Жеңіл атлетиканы əлемде «Спорт падишасы» санайды. Осы спорт түрінің елімізде қанат жайғанына биыл 100 жыл екен.

Жақында Алматыда Қазақстан жеңіл атлетикасының 100 жылдығы атап өтілді. Оған себеп те жоқ емес. Ең алғаш 1918 жылы Семей қаласында жеңіл атлетикадан спорттық үйірме құрылған.

Бұл ұйымға басында Алексей Огородников жетекшілік еткен. Кейіннен жеңіл атлетика басқа аймақтарда да қарқын алып, жарыстар ұйымдастырылған. 1928 жылы жеңіл атлетикадан бірінші республикалық спартакиада өткізіледі.

1956 жылы жерлесіміз Евгений Кадяйкин КСРО халықтарының спартакиадасында 3 000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден күміс медаль жеңіп алады. Соның арқасында отандастарымыздың арасынан бірінші болып, Олимпиада ойындарына қатысады.

Ал 1960 жылы Ғұсман Қосанов Рим Олимпиадасында қазақ спортшыларының арасында тұңғыш жүлдегер атанып, күміс медальға ие болды. Италия астанасында 4х100 эстафеталық жарыста КСРО құрама командасы сапында Л.Бартенев, Ю.Коновалов, Э.Озолиндермен бірге мәреге екінші келді. Қосанов 1960 жылғы Олимпиадада 100 метрлік қашықтықта да жарыс алаңына шыққан болатын. Жекелей сында 10,7 секунд нәтижесімен жалпы есепте 6-орынға табан тіреген.

Ғұсман Қосановты айтқан кезде Әмин Тұяқовты ұмытып кету мүмкін емес. Екеуі қазақ жеңіл атлеттері арасында алғаш КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері нормативін орындап шықты.

Ал 1970-90 жылдар аралығында елімізде Олимпиада, әлем чемпионаттарында жүлдегер атанған жеңіл атлеттердің саны көбейді. Мысалы, қарағандылық Владимир Муравьев  КСРО құрамасы сапында 4х100 эстафеталық жарыста 1980 және 1988 жылғы Олимпиада ойындарында топ жарды. Сеулде Муравьевпен бірге Жезқазған қаласының тумасы Виталий Савин қоса жүгіріп, чемпион атанған.

Жүлдегерлер қатарында Вениамин Солдатенко (1980, 50 шақырымға спорттық жүріс, күміс), Татьяна Лесовая (1980, диск лақтыру, қола), Григорий Егоров (1988,спорттық жүріс, қола) бар.

Әлем чемпионатында ең бірінші топ жарған Солтүстік Қазақстан тумасы Вениамин Солдатенко болды. Ол 1976 жылы 50 шақырымға спорттық жүрістен алтын медаль жеңіп алды.

Тәуелсіздік жылдары қазақ жеңіл атлетикасының көшін алға сүйреген спортшылардың қатарында Ольга Шишигина, Дмитрий Карпов, Ольга Рыпаковаларды айтуға болады. Қос Ольга Олимпиаданың ең биік тұғырына көтерілсе, Карпов қола жүлдеге қол жеткізген.

Тәуелсіздік жылдары әлем чемпионатында жүлде салған сырықпен секіруші Григорий Егоров пен Игорь Потаповичтің еңбегін де бас бармақпен бағалауға болады.

Оның есімі – Маргарита

Қазақстанда Маргарита Мұқашева деген жеңіл атлет бар. Ольга Рыпакова секілді еңбекқор спортшы. Тіпті, балалы болғаннан кейін бір айдан кейін жаттығуды бастап кеткен.

Маргарита Мұқашеа – 1986 жылы 4 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданында дүниеге келген. Петр Литвиненко пен Анатолий Бычаевтан тәлім алған. Жеңіл атлетикамен 14 жасынан айналысады. Негізі тегі – Мацко. Бұрын жарыстарға Маргарита Мацко болып қатысқан. Кейін тұрмысқа шыққан соң, тегін Мұқашева деп өзгертті.

Маргарита негізінен 800 метрге жүгіреді. Ұзақ жылдар бойы дәл осы қашықтыққа жүгіретіндердің арасында Қазақстан және Азия құрлығындағы үздік спортшылардың бірі.

Азия чемпионатында төрт рет жүлдеге іліккен. Бірақ алтын бұйырмады. Есесіне Азия ойындарының екі дүркін чемпионы. Алдымен 2010 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында топ жарса, кейіннен бұл жетістігін 2014 жылы Инчонда қайталады.

Сондай-ақ 2013 жылы Қазанда өткен студенттер арасындағы жазғы Универсиада ойындарында үздік шықты. Айтпақшы, Татарстан астанасында ол Қазақстан рекордын жаңартты (1:58,96).

Лондон және Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысқан. Бразилиядағы 4 жылдықтың басты додасынан кейін тұрмысқа шығып, уақытша спортпен қоштасты. Былтыр ұлды болып, артынша дайындықты қайта бастады. Жақында Алматыда өткен Ғұсман Қосанов Мемориалында жеңіске жетті. Нәтижесі – 2:06.02 минут. Жарыстан кейін спортшымен тілдесудің сәті түсті.

– Рита, сізді алдымен тұрмысқа шығып, ана атануыңызбен құттықтаймын!

– Былтырғы жылдың 28 тамызында Руслан екеуміздің тұңғышымыз дүниеге келді. Есімін Роман деп қойдық. Қазір негізгі уақытым баламен өтеді. Ана болудың өзі бір бақыт екен. Әйелдің бұл өмірдегі ең басты жетістігі деп ойлаймын.

Арада біраз уақыт өтіп, өз-өзімізге келген соң, жайлап жаттығуды бастадым. Өйткені жеңіл атлетиканы қатты сағынып қалыппын. Енді биыл жарыстарға қатысудың сәті түсіп жатыр.

– Декреттік демалыстан кейін жарыс жолына қайта шыққанның әсері қалай екен?

– Қайтадан кәсіби спортшы ретінде стартқа шыққаныма қуаныштымын. Әзірге нәтиже жағы онша емес. Бірақ өз уақытымен бұрынғы бабыма келемін деп ойлаймын. Ғұсман Қосанов Мемориалында барлығы жеке бапкерім Александр Дениско екеуіміз ойлағандай болмады. Негізі тағы 1-2 секундқа жылдам жүгіруім қажет еді. Алғашқы айналымда тактикалық қателік жібердім. Негізі бірден жылдамдық қосқанда… Бәлкім, күннің аптап ыстығы да әсер еткен шығар. Дегенмен алдағы уақытта қателіктерден сабақ алып, көрсеткішімді жақсартамын деп үміттенемін. Бастысы, жарақаттан аманмын.

– Ұлыңыз әлі бір жасқа да толған жоқ. Жаттығу мен отбасылық өмірді қалай бірге алып жүрсіз?

– Әрине, қиын. Бірақ үлгеруге тырысамын. Ұлым Роман тамыздың соңында бірге толады. Қосанов Мемориалында трибунада отырып, анасына қолдау көрсетті. Ал, жалпы, спортқа оралғаннан бері барлық жаттығуда 100 пайыз беріліп дайындалуға тырысамын. Өзімді ешқашан аяған емеспін. Күшімді соңында дейін жұмсайтындардың қатарынанмын. Кейде, тіпті, артық кетіп қалатыным бар. Әзірге барлығы жоспар бойынша келеді. Жаттығу кестесі, қандай жарыстарға қатысу басқа да мәселелермен бапкерім айналысады. Мен оған толықтай сенемін.

– Алда қандай жарыстарға қатысасыз?

– Осы шілде айында Қазақстан чемпионаты бар (23-24 шілде – Б.Т.).  Бұл тамыз айында өтетін Жакартадағы Азия ойындарының алдындағы соңғы өз еліміздегі қорытынды сайыс. Құрлық додасында нағыз бабыма келуді көздеймін.

– Азия ойындарына қандай мақсат қойып отырсыз?

– Жүлделі орынға таласу. Сол үшін бар күшімді аямаймын. Қазіргі кезде негізгі жұмысымыз Азия ойындарына дайындалумен өтіп жатыр. Уақыт аз қалды. Сондықтан әрбір күніміз маңызды.

–Индонезияда, басты қарсыластарыңыз кім болмақ?

– Әзірге ешкімнің көрсеткіштерін қарамадым. Дәл қазір басқа елдің спортшыларынан мынау деп айта алмаймын. Өйткені, әлі Жакартаға баратындардың толық тізімі шыққан жоқ. Мынандай қызық тенденция бар: көптеген құрлықтық жарыстарда 800 метрге жүгіретін спортшылардың көрсеткіштері аса мәз болмайды. Негізінен жеңімпаз атанған спортшының уақыты – 2:05–2:07 минут аралығында болады. Ал Азия ойындары басталғанда елдің бәрін таңғалдыратын нәтижелер тіркеледі.Осы 4 жыл ішінде осылай неге жүірмеген деп ойлайсың. Индонезияда бәсекелестік жоғары болатыны түсінікті. Енді тыңғылықты дайындалуға тырысамыз.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №29
17 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз