Иманқұлдың баласы Бұғыбай Мәскеудегі медицина институтын бітіріп, балалар дәрігері болып қызмет істеді. Моңғолияда ұлттық аймақ саналатын Баян-Өлгейдегі қалың қазақ қоныстанған өлкеде балалар дәрігері ерекше қажетті мамандық болатын. Алтай тауының солтүстігінен оңтүстік-шығысқа созылып жатқан Бай өлкедегі абақ керей мен найман рулы қазақ диаспорасының арасында әкесі өте беделді, ел сыйлайтын азамат болғандықтан Қасымханды «Емшінің баласы» деп атайтын. Қасымханның әкесі Бұғыбай 1987 жылы дүниеден қайтыпты.

Жер шоқтығы Көкшетауға біткен сексен көл сияқты Баян-Өлгейде де 80 көл бар, соның бірі суы тұщы Толбо көлі. Анасы кең дала, балығы бықыған көлдің жанында тамызда туған соң қазақы дәстүрде Айдынкөл деп есім беріпті. Ақкөңіл, қарапайым, көңілі көлдей дархан, қолы ашық, табиғи дауысы бар, керім әнші анасынан балаға өнер дарыды.

«Анамыз әкеміздің қалдырып кеткен ауылының анасы болды. Кейде қызғанатынбыз. Халық аман болсын деп елдің тілеуін тілеп отыратын. «Халқың аман болмаса, бәрің тозып кетесің» дейтін. Мұның мәнісін кейін түсіндік қой. Серілігім әкеме, өнерім анама тартқан», – дейді Қасымхан.

Әкесі кітапты көп оқитын. Әке десе, көз алдында қасқабас, кітап оқып отырған адам бейнесі тұрады. Әкесі есімін «Атаманның ақыры» фильмін көрген соң Қасымхан сияқты батыр болсын деп қойыпты. Ата-анасы ұлдары мен қыздарын қаймағы бұзылмаған ұлттық дәстүрде тәрбиелеп өсірді. Інісі Есімхан жол апатынан 16-17 жаста кеткенде
анасы ащы зар жұтып, талып қалды. Еженхан, Дөрбетхан (ішкі аймақта жүргенде туған соң қойған), Дәулетхан, Дәлелхан, Арман, Далайхан (шетінеген), Қасымхан және төрт әпкесі Аралхан, Шәрмен, Татьяна (әкесі кітаптан қойған, Абай жырлаған Пушкиннің кейіпкері), Меруерт. Анасы әкесінің әсерімен медицинаға оқымаса да емшілікке жақын болып шықты. Медбибі-акушерка, талай баланың кіндік шешесі атанды.

Кішкентай кезінде радиодан «Дудар-ай» атты әнді естігенде әсерленіп, осы әнді айтсам арманым жоқ деп ойлағаны есінде. Легенді қалқан, уықты найза қылып, ағаш қылыш ұстап, атқа мініп жекпе-жекке шығып, балалармен Төлеген мен Бекежан болып ойнайтын-ды. Бала Қасымхан кинодан көргенін қайталап, «Атқан қолдан айналдым!» деп айғайлап жүретін.

Әкесі бала Қасымханға: «Қолыңа қылышыңды ұстап, Байтайлақ деп шап», – дейтін. Ол кезде аса мән бермеген. «Байтайлақ деген кім?» – деп сұрамаған. Ер жетіп, отбасылы болып, Елорда театрында әйгілі Әміре рөлін сахнаға алып шыққанда Қасымхан Бұғыбай бұл есімнің сырын білген. Бір жігіттер сүйінші сұрады: «Қасымхан, біздің Байтайлақ деген атамыз табылды!». Ол XVII ғасырда өмір сүрген, арабша өте сауатты, батыр болған. Керейлер солтүстікте тұрған, атақонысы. Көкшетаудың Талшық деген ауылында табылды. Абақ керей, Шеруші, Шерушіден алты ата бар. Шеруші Байтайлақ бабаның басына күзде барып үлкен тасты киіз үй сияқты орнатып, шаңырақ қойды, алты атаның баласы алты уықты ұстады. Баяғыда әкесі «Байтайлақ деп шап!» – дегені рулық ұран екенін Қасымхан енді білді. Байтайлақ бабаның арабша жазған хаты табылды. Ғылыми жыр бар екен. Байтайлақ қалмақ батыры Дүгіржептің қарнын жарып жіберген екен. Байтайлаққа садақтың оғы тигенде жеті шақырым жүріп кеп, Талшық деген жерде құлайды, сонда жерленген.

«Моңғолия тудырды, өсірді, еш өкпе жоқ, атақоныс болды. Өзім бір атадан жалғызбын. Түбінде қазақтар Қазақстанға көшеді. Сол кезде бала-шағамды елге қайткен күнде апар!». Осылайша Бұғыбай зайыбына аманат қылып, зердесіне құя берген. Әкеңнің аманаты деп асыл ана көрегендік танытып, әуелі балаларын, сосын келіндерін елге көшуге көндірді. Көшу туралы әңгіме 1992 жылы басталған, ересек балалары терең тамыр жіберген жылы ұясын қимай, екі ойлы болып, келіспей жүрген.

Көшу үшін анасы Айдынкөлдің бармаған жері жоқ. Бір елден бір елге көшу оңай емес. Анасы ақсарбас деп мал сойдырып, балаларына тегіс алып келді. Әкесі сол малды сойдыра алмай дүниеден өтіп кеткен еді. Бұл әулет тарихи отанына 1996 жылы көшіп келді. Астанадан үй береміз дегенде ауылдық жерді таңдап, қаладан 130 шақырым алыстағы Астраханкаға қоныс тепті. 1996 жылдары жағдай қиын болды, кей ағалары жерсінбей, кері қайтуға ниеттенген. Бай өлкеде жақсы өмір сүрген. Мұндағы қазақтар орысша сөйлейді. Тағы анасы Айдын-көл араласты: «Балаларым, біз туған елімізге келдік. Бұл күнге Құдай оңдап аман-есен жеттік. Бұл әкеңнің аманаты болатын. Енді менің басым осы жерде қалады. Менің басымнан аттап кетсең, кетіңдер!». Балалар ана сөзіне көнді. Кейін барлығы анасының даналығына қуанды. Екі жылдан соң Ақмола ел астанасына айналып, кең-байтақ Қазақстаннан жұрт көшіп келе бастады.

Бізге де бір Қасымхан керек еді

Астраханка Мәдениет үйінде Қасымхан артист болып жұмыс істеп жүрді. Бірде Астанадан тапсырыс түсті, әппақ қылып костюм тіктіріп берді. Сыйлы қонақтардың алдында ән салуға ұшақпен апарып жүрді. Домбырамен арнау айтады. Досхан Жолжақсыновтың көзіне түсті, «Қайдан келдің?» деп сұрады. Досхан ағасы Алматыда театр институтының муздрама
деген бөліміне оқуға түсуге ақыл береді.

Қасымхан 1998 жылы Алматы-Свердловск пойызынан түсті, қолында үлкен ала сөмке бар. Вокзалдан қалаға қарап тұрып, қарадай көңілі бұзылды. «Мені күтіп отырған ешкім жоқ. Қой, Ақмолаға кетейін, жындымын ба?» – деп ойлап, билет алмаққа кезекке тұрды. Келген ізімен кету деген осы болады. Сапырылысқан жүргінші көп, кассаға екі адам қалғанда кету туралы ойынан айныды.

Өнер академиясына құжат тапсырса, 19 орынға 112 талапкер бар, осал болмайды. Қабылдау емтиханында Кәукен Кенжетаев, Есім Сегізбаев, Мақсұт Оразбайұлы болды. Кәукен аға есімін сұрап білген соң, Құдай аузына салғандай: «Е-е, бізге де бір Қасымхан керек еді», – деді. Өлең, монолог оқы десе, бұл оны білмеймін деп шынын айтты. Домбырамен ән салды. Есім аға бірден қағаз жазып берді. Қасында тұрған балалар бірден «допуск» алдың дейді. Орыс тіліне шорқақ қазақ баласы «Допуск деген не?» – деп сұраған. Алланың жазуымен Қасымхан Бұғыбай оқуға түсіп, 2002 жылы бітіріп шықты.

Курсты тұтас Орал қаласына жіберді. Қасымхан үйіне, анасына оралғысы келді, поштаға жүгіріп барып, дипломының көшірмесін жасатып алған. Астанада бағын сынауға Қалибек Қуанышбаев театрына келген. Басшы-лықта әйгілі Әзірбайжан Мәмбетов. Жас жігіт Әзекеңе: «Мен Сіздің көзіңіз тірі кезінде сабақ алғым келеді!» – дегенде ол кісі орыстілді болса да астарын дөп түсінді. Монолог оқы деді. «Оралхан Бөкейдің «Құлыным менің» пьесасынан монолог оқып бердім, бұл кезде дайынмын ғой, жанып тұрмын», – дейді Қасымхан Әзекеңмен алғаш бетпе-бет жүздескен сәтін есіне алып. «Все. Принят! С августа выйдышь на работу», – Әзекең қысқа қайырған. Ол рухани ұстазы Әзекеңді ешқашан дұғасынан тастамайды.

Қасымхан Бұғыбайдың өлеңдері

Дархандығы қанымда бар қазақпын

Жігіт болсаң бопсаға шыда деген,
Топ ішінде дарабоз құлагер ем.
Тас қараңғы түнекке таста мейлі,
Өткірмін, мен жарқырап шыға келем.

Қара түнек қапыда қас қылады,
Бар жамандық кешқұрым басталады.
Түні бойы жүрегің қан жыласа,
Оны айтуға кей адам жасқанады.

Иә, білем! Өмірдің белесі бар,
Бай болудан әркімнің дәмесі бар.
Мол екем деп тасыма, бар болсаңыз,
Сізге де бір тағдырдың бәлесі бар.

Бір шығатын далаға кезім келді,
Жақсы да бар, жаманды көзім көрді.
Таң бозынан Тәңірім тарту етсе,
Хан ұлына бергісіз несібемді.

Дархандығы қанымда бар қазақпын,
Не десең де көтерем, нар қазақпын.
Көсегесі көгеріп, көлбей басқан,
Күркіреген кәдімгі сел қазақпын.

Томағамды сыпырып, ұшырып көр,
Қалықтасам көгімде түсіріп көр.
Тобылғы сапты қамшы алып,
тізгін беріп,
Төр бозымның төс айылын
тартқызып көр.

Асау басым ноқтаға сыймай жүрген,
Құлагерін қансыраған қимай жүрген.
Шыр айналып, жақсы мен
жамандары,
Қайда кетіп барасың, ай-хой дәурен!

Адалдықтың  құны жоқ

Ұқсайтын мінез мүсінге,
Алуан сыр бар ішінде.
Сыртынан мінсіз болғанмен,
Адам аласы ішінде.

Біреудің момын халі бар,
Біреудің жығар әлі бар.
Мың бірде пәле қаптатқан,
Құрықсыз қулар тағы бар.

Аңқауды алдап арбайды,
Дәулердің дәмінен қалмайды.
Өзінен төмен шақырса,
Сылтауы көп, бармайды.

Пышақтың бүгін қыры жоқ,
Саптаяқтың сыры жоқ.
Замана мынау безбүйрек,
Адалдықтың құны жоқ.

Ұры иттей қуыс артымыз,
Бүтін де емес, жартымыз.
Досыңнан тауып дұшпанды,
Не болып кеттік жалпы біз.

Қызылды көріп қызарған,
Тырнақ пен шашы ұзарған.
Қарындас анау қара көз,
Кәнден бір иттей бұралған.

Тоқтықтан билік кекірді,
Көкшолан бөріні кетірді.
Халықтың қанын сорып жүр,
Құтырған иттер секілді.

Артыңда құз, алдың жар,
Қылдай көпір неткен тар.
Қай жағыңа қашасың,
Сол жағыңда ақ аю,
Оң жағыңда айдаһар.

Өзімнен тауып кепілді,
Сағым да сынып кетілді.
Берекесіз кейбір қарттарым,
Алжыған төбет секілді.

Кімдерден кеткен осалдық,
Орта жолдан қақалдық.
Жаһандану деп жүріп,
Бақа мен шаян атандық.

Осылай өткен заман-ай,
Ер болсаң ұққын тасымай.
Адам деп жазған өлеңім,
Аң болып бітті осылай.

Уызына жарып өскен

Қазақтың үлкен ақыны Серік Ақсұңқар:
«Атилла айғай салады ылғи түсімде:
– Адамзатқа мен де ие болғам!» – деп», – атойлай жырға қосқаны сияқты, сахнада әлем әміршілерінің тұлғасын сомдауды армандамайтын актер дүниеде жоқтың қасы. Билікте орда бұзып жарып шыққан, өткір мінез, өр кеуде, бір ұрты қан, бір ұрты май, күш-жігер, қайраты жазғытұрғы өзендей тасып тұрған, бұқараны қаһарынан бұрын өр рухымен
бағындырған жаратылысы бөлек, сән-салтанаты асқан теңдесі жоқ жандар болған соң қызықтыратын болар. Уақыт шіркін атын өшірмеген әміршілерді бір ел Тәңірқұты деуі мүмкін, бір халықтар үшін қанішер жауыздық символына айналған, ет пен сүйектен жаралған күрделі бейнені сахнада шығару үшін табиғи талант, талмас ізденіс, моншақтап тер төгу керек-ау. Ақсүйек билеуші тұлғасын дүниежүзілік театр әлеміне таңып кеткен
Шекспирден соң драматургтер кесек әмірші бейнесін сомдауға аянған емес. Сахнада Қасымхан Бұғыбай жарты әлемді уысында ұстаған Цезарь мен Шыңғысхан бейнесін жарыққа шығарғысы келеді. 2002 жылды театрға қабылданған соң алғашқы рөл еншісіне тиген, режиссер Нұрлан Жұманиязов қойған «Пай-пай, жас жұбайлар-ай!» спектаклінде ауылдан келген жас жігіт Бекзат. Персонаж аңқау жігіт, Қасымхан кішкентай рөлді өте жақсы алып шықты. Режиссер Болат Ұзақов қойған «Еңлік-Кебек» спектакліне Қасымханды Кебек рөліне аяқ астынан енгізді, Сая Тоқманғалиева Еңлік рөлінде шықты. Болат Ұзақов сахналаған «Күшік күйеу» пьесасында Қасымханға тиген рөл Бекболат домбырамен ән салады. Қазақ ән сүйетін халық. Театрға Қасымханды іздеп келіп көретін көрермен табыла бастады.

Алаштың тегеурінді ақыны Шаһизада Әбдікәрімов «Кез келді, міне, бақ сынар!» деп жырға қосқандай, Қасымхан қазір нағыз бабында, таланты толқып тұрған актер, түр әлпеті келісті ер азамат.

Қазақы дәстүрде уызына жарып өскен, ұлттық болмысы, потенциалы мықты, ащы тері алынбаған артист. Шығармашылық мүмкіндіктерін дер шағында қолдануын ол жанымен қалайды, басты рөлдерді еншілеуге ынтызар. Өз-өзіне сенімді. Дауысы бар, кез келген нақыштағы әнді айта алады. Оркестрмен, домбырамен, эстрадамен қосылып, ария айтуға да өресі жетеді. Өлең жазады, ән шығаратын өнерден құралақан емес.

Режиссер Әлімбек Оразбек философиялық сарында өзгеше қойған Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» атты драмада сырты жылтыр, іші жыртқыш Қалтай рөлін алып шықты. Асхат Маемеров кішкентай эпизодтық рөліне үлкен баға берді. Қуанышбаев театрында Қасымхан Бұғыбай сомдаған кесек рөл – Әміре. «Ән-Әміре» драмасының авторы – белгілі жазушы-драматург Рақымжан Отарбаев, сахнаға алып шыққан – қоюшы-режиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған премьераға 1974 жылы Мәскеудегі Мемлекеттік Орталық архивтен Әміренің фонографқа жазылған дауы-сын тауып, ұлттық руханиятқа олжа салған өнертанушы, музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрім қатысып, сәтті драма туғанына сүйініш білдірді.

«Пьесаның суретшісі Берік Бөрібаев, музыкамен көркемдеген жас актер, композитор Олжас Жақыпбек. Спектакльдің музыкасын қоюшы театрдың бас хормейстері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашевтың кәсіби шеберлігі анық танылды. Жеке дауыс пен хордың үндесуі тамаша. «Әміре» – драматургия, музыкалық деңгейі, актерлік ансамбль тұрғысынан біртұтас биік шыққаны дау тудырмайды. Бұл спектакль халқымыздың дегдар өнеріне сағынышты оятып, қазақ әуендері әннің төресі екенін көрсетті.

Көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгереева драмада шырқалған әндер композицияға дәл таңдалғанын байқап, оң пікір айтты: «Әміре» – тұнған қазақ болмысы. Бұл біздің тарих. Әміренің аруағы бір аунап түсті-ау! Қазақ әйелін жанымен берген. Адам жанымен жұмысы жоқтарға не істеуге болады?!». Ақын басты рөлді ойнаған артист Қасымхан Бұғыбайға: «Сен мені тебірентіп жібердің. Бәріңе де ризамын. «Айнамкөз» әнінің авторы, халық композиторы Мұхиттың басында жаман бір ескерткіш тұр. Құдіретті өнер қалады, әрқайсыңның орның бөлек», – деп актерлердің баршасына ақ батасын берді. «Бұл спектакль көрерменнен ешқашан кенде болмайды», – деп бұл драмаға арнайы мақала арналған.

Көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгереева драмада шырқалған әндер композицияға дәл таңдалғанын байқап, оң пікір айтты: «Әміре» – тұнған қазақ болмысы. Бұл біздің тарих. Әміренің аруағы бір аунап түсті-ау! Қазақ әйелін жанымен берген. Адам жанымен жұмысы жоқтарға не істеуге болады?!». Ақын басты рөлді ойнаған артист Қасымхан Бұғыбайға: «Сен мені тебірентіп жібердің. Бәріңе де ризамын. «Айнамкөз» әнінің авторы, халық композиторы Мұхиттың басында жаман бір ескерткіш тұр. Құдіретті өнер қалады, әрқайсыңның орның бөлек», – деп актерлердің баршасына ақ батасын берді. «Бұл спектакль көрерменнен ешқашан кенде болмайды», – деп бұл драмаға арнайы мақала арналған.

P.S. Қасымханнан сұхбат алып отырғанда жылдың алғашқы нөсері керемет құйып берді. Мамырдың 22-сі болатын. Қасымхан терезеге қарап: «Қазір сахнаға шығарса, тура осы нөсердей күркірер едім!» – деп айтуы мұң екен, аузын жиып алғанша болмады,
жабық тұрған терезе сарт етіп ашылып кетті. Ішке лап етіп таза ауа, нөсердің бұрқыраған иісі енді. Игі нышан текке көрінбейді.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА.

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз