Айдие Айдарбеков Қарағанды өңірінде дүние келіп, Ақмола облысының Жақсы ауылында туып-өскен. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде программист мамандығы бойынша  бакалавр және магистратура бітірген. Бірақ, бала күнінен кино әлеміне қызығады екен. Арманы орындалып, «Болашақ» бағдарламасымен New York Film акаде­миясына «Кино. Режиссура. Телевиде­ние» мамандығы бойынша магистратураға түскен. Голливудтың танымал актерлерімен түсірілім алаңында бірге жүрген Айдие енді өзі де түрлі жанрдағы кино түсіруді қолға алып жатыр. «Өмірімдегі ең қатты қуанған сәтім – «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскенім. Бала күнімнен кино әлемі қызықтыратын. Шетелде оқу үшін ағылшын тілінің керек екенін де мектепте жүргенде-ақ білдім. Ауыл мектебінде ағылшынды меңгере қоймадым. Қызығушылық болғаннан кейін өздігімнен үйрендім. Бастапқыда фильмдердің біразын ағылшын тілінде, аудармасын субтитрмен көріп жүрдім. Кейін таза ағылшын тілінде көретін деңгейге жеттім», – дейді Айдие.

– Маған фантастика жанры қатты ұнайды, – деп жалғастырды ол әңгімесін. – Кішкентай кезімде қиял-ғажайып ертегілерді көп оқыдым. Тылсым дүниемен тілдесіп, өзге әлемге саяхаттағаннан шабыт аламын. Елдің назары түсетіндей ерекше дүниелер жасауға күш саламын. Бұл құбылыс менің есіміммен де байланысты болуы мүмкін. Танысқан адамдар есімімнің мағынасын сұрап жатады.  Әкем филология мамандығын бітірген. Туысқандардың қарсылығына қарамастан, атымды әкем қойған. «Айдие» сөзінің бірнеше мағынасы бар. Ол да мифологиялық терминмен байланысты. Шығыс аңыздарында «Құдайлардың мекендейтін жері» деген мағынаны берсе, араб тілінде «пайғамбарлардың көлеңкесі» деген мағынаны білдіреді. Мектеп бітіргенімде ата-анам пайдалы мамандық игергенімді қалады. Солардың ақылымен ІТ саласын таңдадым. Киноға қатысым болмағандықтан, шетелде кино саласын оқудың өзі жаңалық болды. Шетелде кино саласының қызметкерлері үшін ең ауыр жұмыс сценарий жазу. Соны естіп алып, режиссура мамандығына тапсырдым. Ағылшын тілін жетік меңгермегендіктен де, жүрексіндім. Бірақ авторлық туындыны ұсынған кезде сценарийді ағылшын тілінде жазып шықтым. Шетелде бір дәрістің уақытын жіберіп алсам, қалғандарын оқып үлгермей қаламын деген оймен жанталасып оқыдым. Тәжірибені түсірілім алаңынан жинадым. Сабақтан тыс уақытта түсірілім алаңына барамын. Қызу тірліктің үстінен түсіп, режиссерлерге көмектесемін. Кино түсіру туралы тиянақты білімім болмаса да, түсірілім алаңында жүріп іске асыруды үйрендім.

Қазақ киносының жанкүйерімін

Айдие түсірілім алаңында Голливудтың ең атақты актерлері Джонни Депп, Форест Уитакер және Джеймс Франкомен бірге жүріпті. Алғашында әлемге әйгілі актерлерді танымай қалғанын айтып, бір күліп алды:

– Лос-Анжелестегі алғашқы күндерім еді. Енді үйренісіп, адамдармен араласа бастаған кезім. Бір танысым азғантай ғана эпизодтық рөлді сомдап беруімді өтінді. Бірден келісіп, түсірілім алаңына бардық. «Горе-творец» фильмі түсіріліп жатыр екен. Джеймс Франконың ағасы Дейв Франко режиссерлердің бірі. Актерлердің өнеріне баға беріп, сәтсіз шыққан кадрларды қайтадан түсіріп жатты. Джеймс Франко кинодағы кейіпкерінен шыға алмай жүрді. Бастапқыда оларды тани алмадым. Тіпті, Форест Уитакер екеуміз ауа райы туралы, күнделікті тірлік жөнінде әңгімелестік. Өзім секілді эпизодтағы актер деп ойладым. Режиссер оның атын атап шақырғанда бір-ақ білдім. Джонни Депп те түсірілім алаңына келген актерлермен жеке-жеке танысып, әңгімелесті. Картинаның сәтті шығуына жылы лебізін білдірді. Атағы әлемге жайылғанымен, өте қарапайым кәсіби мамандар екеніне көзім жетті. Танымал актерлер мен режиссерлер  бірге жасайтын «Hollywood» фильмдерінің түсіру стилін меңгердім.

Кино саласын меңгеріп жатқандықтан, еліміздің киноөндірісін де бақылап отырамын. Қазақ киносының жанкүйерімін. Еліміздегі жаңа кинолардың барлығын көріп, бағалаймын. Шетелден озбасақ та, маман ретінде көштен қалмағанымызды айтқым келеді. Кино саласындағы жаңалықтарды да назардан тыс қалдырмаймын. Мен де болашақта қазақ кино өнеркәсібін жасаушылардың бірімін. Сондықтан бір кино жарыққа шықса, елден бұрын көруді парызым деп санаймын. Осыдан жиырма жыл бұрын жылына бір-екі фильм жарыққа шықса, қазір бір жылда оншақты фильмнің тұсауы кесіледі. Барлығы бірдей сапалы емес. Кейде өзімнің түсірген авторлық фильмдеріме көңілім толмай қалады. Әзірге үлкен фильм жасап жатқан жоқпын. Осы күнге дейін қысқаметрлі жеті фильм ғана түсірдім. Комедия мен драма, фантастика да бар. «Спус­титься с Небес» атты алғашқы кітабымды жазып шықтым. Оқығаннан кейін достарым көркем әдебиеттен гөрі, киноның сценарийіне көбірек келеді деп баға берді. Болашақта сценарий жазуды қолға аламын, дейді арманшыл Айдие.

«Ермек батыр» – алғашқы комикс

Айдие кинодан бөлек, комикс және  анимация жанрында да еңбек етіп жүр. Оның «Ермек батыр» туындысы – Америка нарығына шыққан тұңғыш қазақша өнім.

 Комикс жанры АҚШ-та өткен ғасырдың 50-жылдары қарқынды дамыды. Қазақстанда енді дамып келеді. «Ермек батыр» комикс жанрындағы алғашқы туындым. Комикстің басты кейіпкері – үш ұлы бар үйдің кенжесі Ермек батыр. Батыр бозбалалық шағында өзінің өмірлік мақсатын анықтау үшін алыс сапарға шығады. Оның он жыл бойғы сапары беймәлім қалады да, өз үйіне оралуы кезіндегі шытырманға толы оқиғасы бейнеленеді. Tengri Comics баспасының иелері – Мәдибек Мұсабек пен Бекзат Мырзахмет есімді талантты жігіттердің бірлескен еңбегі. Сол баспаның PR менеджері болып бекітілдім. Бүгінгінің балалары Batman немесе Spider-Man кейіпкерін таниды. Олардың барлығы комикс жанрында түсірілген. Болашақта осылардың қатарына «Ер Төстікті» қосқымыз келеді. Ең көп ақша әкелетін тарихи комикстердің экрандық нұсқасын дайындау жоспарда бар. АҚШ-тың нарығына да шығару оңай болмады. Қатаң тексеруден өтті. ComiXology комикстер плат­формасына жариялаудың өзіне үш айға жуық уақыт кетті. Қаражатты да аямадық. Біздің мақсатымыз – дүниежүзі отандық ко­миксты алып платформадан көре алатынына жағдай жасау. Үш ай бойы келісімнің соңында жүріп, ақыры шығардық. Рейтингіміз жаман емес. Америкалық көрерменнің көңілінен шықты. Tengri Comics командасының ендігі жобасы – тарихи тұлғаларымыз туралы да комикс жанрында заманауи картина жасау. «Ермек батырды» толықметрлі анимациялық фильмге айналдыру жоспарда бар. АҚШ аудиториясы үшін біз­дің комикстер сюжетімен, кейіп­кері­мен тың дүние, – дейді Айдие.

Айдиені ата-анасы бала күнінен түрлі үйірмелерге қатыстырып, дамуына ерекше назар аударыпты. Сол үшін ата-анасына алғысы шексіз. Домбыра да шертеді. Музыканы да меңгерген. Журналистикадан аздап хабары бар.  Болашақта кино саласын игергісі келетін балаларға тілегін сұраған едік. «Қай салаға қызықсаңдар да, сол саланың үздігі болуға ұмтылуды мақсат етіңдер», – деді Айдие.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №44
30 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз