«Ой біздің оқ, біздің оқ
Атқан оқтан айналдым
Түскен оқтан айналдым
Төлеген сенде арман жоқ,
Төлеген сенде арман жоқ», – деп Төлегенді бірінші болып құттықтаған Шегенің өлеңі еді бұл. Қос бұрымын жайып жіберіп, көзін байлайтын Қыз Жібек. Екінің бірін таңдап, садаққа салып, жебе түскен жерге отау тігуге серт еткен. Жібектей аруды қолына қондырған, Шегедей азаматты жолдас еткен Төлегеннің шынында арманы жоқ еді. Онысын дүйім жұртқа жайған Шеге рөліндегі Əнуар Молдабеков тірі болса, биыл 80 жасқа толар еді. Өмірінің соңына дейін сахнасынан түспеген М.Əуезов театрының биылғы «Театр көктемі-2018» фестивалі Қазақстанның халық артисі Əнуарбек Молдабековтің 80 жылдығына арналды. Сырласу бұрышында жан досы Асанəлі Əшімов, Сəбит Оразбаев, театр директоры Асхат Маемиров сөз алды. Театр музейінің ұйымдастыруымен актерге арналған көрме қойылды. Артистің жары актриса Баян Имашевамен əңгімелесудің сəті түспей, бір аптадан соң театрға қайта бардық.

Баян апай келгенше Театр музейіне барып актердің папкасын қарай тұрайын дедім. Музей қызметкері Қымбат апай Молдабеков жайындағы бар дүниені алдыма əкеліп салды. Папканың ішінен сырты қоңыр блокнот көзіме түсті. Ашсам, кілең кейіпкердің сөздері. Қобыландының, Абайдың айтқандарымен толыпты блокнот. Актердің қолтаңбасы əдемі екен. Блокнотты соңғы жағынан ашып қарасам, толған есеп. Сірə, басында студенттің дəптері болғанға ұқсайды. Баян апайдың келгенін естіп, грим бөлмесіне бардым. Салиха Қожақова апай «Отыз ұлың болғанша…» қойылымына дайындалып жатыр екен. Кезінде театр жанындағы актерлік студияда оқып жүргенде Баян апай екеуі бір бөлмеде тұрып, бір көрпе жамылған екен. Содан бері қоян-қолтық араласып келеді. Одан Нүкетай Мышбаева апай келе жатты. Біздің апайды көрді де айналып-толғанып: «Жақсысың ба, əй? Ауырып қалған жоқсың ба?» – деп сұрақтың астына алды. Баян апамыз да саспайды: «Сені көрген соң, қалай жақсы болмайын?» – деп көтермелеп қояды. Біраз қалжыңдасып, ол кісі де грим бөлмесіне кетті. Диванға жайланып отырып алған соң, əңгімені актердің балалық шағынан бастады.

– Негізі оның есімін басында Əмірхан деп қойған. Кейін өзге ұлттың есімін қойса, артынан бала келеді деген соң Андрей деп өзгертіпті. Айтқанындай-ақ Қуанышбек есімді інісі дүниеге келді. Құжаттағысы сол. Бірақ бəрі Əтəй деп атап кеткен. Алматыға келіп опера əншісі Əнуарбек Үмбетбаевты көріп, Əнуар болып кетіпті. 1938 жылы Алматы облысының Іле ауданында дүниеге келген. Атасы Молдабек Алматы облысында болыс болыпты. 32 жасында көре алмайтындар у беріп өлтірген. Əжесі 28 жасында төрт баламен қалыпты сонда. Мен келін боп түскенде 90 жаста-тын. Өзі қуыршақ сияқты кісі. Əнуар кішкентайынан неше түрлі нəрсені ұйымдастырып жүреді ғой. Əжесімен қатты ойнайды екен. Əжесінің көзі нашар көреді. Үйдің жанында жүгері өсіп тұратын дейді. «Ішіне кіріп алып бұқа құсап мөңіреймін келіп. Əжем «əруақ атқыр» деп таяғымен жетіп келеді. Ана жақтан бір, мына жақтан бір мөңіреп даусымды шығарамын. «Жеп қойды-аужүгеріні, жеді-ау», – деп əжем ойбайға басады. Бір уақытта шаршап, құлайды. Келемін дағы: «Ойбай, апа не болды? Бұл жатқаныңыз не?» – деп көтеріп алып, төсегіне жатқызамын. «Ойбу, сен қайда жүрсің? Əлгі бұқа бар жүгеріні жеп кетті», – деп күйіп-піседі». Көзі нашар көретінін пайдаланып, нан илеп отырғанында жүнді ақырын жанына қойып кетеді екен. Əжесі онысын нанмен бірге илеп жібереді. Оның бұзықтығы бұл ғана емес. Əкесі мұғалім, шешесі дүкенші болған. Түн екен деп ойласын деп таңға жуық барлық перделерді жауып, қымтап, шам жағып қояды. Бір кезде онысын ұмытып, сыртқа шығып кетеді. Келсе, үйдегілердің бəрі əлі ұйықтап жатыр. Дереу перделерді ашып, əжесін тұрғызып «апа, шамды өшіруді ұмытып кетіпсіз ғой» деп бар кінəні əжесіне аудара салыпты. Перделерді ашқаны оған əжесінің бойы жетпейтінінбіліп, ұсталып қалмайын дегені екен. Ой, Əнуармен жүрсең қызыққа қарық болатынсың, – деп Баян апай рахаттанып күліп алды.

«ЕШҚАЙДА БАРМАЙМЫН, САҒАН ҮЙЛЕНЕМІН»

Спорт мектебіне барып, боксқа қатысқан. Ондағы хор үйірмесіне де барады екен. Консерваторияға əнші боламын деп барған. Жылысбаевтың класына түскен. Бірақ Тоқпанов көріп қалып, өзінің класына алып алады. Бірінші курсында екеуі сөзге келіп қалып, оқудан шығарып жіберген. Одан біз оқып жүрген театр жанындағы студияға Əзірбайжан Мəмбетовке келді. Ақша табу үшін археологтардың көмекшісі болыпты. Күннің астында жерді қазып тапқан жəдігерлері щеткалайды екен. Бізге келгенде қап-қара болатын. Мен шошып кеткенмін. Жатақханамызға дейін төрт қызды шығарып салады. Сонда жанымдағы қыздардың бəрі Əнуарды жақсы көреді екен. Менің ойымда түк жоқ. Мінезім біртоға, ешкіммен бірінші болып араласпаймын. Басында жəй дос болып жүрдік. Оқуымыз аяқталған соң, Алматыға театрға қалдырмайтын болып сол құраммен Қарағандыға баратын болдық. Əзірбайжан аға Əнуарға Мəскеуге бар деді. Өзі жас отбасы бола тұра ақша берді. Мен үйіме барып, əкеме Əнуардың суретін көрсеттім. Қарағандыға аттанарда əкем ақша берді. Қуанып, оны Əнуарға апарып бердім. Қарағандыға жетіп, театрға барсақ, Əнуардан жеделхат келіп тұр. Мəскеуге бармай, бізге қарай тартыпты. «Əй, оқу қайда? Неге келдің?» десем, «ешқайда бармаймын, саған үйленемін» деп тұр. Сол кезде-ақ шаңырақ көтердік. Ал қалған ақшаның бəріне Бетховен секілді композиторлардың шығармасы бар күйтабақты үйіп алыпты. Басқа ештеңе алмаған.

Өзім оныншыға дейін жалғыз өстім. Əкем колхоз төрағасы болды. Үйде келіндері бар, бəрін солар істейтін. Солай өскен мен не картоп қуыруды білмеймін, не үйді қатырып тазалай алмаймын. Əнуар бəрін істейтін. Кірді де жуып тастайды, газ, ыдыс-аяқтың бəрін жарқыратып қояды. Мен үй шаруасының бəрін Əнуардан үйрендім. Мені ешқашан атыммен атамайтын. Алтыным дейтін. Ол бар тамақты жасай беретін. Менің білетін тамағым суға етті саламын. Əнуар айтқандай екі, екі жарым сағаттан соң шанышқы салып, ол етке тез кірсе пісті деп, дайын кеспені сала саламын.

«БІР ҰЛЫМЫЗ, ЕКІ ҚЫЗЫМЫЗ БОЛАДЫ»

Дос болып жүргенде біздің екі қыз, бір ұлымыз болады дейтін. Мен оған тұрмысқа шығамын-ау деп ойлап жүргем жоқ. Айтқанындай Құралай, Қарлығаш есімді қыздарымыз, Ермек есімді ұлымыз бар. Бəрінің есімін өзі қойды. Кенжеміз Қарлығаш дүниеге келерде ұл болады дедім. Түс көрдім деймін. Əкем маған жылтыр шапан ұсынып тұр екен. Əнуар қыз болады дейді. Түсінде үйдің бұрышында қарлығаштың ұясы бар екен дейді. Онда жаңа ғана кіп-кішкентай қарлығаштың балапаны жұмыртқа жарып шығыпты. Сонда оянып кеттім дейді. Айтқаны келіп, қызымыз дүниеге келді. Ал əкем берген жылтыр шапан қыздың шапаны екен. Құралай актриса, Ермек режиссер болғысы келетін. Оларын мен жақтырмадым. Қалжыңбас əкесі тұңғышымызға: «Сен сонда кімнің рөлін сомдайсың? Қобыландының ба, Алшағырдың ба?» – деп ішек-сілемізді қатыратын. Құралай өзі денелі келген. Оқуға тапсыруға барыпты. Асанəлі қазылар алқасында болған екен, қызымызды мақтап келді. «Мынауский» артист болады деді. Бірақ одан да үлкен кісілер Молдабековтің баласы болғаны үшін «екі» қойып, құлатып жіберген. Кейін саудамен айналысып кетті. Ермек режиссурада бір жыл оқыды. Біз ұнатпаған соң, оқудан шығып, «ешқандай оқу оқымаймын» деп құрылысшы болып жүрді. Ақыр соңында инженер-құрылысшы мамандығын бітірді. Сегізінші сыныпқа дейін қалада оқып, қалған екі сыныпты ауылда аяқтаған. Ауылдан алып келеміз, қайта қашып кетіп қалады. Əкесі ауылдан пойызға отырғызып, шығып, купеге қайта кірсе, байқатпай сыртқа зып беріпті. Пойыз жүріп бара жатқанда сырттан əкесіне «пока, пока» деп қол бұлғап тұр дейді. Сонан кейін еркіндік берейік деп балаға тимедік. Қарлығашты қатты жақсы көрді. Қайда барса да, сол жақтан киім əкеп беретін. Теледидардан Əнуардың кездесуін көріп отырғанбыз.

Неге екенін сұр кəстөмін киіп барыпты. Онысы өзін толық етіп көрсетеді. Қарлығаштың тілі шығып келе жатқан кез, əкесін экраннан көрді де «туһ, əкем табақтай болып отыр ғой» дегені. Содан кейін күнде жүгіріп, арықтады. Қызының бір сөзіне бола кірісіп кеткенін айтамын да. Күніне төрт киім ауыстыратын. Қарлығаш та мектеп бітіргенше тамақ ішкенге дейін бір, ішкеннен соң екінші киімін киіп алатын. Оған өзінше сөйлеп қоятын əкесі. Өзінен аумай қалған қызы ғой. Жүрген жерінде күлкіге қарық боп отырамыз. Үлкен қызы одан бетер. Ішек-сілемізді қатырады.

Əнуар кино мен қойылымнан қолы босай қалса үйде болады. Балалары десе, жаны қалмайтын. Маған сөйлеткізбейтін. Еркін өсір, өзі білсін дейтін. Менің əжем қолымызда тұрды. Əжем мен балаларды ертіп, қаланы аралап шығатын. Əжеме үйіп-төгіп киім əпереміз. Ауылға барғанда алтындарын тағынып, бешпетін киіп, ауылдың кемпірлерін өзінше менсінбей отыратын.

Тамақ ішсе де, жəй отырса да іштей рөліне дайындалып жүретін. Əнуардың дауысы зор болатын. Бір күні автобуста іштей Қобыландыға дайындалып отырыпты. Батырдың ақыратын жерінде орнынан атып тұрып айқайлап жіберген. Бүкіл автобус артқа қарай жалт қарайды. Ол мен емес деп ойласын деп артына қарай салыпты. Сөйтсе ең соңғы орындықта отыр екен. Əнуарды бізден кейінгі буын қаумалап жүретін. Өзінше оларды «менің солдаттарым» деп атайтын. Үйден қонақ үзілмейтін. Əнуар Боранбайдың сахнада шал болып ертегі айтатын рөлі бар. Соны шығара алмай қойыпты. Бір күні оны үйге əкеліп, өзі жеке дайындап шықты. Ал «Қыз Жібек» фильмінде Төлегенді шығару үшін Құман Тастанбековты үйге ертіп əкелетін. Оның тілі орысшалау болғандықтан əр сөзді дұрыс айтуды үйретіп отыратын. Құман сондай жақсы азамат етеді. Ол да қайтты. Екеуі осы фильмнен соң қатты сыйласып кеткен еді.

Əнуар соңғы он жылда тұқым қуалайтын қант диабетімен ауырды. Өзі тынымсыз еді ғой. Таңнан кешке дейін театрда, одан қала берді радиоға барады, «Қазақфильмі» бар. Ал ондай ауруы бар адамға тыныштық керек, диетамен жүруі қажет. Мен тамағын театрға алып барамын. Сонда сонша жыл ауырғанын ешкімге білдірген жоқ. Əзірбайжан Мəмбетовтың өзі қайтыс болған соң барып білді. Ауруынан 47 жасында өмірден өтті. Ой, Əнуардың қызығы таусылмаушы еді… Қайран кездер-ай…

Ермек Əнуарұлы «Жас Алашқа» берген сұқбатында əкесін былай еске алыпты:

– Кішкентай кезімде кептерді қатты жақсы көрдім. Бірде көрші үйде тұратын ағайдың кептер бағатынын байқап қалдым. Сұрап көріп едім, бермеді. Содан «көрсетпей алып кетсем» деген ой келді. Қолыма тістеуік, тағы біраз құралдар алып, сол үйдің шатырына шығып едім, кептерші ағай ұстап алды. Дереу тəртіп бөліміне апарды. Ондағылар үйге хабарлады. Мен жылап отырмын. Бір кезде əкем келді. Бəріне асықпай амандасып шықты. Мені көрмегенсіп тұр. Сосын үстел үстінде жатқан құралдарға қарап: «О, мынау біздің үйдің заттары ғой. Мұнда қайдан жүр?» – деп таңданды. Қазір ойлап отырсам, əкем жағдайды мейлінше жұмсарту үшін солай істепті. Ал милициялар əкеме таңданды. «Балаңызды қамаймыз» деді. Əкем түк болмағандай «қамасаңдар, қамаңдар» дейді. Сосын мені үйге алып қайтты. Түк те ұрысқан жоқ. Ұрысса қырсығып кетер ме едім. Бірақ осыдан кейін өзгенің затына қызығу дегенді мүлде қойдым.

Театр қайраткері Сəбит Оразбаев Əнуар ағаны басында ұрдажықтау біреу екен деп ұнатпай жүріпті:

– Аз ғана ғұмырында сонша образ жасап кеткен Əнуар еді ол. Басында бұл баланы түсінбей жүрдім. Өзі бір əңгүдіктеу, сөзді қойып кеп қалатын жігіт еді. Содан ұнатпай жүретінмін. Қасында жүрген Асанəліден «мынауың қандай еді өзі?» деп сұраймын. Бұл күлді.

«Мен де солай ойлағанмын. Бірақ ол жаман адам емес. Жаман актер болмайды» деді. Араласып жүріп, Əзекеңнің адамшылығына, жеткен биіктеріне куə болдым. Таңғаласың. Бар бітірген оқуы үш жылдық театр жанындағы студия ғана. Оқуды бітіре сала Əзірбайжан ағадан, Жантөриннен білім алса да Қарағандыға кетіп қалды. Бұл неге кетіп қалды десек, оның өзі ойлану, өзін-өзі дамыту кезеңі екен. Онда барып Қобыландыны, Кебекті ойнады. Ойнаған жоқ, образ жасады. Алматыға есеп беруге жан-жақтан театрлар келетін. Оның образдарын көрген Əзірбайжан аға «вот, идиот» деді. Жақсы көргеннен айтқаны. «Біздің Əуезов театрында жүрсең, көптің бірі болар едің. Қарағандыға барып, қандай кейіпкерлер жасадың! Енді сенжөнінде ойлануға болады», – деді. Кейін Мəскеуге барды. «Ваня ағайды» қойды. Орыс артистерінің өзі зорға шығарып жүрген кейіпкерді біздің Əнуар өте жақсы алып шықты. Сонда олар «мұндай актерді қайда тығып жүрсіңдер?» деді. Əнуар сонда қатты қуанып еді.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №19
8 мамыр 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз