Бүгінгі кейіпкерлеріміз – Мұхтар Өтелбаев, Асқар Жұмаділдаев сынды математиктердің ізін жалғап, Америка мен Англияның беделді оқу орындарын мойындатып жүрген жас ғалымдар. Олар – Харди теңсіздіктерін «біртекті Ли тобы» («homogeneous Lie group») барысымен зерттеп жүрген Нұрғиса Есіркегенов пен оның жары, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Айшабибі Дүкенбаева. Екеуі де Қазақ Ұлттық университетінің студенті атанған күннен-ақ алдыңғы қатарлы елдерде оқуды мақсат етеді. Бакалаврды бітірген соң Айша бір жыл Бостонда тіл оқып, одан кейін Калифорния штатының Лос-Анжелес қаласында математика мамандығы бойынша магистр дәрежесін алып шығады. Ал Нұрғиса елде жүріп ғылым жолындағы алғашқы зерттеу жұмыстарын бастап кетеді. Біліктілігін жетілдіре түсу үшін Лондон империялық колледжіне PhD докторантураға оқуға түседі.

Теренс Таоның жетекшілігімен 1982 жылы Элиас Штейн мен Джеральд Фолендтің баламасы жоқ «Hardy spaces on homogeneous Lie group» термині қолданысқа ене бастады. Харди теңсіздігі физикалық қажеттілікке ие, қарқынды дамып келе жатқан сала. Бүгінде Нұрғиса Харди теңсіздігін магнитті операторлар үшін М.Ружанский, А.Лаптеп секілді профессорлармен бірге зерттеп жатыр.

Ал біз АҚШ-тың білім беру жүйесі жайлы Айшабибімен әңгімелескен едік. Жас ғалымның ізденістері туралы да сұрадық. Айшабибі бәрін рет-ретімен баяндап берді:

Оқу жүйесінде айырмашылық көп

– «Болашақ» бағдарламасы әлемнің кез келген елінде білім алуға мүмкіндік береді. Менің таңдауым АҚШ-қа түсті. Оқуға түскен соң бір жыл Бостонда білім алдым. Ол уақытта негізінен ағылшын тілін жетілдірдік. Ал магистратураны Лос-Анжелес қаласындағы Оңтүстік калифорния университетінде жалғастырдым. Оқудағы басты айырмашылық – студенттер мен профессорлардың кез келген мәселе бойынша тең дәрежеде сөйлесе алуы. Біздің елімізде студенттер мен оқытушылар арасында ондай қарым-қатынас қалыптаспаған. Оқытушыларды үлкен кісі деп қарап, тең дәрежеде пікірлесе алмайтынбыз.

АҚШ-та студенттерге арнап бір аптада екі күн «office hours» ашып қояды. Профессор уақытын белгілейді. Сабаққа байланысты түсінбей жүрген нәрселердің барлығына сол кезде жауап береді. Бұл студенттерге өте қатты көмектеседі.

Әр студент не магистрант тұтынушы ретінде өзі қалаған ұстазды, өзі қызыққан сабақты таңдау құқығына ие. Оқу жүйесіндегі тағы бір айырмашылық – АҚШ-та білім алу өте кымбат және олардың 80-90 пайызы ақы төлеп оқиды. Бұл жағынан біздің артықшылығымыз бар, елімізде жыл сайын мемлекет есебінен қаншама грант бөлініп, тегін білім алуға мүмкіндік беріліп жатыр. Мұны тиімді пайдалануымыз керек. Менталитет тұрғысынан америкалықтар өз жұмысына өте адал, үнемі күліп жүреді және құпиялыққа өте қатты мән береді. Біреудің жеке өмірі жайлы сұрау дөрекілік болып есептеледі. Олардың ауа райы жайлы айта беретіні содан болса керек. Әр адам жастайынан тауелсіз болып өсуді қалайды. 18-20 жасынан бастап ата-анасынан бөлек тұрып, өз бетінше өмір сүреді, ата-анасы тек бағыттаушы ретінде қалады.

«Болашақ» бағдарламасы туралы мектепте оқып жүргенде-ақ естідім. Ал шет елде оқу жайында 2-курс оқып жүргенімде шешім қабылдадым. Ағылшын тілінен IELTS тестінен өту басты кедергі болды. Бір жыл бойы тілдік курстарға қатысқан соң деңгейім айтарлықтай жоғарылап, сенімім арта түсті. Қанша үйреніп бардық дегенмен, алғашында тіл үйрену тұрғысынан қиындық болды. Сол елдің азаматтарымен сөйлесу біршама уақытты талап етті. Біздің жазба тіліміз бен сөйлеу тілімізде бар айырмашылықтар ағылшын тілінде де жетерлік. Диалект, қысқартып сөйлеу, америкалық және британдық акценттер көп кездеседі.

Математиканы жетілдіру барысында біз әлемді өзгертуші күшке айналамыз. Себебі дамып жатқан технологияның бәрі де түптеп келгенде белгілі бір ғылымға негізделеді. Оны білсең, ғаламның қанша градуспен өзгеріп, қандай жылдамдықпен құбылып бара жатқанын лезде аңғаруға болады. Барғаннан кейінгі бізге де алпауыт мемлекеттердің үздік студенттері секілді жан-жақты жетілу қажет болды. Ол жақтың білім жүйесінде біршама еркіндік болғанымен, процеске ілесе алмасаң, әп-сәтте ысыра салады. Сондықтан студенттер тынымсыз еңбек етуге, өзінің қабілетін дәлелдеуге барынша тырысады. Шет елде білім алғысы келген талапкер алдымен өз мемлекеті жайлы дұрыс көзқараста болуы қажет. Туған жеріңнің тыныс-тіршілігімен таныс болу, Отаның жайлы жүйелі білімің болуы маңызды. Мінездің де рөлі зор. Әртүрлі жағдайда шешім қабылдау, белгілі бір ортада  кикілжің туғызбау өзіңе байланысты. Бұл дүниелер «Болашақпен» оқуға тапсырған кез келген талапкердің басынан өтетін сынақ.

Үзіліссіз жұмыс істейтін кітапханалар керек

Шет елде мүмкіндік өте көп. Іздеген мәліметтер мен жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар қолжетімді. Бір зат сатып алғыңыз келсе, бүгін тапсырыс берген затыңыз ары кеткенде 2-3 күнде дайын болады. Сервис өте жаксы дамыған. Бұл біздің елімізде мүмкіндік жоқ дегенді білдірмейді. Еуропа елдерімен, АҚШ-пен салыстырғанда біздің еліміз енді ғана тәуелсіздігін алған жас мемлекет. АҚШ казіргідей мемлекет болуға 300 жылын арнады. Шет елде оқып жүріп  байқағаным, біздің елдің қыз-жігіттерінің де мүмкіншілігі осал емес. Қаншама студенттер шет елдің алдыңғы қатарлы университеттерін үздік бітіріп, сол жақтың белді компанияларынан жұмысқа шақырту алып жатыр. Бұл біздің жастарымыздың потенциалы артық болмаса, кем емес екенін көрсетеді. Айырмашылығы, дамыған елдерде бізге қарағанда мүмкіндік өте көп болып тұр.

«Болашақ» сияқты бағдарламалар жастарды шет елдерге оқуға жіберіп жатқандықтан, біздің ел де дамыған елдердің қатарына кіретініне өз басым сенемін. Ол үшін алдымен біздегі қағазбастылықты азайту керек. Есесіне дамыған мемлекеттердегідей үзіліссіз жұмыс істейтін кітапханалар, ғылыми жаңалықтардан жылдам хабардар ететін басылымдар базасы қолжетімді болса, ғалымның жұмыс жасауына оңтайлы болар еді.

Атамның жиғаны – «Отырар кітапханасында»

Математикаға жақындығым ата-анамнан келген. Анам ұзақ жылдан бері математика пәнінен мұғалім болып қызмет етеді. Бауырларымның бәрі математикаға жақын. Мұның барлығына атам Абай Дүкенбайұлының да ықпалы зор. Өзі ұстаз кісі болатын. Мінезі қатал. Барлығымызды 1-сыныпқа өзі жетектеп апарды. Апта сайын күнделік, дәптеріміздегі бағаларды тексеріп отыратын. Үйіміздің бір бөлмесі кітапхана еді. Ол жерде көп жылдан бері жарық көрген газеттер, кітаптар тұратын. Сол бөлмеге кіру біз үшін арман еді. Білімге деген қызығушылықтың барлығы сол кісілердің ықпалымен басталды. Өнерге үлкен құрметпен қарайтын. Шәмші Қалдаяқовтың әндері жазылған екі ескі қызыл кітабын алтындай қорып сақтайтын еді. Сондағы өлеңдерді бізге жаттатқызатын. Газет-кітаптар тұрған бөлмеден кітаптарды рұқсатпен сұрап алып, орнына апарып қоятын едік. Оның ішінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолынан» бастап, Батырлар жырына дейін том-том болып тұратын. Атам менің журналист болуымды қатты қалап, соған баулыған екен. Аздап ән айтатынмын. Бірақ, математиканы тандадым. Жақында атамның 40 жыл бойы жинаған кітаптары мен газет-журналдары Шымкент қаласындағы «Отырар кітапханасының» мұрағатына өткізілді.

Айшабибінің ендігі мақсаты – ҚазҰУ доктарантурасына оқуға тапсырып, ұстаздық қызметті қатар алып жүру. «Біз оқыған тұста интернетке кіру уақытының өзі өте шектеулі болатын. Қазір ізденушілерге қолжетімді.  Жас ғалымдарға арналған жатақхана мен арнайы Әл-Фараби кітапханасы салынған. Халықаралық деңгейдегі ғылыми журналдарға мақала жариялау мүмкіндігі де молайған. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау да, арнайы сыйақы да бар», – дейді Айша. Ал Нұрғиса қазақ ғалымдары арасынан Нобель сыйлығын алатын математик шықса деп армандайды. «Математик үшін берілетін сыйлықтың түрі көп. Ал Нобель сыйлығының ерекшелігі – ешкім өзін-өзі ұсына алмайды. Оны тек арнайы бекітілген ең білікті деген санаулы адам ғана ұсына алады. Математика нақты ғылым болғандықтан, ғалымды ашқан жаңалығымен бағалаған дұрыс деп ойлаймын. Ал еңбегі өтеліп Нобельді алып жатса, бұл өзі үшін ғана емес, ұстаздары үшін де, халқы үшін де тарихи жетістік деп есептеймін»,– дейді Нұрғиса.

Сәуле НЫСАНБЕК

«Ұлан» газеті, №23
5 маусым 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз