Əскерсіз ел, қорғансыз мемлекет болмайтыны белгілі. Қазақ халқы мемлекет болып қалыптасу жолында талай соғысты, талай шабуылды бастан кешіргені тарихтан белгілі. Шапқыншылардың шабуылына төтеп берумен, батырлығымен есте қалған ата-бабаларымыз жерді қорғаудың қадірін ерте түсініп, ұрпақтарына да ерте түсіндіруге тырысқан. Қазақ халқы ұрпақтарын ана сүтімен бірге Отанын сүюге жəне қорғауға, ерлікке тəрбиелеген. «Заманына қарай адамы» дегендей, уақыт өткен сайын қазақ əскері де, əскери жүйесі де өзгеріске ұшырады. Алайда сонау ықылым заманнан бері мемлекетті, елді, жерді қорғаған қазақ əскері болған. Сондықтан қазақта əскер болмаған деген жансақ пікірді жоққа шығаратын дəлел көп.

МЕКТЕПТЕГІ ТАРИХ ЖӘНЕ ХАНДЫҚ ӘСКЕРИ ЖҮЙЕ

Алғашқы əскери жүйе көне түркілердің əскери өнеріне негізделген. Қазақ хандығы құрылғанға дейін пайда болған қазақ тайпалары соғыс кезінде оң қанат, сол қанат, орта қол болып шеп құрған. Бұл туралы тарих пəнінің мектеп бағдарламасынан оқып білгенбіз. Ал көшпелілердің əскери құрылымы кезушілерден, тосқауылшылардан жəне салықшылардан тұрғанын тағы да тарих сабағынан білеміз.

Хандық кезіндегі əскердің ең кіші бірлігі ондық деп аталған. Ондықтардың оны қосылып жүздік, он жүздік əскер мыңдық, мыңдықтар бірігіп түмен болған, яғни он мың əскер деген сөз. Соғыста хандардың, əскербасыларының жеке байрақтары болған. Оны ұстап жүретін адамға байрақшы деген лауазым берген. Байрақты ұстап жүру батырлығымен көзге түскен əскерге берілген. Қазір де байрақты бəсекелерде мемлекеттің туын ұстап шығатын азаматтар зор құрметке ие. Байрақтың міндеті тек əскердің айбынын танытумен шектелмейді. Қолбасшы немесе хан байрақтармен əскерге түрлі бұйрықтар мен белгі беріп отырған. Байрақ көне қазақ əскери түсінігі бойынша хандықтың, дəреженің немесе əскери лауазымның белгісі саналған.

Заманына қарай əскердің қару түрлері де өзгеріске ұшырап отырды. Қолданатын қару түріне, маманданған саласына қарай хандық кезіндегі əскер садақшылар, найзагерлер, айбалташылар, қылышкерлер болып бөлінген. Мұндай топтардың болғаны туралы Абылай хан əскерінің, одан кейін қазақтың соңғы ханы Кенесарының əскер тарихынан аңғаруға болады. Хандық əскерде ханның ордасын, оның жеке басын қорғауға міндетті, арнайы жақсы қаруланған, соғыс ісін, əскери шеберлікті жақсы меңгерген, құрамында халыққа танымал батырлары бар жеке гвардиялық əскер бөліктері де болған. Сондай-ақ шайқас. Ұрыс кезінде əскерді басқарып, оған дыбыстық белгі беру үшін əскер құрамында сырнай, дауылпаз, керней, дабыл ойнайтын музыканттар тобы да болған.

АЛАШ ӘСКЕРІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Хандық дəуірден кейін қазақ халқы Ресейдің құрамында болғаны белгілі. Бұл кезеңде тек əскери жүйе ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесі де, оқу-ағарту, салық жүйесі де өзгеріске ұшырап, қайта құрылды. Ресейлік билік тұсында да қазақтардың өз əскері болған. Олардың ішінде тарихтан ойып тұрып орын алатыны – Алаш əскері. Алмағайып заманда азаттыққа бел буған Алаш үкіметінің тəуелсіз мемлекет болуы ең алдымен тұрақты əскердің болуына байлаулы екенін сол тұстағы ұлт көсемдері жете ұғынған. Алаш əскері жайлы тарихшы Күлпаш Əлиясова Алашорда əскері бастапқыда «халық милициясы», «халық əскері», «қазақ полкі» сияқты атаулар-мен аталғанын алға тартады. Оның айтуына қарағанда, бастапқы қолданыстағы «милиция» сөзінің астарында елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын əскер ұғымы жатты.

Мектеп бағдарламасындағы тарих пəнінің оқулықтарында Алаш əскері туралы көп айтылмайды. Биыл өзім оқып жатқан журналистика факультетінде «Алаш баспа-сөзі» дейтін курс оқытылды. Оны меңгеру барысында баспасөз бетіндегі үндеулермен қатар Алаш əскерінің ахуалы туралы тың деректерге қанық болдық. «Алаш əскері» деген тың тақырып. Бұл туралы келесі жылы диплом жұмысын жазғысы келетін студенттердің де қарасы көп. Бұған дейін азды-көпті деректер жарияланғанымен, толығымен зерттеліп бітпеген тақырып бізді де қызықтырды. Жалпы, адамдардың табиғатына жоқ нəрсені іздеу, беймəлім нəрсені тануға талпыну тəн ғой. «Ресейдің Мəскеу, Санкт-Петербор, Омбы, Томск қалаларының, Қазақстандағы Астана, Семей қалаларының архивтерін ақтардым. Алаш тақырыбына келгенде зерттелмей келе жатқан мəселе – Алаш əскері. Біз Алаш əскері туралы «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінен қысқаша ақпарат білеміз. Құрылымы қандай, құрамында кімдер болды, командирлері кім еді, қандай айқастарда соғысқаны туралы еңбектер жоқ. Себебі қолымызда құжаттар жоқ. Ресейдегі əскери-тарихи архивтегі «Ашық қор» (Белый фонд) 1998 жылы ғана ашылған. Сонда көптеген Алаш əскерінің құрамында болғандардың құжаттары бар», – дейді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Əбдіғали.

АЛАШ ӘСКЕРІ «АҚТАРМЕН» ДЕ,

«ҚЫЗЫЛДАРМЕН» ДЕ КҮРЕСТІ

Алаш əскерін құру не үшін керек болды? Олар кімдермен, қалай соғысты? Алаш əскері тарихи миссиясын толық орындай алды ма? Осы сауалдарға жауап алу үшін ұстазымыз Айгүл Рамазан сабағымызға алаштанушы Болат Мүрсəлімді қонаққа шақырды. Болат Мүрсəлімнің Алаш əскері туралы кітап құрастырғанын біреу білсе, біреу біле қоймас. Кездесу еркін форматта өткендіктен, сұрақ та, жауап та, қатысушылар арасында пікір қайшылығы да кездесіп жатты. Осыдан 101 жыл бұрын баспасөз бетінде жарияланған Алаш милициясын құру туралы үндеу қалай жүзеге асқаны туралы Болат Мүрсəлім баяндап берді:

– Милиция құру идеясы 1917 жылы Уақытша үкімет билікке келгеннен кейін туындады. Бұл кезде Алаш автономиясы туралы,  Алашорда туралы сөз жоқ. Уақытша үкімет қазақ даласындағы əрбір облысқа комиссарлар тағайындады. Мысалы, Əлихан Бөкейханов Торғай облысының комиссары болды. Бірақ Уақытша үкіметтің милициясы қазақ жерінде сол күйі құрылмай қалды. Сөйтіп жүргенде қазан айында большевиктер билікке келді. Сол кезде Алаш қозғалысының жетекшілері милиция құруға кірісті. Негізгі идеяны Əлихан Бөкейханов айтты. Өйткені ол Ресейдің орталық қалаларындағы саяси процестердің бəрінен хабардар еді. Əлихан Бөкейханов Колчак үкіметімен келіссөз жүргізгенде одан «Алаш милициясы дегендеріңіз не?» деп сұрайды. Сонда Əлихан Бөкейханов «Милиция – ұлттық армиямыз» деп жауап берген.

– Тəуелсіз мемлекет болмаған соң оның əскері де тəуелсіз бола алмайды. Алаш əскері кімдерге тəуелді болды? Сол тұста бірнеше тарихи топтар билік құруға тырысқаны тарихтан белгілі ғой.

– Кенесарының өлімінен кейін қазақта тұрақты əскер болған жоқ. Сондықтан Алаш милициясын үйретуге казак офицерлерін шақырды. Қазақ, башқұрт, татар халықтарының большевизмге қарсы күресуіне казактар да мүдделі болды. Жаңа айтқанымдай, Алаш əскері алғашында əскер болып емес, халықтың тыныштығын күзететін милиция ретінде құрылды. Алайда сол кездегі қоғамдағы оқиғалар олардың əскерге айналуын талап етті. Алаш əскері алғашында «Большевизмге қарсымыз» деген саяси мəлімдеме жариялап, оларға қарсы кез келген саяси топ, қарулы күштермен одақ болды. Солардың бірі – ақ гвардияшылар. Сол себепті Алаш əскері алғашқы кезеңде олармен одақтасты. Семейде жасақталған əскер, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтар бастаған Торғай əскері де большевиктермен соғысқан.

Батыста, Жымпитыда, Орынбор төңірегіндегі большевиктермен Досмұхамедовтер ұйымдастырған əскер қақтығысты. Үлкен шайқастардың бірі қазіргі Аягөз қаласынан бастап, Алматыдан асып, қырғыз жеріне дейінгі аралықты қамтыған Жетісуда болды. Алаш əскері 1918-1919 жылдары атаман Анненковтың əскерімен қосылып, Жетісу жерінде большевиктермен қиян-кескі соғысқа қатысты. Кейін Ресейде пайда болған əртүрлі үкіметтер Алашорданы мойындамаған соң Əлихан Бөкейханов саяси шешім шығарды. Торғай алашордашылары большевиктермен келісімге келіп, ақыры большевиктердің алашордашыларға рақымшылық жасауына ұласты. Ең соңынан большевиктер жағына өткендер – Батыс Алашорда, Семей, Жетісу алашордашылары. Не де болса, Алаш жетекшілері қазақ халқын аман сақтап қалу қағидасын ұстанды. Осы мақсатқа жету жолында əркім əртүрлі саясатты ұстанды.

– Алаш əскері өз миссиясын толығымен орындай алды ма?

– Алаш əскері өзінің мойнына артылған міндетті толық орындап шықты деп айтуға негіз бар. Себебі Алашорда үкіметі қанша дегенмен, осы Алаш əскеріне арқа сүйеді. Алаш əскері халықты əртүрлі сыртқы күштерден қорғауға атсалысты. Мейлі, қазақ əскерінің полктері тұрақты болмасын, Қазақстанның əр шетінде шашылып жүрсін, мейлі бір жерлерде құрылып, екінші жерде тарап кетіп жатсын, олар өздеріне артылған міндетті орындады.  Алаш əскері өздері ойлаған тəуелсіздікке қол жеткізе алмағанымен, Ленин мен Сталиннің үкіметі біздің əскермен санасты. Сондықтан Алаш əскері тарап кетсе де, өзінің тарихи миссиясын орындап кетті.

– Алаш əскері неге тарап кетті?

– Бір жайтты ескеру керек. 1919 жылдан бастап Сібір үкіметі Алаш əскерін қаржыландырмай қойды. «Бізді ақша, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз ете алмай жатыр, əскерді не істейміз, таратамыз ба?» дейтін көптеген қатынас хаттары да бар. Көп əскер сол кездің өзінде тарап кеткен. Большевиктер құрамына соңғылары ғана өткен. 1920 жылы наурыз айында Батыс Алашорданы тарату жөнінде қазақ революциялық комитетінің жарлығын Алашорданың тұтасымен тарауы деуге болады. Өйткені 1920 жылға қарай Алашорда өз қызметін толығымен аяқтаған.

– Қазақстанның қазіргі əскер жүйесіне қандай баға бересіз?

– Қазақстанның қазіргі əскери жүйесі бұрынғыға қарағанда əлдеқайда күрделі. Қарапайым халыққа əскери жүйенің əдемі картинасы жалпылама негізде ғана көрінеді ғой. Бəріміз де сол деңгейде баға береміз. Алайда оның ішкі «кухнясы», тəртібі, құпиялары көпшілікке беймəлім. Сондықтан, əскери жүйенің бағасын соның ішінде жүргендер ғана нақты бере алады.

КІМ БОРЫШЫН ҚАЛАЙ ӨТЕП ЖҮР?

Əскер – елдің басына күн туа қалған жағдайда жүгінер ең маңызды күші. Бүгінгідей бейбіт заманда мемлекеттер əскери күші жағынан бес қаруы сай, төрт құбыласы түгел. Десек те, бұл бейбіт елге əскер керек емес деген сөз емес. Əскер соғысты күтпейді, тыныштықты күзетіп, елдің есендігін тілейді. Қазақ «Ұланы бар елдің ұраны бар» деп жатады. Ержеткен əр азаматтың борышы – əскери борышын өтеу. Бірақ соңғы жылдары жас жігіттер арасында əскерге бармай қалу «синдромы» жиілеп кеткені жасырын емес. Жігіттердің көбі əскери сабақты жоғары оқу орындарының қабырғасында жүріп-ақ оқып алуға болатынын алға тартады. Олар үшін мұндай борыш өтеудің пайдасы көп: шалғайға кетіп, ата-анасы мен дос-жарандарынан ұзамайды; əскери тəртіп тек жоғарыдан бөлінген уақыт пен тəртіп бойынша, кем дегенде 4-8 сағатқа созылады. Əскери форма киген адамның қай-қайсысын көрсек те, құрметпен қарайтынымыз жасырын емес. Біздің бейбіт күніміздің қорғаны болып жүрген тұлғаларға басқаша қарауға да болмайтын сияқты. Бірақ Қазақстанның əскери жүйесі расымен күрделі. Қарапайым халық форма кигеннің бəріне сенім артады. Ал Отан алдындағы борышын кім қалай өтеп жүр? Əскерге бару, кадет корпусында оқу мен əскери кафедраның айырмашылығы қандай? Бүкіл саналы ғұмырын ел қорғауға арнайтын темірдей тəртіпке бағынатын тұлғалар ше? Бұл туралы олардың өздерінен сұрап білдік.

Айбек Зекенов, Краснодар жоғары əскери авиациялық ұшқыштар институтының курсанты, Қазақстан азаматы:

Әскери ұшқыштың денсаулығы мықты болуы керек

– Бастауыш сыныпты бітіре сала, Семейдегі Ш.Уəлиханов атындағы «Жас Ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернатында оқыдым. 11-сыныпты бітірген соң Краснодар жоғары əскери авиациялық ұшқыштар институтына грантқа түстім. Бала күнімнен əскери ұшқыш болуды армандайтынмын. Бұйырса, келесі жылы оқуымды бітіріп, елге ораламын. Əскери ұшқыш болудағы бірінші талап – денсаулықтың мықты болуы. Қысым, температура ауа қабаты биіктеген сайын өзгеретіні белгілі. Мұны кез келген адам көтере алмайды. Ұшқыштың денсаулығы мен өмірі аса маңызды. Əскери адамдардың өміріне қауіп төнгенімен, ол қаншама адамдарды қауіптен сақтап қала алады. Əскери адамдар зейнетке де ерте шығады. Əскери тұлға болу – менің бала күнгі арманым, есейгенде жасаған таңдауым.

Азиза Тасимханова, əскери кафедраның курсанты, əл-Фараби атындағы ҚазҰУ, химия жəне химиялық технологиялар факультетінің студенті:

Отан – ортақ, оны қорғау да ортақ

– Əр адам өзін өмірге əкелген анасына қарыздар. Ана алдындағы борышты ұл немесе қыз деп бөлмейді ғой. Сол сияқты Отан-Ананы қорғау да ер адам мен əйел адамға ортақ. Алайда Қазақстанда əскери борышын өтеу еліміздің əр тұлғасының жеке көзқарасына байланысты. Əскери өмір мені бұрыннан бері қызықтыратын. Əлия мен Мəншүк сияқты батыр қыздардың ұрпағы болғандықтан, ер азаматтармен бір сапта тұрып,қалқан болу менің де арманым еді. Осылайша, жоғары оқу орнына келгенде əскери кафедраға қосымша оқуға түсуге болатынын білдім. Университетте біз əскери кафедраға кеткен күні басқа студенттер сабақ оқымайды, демалады. Кешке əскери кафедрадан қайтып келе жатқанда өзімді батыр сияқты сезінетін кездер де болады. Əскери кафедрада Отан қорғайтындай ешнəрсе істемейміз. Тек əскери білім аламыз. Алайда ел басына күн туған шақта осы алған білімімізді іске жаратып, халқыма пайдалы іс атқара аламын деген ой қуанышқа бөлейді.

Нұрым Жолдыбаев, ҚазҰАУ Əскери кафедрасының түлегі, лейтенант:

Әскери кафедраның да өз тәртібі бар

– Мен Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің Əскери кафедрасында екі жыл бойы оқыдым. Бала күнімнен əскери форма киюді армандайтынмын. Əскери кафедраның арқасында жоғары оқу орнында өзім қалаған мамандық бойынша оқып жатырмын жəне қосымша Отан алдындағы борышымды өтеп, əскери билет пен шеннің де иесі атандым. Қазіргі таңда қоғамда əскери кафедра мен əскердің арасы жер мен көктей деген сөздер айтылып жүр. Алайда əскери кафедрада оқығанның да өз қиындығы бар. Біз де əскери тəртіп пен жүйеге бағынамыз, əскерге барып көрмегеніммен, əскери кафедраның берген білімі мен тəрбиесіне ризамын. Жігіттер қауымы əскери кафедрада оқығаннан кейін батылдық, төзім, адалдық пен жанкештілікті бойына сіңіреді. Əскери кафедрада оқығанның университеттегі оқу процесіне ешқандай зияны жоқ. Кафедраның оқу процесін аяқтаған соң запастағы лейтенант шенін алып шығамыз. Бұл жетістік маңдайдан аққан тер мен екі жылғы үлкен еңбектің нəтижесі деп нық сеніммен айта аламын. Жоғары оқу орнына түскен əрбір азамат, мейлінше, əскери кафедрада оқып, білім мен тəрбие алуы керек деп ойлаймын. Себебі əскери кафедра берген тəрбиені ер жігіт басқа еш жерден ала алмайды.

P.S: Бұрын да, қазір де, болашақта да балалар үшін «Сенің əкең Отан алдындағы борышын өтеген» деген сөз ең үлкен құрмет. Əрбір қыздың ана атануы қаншалықты зор міндет болса, ер азаматтардың əскерге баруы да сондай құрметке лайық іс. Жігіттер қауымы қашан болса да, қалай болса да осы міндетті орындауға тырысуы керек. Себебі Отан – ортақ, Отан – жалғыз!

 

 

Дана ҚАНАТҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №19
8 мамыр 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз