Футболдан ұлттық құраманың жаңадан тағайындалған бас бапкері Михаил Билек алдағы Түркияда өтетін оқу-жаттығу жиынына қатысатын футболшылардың тізімін жариялады. Арасында көптен бері қарасы көрінбей кеткен Александр Меркель де бар.

Алматы іргесіндегі Есік қаласында дүниеге келген Александр Меркель есімді неміс футболшысы бар. Әкесі Кеңес өкіметі кезінде «Қайрат» футбол клубының сапында ойнаған. 1998 жылы тарихи отаны Германияға көшіп кеткен екен. Ол жақта Александр «Штутгарттың» футбол академиясында тәлім алды. Германияның жасөспірімдер және жастар құрамасына шақырылып та жүрді. Италияның «Милан», «Удинезе», «Дженоа» клубтарында және ағылшынның «Уотфорд» командасында өнер көрсеткен. Қазір Голландия чемпионатында доп тебеді.

Меркель 2015 жылы Қазақстан азаматтығын алып, Исландияға қарсы бір ойынға қатысқан. Содан кейін оның қарасын көрген жоқпыз.

Осының алдында ұлттық құраманы баптаған Александр Бородюк бұл футболшыда Қазақстан азаматтығы жоқ деп айтты.

«Ол – Германия азаматы. Қазақстанның атазаңын қараңыз. Онда бір адамда екі азаматтық болмау керек деп жазылған. Егер Германияның төлқұжатын қайтарып беретін болса, Еуропада ол легионер ретінде ойнайды. Жас футболшылардың тағдыры агенттерге тығыз байланысты», – деген еді Бородюк.

Қазақстан футбол федерациясының қызметкері Ербол Қайыров та бір кездері туиттердегі парақшасында: «Меркель мен Энгельді Қазақстан азаматы деп жазып жүрген БАҚ өкілдеріне айтарым бар: Екеуінде де біздің елдің төлқұжаты жоқ. Сондықтан олар Қазақстан құрамасында ойнай алмайды»,деп жазған еді.

Былтыр күзде құраманың экс-бапкері Станимир Стоилов Sports True атты Youtube каналға сұқбат беріпті. Болгариялық бапкер де осыған ұқсас жауап айтқан.

«Мен Меркельдің ойынын жиі көремін. Ол жігітте Қазақстанның төлқұжаты жоқ. Меркель неміс ретінде тіркелген (Голландия чемпионатының ресми сайтында Қазақстан азаматы ретінде көрсетілген – автор). Маған ол қалай құрамада ойнағанын түсіндіріп беріңізші. Қазақстанның заңы бойынша бір ғана төлқұжат болу керек. Наурыз айында федерацияға Меркельге қоңырау шалуды сұрадым, бірақ ол телефонды көтермеді. Федерация өкілдері Меркельде Қазақстан азаматтығы жоқ екенін айтты. Егер онда құжат болса, қуана шақырар едім. Германияда Қазақстанға қатысы бар бірнеше ойыншы табылды. Бірақ олар  еуропалық құжаттарын өткізу үшін ақша төлеу керек. Месси болса, мен төлеп берер едім. Ал Меркельге төлей алмаймын, кешіріңіз!» деген Стоилов.

Сонда Меркель және өзге де Германиядан келген легионерлердің Қазақстан сапында ойнағаны үшін осы уақытқа дейін ақшаны кім төлеген?

Енді Меркельдің қарасын көрмейміз бе деп жүргенде, құрамаға жаңадан тағайындалған бас бапкер Михаил Билек кеңейтілген тізімге қосыпты. Бірақ өзі футболшымен жеке сөйлеспеген тәрізді. Онысын баспасөз мәжілісінде айтып қалды.

«Бұл футболшы қазіргі кезде Голландияда ойнайды. Онымен сөйлескім келеді. Алдағы уақытта кездесеміз деп үміттенемін»,деп жауап берді Билек.

«Барыс» хоккейшісі қымыздан жиіркенгенін жасырмады

Жақында Астананың «Барыс» клубында ойнайтын канадалық хоккейші Кертис Волк ресейлік sport24.ru порталына көсіліп сұхбат беріпті.

Өзі елімізге келгеніне көп болмаған спортшы Қазақстан мен АҚШ-тың мәдениетіндегі ерекшеліктерге тоқталған. Сондай-ақ қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып үлгергенін, алдағы уақытта жергілікті асханамен жақынырақ танысуға құлшынысы бар екенін айтыпты.

–  Ресейде көбі Қазақстанды кедей ел деп ойлайды. Өйткені, байлар мен кедейлердің арасы тым алшақ. Сіз мұны байқадыңыз ба?

– Маған бұл туралы бірдеңе айту өте қиын. Өйткені өзім қауіпсіз ауданда тұрамын. Ол жерде көбінесе шетелдік азаматтар мен халықаралық компанияларда жұмыс істейтіндер қоныстанған. Қасымда бірге ойнайтын әріптестерім де жетерлік. Астананың екіге бөлінетінін білемін. Бірақ Есілдің оң жағалауында әлі болып көрген жоқпын.

– Америкада адамдар ашық, күлімсіреп жүреді. Қазақстанда ондай емес. Бұған келісесіз бе?

– АҚШ пен Канада елінде адамдар өте ашық. Қазақстанда олай ешкім күліп қарамайды. Бірақ көшеде білмегенінді сұрайтын болсаң, бірден көмектесуге әзір. Меніңше, бұл күлімсіреп жүргеннен де маңыздырақ деп ойлаймын.

– Ұлттық асханасынан қандай тағамдарды білесіз?

– Бешмармақтың не екенін жақсы білемін. Оның көлемі өте үлкен. Алайда дәмін татып көргем жоқ. Алдағы уақытта жоспарымда бар.

Ал, қымыз ішіп көрдіңіз бе?

– Қымыз? Дүкеннен бір ретте сүт  сатып алғаным бар. Негізі, оны сүт деп ойладым. Бірақ дәмі жиіркенішті болып шықты. Ха-ха. Мүмкін, сол қымыз шығар.

«Барыс» хоккей клубы «Самұрық-Қазына» арқылы қаржыландырылады. Былайша, мемлекеттің ақшасы. Шетелдік легионерлерді бюджеттің ақшасына асырап отырмыз. Ал олардың айтатын әңгімесі мынау.

Қоғамда үлкен шу болып кете ме деп қорыққан болса керек, «Барыс» клубымен тікелей жұмыс істейтін «Шайба» сайты бірден хоккейшінің пікірін ұсыныпты.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №7
12 ақпан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз