«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дейміз. Майқы би қай ғасырда өмір сүрген? Ішкі бірлігіміздің символына айналған үш биіміз шынында да бір ғасырда тең қатар ғұмыр кешкен бе? Қазақ хандарын айтсаң, билерін айтпай тұра алмайсың. Қазақ қоғамындағы билердің орны хандар мен батырлардан бір де кем емес. Бірақ олардың өмірлеріне қатысты деректер әлі күнге бірізді болмай келеді. Қазақ билерінің өмір тарихын талмай зерттеп жүрген Сәрсенбі Дәуіт пен бар ғұмырын архивте өткізіп келе жатқан қолжазбатанушы Мақсұт Шафиғиды сұхбатқа шақырдық.

Мақсұт ШАФИҒИ: Бізге жеткен ауыз әдебиеті мен түрлі қолжазбаларда билер туралы да көп мағлұмат айтылады. Қазақ халқының тарихын билердің еңбегін көрсетпей айта да, жаза да алмайсыз. Әрине, билердің де биі бар. Бүгінгі әңгіме солар туралы болса керек. Аты мен заты бүкіл елге мәшһүр болған, керек десеңіз жарты жаһанға әйгілі болған билердің шоғыры бар. Әйгілі үш бидің үлкені Төле би. Одан соң Қазыбек би мен Әйтеке би айтылады.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Осы үш атақты бидің бір уақытта, бір заманда өмір сүргені де ғажап қой. Бірақ кейбіреулер соны қолдан жасағандай көреді. Бұған не дейсіз?

Мақсұт ШАФИҒИ: Мұның ғажабы сонда. Үшеуінің де туған жылдары бір заманға, бір уақытқа тура келеді. Мәселен, Төле би атамыз 1663 жылы дүниеге келген екен, ал 1756 жылы қайтыс болған. Үш бидің ішінде көп жасаған кісі осы кісі. Тоқсаннан асып, жүзге таяп барып дүниеден озған. Ал Қазыбек биге келсек, ол кісі де міне, 1667 жылы дүниеге келеді де, 1764 жылы қайтыс болады. Әйтеке би де 1668 жылы, бір уақытта дүниеге келген. Бірақ Әйтеке би 1722 жылы қайтыс болып кетеді. Міне, бізге жеткен мәліметтер осылай көрсетеді. Архивте, басқа да түрлі нұсқада осылай көрсетілген. Әзірше осылай белгіленіп отыр. Ары қарай зерттей түссек, нақтылай түссек, еш айыбы жоқ.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мақсұт ағамыз айтқан үш бидің туған жылдары жөнінде талас болмаса да, қайтқан жылдары жөнінде келіспеушілік бар. Бірақ, бір анығы, ол үшеуінің бірдей бір уақытта өмір сүргені болып отыр. Дегенмен біз әріге кетсек, шынында да Майқы би қай ғасырда өмір сүрген?

Сәрсенбі ДӘУІТ: Майқы би он екінші ғасырда өмір сүрген деп айтамыз.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Бір деректерде бірінші ғасыр деп, тіпті біздің заманымызға дейін өмір сүрген деп жүр емес пе?

Сәрсенбі ДӘУІТ: Ол енді аңыз ғой. Бірақ, мына он екінші ғасырда өмір сүргені анық. Майқы би Шыңғыс ханды хан көтерген он екі бидің бірі. Ол көптеген тарихи деректерде жазылады. Сонда Шыңғыс хан Майқы биге: «Құсың бүркіт болсын, ұраның Салауат болсын» деген. Майқы бидің өмір сүрген уақыты он екінші ғасыр екені, Шыңғыс ханның замандасы екені содан да білінеді. Майқы би туралы жазған адам көп. Қазыбек Тауасарұлы жазған. Жан-жақты етіп жазған, өте дұрыс жазған сол кісілер деп ойлаймын. Майқы би туралы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянында» да біраз дерек бар. Қытайда «Майқы би» деген кітап шығыпты, соны Мақсұт Шафиғи алдырған екен. Содан өлеңмен жазылған біраз дүниелерін алып, кітапқа қостым. Қытайдан шыққан кітапта Майқы би өз уақытында «Жеті жарғыны жазған» дейді. Ол қандай заң десеңіз, жер дауы, жесір дауы, кісі өлімі дауы, құн дауы, тағы да басқа сол заманда қазақ қоғамында көп кездесетін даулы мәселелер. Соның бәрін қара сөзбен емес, өлеңмен жазған. Осыны Майқы би жазған дейді. Бірақ, нақтылы дерек жоқ. Толық дәлел жоқ. Ал біздің Мәшһүр Жүсіп Көпеев Майқы би туралы қызық-қызық деректер айтады. Сондағы аңыз әңгімеде Майқы бидің баласы Үйсін аң аулап жүрсе, алдынан керемет бір сымбатты жігіт шығады. Бірақ сөйлейін десе тілі жоқ екен. Соны әкесіне айтып келеді. Бір деректерде Майқы деген ат «майып» деген сөзден шыққан деп айтады. Аяғында кемістігі болыпты. Ақылды адам болған соң майып демей, Майқы деп кетіпті. Майқы аяғының кемістігінен атарбамен жүріпті. Әлгі жігіттің қасына сол арбасымен алып келсе, тілі жоқ деген жігіт орнынан ұшып тұрып: «Хан біткеннің қазығы, қара бұқараның азығы, Майқы би, амансың ба?» – депті. Майқы би разы болып, жігітті арбасына отырғызып, үйіне алып келеді. Содан соң қасына жүз жігітті қосып беріп, «өз беттеріңмен өмір сүріңдер» деп жолға салып жібереді. Олар аң аулап, мал бағып, үйленетіндері үйленіп, жақсы өмір сүріп кетеді. Сөйтсе ана жігіт Қызыларыстан деген ханның баласы екен. Хан соның бәрін естіп біліп, Майқы биге адам жібереді. «Баламды өзіме қайтарсын» дейді. Майқы би «мақұл» деп, әлгілердің арттарынан тағы жүз жігіт жібереді. Жүз жігіт салып ұрып келсе, бұрынғылары өздері қайтпақ түгілі, бұларды да: «Жүйрік атты мінеміз, сұлу қызды сүйеміз» деп азғырып алып қалады. Тағы жүз жігіт жіберсе, олар тағы қалып қояды. Қазақтың үш жүз болатыны содан көрінеді. Бұл енді аңыз, жазып қалдырған – Мәшһүр Жүсіп. Астарына үңілсеңіз, қазақтың үш жүзден құралуы Майқы биден қалған дегенді меңзеп тұр. Сол сияқты, Балғабек Қыдырбекұлы үш Майқы би болған дегенді айтады. Біз білетін Майқы биден бұрын тағы екі Майқы би болған дейді. Ол да аңыз. Қазыбек бек Тауасарұлы: «Майқы бидің ауылына бір дұшпан келіпті», – деп жазады. «Көреміз» деп, елшілер келген ғой. Майқы би сонда оларды жақсылап қонақ қылып, «енді демала тұрыңыздар» деп, ол аралықта қалың жасақты қырдың астына тізіп қойыпты. Майқы би содан елшілерді қыдыртқан болып, қырдың басына алып шығады. Қыр астындағы қалың әскерді көргеннен кейін жаман оймен келген елші қорқып, райынан қайтып, соғыс болмай қалыпты. Адам өміріндегі түрлі жағдайға, мысалы, кісінің көзін шығарса не болады, қолын сындырса не болады, міне, соның бәріне қатысты Майқы бидің сөзі бар. Өмір, тұрмыс, тіршілік, денсаулық, бәрін қамтыған. Барлық жерден біз Майқы бидің сөзін табамыз. Көбі мақал-мәтелге еніп кеткен. Сондықтан қазақ өзің айтпақшы: «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би», – деп қастерлеген. Майқы би бүкіл сөздің атасы, бүкіл бидің атасы деп аталған. Майқы би көреген болған, болжампаз болған. Оның ақырзаман туралы толғамы былай келеді:

Әлі заман өзгерер,

Өзгергенін көз көрер,

Мінгенің арба болар,

Бар құс қарға болар,

Жансыз арба ат болар,

Өз балаң өзіңе жат болар.

Темірден құс болады,

Ұрпағыңның көргені сұс болады,

Адам басы ауырып дақ шатылар,

Базарында сұйылып сүт сатылар.

Еркек билік тұл болар,

Сиыр пұл болар,

Еркек жасып ит болар,

Қатын тұлданып би болар.

Төсекке есеппен жатарсың,

Жыныс зарпын ақшаға сатарсың.

Баққаның өсек болар,

Балаң саяқ болар.

Сары судан ас шығар,

Балаң өзіңе қас шығар.

Жер тақыр болар,

Жұрт пақыр болар.

Осындай қилы заман болар.

Енді төрт мың жылда,

Дүние тәмәм болар.

Қарап тұрсаң, Нострадамустан қай жері кем? Майқы биден қалған мынандай да нақыл сөз бар:

Тұлпардан тұлпар туады,

Сұңқардан сұңқар туады,

Асылдан асыл туады,

Жалқаудан масыл туады,

Масылдан мал бақпас туады,

Тілазардан қылжақбас туады,

Таздан жарғақбас туады,

Сараңнан бермес туады,

Соқырдан көрмес туады,

Мылжыңнан езбе туады,

Қыдырмадан кезбе туады.

Тура емес деп айтып көріңізші, қане. Мұндай нақыл сөздер бүгінгі күнімізге де керек.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Мақсұт аға, еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін білетін белгілі үш бидің деңгейінде алып қарасақ, қазақ қоғамында, қазақтың мемлекеттігінде, хандығында билердің орны қандай болған?

Мақсұт Шафиғи: Шежірені айтсаңыз да, тарихи жырларды айтсаңыз да, аңыз әңгімені айтсаңыз да, қай саланы айтсаңыз да, ауыз әдебиеті үлгілерінің барлығында шешендік сөз, билер сөзі қатар жүреді. Бұл қазақ қоғамында

билердің орны өте жоғары болған дегенді білдіреді. Майқы би қалай десек те арғы заманның адамы, біз оны қоя тұрып, бергі заманға келейік. Қазақтың хандық дәуіріне, хандық заманына келейікші. Қазақ халқының қалыптасу тарихы қазақ хандығының құрылуымен бірге жүрді. Қазақ деген атқа ие болдық. Демек, хандармен қатар билер де тарих сахнасына осы тұста тұлға ретінде көтерілді. Себебі, әр халық өзінің қалыптасу кезеңінде өзіндік ерекшелігімен тарихқа белгі қалдырады. Қазақтың ерекшелігі сонда, қазақ жалпы ақын халық, қазақ шешен халық. Қазақтың тарихының көбі ауызша жеткен. Бұл халық көшпенді тұрмысына, геосаясаяси жағдайына, кең далада өмір сүрген еркіндігіне байланысты жады мықты халық болған. Билер де осындай ортада қалыптасқан. Қазақ тарихынан хандық, батырлық және билер институтының ешқайсысын да сызып тастауға болмайды. Осы үштаған, үш сала хандық жүйенің бекуіне, ел сеніміне ие болуына, дамуына үлкен ықпал еткен. Хан елді тақта отырып басқарған, батырлар елді жаудан қорғаған, ал билер ел ішінің бірлігіне, бүлінбеуіне қызмет еткен. Сонымен бірге халықтың мұң-мұқтажын, талабын, тілегін хандарға жеткізіп отырған. Хан мен халықтың арасын жалғаған. Хан да, халық та бидің сөзіне тоқтаған. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені, билер халықтың өз ішінен шыққан. Терең пайым, биік парасатымен ерекшеленген, дараланған. Халықтың ішінде болып жатқан мәселелерді әділ шешуіменен ортаға шыққан адамдар. Сайлау, тағайындау арқылы емес, өзінің талантымен шыққан. Сол себептен де олар ханның ақылшысы болған, халықтың ой-арманының жүзеге асуына өлшеусіз үлес қосқан. Халықтың ойынан, мүддесінен шыққан. Осы арада «теңіз дәмі тамшыдан» деп, үш бидің айтқандарынан төмендегідей мысалдар келтіруге болады:

Бұрынғы өткен хандықтарда бас уәзір, уәзір ықпалды болса, біздің хандықтарымызда олардың орнын билер басқан. Қазақ шежіресінде билер көп болған, әр ұлыстың, әр рудың билері болған. Бұрын әдебиет институтында Нысанбек Төреқұлов деген ағамыз қызмет еткен еді. Сол кісі «Жүз би» деген кітап шығарған. Ол кісі де мөлшермен алған. Шартты тізім деуге де болар. Айта берсе, билер өте көп. Бірақ біздің сөз ететініміз сол билердің ішінен барша халықтың көзіне түскен, үлкен деңгейге жеткен, мемлекеттік қайраткер дәрежесіне көтерілген, үлкен елдік мәселелерді шешуге қатысқан, ханның ақылшысы болған билер. Билер қалмақ, жоңғар шапқыншылығында, қазақ – орыс, қазақ – қытай қарым-қатынасында талай мәселені шешті. Кейін қазақ хандығы ыдыраған кезде де билердің орны төмендеген жоқ. Жаугершілік заман болды, хан тақтан тайды, әрқандай сатқындықтар берекені қашырды, ел шапқыншылыққа ұшырады. Осылай елдің мәселесі алға шыққанда, билер атқа мінді. Сол кездегі билердің айтқан сөздерін үндеу, ұран сияқты қабылдауға болатын еді.

«Уа, халқым, жұртым,

Қол болатын елім бар,

Ел бастайтын ерім бар,

Атадан қалған жолым бар,

Қарап отырып құл болсақ,

Атадан туды деп кім айтар?!» – дегендей сөздер ұраннан бетер, мәселен. Халықтың намысын қайрап, жігерін жанып, елдікке, ерлікке шақырған. Хандықтың орнына билік жүргізген, билік жүргізуге мәжбүр болған кездері де бар. Халық ыдырап кетпесін деп, ел тұтқасын ұстаған.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Сәрсенбі аға, сіз көп білесіз, бұл тақырыпты көп зерттедіңіз. Сөзіміздің тұздығы болсын, осы билердің елдік үлкен мәселелерді қалай шешкенінен бір-екі мысал келтіріп айтыңызшы.

Сәрсенбі ДӘУІТ: Төле би он бес жасында би болған. Шешесі Төленің он бес жасында дүниеден озады. Әкесі Әлібек би болған адам. Баласына: «Анау ақ боз үйге сыйлы қонақтар келіп жатыр. Сен барып, қонақтардың қолына су құй. Иығыңа бірнеше орамал асып ал. Су болып қалса, ауыстырып тұрасың», – дейді. Қас қылғандай, Мамай бидің қасына келгенде, бала сүрініп кетіп, суы төгіліп қалады. Мамай би: «Балам, олжаңа ортақпын, асса әкеңе де бер», – дейді. Төле ұялып сыртқа шығып кетеді де, қайтып келіп: «Дат, тақсыр», – дейді. Мамай би: «Датың болса айт», – дейді. Төле сонда:

Таңның таң екенін кім біледі,

Сарғайып барып атпаса.

Күннің күн екенін кім біледі,

Қызарып барып шықпаса.

Орданың орда екенін кім біледі,

Мен сияқты бала құлап жатпаса.

Иттің ит екенін кім біледі,

Тақымнан алып қаппаса.

Бұл сөзім сізге жеткен шығар,

Өңменіңізден өткен шығар.

Қаншалық беделді болсаңыз да,

Беделіңіз кеткен шығар.

Сұраған соң бекер ме,

Би олжасыз кетер ме.

Осы сөзім сізге олжа,

Түсінсеңіз жетер де, – депті.

Мамай атын сұрайды, қанша жаста екенін біледі. «Менің орныма төбе би болуға жарап қалған екенсің», – деп батасын береді. Мұндай мысалдар аз емес, әрине. Төле би төбе би болып, ел ішілік, ел аралық даулы мәселелердің оңынан шешілуіне талай мәрте себепкер болған. Ондай мысалды Қазыбек би мен Әйтеке биден де көптеп келтіруге болады. Қазыбек бидің елшілікке барғаны, қазақтың тұтқындағы жақсы-жайсаңын алып келгені, малын қайтарып алып бергені, тағы да сондай-сондай нәрселер толып жатыр. Қазыбек бидің айтқандарын қараңызшы:

Өркенім өссін десең,

Кекшіл болма, –

Кесапаты тиер еліңе.

Елім өссін десең,

Өршіл болма,

Өскеніңді өшірерсің.

Басына іс түскен пақырға,

Қастық қылма, –

Қайғысы көшер басыңа.

Жанашыры жоқ жарлыға,

Жәрдемші бол асыға.

Қиын-қыстау күндерде,

Өзі келер қасыңа.

Бүгін сағы сынды деп,

Жақыныңды басынба.

Алтын ұяң – Отан қымбат,

Құт-берекең – атаң қымбат.

Аймалайтын анаң қымбат,

Мейірімді апаң қымбат.

Асқар тауың – әкең қымбат,

Туып-өскен елің қымбат,

Ұят пенен ар қымбат,

Өзің сүйген жар қымбат.

Бұдан асқан өнегелі сөз айту мүмкін бе? Бұл өнегелі сөз бүгініміз бен ертеңімізге жарамсыз деп кім айтар? Орынды жерінде қолдана білсек, шапағаты тиері сөзсіз. Оның сыртында ауыл аралық, ру аралық дауларды шешкен басқа билерді де ұмытпауымыз керек. Мысалы, осы отырған Мақсұт Шафиғидың ауылында Тоғайрақ би деген болған. Сол Тоғайрақ деген бидің туған інісі сұмдық ұры екен. Біреудің түйесін ұрлап үйіне келіп жатса, малын ұрлатқан адам артынан тауып келіпті. «Сен менің түйемді ұрладың, тауып бер», – дейді, «Қайда барсаң онда бар, ант ішейін, алған жоқпын», – дейді анау. «Онда мен Тоғайраққа барамын», – дейді қуғыншы. Сонда бұл: «Ойбұй, Тоғайрақ менің ағам, маған жақтасып кетсе, босқа өкпелеп қаласың», – дейді. «Мейлі, алдына қайтсем де барамын, не айтса да келісемін», – дейді қуғыншы. Ұрлықшы оны үйінде қалдырып, түнделетіп ағасына келеді. Келсе, жеңгесі далада сүт пісіріп отыр екен, «ағам қайда?» дейді, «ағаң үйде ұйықтап жатыр» дейді. Үйге кіріп, ағасына  «қуғыншыны маған жығып бер» дейді. Ағасы: «Сенің ісің ақ па еді?» – деп сұрапты сонда. «Ісім ақ», – депті інісі. «Ісің ақ болса, қараңғыда жүрмес едің ғой», – деген екен сонда.

Мұны жазған адам, бір кезде Шәуешекте тұрған Құрманғали Халид деген кісі. 1910 жылы осы кітап Шәуешекте шыққан екен. Қазақ: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», – деп дұрыс айтқан. Білетіндер: «Қазақтың даласында билердің қадір-құрметі хан-сұлтаннан да жоғары болған», – дейді. Би жыртылғанды жамайды, үзілгенді жалғайды, қисықты түзейді. Бір сөзбен айтқана, би бар қазақтың қамқоршысы.

Белгілі заңгер ғалы Салық Зиманов билер туралы он том кітап шығарды. Сол кісі «Билердің биі – Абай еді» дейді. Абай біле-білсеңіз қазақтың соңғы биі. Қарамолла деген жерде төрт дуан елдің жуандары бірігіп, Абайды табанға салмақ болады. Сөйтеді де генерал-губернаторға арыз түсіреді. Әлгі Қарамолла деген жерге генералдың өзі келеді. Сонда Абай орысша амандасады да: «Сіздің билігіңіз біздің қазақтың билігіне келмейді», – дейді. Екеуі сөйтіп оңаша сөйлесуге келіседі. Абай қазақ арасындағы даулы мәселелерде қалай билік жасау керек екенін түсіндіреді. Кісі өлімінде қалай, барымтаға қалай, біреудің әйелін тартып алғанға қалай шешім шығару керек, соның ережесін жасаған ғой. Соны генерал-губернаторға оқып беріп, қолына табыстайды. Сөйтіп Сібірге айдалады деген Абай сол жерде би болады, мінеки.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Осы сіздер айтып отырған әңгімелер бізге ауызша жеткен. Сондықтан бір бидің айтқаны бір биге таңылып кетіп жатады. Осындайда бұлар қаншалықты хат жүзінде сақталған деген сұрақтың тууы заңды. Мақсұт аға, архивте қандай құжаттар бар?

Мақсұт ШАФИҒИ: Бірақ, бәрі құр сөз емес. Зерттелді, айтылды, жазылды, ғылыми еңбектер қорғалды. Жоқ жерден ешкім ештеңе жасай алмайды. Десе де толық қорытынды әлі шығарылған жоқ, біріздендірілген жоқ. Ол болашақтың ісі деп білемін. Сонда ғана ауыс-түйіс сөздердің басы ашылуы мүмкін. Өзіңіз айтқандай ауызша жеткеннен кейін, бізден бұрынғылар қанша көшіріп сақтағанымен, қайталаулар көп болады. Төле би айтты дегенді Қазыбек айтты ғып, Қазыбек айтты дегенді Едіге айтты деп қоятынымыз сондықтан. Игереміз десек, бұл тарапта материал өте көп. Би кездеспейтін, би айтылмайтын құжат аз біздің тарихымызда. Ендеше зерттемейік десек те зерттейміз, қарамайық десек те қараймыз.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Кешелі-бүгінгі қазақ қоғамында, тіпті, бүгінгі өркениетті заманымызда да билер институты түбегейлі жойылып кетті деп айтуға болмайды. Қазір билер институтының орнына келген үкіметтік, мемлекеттік құрылымдар бар. Бұл өзі бірімен бірі сабақтасып, тамырласып жатқан дүние деп есептейміз. Ендеше, істің сәтін берсін.

Дайындаған
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз