Спорттық жарыстарға жиі барамыз, бапкерлер мен спортшылардан сұқбат аламыз. Əйтеуір күнделікті өміріміз осы спорттың айналасында өтеді. Сондай кездері талай əңгіменің тиегі ағытылады. Бұл саланың адамдары сөзге сараң болғанымен, бір көсілсе біраз жайтты айтып тастауы мүмкін. Спортта жеңіс ешқашан оңайшылықпен келмейді. Əртүрлі кедергілер болып та жатады. Ал біреулер кəсіби спортпен айналысуды кеш бастайды. Соған қарамастан жақсы нəтижеге қол жеткізетіндері бар. Біз бүгін оқырман назарына өзіміз естіген осындай мысалдардың бірнешеуін ұсынсақ деп едік.

АРТАЕВ ПЕН СӘРСЕКБАЕВ ҚАЛАЙ ЧЕМПИОН БОЛДЫ?

Кейде спорттың басы-қасында жүрген басшылар мен оған жауаптылардың салғырттығы салдарынан қарапайым құжат мəселесі де үлкен дауға айналып жатады. Мысалы, 2004 жылы Афины Олимпиадасында жалғыз алтынға ие болған боксшы Бақтияр Артаевтың жеке бапкері Нұрлан Ақүрпековтің сол жолы аккредитациялық картасы болмапты. Мұндай ірі дода кезінде еркін жүріп-тұру үшін міндетті түрде мойынға асып жүретін аккредитация қажет. Əйтпесе, сен ол жерде ешкім емессің. Бірақ Ақүрпеков олимпиада қалашығына кіре алмаса да, Қазақстаннан көшіп кеткен бір гректің үйінде тұрып-ақ, шəкірті үшін барлық кедергіні жеңе біледі.

2004 жылы боксшылар Афиныға Олимпиаданың басталуына 10 күн қалғанда ұшып барады. Солай климатқа бейімделуді көздейді. Бір қызығы, Қазақстан құрамасының сапындағы 3 бапкерге аккредитациялық карта жасалмаған.  Соның ішінде болашақ чемпионның бапкері Ақүрпеков те бар. Сол себепті, оны Олимпиада қалашығына кіргізген жоқ. Оның үстіне, ол кезде жеке жаттықтырушының шаршы алаңға шығып, нұсқау беруі қарастырылмаған. Спортшыны ұлттық құраманың бас бапкері мен аға бапкер алып шығатын болған.

Ақүрпеков шəкіртіне нұсқауды трибунада отырып-ақ айта береді екен. Мысалы, жартылай финалда Бақтияр екі дүркін Олимпиада чемпионы Олег Саитовты жеңгені есімізде.

– Күн сайын белгілі бір уақытта Бақтиярға келіп-кетіп тұрамын. Шамам жеткенше ақылымды айтып, əдіс-айлаларды көрсетемін. Менiң секундант болуға құқым жоқ, шымылдық сыртында дайындаймын да, көрермендердiң ортасына барып отырамын. Олимпиада басталғаннан ырымдап, бiр қатардан жетiншi орынды таңдап алғанмын. Жартылай финал күні соған келсем, бiр немiс отырып алыпты. Ымдап түсiндiрдiм, немiс дереу босатып бердi. Оны да жақсы ырымға баладым, – дейді Нұрлан Ақүрпеков «Жас қазақ» газетіне берген сұхбатында. Дəл осы жағдай 4 жылдан кейін Пекин Олимпиадасында Бақыт Сəрсекбаевтың жеке бапкері Кəрім Махмудовтың басынан өтеді. Ақүрпеков секілді Махмудов та 2008 жылы шəкіртіне ақыл-кеңесін трибунада отырып айтады.

Сəрсекбаев финалда кубалық боксшымен кездескен еді. Бостандық аралының финалға 4 боксшысы өткенімен, алғашқы үшеуі жеңіліп қалған. Соңғы үміт Бақытпен жолыққан Карлос Бантеурада болатын.

– Кубалық Сəрсекбаевтың іштен көп соққыны жасайтынын күткен жоқ. Екінші раундтан кейін Бантеура есепте алда тұрған. Бірақ Баха бұдан кейін тізгінді өз қолына толықтай алды. Менде аккредитация болмады. Сондықтан секундант ретінде шаршы алаңның жиегінде отыра алмадым. Барлық ақыл-кеңесімді трибунада отырып айтуға тура келді. Баха айқайлап айтқанымның бəрін бұлжытпай орындап отырды. Қасымда ресейлік жанкүйерлер болған еді.  Олар таңданыстарын жасырмады. «Шаршы алаңда жұдырықтасып жатқан боксшы сізді қалай тыңдайды? – деп сұрады. Оларға Бақыт менің шəкіртім екенін айттым, – дейді К.Махмудов.

69 келідегі екі алтынымыз осындай қиындықтармен келгенін ел есіне бір салып қоюды жөн көрдік.

 МАНЮРОВА КҮРЕСПЕН 23 ЖАСЫНАН БАСТАП АЙНАЛЫСҚАН

Қазақстанға екі бірдей Олимпиада ойындарының жүлдесін əперген балуан қыз Гүзел Манюрова күреспен 23 жасынан бастап қана айналысқан.

– Мен күреске кеш келдім. Тек 23 жасымнан бастап боз кілеммен дос болдым. Оған дейін ветеринарлық академияда оқып диплом алдым, айкидодан қара белбеуге қол жеткіздім. Кəсіби спортшы атанғанша өмірім басқаша еді. Ал қазір күрес – өмірімнің ең маңызды кезеңдерінің бірі. Шамамның жеткенінше күрестен алыстамауға тырысамын, – дейді Г.Манюрова.

Бір қызығы, Гүзел күреске кеш келсе де, нəтижесі көп күттірмейді. Екі жылдың ішінде Олимпиада ойындарының күміс жүлдесі мен Еуропа чемпионатын жеңіп алады. Сондықтан спортпен айналысу ешқашан кеш емес. Бастысы, ниет болса жеткілікті.

АУЛА ФУТБОЛЫНАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАҒА ДЕЙІН…

Командалық спорт түрлерінде де мұндай мысалдар жетерлік. Көкшетаудың «Оқжетпес» командасында өнер көрсететін қорғаушы Александр Марочкин ала доппен айналысуды  22 жасында бастаған.  Əдетте футболшылар мұндай жаста өздерін дəлелдеп үлгеріп жатады. Мəселен, аргентиналық Лионель Месси алғаш рет «Алтын допқа» 22 жасында қол жеткізген.

– Алғаш рет 2012 жылы 22 жасымда Алматы облысы, Өтеген батыр ауылының «Іле-Сəулет» командасында ойнадым. Өзім сол ауылдың тумасымын. Оған дейін ешқашан футболмен айналысып көрмегенмін. Жұмыста жүргенде аптасына 1-2 рет балалармен ойнап тұратыным болмаса. Мені 2011 жылы байқаудан өтуге шақырды. Шын айтсам, алғашқы жаттығуда ештеңе қолымнан келмеді. Командадағы футболшылар секілді пас бере алмаймын, өйткені аулада ойнап өскен баламын. Келесі күні жаттығуға өзім келмедім. Ыңғайсыздау көрінді. Футболшы болу қолымнан келмейді деп ойладым. Сөйтіп, жаттығуды тастап, тек көрермен ретінде матчтарға барып жүрдім. 2012 жылы мені қайтадан шақырды. Бұл жолы бұрынғы қателіктерден сабақ алып, жаттығуға бейімделе бастадым. Қыста команда бастығы келісімшарт ұсынды. Уақыт өте келе допты түзу тебетін болдық. Бас бапкер Андрей Ферапонтов жайлап, ойынның соңғы минуттарында алаңға шығаратын болды. Маусымның аяқ жағындағы 4 ойында негізгі құрамда өнер көрсеттім. Сол жылы «Іле-Сəулет» бірінші лигада чемпион атанды. Кейіннен Ақтаудың «Каспий» клубына ауыстым, ал бүгінгі таңда «Оқжетпестің» қорғаушысымын, – дейді А.Марочкин.

Биылғы жылы Александр Марочкин ұлттық құрамаға шақырту алды.

ЖҮРЕККЕ СҰҒЫЛҒАН ПЫШАҚТАН АМАН ҚАЛҒАН БЯКОВ

Футболдан ЕУРО-2008 іріктеу кезеңінде «А» тобында бес доп соғып, Криштиану Роналдудан кейін үздік сұрмерген атанған Дмитрий Бяковтің тағдыры тіпті күрделі.

Дмитрий Бяков 1978 жылы 9 сəуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Балтабай ауылында дүниеге келген. Ауылда баскетбол ойнап жүрген Дима футболдан балалар бапкері Рафик Наргиповтың көзіне бірден түседі. Баланың бойындағы талантты байқаған бапкер ата-анасына айтып, баласын футболға беруге көндіреді. Есік қаласы Диманың ауылынан бірнеше шақырым қашық болатын. Күнде жаттығуға келіп тұратын ақшасы болмағандықтан, барлық шығынды Наргипов өз мойнына алады. Рафик Хамидович Диманың аудандық, облыстық турнирлерге қатысуына мүмкіндік жасайды. Баланың тəжірибе жинауы үшін қолынан келгенін аямайды. Бірақ, кейіннен Бяков өзін үлкен футболға үкілеп қосқан бапкерінен бас тартады. Осыдан соң, Алматыдағы Евгений Кузнецов басқаратын мектеп-интернатқа қабылданады. Қаладағы əжесінің үйінде тұрып, осы мектепті бітіріп шығады. Мектептен кейін əскер қатарына шақырылады.Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін қалалық біріншілікте Дмитрий Огай, Вахид Масудовтың көзіне түседі. Алдымен 1997 жылы «Қайраттың» қосалқы құрамына алынады. Содан соң, негізгі құрамға шығарады. Алматыда Степногор қаласының «Химик» командасына қарсы өзінің дебюттік кездесуінде 90-минутта жеңіс голын соқты. 1998-2000 жылдар аралығында 46 ойын өткізді. Гаджи Гаджиевтің шақыруымен 2001 жылы Махачкала қаласының «Анжи» командасына ауысады Бірақ, Дағыстандағы сапары ерте аяқталды. Өйткені, «Қайратқа» қайта оралсын деген бұйрық келеді. Екі жылдан соң ол «Ақтөбе» командасымен келісімшартқа отырады. Өкінішке қарай, батыс командасына ауысқан жылы сəтсіздікке ұшырайды.

Оқиға былай болған: 2003 жылы 9 сəуірде 25 жасқа толған туған күнін Алматының бір мейрамханасында достарымен жəне «Қайратта» ойнаған футболшылармен атап өтеді.Дəл сол күні «Қайраттың» тағы бір шабуылшысы Əлібек Бөлешовтің де туған күні болатын. Олар басқа жерде тойлап жатқан. Осыдан соң, бір-бірімен хабарласып, достар ортақ тойлауға келіседі. Алматының танымал мейрамханасында бас қосқан қос туған күн иесі мен олардың достары отырыстан соң үйлеріне тарай бастады. Барлығы сыртқа шығады. Бірақ, Бяков кешігеді. Сөйтсе, көрші бөлмеде төбелес болған. Төбелеске қатысқандардың бірі ең соңынан шыққан Диманың дəл жүрегіне пышақ сұғады. Төбелесті ажыратуға барған тағы бір футболшы Ерлан Жауғашов та сол жерде жарақат алады. Қаладағы ауруханалардың біріне Əли Əлиев өзінің жеке көлігімен жеткізеді. Футболшы екі ай ауруханада жатып шықты.

Жарақатынан айығып шыққанымен, денесінде жараның орны қалып қояды. Тағдырдың бұл соққысынан əзер есін жинаған ол алдымен жеке жаттығуларын жасай бастайды. Бірнеше айдан кейін футбол алаңына оралады. Бірақ, əуесқой деңгейде. Кейіннен үлкен футболға қайта оралуға шешім қабылдайды. Алдымен Қарағандының «Шахтерінде» тəуір өнер көрсетті. Сол кезде «кеншілердің» бас бапкері Вахид Масудов болатын. Диманың өмірінде елеулі рөл атқаратын бұл бапкердің көп көмегі тиген еді. Ал келесі жылы ел біріншілігін «Астананың» сапында бастайды. Команданың бас бапкері Арно Пайперс ұлттық құрамамен бірге «қос кеменің басын» бірге ұстап жүрген болатын. Клубта табысты өнер көрсетіп жүрген футболшысын Арно ұлттық құрамаға да шақыра бастайды. Сол жылы елордалықтар қарқыны қатты «Ақтөбені» басып озып, ел чемпионы атанды. Бұл Бяковтың Қазақстан чемпионатындағы алғашқы «алтыны» болды. Ал Еуро-2008 чемпионатында Бяков өзінің мергендік талантын көрсете білді. Шынын айту керек, ұлттық құрамада бүгінгі таңда Дима секілді гол соғатын футболшы жоқ.

P.S. Спортта алдыға мақсат қойған адам үшін уақытша қиындықтар ешқашан кедергі емес. Жас ұрпаққа соны түсіндіру үшін осындай мысалдарды келтірдік.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №43
24.10.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз