Вьетнам әуе толқынында қазақ әуендері қалықтайды

Бұл пікір Азия мен Еуропаның білікті медиаменеджерлерінің қатысуымен Астанада өтіп жатқан «Азияның медиа диалогы» форумы аясындағы  тараптар кездесуі барысында айтылды. «Qazaq radiolary» ЖСШ-нің бас директоры Мәди Манатбекұлы мен Вьетнамдық VOV3 музыкалық арнасы директорының орынбасары Mr.Tran Nhat Duong бастаған топ жетекшілері алдағы уақытта бірлесе атқаратын өзара тиімді жобаларды талқылап, екі жақты ынтымақтастық  меморандумына қол қоюға келісті.

Енді келешекте қазақтың күйлері мен халық әндері Вьетнам радиосының әуе толқынында әуелесе, біз Қазақ радиосы арқылы мәлім де беймәлім виет елінің әуенін тыңдайтын боламыз. Тараптар сонымен қатар мәдениет пен туризмді дамытуға бағытталған тың жобалар әзірлеуге уағдаласты. «Вьетнам радиосы «Қазақ радиолары» серіктестігі секілді әлеуметтік және қоғамдық бағытта жұмыс істейді екен. Олар да радиоларын сан салаға жіктеп-жіліктепті. Вьетнамдықтарды біздің ұлттық және классикалық музыкамыз қызықтырып отыр. Ал, бізге олардың туризм бағытындағы бағдарламасы керек. Өйткені, Вьетнам — Қазақстан үшін әлі толық танылып үлгермеген ел. Сондықтан, екі елдің радиолары мәдениет және саяхат саласын қал-қадерінше дәріптеуге келістік», — деді «Qazaq radiolary» ЖШС-нің бас директоры  Мәди Манатбекұлы.  Өз кезегінде ойын ортаға салған  VOV музыкалық арнасы директорының орынбасары Mr.Tran Nhat Duong мырза: «Біз қазақ елінің төрінде табысты келісім жасағанымызға қуаныштымыз. Құшақ жая қарсы алғандарыңызға айтар алғысымыз шексіз. Болашақта осы кездесудің қорытындысы бойынша екі тарап ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоятын болады. Бұл құжат — екі елдің мемлекеттік радиолары арасындағы байыпты байланыстың берік іргетасы болып қаланатынына сенімдіміз. Екі жақты келісім болашақта мәдениет пен туризмнің дамуына өзіндік септігін тигізеді деп ойлаймыз. Кездесуге шақырғандарыңызға рахмет! Келелі кеңес құрған кездесу қорытындысы бойынша көп күттірмей бірлескен жұмысты бастауға кірісеміз»,- деп шынайы ризашылығын білдірді.

Елордада «Азияның медиа диалогы» форумы басталды

Шараға Азия мен Еуропаның атақты медиаменеджерлері қатысуда. Форум шілденің 10-12-сі аралығында өтеді. Үш күнге жалғасатын жиында әлемге танымал журналистер мен телерадио басшылары өзара тәжірибе алмасады. Форум бірнеше бағытта өтеді. Оның біріншісі – «Азия елдеріндегі Радио», «Медиа 2020». Оның екеуі – диалог алаңы. Қатысушылар Азиядағы радионың дамуын бөлек қарап жатыр. Біз панельдік сессияға қатыстық. Отырыста мамандар радионың бүгіні мен келешегін талқылады. Шетелдік мамандар аудиотория жинау, тыңдармандарға қызықты хабарлар дайындаудың қыры-сырымен бөлісті.

Әсіресе радиоадағы таңғы шоу бағдарламаларды дайындау жайы сөз болды. Форумға Бельгия, Германия, Жапония, Қытай, арабтың хабар тарату қауымдастығы, Үндістан радиосының өкілдері арнайы келді. Медиамамандар телекөрермен мен радиотыңдаушыны қызықтырудың  жаңа әдісін талқылайды. Қатысушылар телерадионың жаңа форматын қалыптастырудағы жеке тәжірибелерімен бөліседі. Және технологиялық модернизация жасау жайы сөз болмақ. Жалпы айтқанда Еуропа мен Азиядан 40 мемлекеттің өкілі бас қосады. Ресми шаралар аяқталған соң, «ABU Radio Song Festival» деп аталатын радио фестиваль өтеді. Онда отандық және шетелдік жас әншілер өнер көрсетеді.

Түрік бауырлармен бірлесіп жұмыс істеуге
алғашқы қадам жасалды

«ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» мен Түркия радиоларының басшылары «Азияның медиа диалогы» форумы аясында кездесу өткізді. Жиын барысында екі елдің алдағы уақытта әдеби-мәдени қормен, маңызды тәжірибемен алмасуы туралы жоспарлар талқыланды. Сонымен қатар, түркі дүниесіне ортақ, тамыры терең туындыларды жандандырып, радио әлеміне алып келу көзделіп отыр. Түрік радиолары басқармасының басшысы – Ахмет Акчакая өз кезегінде «Қазақ радиолары» қызметкерлерін өз елінде қарсы алуға дайын екендігін жеткізді. Қазақ радиосы «Қайырлы таң, Қазақ елі» бағдарламасының тікелей эфирінде қонақта болған Ахмет бей: «Бүгінгі эфир өте жақсы өтті. Тыңдаушылар тарапынан толассыз әрі қызықты сұрақтардың түсуі мені өте таңқалдырды. Мұндай қызығушылық қазақ халқының түрік мәдениеті мен тыныс-тіршілігіне деген құрметі деп білемін», — деп өз ризашылығын жеткізді. Дүниежүзілік деңгейде жұмыс істейтін түркиялық теле-радио құрылымының тәжірибесі біз үшін аса маңызды. Талғамы биік тыңдаушыларды бірден баурап алатын ірі жобалар мен хабарлар бізді қызықтырып отыр.

Ахмет Акчакаяның айтуынша олардағы радиоөнімнің 40% телевизиялық жобалармен бірігіп жасалатын хабарлар. Сондай-ақ, елдегі ең танымал театрлардың пьесалары тыңдарманға дубляждалып, радиодрама нұсқасында ұсыналады екен. Кездесу соңында түркі халықтарына ортақ радиофестиваль мен радиожурналистердің мәртебесін көтеретін ортақ сыйлық ұйымдастыру туралы ұсыныс айтылды. Түркиялық ТРТ құрамындағы түрік аспаптар оркестрінің шағын тобы бүгін кешке, яғни 10.07.2018 сағат 21:00-де «Қазақ радиосы» «Ән салlike» бағдарламасының тікелей эфирінде өнер көрсетеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз