Былтыр жыл соңында бокстан ұлттық құрамасының бас бапкері ауысты. Осы қызметте 9 жыл еңбек еткен Мырзағали орнын босатты. Бірақ Айтжанов та алысқа ұзай қойған жоқ. Штабтағы бапкерлердің бірі ретінде қалды. Ал бас бапкердің орнына жастар құрамасынан Ғалымбек Кенжебаев келді.

Мырзағали Құланұлы ұлттық құрамада бас бапкер болып, 2009-2018 жылдар аралығында еңбек етті. Осы жылдар ішінде құраманы екі рет Олимпиада ойындарына бастап барды. Ұлыбритания астанасында екі қазақ боксшысы финалда өнер көрсетіп, біреуі алтын, екіншісі күміске ие болды. Сондай-ақ 1 қола медаль бар. Ал Рио Олимпиадасында үш боксшымыз финалға шықты. Бірақ алтын тек Данияр Елеусіновке бұйырды. Василий Левит пен Əділбек Ниязымбетов күмісті қанағат тұтса, Иван Дычко қола жүлдегер атанды.

Айтжанов жаттықтырған тұста қазақ боксшыларының жұлдызы 2013-2014 жылдары жарқырады. Мысалы, Алматыда өткен 2013 жылғы əлем чемпионатында 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медальды еншілеп, дүниежүзі бойынша командалық есепте 1-орынды жеңіп алды. Осы сында Біржан Жақыпов чемпион атанса, Айтжановтың тағы бір шəкірті Қайрат Ералиев қола жүлдеге ие болды.

Алматыдағы əлем чемпионатының алдында Иордания астанасы Амман қаласында өткен Азия чемпионатында қазақ боксшылары рекордтарын жаңартты. Финалға шыққан 8 боксшының жетеуі құрлық чемпионы атанды. Тек Əділбек Ниязымбетовтың ғана жолы болған жоқ. Бұл – Қазақстан құрамасының Азия чемпионаттарындағы рекордтық нəтижесі.

2014 жылы Инчондағы XVII жазғы Азия ойындары боксшылар мен бапкерлер штабына ерекше сынақ еді. Өйткені бір жыл бұрын құрлық жəне əлем біріншілігінде Қазақстанның атағы аспандады. Сол тұғырымыздан түсіп қалмау басты міндет болды. Оның үстіне құрамада 64 келі салмақтан басқасында боксшы ауысқан жоқ еді. Кореяға бірінші нөмірлі боксшыларымыз түгел барды. Жігіттер сенімді ақтап, 6 алтын еншіледі.

Мырзағали Айтжанов тұсында Қазақстан бокс құрамасында үнемі жеңіс бола берген жоқ. Арасында сəтсіздіктер де кездесті. Мысалы, біздің боксшылар 2011 жəне 2015 жылғы əлем чемпионаттарынан алтынсыз қайтты. Былтыр Индонезияда өткен Азия ойындарында да бірде-бір чемпион шыққан жоқ. Осыдан 4 жыл бұрын 6 боксшымыз алтын алып, аз уақыттың ішінде бір алтынға зар болып қалуымыз жанкүйерлердің көңіл-күйін түсіргені жасырын емес.

Енді оның орнын Ғалымбек Кенжебаев басты. Бұл маман 1962 жылы 9 мамырда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Өзі де кезінде боксшы болған. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дмитрий Болдыштан тəлім алған. Қарағандыдағы спорт интернатта оқыған. Кезінде Қазақ КСР чемпионатында үш рет күміс жүлдегер атанды. Бірнеше рет бүкілодақтық турнирлерде топ жарған. Соның арқасында КСРО-ның Спорт шебері атағын иеленді. «Еңбек резерві» ұйымында өнер көрсетті.

Спорттық карьерасын аяқтаған соң, бапкерлік жолды таңдады.

«Боксшының спорттық ғұмыры қысқа екенін жақсы түсіндім. Сондықтан Қарағанды педагогикалық институтына оқуға түстім. Оны 1983 жылы бітірдім. Бірден өзім оқыған спорт интернатқа жұмысқа тұрдым. Қазір бұл оқу орны Əлия Молдағұлова атындағы спортқа бейім, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты деп аталады. Мұнда ұзақ уақыт жұмыс істедім. Тоқсаныншы жылдардың соңында жастар құрамасына аға бапкер болып тағайындалдым. Ал 2000 жылдардың орта тұсында Шынжаң Ұйғыр автономиялық ауданына кетіп қалдым. Қытайда екі жылдан астам еңбек еттім. Сол кезде Қанат Исламды жаттықтырдым. Кейіннен Қазақстанға оралып, Қарағанды облысы құрамасының тізгінін ұстадым. Менің тұсымда, 2011 жылы
Федерация кубогын жеңіп алдық. Одан кейін жастар құрамасында еңбек еттім»,
– дейді Ғалымбек Кенжебаев.

Көпшілік Кенжебаевты Геннадий Головкиннің жеке бапкері ретінде жақсы таниды. Қарағандыдан шыққан талантты боксшының əуесқой рингтегі жетістіктері негізінен осы бапкердің еңбегімен тікелей байланысты. Екеуі бірлесе жүріп, біраз биікті бағындырды. Ересектер арасында əлем чемпионы атанды, Азия ойындарында жеңіске жетті. Олимпиада ойындарының финалында өнер көрсетті.

Одан кейін Қытайдағы қандастарымызды жаттықтырды. Арасында Қанат Ислам да бар. Кенжебаев жастар құрамасының тізгінін ұстағанда талай мықтылар шықты. Абылайхан Жүсіпов, Садриддин Ахмедов, ағайынды Төлтаевтар, Бек Нұрмағамбет секілді бүгінгі күні танылып қалған боксшылардың бəрі Ғалымбек ағайларынан тəлім алған. 2006-2007 жылдары Əділбек Ниязымбетов, марқұм Ермек Серіковтер жастар құрамасында жұдырықтасты.

2013 жылдан бері тұрақты түрде 5 жыл осы қызметте жүрді. Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында екі алтын жеңіп алды. Кенжебаевтың тұсында бес бірдей Азия чемпионатында жастар құрамамыз жалпы командалық есепте топжарған (2006, 2007, 2013, 2014 жəне 2016). Осы жылдар ішінде құрлық біріншілігінде құрама боксшылары 30 алтынға ие болыпты. Ал 2014 жылы Қазақстан жастар құрамасы əлем чемпионатында екі алтын медальмен жалпыкомандалық есепте үздік шықты.

Енді құраманың аға бапкері қызметіне Марат Жəкиев тағайындалды. Сондай-ақ, бапкерлер кеңесіне Мырзағали Айтжанов, Нұрлан Ақүрпеков, Марат Манашев, Жəміл Дүсіпов пен Андрей Спиридонов енді. Аталған мамандар 57 жастағы бас бапкерге көмектесетін болады.

«Биылғы жылдың ең басты жарысы – қыркүйек айында өтетін əлем чемпионаты. Дүниежүзілік доданы Ресейдің Екатеринбург қаласы қабылдайды. Оның алдында сəуірде Таиланд астанасы Бангкокта өтетін Азия чемпионаты бар. Оған аз уақыт қалды. Қазіргі кезде Алматыдағы АИБА-ның академиясында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатырмыз. Барлық дайындығымыз осы Азия чемпионатына бағытталған. Жақында команданың бір бөлігі Венгриядағы, екіншісі Болгариядағы турнирге аттанады. Одан бөлек Финляндиядағы жарысқа да барамыз», – дейді бас бапкер.

Оқу-жаттығу жиынына құрама боксшыларынан Əбілхан Аманқұл мен Бекдəулет Ибрагимов келе алмапты. Алғашқысы Астанада ем-дом алып жатқан көрінеді. Ал қалғандары сапта жүр.

– Басқа елдің құрама командаларымен оқу-жаттығу жиынын өткізу жоспарда
бар ма?

– Иə. Біз басқа құрамаларды шақырғымыз келеді. Бұл жақсы тəжірибе болушы еді. Осы ұсынысты қолдаймын. Ресей, Куба, АҚШ, Өзбекстан боксшыларымен бірігіп дайындалғанның пайдасы зор. Өйткені осы құрамалар біздің əлемдік аренадағы басты бəсекелестеріміз. Таиланд құрамасы бірігіп, оқу-жаттығу жиынын өткізуге шақырған. Бірақ ол кезде бізде басқа турнир бар. Екеуі бір уақытқа келіп қалды. Өзіміз негізінен маусым айында өтетін Президент кубогының алдында басқа құрамаларды шақырамыз. Сол жарысқа қатысатындармен бірігіп дайындаламыз. Ал қалғандарымыз турнирлерде кездесеміз.

– Азия чемпионатында басты бəсекелестеріңіз деп кімді айта аласыз?

– Əрине, бірінші кезекте Өзбекстан мен Таиланд. Соңғысы жарыс қожайыны. Одан бөлек, Жапония мен Корея құрамалары бар. Филиппинді де тізімнен шығарып тастауға болмайды. Үнді боксшылары əлемдік аренада жақсы жұдырықтасады. Қытай онсыз да фавориттердің қатарында. Азия боксы дамып келеді. Жоғары орындардан табылу үшін аянып қалмасымыз анық.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №6
5 ақпан 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз