Алпысты алқымдаған америкалық Майкл Браун мырза қазақтардың арасынан өзінің ата-бабасының мұрасын іздеп жүр. Бойында бірнеше ұлттың қаны бар азамат Қазақстанға бекер келген жоқ. Атасының неміс ұлтынан екенін, сондай-ақ, Қарағанды қаласында неміс диаспорасы көптеп шоғырланғанын естіп, солармен танысу үшін арнайы ат басын бұрыпты. Сұхбатқа келіскен ол: «Қазақ басылымына сұхбат беру – мен үшін бақыт», – деп өз ана тілінде ықыласын білдірді. Жүзі жылы, қимылы ширақ шетелдік кейіпкерімізбен әңгімемізді назарларыңызға ұсынамыз.

– Майкл Браун мырза, өзіңізді біздің оқырманымызға таныстырып өтсеңіз…

– Аты-жөнім – Майкл Браун. Орыс тілінде «Михаил» болады (күліп). Американың Вайоминг (Wyoming) штатында туып өстім. Сол жердегі Вайоминг университетінде сабақ беремін. Журналистика жəне коммуникация факультетінің профессорымын. Өмір бойы студенттермен жұмыс жасап келе жатырмын.

– Біздің елмен қанша уақыттан бері таныссыз?

– Мен жұмыс істеп жүрген Вайоминг университетіне Қазақстаннан  магистрлік оқуын жалғастыруға Асхат Еркімбай келді. Ол өте жақсы студентім болды. Оның бойында адамгершілік қасиеттері мен шетел азаматтарына деген құрмет, достық сезімдер көп. Асхатпен əлі күнге дейін өте жақсы араласамын. Бір қызығы, ол өз елін таныстырғанда біздің елімізден айырмашылығын табу қиынға соқты. Екі елдің географиялық құрылымы өте қатты ұқсайды. Тіпті, тұрып жатқан көшеміз бен үйлерімізді де Алматыдағы тұрғын үй кешендерінен ажырату өте қиын. Алматыдағы құбылмалы ауа райы да біздің Вайомингке ұқсас. Əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде екі апта шеберлік сабағын өткіздім. Студенттермен жұмыс істедім. Қазақ студенттері еңбекқор екенін байқадым. Білім мен ғылымға келгенде мүмкіндіктерді жібермеуге тырысады. Дегенмен, аса көзге көрінбейтін кішкентай ғана айырмашылық бар екен. Вайоминг білім жүйесінде студенттер бес-ақ күн оқиды. Бұл барлық жерде бірдей екен деп ойлағам, олай емес екен, сіздерде алты күндік оқу жүйесі енгізілген екен.

– Салт-дəстүрімізде де айырмашылық бар емес пе?

– Əрине, өзім де соны айтқым келіп отыр. Мəдениетіміз мүлдем бөлек. Қазақстандықтардың жылқының етін жейтінін көріп, қатты таңғалдым. Жылқының етінен дайындалған қазы-қарта сіздердің ұлттық тағамдарыңыз екен. Мен соны Вайомингке айтып барғанымда олар қатты таңғалды. Жылқы – Вайоминг халқының символы. Сонымен бірге, редое (жылқылар немесе  бұқалар арасындағы дəстүрлі ойын) – ұлттық спорт ойындарымыздың бірі. 1918 жылдан бері басты символымызға айналды.

– Қазақстанға келуіңіздің басты себебі неде?

– Менің өмірім Ресейдің Саратов қаласынан бастау алады. Ата-бабамның қоныстанған жері Еділ бойы екен. Атам неміс ұлтынан болған. Немістер  Қазақстанның Қарағанды қаласында да орналасқан. Таза ағылшын емеспін. Неміс-ағылшын қаны араласқан. Менің Қазақстанға келген басты мақсатым – Еділ бойындағы немістер туралы дерек жинау. Ол мақсатыма жеттім де. Асхатпен бірге Қарағанды қаласына бардық. Асхаттың көмегінің арқасында біраз дерек қолыма тиді. «КарЛаг» мұражайына бардық. Ол жерден ата-бабама қатысты деректерді көзбен көргім келді. Қарағандыда орналасқан «Болашақ» университетінен де дереккөздер табылды. Өз тарихыма қатысты біраз құнды деректі Қазақстаннан таптым, қысқасы.

– Қазақстандағы немістер қалай тұрып жатыр екен?

– Қарағандыдағы неміс ұлтының жағдайына көңілім толды. «Өзге ұлт өкілі» деп ешкім оларды шеттетпейді екен. Риза болдым. Неміс мəдени орталығын да көрдім.

– Ал қазақтар қандай екен?

– Анық көзім жеткені, сіздер қоғаммен бірге өмір сүресіздер. Ал Вайомингта қоғаммен бірге өмір сүру сирек кездеседі. Қазақтар қоғамдағы барлық болып жатқан оқиғаға алаңдап отырады. Өзінің шешілмей жатқан мəселелері көп болса да… Ал, біз жекелей өмір сүреміз. Сіздер көршілеріңізбен де туысқандай араласып кетесіздер. Тіпті, танымайтын адамдар да бір-біріне өте жақын. Біз сіздерден үлгі алуымыз керек. Адамдарға сыйлық бергенді де жақсы көресіздер.

– Қазақстандағы  бос уақытыңыз қалай өтіп жатыр?

– Студентім Асхат жəне көмекшім Зарина туған жерлерінің тарихы мен мəдениетін кеңінен таныстырып жатыр. Күні кеше Астанамен танысып, Ұлттық музейде болдым. Алматыдағы Орталық музейді көрдім. Бір түсінгенім, сіздердің тарихтарыңыз дала жəдігерлерімен тығыз байланысты екен. Ал домбыраны үйрену маған қиын болған жоқ. Екі-ақ ішектен əдемі əуен естіледі. Өзімнің гитара тартатыным бар еді.

– Сүйікті ісіңіз саяхаттау шығар?

– Сүйікті ісім – əртүрлі елдерге саяхат жасау. Əйелім екеуміз мұхит, теңіз аралдарына барғанды жақсы көреміз.

– Əлеуметтік желілерді жиі қолданасыз ба?

– Жаңа технологияның заманында өмір сүріп жатқандықтан, əлеуметтік желілердің пайдасы зор. Фейсбукты, Туиттерді пайдаланамын. Студенттеріммен, шетелдегі əріптес-достарыммен хат алмасамын. Əлеуметтік желілердің артықшылығы мен кемшілігі тең. Желілер адамға еркіндік береді. Сіздер блог жүргізесіздер, белгілі бір тақырыпта жазбалар саласыздар, пікір білдіресіздер. Бұлардың бəрі сіздердің демократиялық деңгейлеріңізді білдіреді. Кемшілігі де жоқ емес. Журналистика саласымен байланыстырсақ, əркімнің жазғандарын көшіріп басып, болған оқиғаны əртүрлі желілерден ала салады. Əлеуметтік желілер журналистің ізденісін азайтады. Мен əлеуметтік желілерден гөрі, бұқаралық ақпарат құралдарына жақындаумын. Біздің елімізде үлкен теледидарды қолы бос, жұмысы жоқ, үйінде отырғандар көреді. Ал, студенттер мен жұмыскерлер, оқытушылардың барлығы қалта теледидарын қолданады. Барлық жерсеріктері қамтылған. Дүниежүзіндегі жаңалықтардың барлығын тыңдап, хабардар болып отырамыз.

– Əңгімеңізге рахмет!

Əңгімелескен

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ақ желкен» журналы,

Қазан, 2016

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз