Елімізде  ең жиі талқыланатын тақырыптың бірі – футболдан Қазақстан құрамасының ойыны. Оған себеп те жоқ емес. Біріншіден, футбол – әлемдегі №1 спорт түрі. Бұған ешкім дау айта алмайды. Екіншіден, Қазақстан тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде қазақ футболы негізінен мемлекет қазынасынан қаржыландырылып келеді. Сондықтан еліміздің әрбір азаматының отандық футболшылардан нәтиже талап етуге толық құқығы бар. Өйткені олардың стадионда алаңсыз доп теуіп жүруіне салық төлеушілердің еңбегі зор. Осы жылдар ішінде ұлттық құрамамыз 181 матч өткізіп, 306 гол жіберген екен. Әр ойында шамамен 1,69 доптан жіберген деп санауға болады.

Тəуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығында ұлттық құраманы тек отандық мамандар жаттықтырды. Ал жаңа ғасыр басталған тұста шетелдік бапкерлерге сенім арту жиілеп кетті. Алдымен ресейлік Леонид Пахомов келді. Сосын Арно Пайперс (Нидерланды), Бернд Штрок (Германия), Мирослав Беранек (Чехия), Юрий Красножан (Ресей) қызмет етті. Осылардың ішінде Пайперс қана көңілден шықты. Гүлдің отанынан келген жаттықтырушының тұсында құрамамыз Euro-2008 іріктеу турнирінде 10 ұпай жинады. Бір айта кетерлік жайт, сол тұста бас команданың жейдесін киген футболшылардың техникалық шеберлігі еуропалықтардан кемшін түссе де, алаңда бар күшін сарқып ойнайтын. Смақов, Балтиев, Бяков, Жұмасқалиев, Жалмағамбетов, Лория секілді жігіттердің еңбегін жоғары бағалауға тиіспіз. Құраманың бұл буыны 90-жылдардағы қиыншылықты көріп өскен, футболға ақша үшін емес, энтузиазммен келгендер. Соңғы рет қазақстандық маманға тізгінді өткен жылы ұстаттық. Көпшіліктің сынына ұшыраған сол кездегі федерация президенті Ерлан Қожағапанов құрама бапкерлерін алыстан іздемеді. Отандық жаттықтырушыларға сенім артты. Бас бапкер қызметін Талғат Байсуфинов атқарса, оған Нұркен Мəзбаев көмектесті. Бірақ, бір жылға жетпейтін уақыттың ішінде екеуін де орнынан алып тастап, Ресейден Александр Бородюкті алып келдік.

Не өзгерді? Бородюк келгелі алты ойын, алты жеңіліс. Ақпан айында жолдастық кездесуде Кипрден (1:3) ұтылды. Ал 2018 жылғы əлем чемпионатының іріктеу турнирінде Армения (0:2), Дания (1:3), Черногория (0:3), Польша (0:3), Румыния (1:3) құрамаларына есе жібердік. Армениядан басқасының бəрі 3 голдан соғыпты. Қатарынан 6 ойында жеңілу үшін қыруар қаржы төлеп, Александр Генриховичті шақырудың не қажеті бар еді? Сұрақ көп, бірақ федерация тарапынан ешқашан мардымды жауап болған емес. Жалпы, Бородюктің елімізге қайта келгенін ешкім қолдаған емес. Былтыр «Қайратпен» 3 жылға келісімшарт жасасып, 3 ойыннан кейін Ресейге тайып тұрған болатын. Себебі Алматы командасын жеңіске бастай алмады. Соған қарамастан, аттай қалап шақырдық. «Астана» футболшылары ұлттық құрамада клубтағыдай ойнамайтынын айтып жүргендер бар. Осыған қатысты тікелей эфир кезінде футболшы Əли Əлиев жауап берген болатын.

– Стойловтың командасында тəртіп бар, ондай тəртіп Красножанның кезінде ұлттық құрамада болған. Қазір ол жоқ – дейді Əли.

Өзін-өзі сыйлайтын бапкер3 жеңілістен кейін қызметінен кетеді. Алты рет ұтылған Бородюктің ондай мəселе түсіне де кіріп шықпайтын тəрізді. Тіпті, «келісімшартыңыз қашан аяқталады?» деп сұраған журналистке: «Бұл арандатушы сауал», – деп, тіке жауап беруден қашты.

Биылғы жылғы сырт алаңдағы соңғы ойынымыз Румынияда өткен еді. Сол  кездесуге бару үшін федерация Өзбекстанның ұшағын жалдаған көрінеді.

Əдемі авиалайнердің сыртында «Өзбекстан» деген жазуы бар. Тіпті, өзбек елінің мемлекеттік туы өрнектелген. Мысалы, Италияның ұлттық құрамасы  Германия деген жазуы бар ұшақпен ұшқанын көрдіңіз бе? Жоқ, əрине! Бұл матчта алаң иелері 3:1 есебімен жеңді. Екі голды шабуылшы Будеску соқты.

Екінші таймда Кешеру есепті 3:0-ге жеткізсе, матч соңына қарай Бауыржан Тұрысбек бір доппен жауап қайтты.

– Тек ойынның алғашқы 10 минутында ғана Бородюктің командасы өзінің қуатын көрсете алды. Ол  кезде румындардың ойыны жүрген жоқ. Ал олар жылдамдықтарын арттырғанкезде біздің қорғаушылар ескіəдеттеріне басты. Қазақстан құрамасының қорғанысы өте түсініксіз. Қақпашы Стас Покатилов бірнеше қауіпті соққыны қайтарды. Бірақ кейіннен оның да шамасы жетпей қалды. Бірінші голға қақпашының кінəсі бар. Негізі қайтаруға болатын доп, – дейді футбол сарапшысы Владимир Гулямхайдаров.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №41
10.10.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз