Алмас Шәйкен көп жыл бойы кітап саудасымен айналысып жүрген кәсіпкер. «Qazyna» кітап үйінің басшысы Алмас Шәйкенмен және даму жөніндегі директоры Күлтегін Аспанұлымен кездестік.

– Неге кітап үйі, неге дүкен емес?

Алмас Шәйкен: Бастапқы концепцияда кітап сауда үйі болады деп ойлаған едік.  Жұмысымызды бастағанда тек қазақша кітаптар сататын дүкеннің жоқ екенін білдік. Біз тек коммерциялық мақсатты ғана емес, әлеуметтік мақсатты да көздейміз. Негізгі мақсатымыз – қазақша кітаптарды бір жерге жинау. Қазақша кітабы көп деген дүкеннің 30-35 пайызы ғана қазақша кітаптармен толады. Кітап үйін ашқанымызға алты айға жуықтады. Үйдің көлемі – 80 шаршы метр. Үлкен болмаса да көлемді дей аламыз. Алла қаласа Наурыз мерекесінен соң ресми ашылуы болады. Ол жерде кітап сатып алып қана қоймай, авторлармен, өнер адамдары және қайраткерлермен кездесулер ұйымдастырылады. Жаңа шығып жатқан қазақша кітаптардың көп бөлігі мемлекеттік мекемелерге үлестіріліп, таусылған, сауда сөрелерінде жоқтың қасы. Коммерциялық жүйеге өте аз бөлінеді, кейде тіпті мүлдем шықпайды.

Күлтегін Аспанұлы:  Әр халықтың өз этномінезі болады. Қазақ – еркіндікті сүйетін, киіз үйімен көшкен, даланың академигі атанған көшпелі халық. Сондықтан қазақтың жанына «үй, шаңырақ» сөзі жақын. Статистикаға сүйенсек, тек қазақ тілін ғана игерген монотілді үш миллион халық бар. Бұл – үлкен аудитория. Қаракөз қазақ жастарына қазақ тіліндегі ауқымды білім қорына қолжетімді жағдай жасамасақ, мынадай жаһандану дәуірінде жұтылып кету қаупі басым. Қазақстанда 300-ге жуық баспа мен 800-ге жуық баспахана жұмыс істейді. Соған қарамастан баспа ісі мен кітап өндірісінің ел алдында имиджінің төмен болуының бірнеше себебі бар. Соның бірі – кітап саудасын ілгерілететін стратегиялық маркетингтің, жүйеліліктің болмауы. Сондай-ақ, кітап тиражының аздығы тек мемлекеттік мәдени мекемелерге ғана үлестірілуінде. Ол ел арасында «өзімнің кітапханамды жинаймын» деген адамның алдынан шығатын кедергінің бірі. Қазір елімізде кітап сатудан түсетін табыстың тек 25 пайызы ғана отандық өнімге тиесілі. Яғни біз шетелдік баспа-басылымдардың үлкен тұтынушысы болып отырмыз. Осы жарты жылда бірқатар баспамен келіссөз жүргізіп, кітап қорын түздік. Қазір қорымызда он мыңнан аса кітап бар.

– Қазақша кітаптардың көптеп оқылатынына сенесіздер ме?

Алмас Шәйкен: Барлық жаңашылдықты шетелмен байланыстырып, ескілік қазақ тілімен қалып қоятындай. Бұл – нарық заманындағы санаға сіңген жаңсақ пікір. Алайда қазір Кеңес өкметін көрмеген жаңа буын жетіліп келеді. Олардың алды отызға таяп қалды. 2009 жылғы мәлімет бойынша ол дәуірді қазақтың 50 пайызы көрмеген. Әрі қазақтілді қазақтардың туу қарқыны әлдеқайда жоғары. Бұрын шетел тілдерінде ән жиі орындалатын болса, қазір эстрадамыз әбден қазақшаланған. Қазақтілді әншілердің ең танымалдары да қазақтілділер. Әрі дүниежүзі бойынша қарқынды дамып келе жатқан тілдердің қатарына кіріп тұрмыз. Оның да себебі қазақша сөйлейтін тұрғындардың көбеюінде. Қазір тек қазақша кітаптардың электронды нұсқасын жасап жатырмыз. Ол арнайы мобильді қосымша болып шығады. Аяқталуға жақын. Әсіресе, жас авторлардың шығармаларына қолдау білдіргіміз келеді. Сіз кітапты оқып отырғанда «кітап сізге ұнап жатыр ма?» деген сауалы бар диалог терезесі шығады. Содан-ақ мықты авторды танып алуға болады. Елімізде он бір миллион қазақ болса, 15 жастан бастап алғанда оның 6 миллионы қазақша еркін оқып, жаза біледі. Шетелдегі жеті миллион қандасымыз тағы бар. Электронды кітаптардың пайдасы, міне, осындайда анық болмақ. Қосымшаны телефонға жүктеп алып, оқи береді. Сондай-ақ, оларды латын қарпіне көшіру де қиын емес. Қытайдағы қазақтарымыз үшін төте жазуға бейімдеп жіберу де оңай. Осыдан келе интернет-дүкенді қолға алуға болады. Кітап сатумен айналысып келе жатқанымызға жеті жылдай уақыт болды. Кітап сатылымының 50-55 пайызы интернет арқылы жүреді. Бұл да нтернет сатылымның аясы кеңеюінің бір дәлелі. Тек бір мәселе бар. Ол – логистика жағы. Кітапты жеткізу де үлкен мәселе. Жеріміз кең болғандықтан, қалалардың арасы да қашық. Тез жеткізіп беретін сапалы компания әзірге жоқ. Болашақта қазақша аудиокітаптарды шығару да жоспарда бар.

– Бүгінде мотивациялық кітаптар оқу трендте ғой. Көбіне аудармаларды оқитынымыз да жасырын емес. Кітап үйінде қандай қазақша мотивациялық кітап бар?

Алмас Шәйкен: Иә, өзін-өзі дамыту халық арасында кеңінен таралып жатыр. Кәмшат Бекжігітқызының «Ойыңды өзгерт, өміріңді өзгерт» кітабының жарты жылдың ішінде 10 мың данасы сатылып кетті. Оның 40 пайызын біздің кітап дүкенінен сатып алды. Көрдіңіз бе? Мұндай жылдамдықпен ауыл-ауылға таралып кетуі қазақ қоғамының қазақша мотивациялық кітапқа қаталап-сусап тұрғанын білдіреді.

Күлтегін Аспанұлы: Одан бөлек үйімізге жаңадан басылған кітаптарды жеткізуге асықпыз. Мекемтас Мырзахметов ағамыз тоқсан жас, толайым жасқа келсе де «Қазыналы Оңтүстік» атты  400 томдық теңдессіз жинағын шығаруда. Қазір 311 томы кітапхана сөрелерінде менмұндалап тұр. Оған сонау VIII ғасырдан бастап XVIII ғасыр аралығында оңтүстік өлкеден шыққан ғұлама-ғалымдар, ақын-жазушылардың жауһар қолжазбалары, түсіндірмелері енген. Сонымен қатар қазақша аудармалары да бар. Осы еңбекті «Қазынаның» төріне алып келу жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек элиталық жинақ – Бауыржан Момышұлының 30 томдығы да біздің кітап үйінде тұр. Өкінішке қарай, қазір ол сатылымда жоқ. 100 томдық «Бабалар сөзі» қазақ халқының классикалық-фольклорлық мұрасын да осы жерден табасыз!

– Кітап үйін кім қаржыландырады?

Алмас Шәйкен: Қазір өзіміздің қаржымызды салып отырмыз. Бұл тек бір адам ғана жасап жатқан дүние емес. Жобаның жүзеге асуына Ғани Бейсембай, Әділ Қойтан, Қонысбек Ботбай, Рауан Кенжеханұлы, Бақыткүл Маханбет секілді аға-апаларымыз көмектесіп жатыр.

Күлтегін Аспанұлы: Бауыржан Момышұлы атамыз: «Кітап – ұлттың түбір қазығы, ажырамас кіндігі», – деген екен. Әбіш Кекілбаевтың да: «Кітапхана – адамзат ақыл-ойының құрметіне қойылған теңдессіз ескерткіш», – деген сөзі бар. Біз де асыл ағамыздан алыс кетпейміз, кетпеуге тиіспіз!

– Рақмет!

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз