Алматыда кішкентай жұлдыздардың танылуына әсер еткен «Junior Eurovision» ән байқауының ұлттық іріктеу кезеңі өтті. Еліміздің атынан бір жас әнші Минскіде намысымызды қорғайды. Ол өнерпаздың кім екенін айтпас бұрын Eurovision байқауының тарихымен танысып алсақ.  

Eurovision ән байқауы – Еуропалық хабар тарату одағына мүше мемлекеттер арасындағы эстрадалық ән байқауы. Бір елден бір ғана өкіл қатысады. Фестиваль тікелей эфирде өтеді. Әннің ұзақтығы 3 минуттан аспауы қажет. Ән орындалып жатқанда сахнада бір мезетте алты әртістен артық болмауы керек. Барлық ән орындалғаннан кейін финалда және жартылай финалда қатысқан елдердің телекөрермендері және қазылардың дауыс беруі арқылы ең танымал ән таңдалады. Байқау 1956 жылдан бастап жыл сайын өтеді және әлемдегі ең танымал спорттық емес шара. Көрермен саны 600 миллион адамға дейін жетеді. Еуропа аумағына кірмейтініне және Eurovision байқауына қатыспайтынына қарамастан, байқау Қазақстан мен Қырғызстанда да көрсетіледі. Мұндай елдер қатарында Австралия, Канада, Мысыр, Үндістан, Ливан, Оңтүстік Африка, Оңтүстік Корея, АҚШ та бар. 2000 жылдан бастап байқау ғаламтор арқылы көрсетіледі. 2006 жылы онлайн-трансляцияны 74 мың адам тамашалаған екен. Eurovision байқауы кейбір әртістердің атақты болуына айтарлықтай үлес қосты. Мысалы, аты аңызға айналған швециялық ABBA тобы және Селин Дион осы байқаудан кейін әлемге танымал болды.

Ұлттық іріктеу қалай өтті?

«Junior Eurovision» балалар ән байқауына іріктеу «Хабар» арнасының сайтында 1 тамызда басталып, 31-іне дейін жалғасты. 200-ден астам өтінім жіберіліп, қазылар алқасы тек 134 өтінішті қабылдады. 7 қыркүйекте 10 финалистің аты-жөні белгілі болды. Енді Қазақстан балалардың Eurovision байқауына 19 елмен иық тіресе қатысады. Олар – Албания, Армения, Австралия, Әзербайжан, Беларусь, Франция, Македония, Грузия және Ресей сынды мемлекеттер. «Хабар» агенттігі 2016 жылдың 1 қаңтарынан Еуропалық хабар тарату одағына мүшесі болғандықтан, биыл біздің бүлдіршіндерге де бақ сынайтын мүмкіндік туғанын айта кету керек. Қорытынды концерт «Halyk Arena» залында өтті. Одан бұрын «Хабар» арнасының Алматыдағы студиясында қатысушылар журналистермен кездесті. Көзімізге бірден BraVo музыкалық сыйлығының лауреаты, «Украина дауысы» байқауының IV маусымының жеңімпазы, балалар арасындағы «Новая волна-2015» байқауында «Көрермен көзайымы»  номинациясын жеңіп алған Данэлия Төлешова түсті. Естеріңізге сала кетсек, Данэлияның орындауындағы Stone Cold әні YouTube желісінде 26 миллион рет қаралған. Сонымен қатар, «Ақ желкен» журналының №7 санына сұқбаты шыққан оралдық Ержан Максимды көріп қуанып қалдық. Қатысушылармен сондай кіршіксіз кездесу өтті. Ал гала-концерт «Хабар» арнасының тікелей эфирінде көрсетілді. Көрермендер ұнаған әншіге дауыс беру арқылы өз ықыласын білдірді. Қазылар алқасының қатарында Роза Рымбаева, Тамара Асар, Бағым Мұхитденова, Ренат Гайсин, Ләйлә Сұлтанқызы, Мәдина Сәдуақасова және Алан Әжібаев болды. Бір ескеретіні, қазылар мен көрермен 50/50 дауыс беру құқығына ие болды. Хабарлама немесе телефон шалу арқылы есептелген бірліктің қаражаты толығымен «Здоровая Азия» онкологиялық науқасқа шалдыққан балалар қорына аударылады.

Финалистердің дайындығы қалай болды?

Концертте әр қатысушы еш жерде шырқалмаған, авторлық құқығы сақталған әнді орындады. Сахнаның безендірілуі сондай әдемі болды. Балалардың көркіне сән беріп тұрды. Сахна сыртына шығып, кішкентай жұлдыздарды іздей бастадым. Сауалдарыма алғаш жауап берген Мейіржан Жидебай есімді жеткіншек болды.

«Байқау туралы вокалдан беретін Лаура апайымнан білдім. Сол сәттен бастап білегімді сыбанып, қызу дайындыққа кірісіп кеттім. Лаура апайымның еңбегі зор, ол кісіге алғысым шексіз! Балабақшаға барғаннан ән айтамын, ең алғаш үлкен сахнаға 3-сыныпта шықтым. Сол кездегі қобалжуды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Республикалық «Ақ көгершін» байқауынан ІІІ орын алғанмын, «Ұлы дала дарыны» телевизиялық жобасында, Түркістан қаласында өткен «Алаш үміті» байқауында бас жүлдені иеленгенмін. Бастапқыда қобалжу болды. Ал сахнаға шыққан соң барлық негативті ысырып тастап, «Елестер» атты әнімнің жоғары дәрежеде орындалуына күш салдым. Бос уақытымда шетелдік әншілерді тыңдаймын. Елімізде ешкім орындамаған әнді халқыма сыйлағым келеді. Қазақстандық әншілер де назарымнан тыс қалмайды. Соның ішінде жерлесім Димаш Құдайбергенді үлгі тұтамын. Мен де еліміздің көк туын әлемде желбіреткім келеді. Бүкіл әлем қазақ дауысының құдіретін сезінгенін қалаймын», – дейді Мейіржан.

Бір сәтте сахнаға Павлодардан келген Мария Затварницкая шығып, қазақ тілінде авторлық «Бақыттымын» әнін шырқай бастады. Мария да қуана-қуана сұрақтарға шынайы жауап берді.

«Былтыр Грузияға ән байқауына барғанда, осы байқаудың ұйымдастырылатынын естігенмін. Бір күні Іnstagram әлеуметтік желісін парақтап отырғанымда, іздегенім алдымнан шықты. Қуанышымда шек болмады. Өтінімді беріп, табиғатыма сай ән жаздыра бастадық. Бүгінгі көрсеткен өнеріме, сахнадағы ертегілер әлеміндей ұйымдастырған локация мен бишілерге алғысымды білдіремін», – дейді Мария.

Жоғарыда атап өткенімдей, «Ақ желкенге» сұқбат алған кейіпкеріміз Ержанды іздей бастадым. Ән шырқап болған соң Ержан мені көріп, оралдық сыйластықпен «Назым апа» деп сыйлап жатыр. Ең жас қатысушы болса да, өзі сондай пысық. Халық алдына шығып әбден төселген Ержан сұрақтарыма бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп жауап берді.

«Байқау жайлы алғаш анам айтты. Өтінім бермес бұрын ән жаздыруды жөн көрдік. Осы орайда Ұлықпан Жолдасовқа қолқа салып, «Елімді сүйемін» авторлық әні жарыққа шықты. 3 жасымнан ән айта бастадым, қазір 11 жастамын. Дайындыққа қанша уақыт өткенін санамадым, күндіз-түні Оралдағы мәдениет үйінен шықпадым ғой. Сахнада әнді фортепианомен орындадым. Бұл аспапты 9 жасымда үйрене бастадым. Айтпақшы, жақында домбыра үйренуге жазылдым. Қазақ бола тұрып, домбырамен ән айта алмасам ұят қой. Бос уақытымда шорт-трек спортымен айналысамын», – дейді Ержан.

Данелия Төлешова:

«Өзіңе сен» жасөспірімдерге мотивация беретін ән

Байқаудың қорытынды сәті де туды. Он жас әнші сахнада ерекше қобалжып тұр. Бір кезде қазылар алқасының ұпайлары шығып, халықтың ұпайы есептеліп, қорытынды шығарылды. Данэлия Төлешованың есімі аталғанда, жеңімпазымыз жылап жіберсе, өзге қатысушылар құшақтап құттықтап жатыр. Екі ай бойы дайындықта әбден бауыр басып қалыпты. Күміскөмей әнші концертті қорытындылады. Сахна сыртына шыққан сәтте қаумалап алған журналистердің бір де біреуін назардан тыс қалдырмай, шынайы жауап берді.

«Бұл – сөзбен айтып жеткізе алмайтын сәт. Мен осы байқауды жеңіп, Junior Eurovision-2018 байқауына баратыныма өте қуаныштымын. Байқауға қатысқан барлық өнерпазбен танысқаныма, олармен бір сахнада өнер көрсеткеніме мақтанамын. Қобалжығаныма қарамастан, мүмкіндігімді көрсетуге барынша тырыстым. Әрине, бұдан да жақсырақ өнер көрсетуге болар еді. Бірақ жалпы орындауым жаман болмады деп ойлаймын. Финалда маған қолдау көрсетіп, дауыс берген адамдарға алғысымды білдіргім келеді, бәріңізді құшақтадым! Енді жақсылап дайындалып, Қазақстанның атынан бұдан да күшті өнер көрсетуге уәде беремін. Байқауда орындаған әнім «Өзіңе сен» деп аталады. Өзіне сенімсіздік көбіне жасөспірімдерде болатындықтан, бұл өзім сияқты балаларға арналған мотивациялық ән. Әнін Иван Лопухов жазды. Ал сөзін жазуға әдеттегідей ақын Камила Дайырова көмектесті. Камилаға да алғысымды айтамын. Мәтін жазбас бұрын авторлар менен немен айналысатынымды, нені ұнататынымды сұрады. Осы арқылы әнге жасөспірімдерге қызық болатын тақырыпты қосқымыз келді. Байқау шарттары бойынша әннің сөзі 60% қазақша, 40% ағылшынша болуы керек. Мен ағылшынша  мәтінін жазуға қатыстым. Сөйтіп жаңа әнді 4 күнде жаттап, дайындалдым. Уақыт тығыз болды. Себебі мен арасында ауырып қалдым. Байқауға аз уақытта дайындалғаным өзіме үлкен тәжірибе болды. Айтпақшы, Минскіде осы әнді орындаймын», – деді Данелия.

Данэлия Төлешова 25 қазанда Минскіде Қазақстанның атынан өнер көрсетеді. 15 жылдық тарихы бар байқауға биыл Қазақстан алғаш рет қатысқалы отыр. Алтын қызымызға сәттілік тілейміз.

Назым Сапарова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
2-курс студенті,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан газеті», №40
2 қазан 2018 жыл

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз