Соңғы кездері көзге түсіп жүрген қазақ футболшыларының арасында Бауыржан мен Еркебұлан деген есім жиі кездеседі екен. Соларды бір еске түсіріп көрсек.

Бауыржан Исламхан («Қайрат», 25 жаста)

Ұлттық құрамада – 34 ойын, 2 гол

Чемпионатта – 27 ойын, 3 гол

 

«Тараз» футбол мектебінің түлегі. Ерте танылған ойыншы. 2011 жылы кәсіби карьерасын бастады. Бірнеше айдан кейін-ақ «Тараз» клубын капитан ретінде бастап шықты. Исламханның талантын байқатқан Ресейде өтетін «Достастық» кубогы болды. Екі жыл қатарынан жоғары деңгейде ойнап, жанкүйерлердің сүйініспеншілігіне бөленді. Сондай-ақ Ресей және Украина командалары оған қызығушылық танытты.

2013 жылы Ресейдің «Кубань» командасына ауысты. Өкінішке қарай, ол жақта жолы болған жоқ. Одан кейін «Астана», сосын «Қайратқа» ауысты. Бірнеше жылдан бері Алматыда доп теуіп жүр. «Қайрат» сапында жақында 143 матчын өткізді. Жалпы, ел чемпионатында 200 ойынға қатысқан және 43 гол соққан.

Айтпақшы, Исламхан биыл Ұлттар лигасында екі нәтижелі пас шығарып, ассисенттер арасында алғашқы бестікке кіріп отыр.

Бауыржан Тұрысбек («Тобыл», 27 жаста)

Ұлттық құрамада – 8 ойын, 3 гол

Чемпионатта – 29 ойын, 4 гол

Жақында ұлттық құрамада гол соққан футболшы. Бауыржан Алматы қаласында туып өскен. Журналист Олжас Оқастың әкесі Сәрсенбек Оқасовтың тәлімін алған. Яғни алғашқы бапкері. Шәкірті Андорраға қарсы ойында негізгі құрамда шығатынын естіген Сәрсенбек аға қуанышын жасыра алмай, әлеуметтік желіде халықтан сүйінші сұрап жатты. Осындайда қазақтың «Баласы атқа шапса, анасы тақымын қысады» деген мақалы еске түседі. Шәкірті үшін қуана білетін ұстаз да бақытты ғой, шіркін!

Исламхан секілді Тұрысбек те басқа елде доп теуіп көрген. 2014 жылы Сербияның «Радничики» командасында ойнаған. Биыл Қостанайдың «Тобыл» командасына ауысты. Маусым қорытындысы бойынша қола жүлдегер атанды.

Бауыржан Омаров («Ақжайық», 28 жаста)

Чемпионатта – 9 ойын

Бауыржан футболдағы карьерасын 2006 жылы Оралдың «Жастар» деген командасынан бастаған. Арада 4 жыл өткенде премьер-лигада ойнады. Биыл 23 мамырда Талдықорғанның «Жетісу» командасымен өткен ойында премьер-лигадағы 100-матчына қатысты. Сөйтіп, «Ақжайық» сапында премьер-лигада 100 және одан көп ойын өткізген төртінші футболшы атанды.

Бір кездері командасын алаңға капитан ретінде де бастап шыққан Омаров бүгінгі таңда көбіне қосалқы құрамда отыр.

Бұл тізімге тағы үш есімді қосуға болар еді… Бірақ олардың қазір футболда доп теуіп жүргені шамалы. Бір кездері «Астананы» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алып шыққан Бауыржан Жолшиев 3 жылдан бері ешқайда доп теппейді. Шерхан Бауыржан биыл бірінші лигада «Екібастұзбен» карьерасын жалғағандай болған. Алайда, жазда Асқар Қожабергенов жаттықтыратын командадан кетіп қалды. Өткен жылы премьер-лигада «Ақтөбе» сапында өнер көрсеткен Бауыржан Байтана туған жері Таразға оралған. Бірінші лигада екінші орын алған «Тараздың» құрамынан Байтананы биыл тым сирек көрдік.

Дәл қазір Бауыржандар емес, Еркебұландардың дәурені жүріп тұр десек, артық айтқанымыз емес шығар. Сонымен, қазақ футболындағы «Еркоштарды» бір шолып көрсек.

Еркебұлан Сейдахмет (18 жаста «Уфа», Ресей)

Ұлттық құрамада – 6 ойын, 2 гол

Ресей премьер-лигасында – 3 матч

Ресейлік журналистер былтыр Гранаткин мемориалынан кейін 17 жастағы Тараздың жас талантын «Қазақтың Мессиі» деп атап кетті. Содан бері бұл атау ақпарат құралдарында трендке айналды.

Еребұланға Санкт-Петербургтің «Зенит» клубы да қызығушылық танытқаны бар. Бірақ ресми түрде келісімшарт ұсынғаны Башқұртстанның «Уфа» клубы ғана.

Осы жылдың ақпан айынан бері Еркебұлан Башқұртстан астанасында доп теуіп жүр. Ресей премьер-лигасында әзірге 3 ойынға қатысты.

Ал ұлттық құрамаға Стоилов келгелі биыл тұрақты түрде шақырылып жүр. Ең алғаш наурыз айында Венгрия қақпасына алғашқы голын соқты. Қазан айында Андоррамен өткен кездесуде есепті ашты.

Еркебұлан Тұңғышбаев (23 жаста, «Ордабасы»)

Ұлттық құрамада – 9 ойын, 1 гол

Чемпионатта – 30 ойын, 5 гол

Тұңғышбаев Шымкенттің тумасы. Соңғы 3-4 жыл көлемінде көпшіліктің назарын аударып, тұрақты ойынымен ерекшеленіп жүр. Бүгінгі таңда «Ордабасы» клубының көшбасшыларының бірі. Шымкенттің бас командасында 2014 жылдан бері ойнап жүр. Өте әмбебап футболшы. Қос қаптал, орталық шабуылшы сияқты футболдағы кез келген позицияға бейім.

Ұлттық құрамаға ең алғаш 2016 жылы шақырылған. Осы күнге дейін 9 ойынға қатысып, 1 голдың авторы атанған.

Еркебұлан жақында отбасын құрды. Жарының есімі – Алтынай Оңжігіт. 28 қарашада үйлену тойы өтеді.

Соңғы кездері Тұңғышбаевқа Алматының «Қайрат» клубы қызығушылық танытып жүр. Осы жылы «Ордабасымен» келісімшарты аяқталатын 23 жастағы футболшының клуб ауыстыруы мүмкін.

Еркебұлан Нұрғалиев (25 жаста «Ақжайық»)

Чемпионатта – 27 ойын, 3 гол

Нұрғалиевтің футболдағы жолы оңай басталмады. Семей қаласының тумасы 20 жасында бұрынғы «Елім-ай» кейіннен «Спартак» аталған жергілікті команда сапында өнер көрсетті. Осы клубпен бірінші лигадан жоғары топқа көтеріледі. Бұдан кейін Еркебұлан «Ертіс», «Алтай», «Оқжетпес»» клубтарында ойнады. Сосын ешкімге керек болмай қалды. Дәл осы тұста Еркебұланды Шығыс Еуропадағы «Верея» командасына бас бапкер Илиан Илиев шақырыпты. Бұл маман 1 айға жетер-жетпес уақыт еліміздегі «Алтай» клубының бас бапкері болып тағайындалған еді. Кейіннен «Алтай» премьер-лигадан түсіп қалған соң, еліне қайтып оралған болатын. Нұрғалиев пен Илиев содан бері таныс көрінеді.

«Верея» клубы қазақстандық фуболшыны 2017 жылы «Оқжетпестен» жалға алды. Жерлесіміз желтоқсанға дейін Болгарияда доп тепті. Болгария чемпионатында 8 матчқа қатысып, әріптестеріне 3 нәтижелі пас береді. Биыл елге оралып, Оралдың «Ақжайық» клубында негізгі құрамда ойнап жүр.

Төменгі лигаларда ойнап жүргендердің арасында 21 жастағы Еркебұлан Амангелдіні айтуға болады. Ол екінші лигада өнер көрсететін «Оңтүстік академиясы» командасының шабуылшысы. Биыл 16 гол соқты.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №45
6 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз