Джаз – африкалық жəне еуропалық музыканың тоғысуынан пайда болған өнер түрі. Деректерге қарасақ, алғаш 1910-15 жылдары орындалған екен. Қазаққа жат əуен санап, кей тыңдарман «қабылдай алмаймыз» деуі мүмкін. Десе де, джазды қазақыландырып жүрген жастар бар. Ол үшін, əрине, ұлттық аспаптарымыздың үнін қосады. Ағайынды Серік пен Тоқтар Нұрмолдаевтар этно мен джаздың негізінде модерн стиліндегі жаңа этно-джаз үрдісін қалыптастырып жүр. Жалпы, кəсіби музыканттар джазды интеллектуал музыка санайды. Серік – танымал «Тұран» этно-фольклорлық тобының белді мүшесі. Ағайынды екеу 2012 жылы «ST Brothers» атты дуэт құрды. Тоқтар Серіктен 4 жас кіші. Музыкант жігіттердің ерекшелігі – 15-ке жуық ұлттық аспапта ойнай алады. Сосын олардың концертіне бара қалсаңыздар, фонограммасыз өнер көруге болады. Иə, джаздың ерекшелігі де сонда. Олар жеке альбомдарын да шығарып үлгерді. 6 бейнебаян түсірген. Дəл қазір музыкалық арналарда «Қазақша Jazz» атты жаңа бейнебаяндары көрсетіліп жүр. Халықаралық байқаулардың лауреаттары.

Ағайынды жігіттер өте еңбекқор. Жас та болса, кəсіби музыканттар екені байқалады. Серік жақында «KS Production» продюсерлік орталығының директоры қызметіне тағайындалыпты. Сұхбаттасуға барғанымызда олар жаңа мюзиклге дайындалып жатты. Жігіттермен қазақша джаз қандай болатыны жөнінде əңгімелестік.

Ұлан: Екеуіңіз де музыка мектебінің түлегісіздер, солай емес пе?

Серік Нұрмолдаев: Иə, екеуміз де А.Жұбанов атындағы музыка мектебінде оқыдық. Кейін консерваторияны тəмамдадық. Мəскеуде де білім алдық. Əскерге де барып келдік.

Ұлан: Ұлттық аспаптың бірнешеуін меңгерген музыкант екендеріңізді байқап жүрміз…

Серік Нұрмолдаев: Иə, екеуміз 15-ке жуық ұлттық аспапта ойнай аламыз.

Тоқтар Нұрмолдаев: 40-қа жуық ұлттық аспап бар, біз соның домбыра, жетіген, шаңқобыз, шіңкілдек, сазсырнай, сыбызғы, қылқобыз, даңғыра… сынды түрлерін меңгергенбіз. Негізінен екеуміз де домбырашымыз.

Ұлан: Домбырашы екенсіздер, неге джаз жанрын таңдадыңыздар?

Серік Нұрмолдаев: Елімізде джаз жанры аса кең таралмаған. Ал біздің өнер жолымыз этно музыкамен байланысты. Мектепте «джаз музыкасы» деген сабақ жүретін, сол кезден қызығушылық пайда болды. Кейін біраз зерттеп көрдік. Содан этно музыка мен джазды біріктіріп алып шығуды ойға алдық. Елімізде этно-джаз стилінде жұмыс істеп жүрген бірнеше топ бар. Еділ Құсайынов ағамыз осы бағытта көп дүние жасайды, мəселен. Əлем бойынша этно-джаз стилі өте жақсы дамыған. Этно-джаз өте күрделі екі бағыттың қосындысы болғандықтан, мұны түсіну де оңай емес.

Ұлан: Джаз дегендеріңіз қазақтарға қайта осы этно бағыт арқылы өтімдірек сияқты…

Серік Нұрмолдаев: Мүмкін. Қазіргі күнгі музыканы тыңдап отырсақ, кейде басқа жаққа ауытқушылықты жиі байқаймыз. Америкалық, араб, өзбек, корей əуендеріне интонациялық ауытқушылық кейде сəн болып бара жатқан секілді. Бұл қауіпті. Өзіміздің тілдік интонацияны жоғалтпау керек. «Тұран» тобы елімізде аса танымал болмаса да, шетелде кең танымал. Ол – қазақтың ұлттық музыкасын таныту үшін жасалған жоба. Ал інім екеуміз жастарға лайық дүние жасасақ деп көп іздендік. Нəтижесінде модерн этно-джаз стилін жасадық.

Ұлан: Репертуарларыңызда қанша əн бар?

Серік Нұрмолдаев: Этно-джаз стилінде жазылған 30 шақты əніміз бар.

Ұлан: Негізінен кəсіби музыкантсыздар, əн айтуды да бала кезден бастаған ба едіңіздер?

Серік Нұрмолдаев: Біз Алматы облысындағы Өтеген батыр кентінде дүниеге келгенбіз. Ата-анамыз өнер адамы емес. Əйтсе де, Тоқтар да, мен де ес білгелі əн айтып келеміз. Алғашында домбырамен дəстүрлі əн орындайтынбыз.

Тоқтар Нұрмолдаев: 15 жылдай домбырамен əн айттық. Терме, халық əндерін орындай аламыз.

Серік Нұрмолдаев: Той əндерін де орындадық. Аудиторияны əбден зерттедік. Мария Ликликадзе деген грузиялық джаз əншісі бар, Тоқтар сол кісіден арнайы сабақ алды. Жалпы, əлі күнге жан-жақты оқып, үйреніп келеміз.

Ұлан: Үлкендер жағынан «əнді бұзып айтасыңдар» деген сөзді көп еститін шығарсыздар?

Тоқтар Нұрмолдаев: Иə, өйткені, құлаққа үйреншікті естілмеуі мүмкін.

Серік Нұрмолдаев: Сын əртістің өсуіне əсер етеді. Бəрі бірдей бізді ұнатып тыңдап жүр дей алмаймыз. Біраз ден қойып тыңдаған соң, үйрене бастайды. Бұрын бізді интеллектуал музыканы сүйетіндер ғана тыңдайтын. Қазір жастар арасында тыңдарманымыз көбейіп келеді.

Ұлан: Танымал болу үшін топтың атауын ағылшынша қойдыңыздар ма?

Серік Нұрмолдаев: Шет елдерде де, елімізде де бірнеше концерт бердік. 5 жылдың ішінде біраз жетістікке жеттік. Мəскеудің өзінде үш түрлі жүлдені иелендік. Жаңа жанр жасағанымыз үшін «Серебреное перо Руси» аталымына ие болғанбыз. Сапалы бейнебаяндарымыз үшін де марапатталғанбыз. Германияда шыққан «The best of  Kazakhstan» атты күйтабағына біздің «Мөлдір сезім» əніміз енді. Қазақша əндерді көбірек орындаймыз. Бұл бағытты жаңадан өзіміз бастағандықтан, бұл стильде бізге əн жазатын адам да жоқтың қасы. «Құдаша», «Ала қарға», «Үкілі кəмшат» сияқты халық əндерінөз стилімізге икемдеп орындапжүрміз. Одан бөлек, америкалық джаз туындыларын қазақшалап, ұлттық аспаптармен орындаймыз. Орындауымыздағы «Құстар əні» – сондай аударма əн.

Ұлан: Əр музыканың адамға қандай да бір психологиялық əсері болады. Ал джазды адам миына салмақ түсіретін əуен деп санайтындар да бар…

Серік Нұрмолдаев: Өзіміз джаз тыңдасақ, рахаттанамыз (күліп). Джазды бекер «интеллектуал музыка» деп атамайды. Этномузыка да интеллектуал музыкаға жатады. Жаңа дүниені басында бəрі жатсынып қарайды.

Тоқтар Нұрмолдаев: Біз америкалық музыканы насихаттап жүрген жоқпыз ғой, таза қазақы музыка жасап жүрміз. Маған джаздан сабақ берген ұстазым: «Егер джазды меңгерсең, кез келген жанрдағы əуенді орындай аласың», − деп еді. Өйткені, джаз деген – «жүрегі» бар жанр. Неге фонограммамен айтпаймыз, өйткені бір əннің өзін əр кезде əрқалай орындаймыз. Сол кездегі көңіл-күйіңе байланысты шығады. Ал фонограммамен шықсаң, жазылып қалған таспаға бағынышты болып қаласың, еркіндік қалмайды. Ол өнер емес. Этномузыка импровизациясыз жүрмейді. Мысалы, домбырамен əн салу үшін фонограмма қоссақ, жараса ма? Джазбен ұқсастығы сонда.

Серік Нұрмолдаев: Бесікте жатқан кезімізден бастап Ғарифолла Құрманғалиевтердің əнін тыңдап өстік. Ата-анамыз: «Болашақта кім болсаңдар да, қазақтың домбырасы мен əнін біліңдер», − деген ұстаныммен тəрбиеледі.

Ұлан: Бəрекелді, жігіттер! Сəттілік тілейміз.

Қарлығаш ДОСАНОВА,

«Ұлан», №24

13.06.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз