Әкей хан мен Жәкей хан,
Мұны көрген бабаңмын.
Шын абыздан туған ұл,
Сенің бабаң Шыңғысхан,
Мұны көрген бабаңмын.

Мінеки, қазақ хандығы құрылар қарсаңында, XIII-XV ғасырлар аралығында ғұмыр кешкен Сыпыра жырау қалай толғайды?Хандар, билер, жыраулар тарихы түптеп келгенде бір қазақтың тарихы. «Ақ желкен» журналының өткен сандарында «Қазақ хандары», «Қазақ билері» атты сұхбаттар жарияладық. Ендігі кезек жырауларға келді. Әдебиетші-ғалымдар Шәкір Ыбыраев пен Серік Негимов әңгіме ауқымын төмендегіше кеңейтті…

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Кеңес кезінде шыққан «Бес ғасыр жырлайды», одан кейінгі шыққан «Жеті ғасыр жырлайды», қайталап басылған Қабиболла Сыдиықовтың «Бес ғасыр сөйлейді» деген кітаптарын қарап отырсақ, әңгіме Сыпыра жыраудан басталады. Бірақ, оның арғы жағы бос кеңістік емес қой. Сол арғы жақтан кімдерді айта аламыз?

Серік НЕГИМОВ: Маңғыстаулық Абыл жырау, Мұрын жырау, Қалнияз, Аралбай жыраулар Сыпыра жыраудың ұлы дәстүрін бергі заманға әкелген. Ал арғы жағын аңыздан ғана іздей аламыз.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қарап отырсаңыз, Сыпыра жырау өзінен бұрын өткен жыраулардың жиынтық бейнесі сияқты.

Серік НЕГИМОВ: Иә, жиынтық бейне сияқты. Мысалы, «Оғыз қаған» эпосы бүкіл түркі жұртына ортақ. Оның ішінде тілі қазақ халқына жақын. Одан бері келетін болсақ, VI ғасырда қыпшақтан шыққан, Еуропада Батыс ғұн мемлекетін құрған Оттылы – Аттила бар. Аяқ астынан қайтыс болған. Қандай жағдайда өлгені әлі күнге дейін белгісіз. Батыс ғұндарының астанасы Эцелбург деген қала болған. Ол немісше атауы, мағынасы «ғұн көсемінің қаласы» дегенді білдіреді. Сонда қаланың ортасына, үлкен тұғырдың үстіне Аттиланың мәйітін қойып, Қама деген абыз көктегі ғұнның рухтарымен сөйлесіп, жоқтау айтқан. Ол жоқтау латын, испан тілінде сақталған, кәдімгі өзіміздің жоқтауымыз. Одан бері, VIII ғасырда Түрік қағанаты болды. 731 жылы Күлтегін батыр қайтыс болады, 734 жылы Білге қаған қайтыс болады. Білге қағанның баласы Иолог өзінің әкесін, әкесінің ағасы Күлтегінді, оның арғы жағындағы Тоныкөк, Естемиді, елді, жерді қорғаған абыздарды есте қалдыру үшін тасқа жыр жазды. Жырды оқысаңыз шешен сөз, тақпақ сөз. Ол қай тайпаға жақын десеңіз, ол қазақ халқына жақын. Одан бері күй атасы, пір, сәуегей, жырау деп жүрген Қорқыт ата бар. Сосын Кетбұға. Олар шешен, жырау, батыр, би, күйші. Ал сонау замандағы ұлы дәстүрді орта ғасырға әкелген Сыпыра жырау.

Шәкір ЫБЫРАЕВ: Әуелі «Бес ғасыр жырлайды» деп, одан кейін деректердің, мәліметтердің молаюына байланысты «Жеті ғасыр жырлайды» деп, арғы дәуірден бері қарай емес, бергі дәуірден ары қарай тереңдеп, шекараны скиф, сақ дәуіріне дейін создық. Сыпыра жырауға дейін де жыраулар поэзиясы болғанын айтып-жазып, ақын-жыраулардың атын атап өткенімізбен, дәп қазір «мынандай жырау болған, оның өмірі осылай болған» деп, тек Сыпыра жыраудан бастап қана айта аламыз.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Қорқыттан, Кетбұғадан жекелеген данагөйлік сөздер болмаса, үлкен жырлар қалмады ма?

Шәкір ЫБЫРАЕВ: Тұтас мәтіндер сақталмаған. Қорқыт ата туралы кітаптың кіріспе сөзінде Қорқыт айтқан жыраулық толғамдар деп айтылды. Оны әлі де болса дәлелдеу керек. Әдебиет көне дәуірге кеткен сайын, синкреттік сипаты анық байқалады, музыкалық, орындаушылық, ақындық өнері жіктеліп, бір-бірінен бөлінбеген. Сондықтан бұлар әрі ақын, әрі ком-позитор, сосын керемет орындаушы болған дейміз.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Жаңа Сыпыра жыраудың өлеңін айтып кеттім ғой. Содан кейін тағы бір айтатын сөзі бар екен.

«Жасарымды жасадым,
Бір жүз алпыс жасадым,
Шіркеулі деген шаһарда,
Тоғыз ханның сарқытын,
Бір мәжілісте асадым», – дейді.
Сосын: «Шыңғыс ханның тұсында,
Бұл жалғанның жүзінде,
Он бір патша бар еді,
Сол он бір патшаның алдында
мен жыр толғадым»,– дейді. «Әмір Темір көрегенді көрдім, Едігені көрдім, Тоқтамыстың тұсында құл-құтанның билікке келгенін көрдім» дейді.

«Жер жетпей ме еш саған,
Жерің тұр ғой алдыңда,
Көл жетпей ме еш саған,
Көлің тұр ғой алдыңда,
Ел жетпей ме еш саған,
Елің тұр ғой алдыңда»,
 – дейді ханға. Әлеуметтік рөлін осы жерде нақтылай кетсек. Кеңес заманында осы жырау атаулының барлығын кедей-кепшіктен шыққан дедік қой. Өткенде бір кітапты оқып отырсам, осыған наразылық білдіреді. «Олар көбіне атқамінерлер, бай-шонжарлар, ауқаттылардың қатарынан шыққан. Идеологияға қызмет еткен», – деп жазыпты. «Мағауин жазған «Бес ғасыр жырлайдыны» қарап отырсақ, жыраулардың сексен пайызы ауқатты ортадан шыққаны алғаш рет дәлелденіп, айтылды», – депті. Осы тұрғыдан не айтасыз?

Шәкір ЫБЫРАЕВ: Бұл өте қызық сұрақ. Көп нәрсені қозғайды. Деректерге қарасақ, жыраулардың көбі ұзақ жасаған. Жаңа айтып отырған Қорқыттың өзі 400 жыл жасапты дейді. Енді бір деректе 180 жас жасаған деген сөз жиі айтылады. 120 жас жасаған деген дерек те бар. Дәл солай болды ма, болмады ма, кесіп айту қиын. Бірақ, бір мәселені анық айта аламыз. Қанша патша орын ауыстырса да, жыраулардың рөлі сол қалпында қалып отырған. Ханның қасында мемлекеттің, елдің мүддесін айту. «Мен сенің кешегі өткен атаңды да көргенмін» деп, жас патшаға кеңес айтып отырғанына қарағанда, жыраулардың қоғамдағы әлеуметтік орны тұрақты болған. Екіншіден, «ұзақ өмір сүрген» дегеннің көбі аңыз болуы да мүмкін. Көп уақыттың пісіп-жетілген мәселелерін бір жыраудың бойына үйіп-төгіп көрсету дәстүрі қалыптасқан. Содан да солай айтылған шығар.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтып күн көрер, аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтып күн көрер?» деген сөз Асан қайғыдан қалған. Асан қайғы Қазақ ордасына келіп, ұраншысына айналып, жерұйық, жайлы қоныс іздеген адам ретінде есте қалып отыр. Жәнібек ханға да Асан қайғы: «Әй, Жәнібек, ойласаң, қилы-қилы заман болмай ма? Суда жүрген ақ шортан, қарағай басын шалмай ма?» дейді. Осы жол, осы сөз көп уақыт талқыға түсіп, айтылып келе жатыр. Абылай ханның тұсында да осы сөзге талдау беріледі. «Бұл не?» деп сұрайды Абылай хан. Жыраудың сөзіне үлкен мән береді.

Серік нЕГИМОВ: Тереңнен толғайды. Мемлекетшілдік, елшілдік қасиеттері ерекше. Сөздері салмақты.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Өзі әскер басы, ру басы, көсем болған көрінеді.

Серік НЕГИМОВ: Бірнеше қасиетті бойына жинаған.

Шәкір ЫБЫРАЕВ: Жыраулардың бүкіл шығармаларын оқып шыққан кезде ойға қаласың. Арқаланып, рухымыз көтеріледі. Ғарыштық санаға шыққандай боласыз. Еліңізде құлдық сана болмағандай көрінеді, жырдағы биік ұғымдардан азат елдің ұрпағы сияқты сезімде қаласыз. Шынымен де еліміздің ерлік рухы дәуірлеп тұрған кез, отбасы, ошақ қасының әңгімесі жоқ. Халықтық, елдік ірі тақырыптар, кенеулі сөз саптастар, отты оралымдары сізді қару-жарағыңызды сайланғандай әсерге бөлейді.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Тіпті, тұрмыстық мәселелерді айтқанның өзінде адамды арқаландырып жібереді. Мысалы, «Жатып қалған бір тоқты, жайылып мың қой болған жер» дейді. Туған жерді сүюге бұдан артық мысалды қайдан табасыз!

Шәкір ЫБЫРАЕВ: Шынын айтқанда, кедейден шығып, тамаққа тоймай жүріп, бұндай әңгімені қайдан айтсын? Елдің қайнаған іс-әрекетінің белортасында жүрген үлкен тұлғалар бұлар. Сосын бұларда ұсақ әңгіме жоқ. Қазір де жыраулар поэзиясына қайтадан оралып, қарап отыруымыз шарт. Себебі, жыраулар поэзиясы еркіндікті, тәуелсіз рухты көтеретін поэзия.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Көркемдік жағын алып қарайтын болсаңыз, бүгінгі күні де елдің аузында мақал-мәтел болып айтылып жүрген сөздер көбінше осы жыраулардан қалған. Сыпыра жыраудан басталған стиль Доспанбет жырауға келгенде де сақталған. Доспанбет жырау туралы да айтып кетіңізші.

Серік НЕГИМОВ: Доспанбет – жас кеткен жырау. Жорық үстінде жүрген адамдар ғой. Бұлардың толғаулары ат үстінде туған. Қол бастап жүргенде айтқан. Сондықтан олардың сөздері ірі болады. Доспанбет былай айтады:

«Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым өкінбен,
Толғамалы ала балта алып,
Топ бастадым, өкінбен.
Туған айдай нұрланып,
Дулыға кидім, өкінбен.
Ақ шымылдық ішінде,
Тұлымшағын төгілтіп,
Ару сүйдім, өкінбен» 
– дейді. Қандай керемет сөздер! «Кетбұғадай билерден кеңес сұрар күн қайда?» дейді. Кетбұға Ұлытаудікі. Ол жерде Асан қайғы жатыр, Жошы хан, Алаша хан да сол жерде. Сол заманда кең-байтақ даланы ұстап тұруымыз Доспанбет сияқты қаһармандардың арқасы.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Асан қайғы, Қазтуған,  Доспанбет жырау Қазақ ордасының алғашқы ұраншысы болған жыраулар дейді. Доспан-бет жырау: «Күдеріден бау тағып, кіреуке киер күн қайда?» дейді. Сосын «Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінер күн қайда?» дейді. Тура осы шумақ Ақтамбердіде де жүр. Осыны ретке келтіреуге болмай ма екен?

Шәкір ЫБЫРАЕВ: Бұл жерде екі түрлі жолмен түсіндіруге болады. Біріншіден, кешегі өмірден өткен жыраулардың сөзін қайталап отыру міндет, бұл дәстүрге ешқандай қайшы емес. Екіншіден, жалпы ауызша айтудың поэтикасында табан асты-нан шығарып отырғаннан кейін, біраз сөз өзінікі болуы мүмкін, біраз сөз бұрынғы жыраудікі болуы мүмкін. Сондықтан жыраулар поэзиясында қайталанып отыратын дәстүр болғандықтан, жазба әдебиеттегідей «көшіріп алған» деуге болмайды. Бұл ауызша әдебиеттің көпшілік қабылдаған поэтикалық дәстүрі.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бүгінгі тілмен айтқанда сілтеме жасалынбай, цитата алынып отыр ғой.

Серік нЕГИМОВ: Осылай шынында. Бір ғажабы, сонау Еділ-Жайықта туған өлеңнің Алтайда бір дыбысы өзгермеген. 2002 жылы Мәскеуден «Ноғай ордасының тарихы» деген кітап шықты. Соның ішінде Орақ Мамайдан бір сөз келтірген. «Еділ үйдің есігі, Жайық үйдің жапсары, Түркістан үйдің төрі» дейді. Сонда бүкіл түркі жұрты мекендеген территория бір киіз үйдің іші сияқты дегенді айтып отыр.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бағанағы айтқан жыраулардан кейін Шалкиіз жырауға келсек. Бір жерде Шалкиіз дейді, бір жерде Шалгез дейді.

Серік нЕГИМОВ: Ноғай хандығының басшысы Мұса би болған. Бұл Мұса бидің қызынан туған. Бір ғажабы, Шалкиіз өте сауатты болған екен. Бір толғауында «Ақ кітапты жайдырып» дейді, болмаса «шұбар ала мөр» дейді.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Шалкиіз жырау да өзінің алдындағы жыраулар сияқты ханның қасында, бидің, әміршінің маңайында жүр. Жырау, ақын болса болды, ол ханның бетінен алып, төске өрлеген деген әңгіме осы күнге дейін айтылып келді. Ал Шалкиіз жыраудың Ноғайлының билеушісі Темір биге айтатыны: «Сұлтан ие, сен менің бармай тапқан Қағбамсың» дейді. Сосын: «Сен – алтынсың, мен – пұлмын, Сен – жібексің, мен – жүнмін. Сен – сұлтансың, мен – құлмын, Сен – сұңқарсың, мен – қумын» дейді. «Қу» деп, аққу деген мағынада алып отыр. Өзін қаншалықты төмендетіп, қаншалықты ханға мадақ айтып отыр. Ханның халықтың алдындағы беделін, абыройын көтеріп отыр. Сыпыра жыраудан бастап қарайтын болсақ, хандарға қарсы сөз айтқаннан гөрі, соларды қолдап, кеңес бергені, халық пен ханның ортасында көпір болғаны көбірек.

Шәкір ЫБЫРАЕВ: Ханның да, жыраудың да көздегені мемлекеттік мүдде. Сондықтан екеуінің пікірі сәйкес келіп жатқанда, неге бір-бірін қолдамасқа? Ханның жасап отырған саясатын халықтың ішінде таратып отырған жыраулар болған. Кейде қателік кетеді, дұрыс шешім қабылданбайды. Сондай кезде жырау жалаң мақтай алмайды, шындықты айтады.

Серік нЕГИМОВ: 1875 жылы Орыс географиялық қоғамы Орын-бор бөлімшесінің жазбаларында Шалкиіздің толғаулары баспаға жарияланған. Одан кейін 1883 жылы Мұхаммед Усманов Петербург университетінде «Құмық және ноғай жырлары» деген кітап шығарды. Осы жинақтың ішінде Шалкиіздің толғаулары бар.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: «Мен жоқ болсам, Есім хан,Ит түрткіні көресің, «Жиембет қайда?» дегенде, Не деп жауап бересің?». Бұл Жиембет жыраудың еңсегей бойлы Ер Есімге айтқан сөзі. Сыпыра жыраудан басталған әңгіме Жиембетке келіп тірелді, міне. Жаңа Жиембет жырау мен еңсегей бойлы ер Есім екеуінің арасындағы қарым-қатынастан хабар беретін жыр жолдарын оқып бердім. Жиембет жырау ер Есімнің әскер басы, батыр, ел басқарушы биі болған екен. Сөйтіп жүріп Есім ханның қырына да ілігіп қалады. «Азап шектім Аралда, ханға қарсы тұрам деп» дейді. Інісі Жолымбет те би болған. Оның да өз алдына басқарып отырған елі болған. Солар дербес билік жүргіземіз деп, Жиембет те, інісі Жолымбет те ханның қаһарына ұшырап қалады. Серік аға, жыраулар тақырыбына көп еңбек жазған адамсыз ғой. Жиембет жырауды таныстырып өтіңізші.

Серік нЕГИМОВ: Жиембет жыраудың артында көп мұра қалмаған. Бірақ, аз қалса да, өте терең пікірлі жырау. 1620-27 жылдарда Жоңғарияға қарсы соғыс ұйымдастырған, ірі қолбасшының бірі. Жыраулық қасиеті, ділмарлық шешендік өнері және қолбасшылық таланты болған. Кесіп айтады, кесек сөйлейді. Әрине, ер Есімді қолдады. Дегенмен, іс-әрекеттерінен осалдық көрсе, аямаған. Інісі Жолымбетке арнаған шағын толғауы бар. «Ей, қыңыр ер, қыңыр ер» деп, іс-әрекетіндегі жөнсіздіктерді аямай әшкерелейді. Кең байтақ жерді ұстау, халықты бүгінгі күнге аман жеткізу осындай әділетті, қасиетті жыраулардың да еңбегі деуіміз керек.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Шәкір аға, Жиембет жыраудан кейін XVII ғасырда өмір сүрді деген Марғасқа жырауға келсек. Кейбір жыраулардың артында сақталып қалған жырлары бір тұтам ғана екен. Сондай жыраудың бірі – Марғасқа жырау. Өзі Есім ханның жыршысы болған көрінеді. «Еңсегей бойлы ер Есім» деген сөзді алғаш айтушылардың бірі осы кісі дейді. Бір сұрақ ойыма келіп отыр. Біз кейбір жырлардың кімге, неге, не үшін айтылғанын шатастырып алған секілдіміз. Махамбет Өтемісұлының Жәңгір ханға: «Хан емессің қасқырсың, Хас албасты басқырсың» деген сөзін халықтың атынан ханға айтылған сөз деп түсіндіріп келдік. Ал ол шын мәнінде хандардың өзара шайқастары кезінде айтылған, бір-біріне кек сақтап, шапқан кездегі жорық жырлары екен. Марғасқа жырау да айтады соны. «Хан емессің қасқырсың, Қара албасты басқырсың. Алтын тақта жатсаң да, Ажалы жеткен пақырсың. Еңсегей бойлы ер Есім, Есігіңе келіп тұр, Алғалы тұр жаныңды, Шашқалы тұр қаныңды», – дейді. Бұны айтып отырған себебі, Тұрсын хан Есімнен бөлініп, Ташкенде жеке хандық құрам деп отыр ғой. Міне, хандардың арасындағы мәселе. Кеңестік идеологияның кесірінен мазмұнын мүлдем бұрыс түсініп келеміз. Хандар мен жыраулардың арасындағы қарым-қатынастан әңгіме шығарып айтудың кезі келіп отырған сияқты. Қалай қарайсыз?

Шәкір ЫБЫРАЕВ: Өте орынды. Қазақ хандығы он бесінші ғасырда бөлініп шығып, жеке хандық құрған кездегі тарихына үңіліп отырсаңыз, саяси жағынан өте күрделі болған. Жиембет, Марғасқа жыраулар тек қана жырау емес, үлкен саяси тұлға. Мемлекеттің саясатының белортасында жүргендіктен, ханмен кейде келіседі, кейде келіспейді. Осы жерде оқшау шыққан мәселелер ғой. Кейде хан өзінің билігін пайдаланып, жырауды оқшаулаған. Сондықтан, «анау кемшілік жіберді» деп, сол заманғы оқиғаны талдап алмайынша баға беру артығырақ. Ауызша әдебиеттің ерекшелігі сонда. Жазып алып, тасқа басып сақтайтындай жағдай болмағасын, ауызша айтылып келді. Бұларды текстологиялық іріктеуден өткізіп отырғанда, ең алдымен, сол дәуірдің бейнесі, идеологиясы қандай болғанын білгенде ғана белгілі бір шындыққа көз жеткізе аламыз. Сол кезде ғана бұлардың бәрі орындарына түсе бастайды.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Кеңес заманындағы ұрпақтың көп білетіні – Бұқар жырау. Абылайдың қасында жүргенін айта береміз. Бірақ, о баста Тәуке ханның қасында жүргені айтылмайды. Кейін көп қиыншылық көріп, содан кейін ғана Абылай ханның қасынан табылған. Оның үстіне кейбір жырларын шатастырып айтатын болдық. Халық, хан, жырау үштігінің арасындағы жағдай осы Бұқар жыраудың тұсынде ерекше айқындалған сияқты. Қазақтың тарихында да Абылай ханның кезі айқындаушы рөл атқарды емес пе?

Серік нЕГИМОВ: Сәбит Мұқанов 1942 жылы жарияланған «Қазақ әдебиетінің XVIII-XIX ғасырдағы тарихына очерк» деген кітабында Бұқар жырау жөнінде әдемі айтқан. «Бұқар жыраудың шығармашылығы XVIII ғасырдағы қазақ тіршілігінің энциклопедиясы» дейді. Бұқарды ел Көмекей әулие деп атаған. Ылғи мақамдап, тақпақтап сөйлеп отырған. Шоқан Уәлихановтың «XVIII ғасырдағы қазақ батырлары жөніндегі тарихи аңыздар» деген еңбегі бар. Шағын еңбек болса да, өте терең жазылған. Сонда Талқы жерінде Абылай хан жүреді. 500 сарбазымен Қанжығалы қарт Бөгенбайды бір жаққа, оның інісі Жантай батырды 500 сарбазымен екінші жаққа жұмсайды. Барлап, бақылау керек. Сонда олар келетін уақытынан кешігеді. Абылай хан абыржып: «Бұқареке, менің сайыпқырандарым кешікті. Соның жайын біліп берші», – дейді. «Сіздің екі қолбасшыңыз да уақытында келеді. Екеуі де олжалы. Бірақ, Қанжығалы қарт Бөгенбай шатқалдың ішінде, тар жерде кетіп бара жатыр. Аман-есен оралады. Жантай батыр да солай», – дейді. Айтқандай-ақ, екеуі де аман-есен оралады. Сондағы жыраудың көріпкелдігін қарамайсыз ба?!

«Әлемді түгел көрсе де,

Алтын үйге кірсе де,

Аспанда жұлдыз аралап,

Ай нұрын ұстап, мінсе де,

Қызыққа тоймас адамзат».

Сол XVIII ғасырдың өзінде адамзат күндердің күнінде аспанға, ғарышқа ұшатынын сезген сияқты. Махаббат жайлы жазбаған. Бірақ, бір фразасы бар. «Ұрғашының жақсысы, әбжыландай есіліп, бозжорғадай бұлғаңы» дейді. Былай қарағанда түсіне қоймайсың, ал терең ойласаң, «не деген керемет образ?» деп таңғаласың.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мынандай өлеңдері де бар, мысал үшін:

«Ай, Абылай, Абылай,

Қатын алма қарадан,

Қара тумас сарадан.

Қатын алсаң қарадан,

Алды кетпес баладан,

Арты кетпес жаладан» демей ме?..

Шәкір ЫБЫРАЕВ: XVIII ғасырдың этикалық нормалары бұл. Осы жерде бір қызықты жағдай шығады. Басқа жырауларға қарағанда, Бұқар жыраудың шығармалары бізге көп жеткендіктен, жыраулар поэзиясы туралы қорытындыны Бұқар жырауға қарап жасаймыз. Ұлы жыраулардың айта алмаған, шығармалары үздік-создық қысқа жеткен тұстары туралы қорытынды жасағанда Бұқардың шығармаларының сипа-тына қарап отырып, бағалауымызға болады. Бұқар жырау мемлекеттің тұтас шежіресін жасап отырған жырау. Абылай ханға айтып отырған өлеңдерінен байқайтынымыз, «Бұрын да осы елдің бірлігін ұстап келдік. Енді сенің тұсыңда да осы саясатты ұстауға тиіссің. Еліміздің мүддесі сенің басты мүддең, жоғары тұру керек» деген идеяның қазынасы. Осы идеяға сәйкес келмейтін кім болсаң, ол бол, оның бәрі Бұқар жырауға дос емес. Ол жолдан ауытқыған адамға Бұқар жырау өткір сөзін айтуға дайын отыр. Мына нәрсені көз алдымызға елестетіп көрейікші. Бұқар жыраудан басқа, аса танымал емес, хан да жақсы танымайтын жырау есіктен кіріп келіп, ханға қарап, ауыр-ауыр сөз айтса, хан оның басын алдырып тастауы мүмкін. Ал бұл жерде Бұқар жырауға бәрі сыйымды болатыны, ол сол жүктің бәрін көтеріп отырған тұлға. Сондықтан ол елдің алдында да, халықтың алдында да өткір сөзді айтуға хақысы бар. Ханнан бұрынғы хандарды да көрген адам. Елдің идеологиясы мен мүддесін арқалап отырған сондай тұлғаға  қарап, хан да, қара да түзеледі.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: «Сол заманның этикалық нормасы» деп, жаңа жақсы айттыңыз. Мысалы, мынандай толғауы бар:

«Жал құйрығы жаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз.
Қалың малы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз,
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Жаман қатын алсаңыз,
Топқа кірер ұл тумас», – дейді.

Шәкір ЫБЫРАЕВ: Ағылшындардың ақсүйектері ешкімді араларына кіргізбей келген. Ал қазақ даласында тектілік болмады деп кім айтады? Ханға «тектілігіңді сақта» деп, әйел алу мағынасында ғана айтып отырған жоқ. Хан ретінде тектілігіңде қал дегенді айтып отыр.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Абылай ханның тұсында жер мәселесі қатты ушығып тұрғаны осы Бұқар жыраудың жырларынан көрініс тауыпты. Мысалы: «Поптары болар сазандай, кітабы болар қазандай» дейді. Сосын Абылай хан Бұқардан: «Осы Асан қайғының «қарағай басын шортан шалар» дегені не сөз?» деп сұрайды. Сонда Бұқар жырау: «Әй, хан, сен соны бекер сұрадың. Бірақ, сұрап қалғаннан кейін айтпасқа болмайды», – дейді. Сонда айтқаны:

«Қарағай судан қашықтап,
Шөлге біткен бір дарақ.
Шортан шөлге шыдамсыз,
Балықтан шыққан бір қарақ.
Ойлама шортан ұшпас деп,
Қарағайға шықпас деп,
Күнбатыстан бір дұшпан,
Ақырда шығар сол тұстан», 
– деп айтып салады. Жоғарыда сіз айтып отырған болжаушылық қасиеті бұл. Мұндай адаммен хан, әрине, санасады.

Серік нЕГИМОВ:

«Затсыз, тексіз бір кәпір,
Аузы-басы жүн кәпір.
Жаяулап келер жұртыңа,
Оқалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Есепке жазар малыңды.
Егер шүршіт келмесін,
Егер шүршіт қаптаса,
Алып бір жейді ақтарып,
Қазулы көрден денеңді»,
– дегені тағы бар.

Шәкір ЫБЫРАЕВ: Қазір дипломатиялық қарым-қатынастың арқасында түрлі хаттар жария болып жатыр. Сол құжаттарға қарап отырсаңыз, XVIII ғасырдағы біздің мемлекетіміз өз қазанында ғана қайнап, ештеңені білмей отырған мемлекет емес, әлемде не болып жатыр, жан-жақтағы елдердің жағдайы қалай, бәрін біліп отырған. Этносаралық, мемлекетаралық қарым-қатынас жолға қойылған. Әрі-беріден кейін Абылай ханның жетістігінің үлкен салмағы, қолына қылыш алып, жер қорғағаны емес, дипломатиялық тапқырлығының арқасында мемлекетті сақтады. Сонда Бұқар жырау халықаралық жағдайды білмеуі, мән бермеуі мүмкін бе?

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Жыраулар елдің бірлігін көп айтады. Бұқардың «Керей қайда барасың?» деген атақты толғауы бар.

«Керей қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп?
Сен қашсаң да, мен қойман,
Арғымағым жебелеп», – дейді.
Сосын доқ көрсетеді.
«Мен – арғын деген арыспын,
Азуы кере қарыспын,
Сен – бұзау терісі шөншіксің,
Мен – өгіз терісі талыспын.
Абылай алдында сен бітсең,
Құдандалы таныспын.
Егер Абылай алдында бітпесең,
Атасын білмес алыспын»,
 – деп салмақ сала сөйлейді.

Шәкір ЫБЫРАЕВ: Поэзиядағы өзгермейтін мәңгілік шындық. Аузбіршілігі болса кез келген мемлекеттің болашағы бар. Бұрын да айтылған, қазір де сол мәселе бізде маңызды. Болашақта да солай.

Серік НЕГИМОВ: Шәкіржан айтып кетті ғой, Абылай хан болсын, Бұқар жырау болсын, тіпті Алтын Орда заманындағы хандар болсын, бұлар әлемнің тынысын біліп отырды. Жәнібек ханға біреу келіп: «Сенің би-шешендерің қалай?» – деп сұрақ қояды. Сонда әз-Жәнібек хан: «Менің би-шешендерімнің өнері шаһарлы жұрттардың би-шешендерінен артық», – дейді. Шаһарлы жұрт дегені гректің Демосфені, румның Цицероны баяғы.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Енді хандық өмірмен біте қайнасқан жыраулар өмірінен біздің өмірімізге біртабан жақын Ақтамберді жырауға келейік. Бір толғауын оқып берейінші:

«Атадан алтау туғанның,
Жүрегінің бастары,
Алтын менен бу болар.
Атадан жалғыз туғанның,
Жүрегінің бастары,
Сары да жалқын су болар,
Жалғыздық, сені қайтейін?!.
Жағама қолдың тигенін,
Жалғыздық сенен көремін»,
– деп жалғыздық зарын айтады. Ақтамберді жырау Оңтүстік Қазақстанда туып, еліміздің шығыс өңірінде өмірден өткен. «Күмбір-күмбір кісінетіп» деп Доспанбет жырау айтқан деп те жүрміз. Енді міне, Ақтамберді жырау:

«Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екенбіз?
Күдеріден бау тағып,
Ақ күреуке киер ме екенбіз?
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғай көз,
Сауыт киер ме екенбіз?», – дейді. Осындағы үсті-үстіне төкпелеген бейнелі сөздері қандай? «Омырауы есіктей, ойынды еті бесіктей» дейді. Мұндай образдылық бүгінгі әдебиетте кездеспейді. Көркемдік ерекшеліктері бүгінгі күні де таңдай қақтырғандай. Сосын халықтың арманын айтады. Онда да кедей мен ханның арасындағы жағдайды айтпайды, ұлттық, елдік мәселені айтады. «Құлым бір ұлдай киінсе» деп, елдің жағдайы жақсы болса дегенді көздейді. «Алғидың құба жонына, жайылған қойым сыймаса» дейді. «Абылай қонған кең қоныс, елсіз болар деймісің?» деп айтып тастайтын жері бар. Сол кездегі елдік, ұлттық мәселені жыраулардың жырларындағы түрлі сарындар арқылы да зерттеуге болады екен. Тәтіқараны ақын деп те, жырау деп те айтады. «Түркістанда жүргенде, Тұрымтайдай ұл едің, Үйсін Төле бидің, Түйесін баққан құл едің» дегенді Бұқар жырауға теліп айтамыз. Бұл толғау Тәтіқара ақынның өлеңдерінде де жүр. «Кеше бұл тұрымтайдай ұлы еді-ау, Түркістанда тұр еді-ау. Қызметші болып жүр еді-ау, Үйсін Төле билердің, түйесін баққан құл еді-ау» дейді. Бұл жеккөргендіктен, кемсітейін деп айтқан сөз емес, қайта оның мәртебесін көтерейін деп айтқан сөзі екені белгілі. «Мал бағып жүргенде малшылардан бөлек жүретін едің. Жәй жерге жата кетпейтін едің. Өзіңнің орныңды, тегіңді білетін едің» деп көтермелеудің амалын жасап отыр. Әрине, жыраулар жөніндегі әңгімеміздің таусылар түрі жоқ. Осы арадан түйіндеп берсеңіздер жақсы болар еді.

Серік нЕГИМОВ: Қазақ жерінде бір ұстаным болды. Бірінші ұстаным, «Хан болсын, ханға лайық заң болсын. Абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын. Батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын. Би болсын, би түсетін үй болсын» дейді. Міне, осы төрт ұстаным басымдыққа ие болды. Мемлекеттік тұтастыққа осы төрт қағида қорған болған. Сосын ол кездегі «Жеті жарғы» құқықтық конституциялық құжат болды.

Шәкір ЫБЫРАЕВ: Жыраулардың толғауларында қайталаушылықтың кездесетінін айттық қой. Табан астында шығаратындықтан бұрынғылардың сөзіне сүйеніп айту – дәстүр. Оның бір себебі, ауызша жеткендігінде. Осылардың ішінен дәнін аршып алғандай етіп, сол дәуір сипаты мен жырау толғауы үйлесе ме, идеологиясы, поэтикалық қуат-күші тән бе, тән емес пе дегенді ғалымдар ажыратып алуы керек.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сұхбатымызды: «Абылай, Ботақанды сен өлтірдің, Есіл ер жазығы жоқ, неге өлтірдің?» деген Көтеш ақынның жырымен аяқтағым келіп отыр. Жыраулар түптеп келгенде әлеуметтің мұң-мұқтажынан да алыс кетпеген. Сондықтан да олар ханға да, қара халыққа да аса қадірлі болған.

Жазып алған
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №8
Тамыз, 2017

1 ПІКІР

  1. осындай қазақ жыраулары туралы сұхбат, мақала, әңгіме көптер жарияланса! Тарихты бүге-шүгесіне дейін біле бермейміз. Бірақ, осындай ағаларымыздың сұхбатын оқып, біраз дүниені біліп. тоқып отырамыз ғой.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз