World of dance – жылына бір рет өткізілетін халықаралық би жарысы. Бұл байқауды тек бишілер ғана емес, биге еш қатысы жоқ адамдар да біледі. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам қатысады. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз 23 жастағы Алмас Уромбаев 2016 жылы АҚШ-тың Орландо қаласында өткен World of dance байқауының паппинг стилі бойынша жеңімпазы атанған. Ал биыл Алмас байқауға қазылық етіп қайтты.

Паппинг (ағылшынша Popping) – әуенге сай дене бұлшық еттеріне қысым түсіріп, аздап робот сияқты қимылдау. Ол XX ғасырдың 70-жылдары Американың Калифорния штатында пайда болды. Бұрын «жетілдірілген брейк», «робот», «толқын», «электрик-буги» деген атаумен белгілі болған. Қазір әлемде жеке би стилі деңгейіне жетті. Паппинг қимылында ешқандай шектеу жоқ. Бұл стильді джи-фанк, пи-фанк секілді музыкаларға билеуге болады. Алмас паппингке брейк пен хип-хоптан кейін келген. Арқалықта туылған ол 6-сыныптан бастап биге қызығып, түрлі үйірмелерге бара бастапты.

– 2006 жылы балаларға арналған лагерьге бардым. Онда би кешіне қатысамыз. Әр кеш сайын бізден үлкен брейк бишісі ортаға шығып кешті жандыратын. Барлық қыздардың көзі сол балада. Менен де қыздар солай көз алмаса екен деп, ана жігітке қызғана да, қызыға да қарап тұратынмын. Бір күні сабақтан қайтып келе жатқанымда үй жақтан би класына шақырған хабарландыруды көріп қалдым. Бұл  маған берілген мүмкіндік деп ойладым да, брейк дэнске жазылдым. Ол Қазақстанда брейк дэнстің танымал бола бастаған уақыты. 2008 жылы Ресейден хип-хоп келді. 2009 жылы хаус, ал 2010 жылы паппингтің дәуірі басталды.

Алмас паппингке келгенде осы стиль өзінікі екенін түсінеді. Билеп жатқанда бар денесін мейлінше сезінетінін, баттлдарда кез келген музыкаға сай қимылдай алатынын айтады. 2010 жылдан бері Ресей, Еуропа елдері, АҚШ, Корея, Өзбекстан, Қырғызстанда өткен көптеген байқауларға қатысып, алғашқы қатардан көрінген. Би байқауларына әділ қазы болуға да дәл осы мемлекеттер шақырады. Алмастың ата-анасы оның хоббиіне қарсы болмайды. Үйірмелерге жаздырғанымен, ұлдары әлемдік деңгейдегі бишіге айналады деп ойламаған. Былтыр Флоридада World of dance-ке арналған іріктеуден өткенде Алмас Америкада ғана емес, Қазақстанға да танымал болды. Youtube желісінде оның әр іріктеуде билеген билері, баттлға түскен видеолары көп қаралым жинай бастады. «Қатысушыларға қазылық еткенше, қатысушы болған жеңіл», – дейді.

– Егер қатысушы болсаң, өзің үшін билейсің. Ешкімнің алдында жауап бермейсің. Ал қазылық етсең, барлығы саған қарап отырады. Қандай шешім қабылдайтыныңды күтеді. Кейде менің пікірім көптің пікірімен сәйкес келмей, арада түсінбеушілік пайда болады. Бірақ бәрі ондайға үйренген. Әдетте World of dance байқауы жылына бір рет қана өтетін. Биыл байқаудың екі түрі болып, екі рет өтті. Оның біріншісі – тек екі күнге созылатын, мен қазылық еткен түрі. Оған көбіне кәсіби бишілер қатысады. Алғашқы күні іріктеу өтсе, ертеңіне баттл өткізіліп, жеңімпаз анықталады. Екіншісі – телеарналарда көрсетілетін шоу түрі. Ол екі айға жалғасты. Біздің «Биле, Қазақстан!» сияқты. Онда әділ қазылар алқасы құрамында Дженифер Лопестің өзі болды. Сондай-ақ, ол шоудың продюсері. Екі байқау бір брендтен болғанымен, бір-біріне ұқсамайды, мүлдем басқа. Мені қазылыққа шақырғанға кей сайттар Дженифер Лопеспен қатар отырып, қатысушыларды бағалайды деп жазып жіберіпті.

Алмас қазылық ететін паппинг немесе all styles (барлық стиль) би түрлерінде тек техникаға сүйеніп, музыканы сезінбейтін, одан ләззат алмайтын адамдарды мүлдем ұнатпайтынын айтады. Ең қиыны – әртүрлі би түрінен баттлға түсетін бишілерге баға беру. Ол жерде Алмас көбіне бишінің музыканы сезініп, жақсы билей алуына мән береді екен.

Папперлер (паппинг бишісі) көбіне жалғыздан-жалғыз баттлға түсіп жарысады. Екі биші кезек-кезек қойылған музыкаға билейді. Әуен кез келген сәтте ауысып кетуі мүмкін. Кейде бұрыннан білетін музыкалар келіп қалады. Ол кезде соған билеп жүрген қимылдарыңды билеп кетесің. Бірақ Алмас баттлда қойылуы мүмкін деген музыкаларды іздеуді әлдеқашан қойған. Өйткені, қандай әуен қойылатынын білмей сахнаға шыққанында жақсы билейді екен.

БІЗ ПАППИНГ БИЛЕЙТІН АЛДЫҢҒЫ ТОЛҚЫНБЫЗ

– Төрт жыл бұрын достарымызбен бірге Алматы қаласында Skills деген би мектебін аштық. Онда хип-хоп, паппинг, локинг, вакинг секілді барлық заманауи би түрлерін үйретеміз. Мен айналысатын стильдің қимылдары күрделі болғандықтан, көбіне 14 жастан жоғары балаларды аламын. Ал кішкентайлар паппингтен тез шаршап, жалығып кетуі мүмкін. Сондықтан оларды көбіне брейк дэнске немесе хип-хопқа жіберемін. Алайда, адам белгілі бір би түрін үйренгісі келсе, жасы кедергі бола алмайды. Мәселен, бидің қимылдары мен техникасын тез меңгеріп алатын 5 жастағы балалар бар. Барлығы адамның өзіне байланысты.

Алмастың шәкірттері де қазір әлемдік жарыстарда оза шауып, көзге түсіп жүр. Мәселен, 15 жастағы оқушысы Бішкекке барып, екінші орын алып келген. Ал Қырымдағы іріктеуден өткен тағы бір оқушысы ірі байқауға жолдама алыпты. Алмастың бір жылдан да аз уақыттағы жаттықтырушылық қызметінде бұл айтарлықтай жетістік.

Қазақстанда паппинг стилінен халықаралық ареналарда көрініп жүрген басқа да жастар бар. Олар: Дәурен Айжарықов, Малика Ахметова, Әділхан Көшімбаев сынды алматылық жастар.

– Біз еліміздегі паппинг стилінде билейтін алдыңғы толқынбыз. Сондықтан да Қазақстанда маған бұл би стилін үйрететін адам жоқ. Яғни, бізден кейінгілерге үйрететін де, паппингті ары қарай дамытатын да біз. Сол үшін де мен шетелдерге жиі барып, атақты бишілерден сабақ алып қайтамын. Келген соң оны өз шәкірттеріме үйретемін. Өзім негізгі жаттықтырушыларым ретінде Корея мен АҚШ бишілерін айта аламын. Олардан көп білім алдым.

Алмас күзде Ресейге, қыста Кореяға, көктемде Жапонияға, ал жазда, әдеттегідей, Америкаға баруды жоспарлап отыр.

МАЙКЛ ДЖЕКСОННЫҢ ХОРЕОГРАФЫМЕН КЕЗДЕСТІМ

Алмас 2014 жылы Hip Hop International би байқауына Қазақстан атынан қатысқан еді. Сол кезде ол Майклды сахнадағы айдың жүру мәнері, «толқын», «снейк» секілді барлық би қимылына үйреткен хореографы Бруно Фальконнан сабақ алғысы келіпті. Бірақ оның сәті түспепті. Жоғарыда аталған барлық қимыл Майкл Джексонның биі ретінде танылғанымен, негізінен паппинг пен локингтың элементтері. Бруно Фальконы би әлемінде барлығы Папин Тако деген лақап атпен таниды. Тако – би әліміндегі аңыз адам. Ол тек өзі танитын адамдармен ғана жұмыс істейді екен. Алмасқа Такомен кездесу кейінірек Америкаға оқуға түсіп, World of  dance-ке қатысар алдында бұйырыпты.

– Көп адам ойлайтындай Тако ешқандай да миллионер емес. Ол 53-54 жастағы өте қарапайым адам. Біз оның гаражында жаттықтық. Сол төрт күндік жаттығу үшін мен 30 сағат ұшып бардым. Такомен кездесу үшін оның екі шәкіртімен сөйлесіп алу керек. Солардың біріне фейсбуктен жазып, Папин Такомен кездескім келетінін айттым. Ол шәкірті мені алдыңғы жарыстардан көріп жүргендіктен, Таконың нөмірін жіберді де, ешкімге бермеуімді ескертті.

Папин Тако Алмасты ылғи мақтап отырыпты және оның кейбір қимылын, харизмасын Майкл Джексонға ұқсататынын айтыпты.

АТА-АНАМ БЕРГЕН ЕСІМНЕН АРТЫҒЫ ЖОҚ

Өнер адамдары сахнаға лақап есіммен жиі шығады. Ал Алмас барлық жерде өзінің азан шақырып қойған атымен шығады. Неге лақап ат ойлап таппасқа деген сауалымызға былай жауап берді:

– Мен паппингтен бөлек қосымша DJ-лікпен айналысамын. Бір күні өзімше лақап атпен шыққым келді. Бірақ ортаға мені сол есіммен шақырғанда мені емес, басқа біреуді шақырып жатқандай күйде болдым. Сонан соң лақап ат дегенді қайта қозғаған жоқпын. Алмас деп ата-анам берген есімнен артығы жоқ. 

Паппинг стилі Қазақстанда да дамып келеді. Өткен айда паппингтен Алматыда үш халықаралық байқау өтті. Оған Алмас жеке нөмірмен де, топтық нөмірмен де қатысты.

Алмастың мамандығы – электро-энергетик. Қазір Алматы энергетика және байланыс университетінің магистратурасында оқып жатыр. Бакалаврды да осы мамандық бойынша бітірген. Әзірге биді оқумен қатар алып жүр. Болашақта да электроэнергетик болып жүріп, паппингпен айналысуды жоспарлап қойыпты.

– Егер шын қаласа, барлық нәрсеге үлгеруге болады. Маған өз мамандығым ұнайды. Өзім қалап түстім. Меніңше, бар болғаны инстаграмда азырақ отырып, көбірек еңбек ету керек, – деп күлді Алмас.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2017

 

4 ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз