулайды,
Жағалауда аунайды.
Балық емес қорегі –
Моллюсканы аулайды.
Көрсең жарғақ терісін –
Пілдікінен аумайды.
Ебедейсіз мол дене
Икеміне көнбеген.
Сонда да ол жартасқа
Екі тіспен өрлеген.
Көкше мұзда ұйықтайды
Жатып алып көлденең.

Екі тісі – түрені,
Тірлік етер тірегі.
Теңіз түбін,
Жем іздеп,
Сойдақ тіспен күреді.
Бейбіт өмір сүреді.
Болмаған соң аяғы,
Тісіменен… жүреді!
Кім көріпті мұндайды?!

Суреттерін салған Елана Лысенко

«Балдырған» журналы, №9
Қыркүйек, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз