АҚШ-та тұратын қандасымыз, медицина ғылымының докторы, профессор Қасым Қабылхақты көптен танимын. Бұл азаматтың есімімен біздің қазақстандықтар жақсы таныс болмаса да, оны Қытай мен Жапон жақсы біледі. Əсіресе, ғылым саласындағылар өте жақсы таниды. 1990 жылдардың басында жапон асқан жас ғалым 1999 жылдан бері АҚШ-та тұрады. Айова (Iowa) университетінде қабыну мен қатерлі ісіктің байланысын зерттеумен айналысатын ғалымның зерттеу жобасын АҚШ үкіметі жылына 1 миллион 800 мың доллармен қаржыландырып отыр. Жақында Қасым ағамен хабарласып, сұхбат алудың орайлы сəті болған еді. Сол əңгімемізді оқырманға ұсындық.

– Біздің білуімізше, Сіздің бүкіл адамзатқа аса маңызды тақырып бойынша ғылыми-зерттеумен айналысып жатқаныңызға он бес жыл болыпты. Қазір қазаққа қызмет қылсам, сонымен бірге əлемге де танылсам деген жастарға мүмкіндік көп. Осы орайда туып-өскен ортаңыз, оқу жолыңыз, отбасыңыз жайында жас ұрпаққа не айтар едіңіз?

– Мен Қытайдың Үрімжі қала- сынан 120 шақырым шығыста жатқан, Тəңіртаудың Боғда шыңы- ның күнгей етегіндегі Ақсу атты қазақ ауылында 1964 жылдың 29 қаңтарында дүние есігін ашыппын. Шешем Гүлғасыл ауыл дəрігері болатын. Əкем Қабылхақ Ғазезұлы «мəдениет төңкерісі» атты аласапыранда, Ғазез атамның Алаш арыстарының жолын қуған азаматтығын желеу етіп табалағандардың соққысынан, менің он жасымда қайтыс болған. Ол кез бүкіл Қытайда ауыр жылдар еді. Мен тұрған қазақ ауылының халі тіпті мүшкіл болатын. Не мұғалім, не оқулық толық емес жағдайда жанталаса оқыдым. 1981 жылы он жылдық мектепті қазақ тілінде тəмамдап, Бүкіл Қытайлық Біртұтас емтихан- нан үздік балл алып, алғаш Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінің дайындық бөліміне (тіл үйрену сатысында), сосын Бейжің Педагогика университетінің биология мамандығына түсіп оқыдым. Ұлттар университетіндегі екі жылдық дайындық, жанталаса ұмтылу сабақтастарымның ең соңында тұрған жерімнен ең алдыңғы қатарға шығарды. Сөйтіп, өзіме сенімім күшейді. Бейжің Педагогика университе- тінде де алғашында ағылшын тілінен əліпті таяқ деп білмес күйде едім. Жанталаса үйрене жүріп, соңғы жылы оздым. 1987 жылы толық курсты бітіре сала, сол Бейжің Педагогика университетіне физиология мамандығы бойынша аспирантураға түстім. Оны бітірген соң 1991 жылы Үрімжіге қайтып келіп, екі жылдай оқытушы бола жүріп, Жапонияға барып оқуға дайындалдым. 1993 жылы Жапонияның Хоккайдо университетінің докторантурасына түсіп, қабыну мен рактың (Infl ammation and cancer) байланысын зерттедім. Зерттеу еңбектерім ғалымдардың назарын аудартты, жазған-сызғандарым бұл саланың халықаралық ең беделді журналдарында (мысалы, “Cancer Immunology and Immunotherapy” мен “Oncogene” секілді) жарияланды. Сонымен, 1998 жылы əрі медицина ғылымының докторы (Phd) атағын, əрі бүкіл Жапония Медицина Қоғамының сыйлығын иелендім. 1989 жылы Баян Сұлтанқызымен бас құрадық. Бір қызымыз бар. Шыңжаң университетінің биология мамандығын тауысып, бакалавр дəрежесін алғаннан кейін Бейжің университетінің аспирантурасында білім алған, Шыңжаң университетінде оқытушы болған Баян қазір осы Iowa университетінің медицина зертханасында істейді. Қызымыз Гүлбаршын университет тауысты. Енді аспирантураға кірмек. Өзім рак туралы зерттеумен айналысамын. АҚШ-қа келгелі 15 жылдан асып барады.

 – Бəрекелді! Тамаша өмірбаян! Бірақ, ата-тегіңіз, əкеңіз жайлы ашып айтпадыңыз ғой.

– Сержан, ол бір ұзақ əңгіме. Сұрап қалдың. Қысқа қайырайын. Шығыс Қазақстанда кезінде елге əйгілі Қалбан қажы деген кісі өткен. Ол атамыздың ұрпағының дені Қазақстанда, біразы Шыңжаңда (Үрімжіде, Санжыда) тұрады. Менің əкем Қабылхақ – сол Қалбан қажының ұрпағы, 1903 жылы туған Ғазез Нұрмұқамметұлы Қалбановтың ұлы. Атам Ғазез Санкт- Петербург университетінің заң факультетін тауысып, Əлихан Бөкейхановтарға ерген, кейін Семейде Кеңес төрағасының орынбасарлығына шейін көтерілген екен. Бірақ артынан əрі байдың қызын алғаны, əрі алашшылдарға ергені үшін жазаланады. 1928 жылы партиядан шығарылып, қызметтен қуылады. Атам Ғазез мұның арты қуғынға ұласқалы тұрғанда Қытай асыпты. Ал қызыл солақайлардың «байдың қызын алғаны» дегендегі байы нағашы атамыз Əбдікəрім болыс екен. Өткен ғасырдың басында Шығыс Қазақстанда мектеп ашып, Сұлтанмахмұт Торайғыровтарды оқытушы етіп, ел көзін ашуға еңбек сіңірген, екі дүркін Мемлекеттік Думаға жəне Алаш партиясының атқару комитетіне мүше болған, 1998 жылы Қатон- қарағай ауданындағы мектепке аты берілген Ережепұлы Əбдікəрім болыс деген əйгілі адамды естіген боларсыз. Нағашы атамыз дегенім сол кісі. Қазақстанның халық жазушысы Қалихан Ысқақ жазған «Жанқимақ» драмасындағы бас кейіпкер де сол Əбдікəрім ата. Ол отызыншы жылдардағы репрессия кезінде Қытайды баспаналап барса да, өкшелей қуған Кеңес өкіметінің чекист-жендеттері тарапынан құртылыпты (естуімше, Алтай қаласындағы Кеңес консулы қымызға у қосып беріп өлтіріпті). Атам Ғазез сол Əбдікəрім болыстың Бағдат дейтін қызын алған екен. Əбдікəрім болыстың Сұлтанмахмұт ғашық болып, қосыла алмаған қызы Бағила – осы Бағдат əжеміздің əпкесі. Атам Ғазез Үрімжі қаласындағы ұсталғанға шейінгі аз жылында қазақ үшін көп еңбек сіңіреді. Шыңжаң қазақ-қырғыз ұйшымасының (қоғамының) төрағасы, қазақша шығатын «Шыңжаң» газетінің бас редакторы болады. Қоғам атын пайдаланып, əр аймақта талай мектептің ашылуына түрткі болады. Амал не, кезінде Шыңжаңды билеп тұрған, билігін нығайтқанша Сталинмен астасқан Шың Шысай үкіметінің жендеттері Кеңес Одағынан келген Уголин, Фаленов, Мұқанбаевтар əкелген қара тізім бойынша Ғазез атам бастаған бір топты ұстап əкетеді. Естуімше, КСРО-дағы Новосібір абақтысына қамап, артынан көздерін жойған екен.

 – Иə, ол арыстардың жандары жəннатта болсын! Артын, міне, қайырлы етті ғой.

 …Сонымен, АҚШ-қа қалай бардыңыз? Үкімет қаржысы- мен бе, жоқ əлде өз күшіңізбен бе?

– Мен Жапонияға бармақшы болғаннан бастап, үкімет жоспарына, қаржысына сүйенбеуге бекідім. Оны жіпсіз арқан сезіндім. Баян екеуміз барымызды жиып, тіпті үйдегі жиһазымызды сатып, сол арқылы шетел асып оқуға тырыстық. Жапонияда бір жа- ғынан еңбек етіп, бір жағынан оқыдым. Постдокторлықта жүргенде жариялаған еңбектерім де өзге ел ғалымдарының назарын аударған екен. Шақыра бастады. 1999 жылы АҚШ-тың «Маунт Сайнай» Медицина орталығының шақыруын құп көрдік. Сонымен, Нью-Йорк қаласына келіп, қабыну мен рактың байланысын жалғасты зерттеуге кірістім. Мұндағы зерттеулерім де əлемдік ең жоғары деңгейдегі журналдарда (мысалы, «Nature Cell Biology», «EMBO Journal», «Journal of Biochemistry» сықылдыларда) жарияланып, ғалымдар назарын аудара бастады. Ол кезде ассистент профессор, пост-доктор едім. 2005 жылы Iowa университеті тарапынан дербес зерттеу лабораториямды құруға шақыру келді. Сонымен, «Маунт Сайнай» Медицина орталығында профессордың бағдарламасы бойынша зерттей бергеннен гөрі, өз бағдарламам бойынша еңбектенгенді жөн санап, шақыруды қабылдап, осы университетке келдім. Еңбегім жанып, жоғары өрелі халықаралық басылымдарда зерттеу нəтижелерім үздіксіз жарияланып, профессор болдым. Ол табыстарымды жоғары бағалаған АҚШ Ден- саулық сақтау министрлігі 2005 жылы 1 миллион 400 мың долларлық, ал 2009 жылы 1 миллион 800 мың долларлық мемлекеттік грант берді. Əрине, жеке өз қажетіме жұмсауға емес, лабораторияма, оның зерттеу жұмыстарының қажетіне жұмсауға. Қазір зерттеуім тіпті қарқынды жүріп жатыр. Қолымда зерттеуші ғалымдардан бөлек магистрлік жəне докторлық деңгейге ұмтылған шəкірттерім бар. Оның ішінде қандастарыма ерекше қолұшын берудемін.

 – АҚШ-та қанша қазақ тұрады өзі?

– Жалпы санын нақ білмеймін. Интернетте 2-3 мыңдай бар деседі. Бірақ мұнда ғылыми зерттеумен айналысатын қазақтар өте аз. Қытайдан келген бірнешеу ғанамыз. Қазақстаннан келгендерді өзіңіз білетін шығарсыз. Оқуда жүргендер көп. Екі мыңға таяу. Басқа жұмыстармен келіп тұрып қалғандар неше жүздей.

– Ондағы қазақтар басқа қазақтардан несімен ерекшеленеді?

– Менің байқауымша, АҚШ- тағы қазақтардың ерекшелігі – еңбекқор, қарапайым, кішіпейіл, шыншыл. Бұл өзіндегі тектіліктен сырт, мұндағы қоғамдық ортаның əсерінен секілді. Бұл елде барлық жұмыс заң бойынша жүретін болған соң, жай бұқара парақорлық, артқы есік, сыбайлас жемқорлық, өзгеге жағыну дегендерді білмейді. Дұрыс та қалыпты адами байланысты дəріптейді. Адамды сыртқы сəнімен, мақтанған сылдыр сөзімен, шіренген мысымен емес, игерген білімімен, мəдени мінезімен, сөзінің жөнімен, сөзінде тұратын шыншылдығымен, тындырған ісімен бағалайды. Жұмысқа шынайы қабілетімен ілінеді. Бітірген шаруасына сай еңбекақы алады. Қызметін пайдаланып байып алатын жол жоқ. Бекітілген ережелерді мүлтіксіз атқарумен ғана ұшпаққа жетеді, жете алады. Осы сықылды себептерден, əр елден (əсіресе, Қытайдан, Қазақстаннан) келген қазақтар, егер сезімтал, епті болса, көп ұзамай қоғамға лайықтасып, орнығып кетеді.

– АҚШ-та тұратын қазақтар жершарының əр тұсынан барған қазақтар ғой. Олардың менталитеті жəне қазақ руханиятына деген сүйіспеншілігі қан- дай? АҚШ-тағы қазақтар ұлттық тамырдан алыстап кетті деп ойламайсыз ба? Олардың қазақ руханиятына деген жақындығы қаншалық? Қазақ ретіндегі болмысын, болашағын қаншалықты елестете аласыз?

– АҚШ-тағы қазақтар 99% Қазақстан мен Қытайдан келгендер. Бірақ мұнда- ғылар қайдан келсе де, «қазақстандықпыз» немесе «атамекеніміз – Қазақстан» деседі. Қазақстанның халықаралық беделі қаншалықты жоғары болса, мұндағы қазақтардың еңсесі де соншалық жоғарылайды. Құдайға шүкір етейік, АҚШ-та Қазақстанның аты өзге Орта Азия елдерінен гөрі көп айтылады. Беделі де ең жоғары саналады. Қазір 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы Алматы алса екен деп тілейміз. Сөйте қалса, Қазақстан əлемге тіпті таныла түсер еді. Мұндағы қазақтардың менталитеті мен елге деген сүйіспеншілігін осы- дан-ақ байқарсыз. АҚШ-та тұрып қалған қазақтардың көбі 1990 жылдан кейін келгендер. Бұлардың қазақы руханияты əлі күшті. Қазақтығын мақтанышпен сезінеді. Өз елін, өз ұлтын, өз ана тілін, өз салт-ғұрпын төбелеріне көтереді. Үйлерінен қазақы дүниелер (суреттер, ою-өрнектер, домбыра, əн-күй таспалары) үзілмейді. Көбі үйінде қазақша сөйлеседі. Бір- бірімен хабарласып, іздесіп тұрады. Дастархандарынан қазақы дəм үзілмейді. АҚШ- та жоқтарын елден алдыртып тұрады. Тіпті əңгіме, əзіл-қалжыңдары да қазақы. Əн айтады, күй шертеді. Қазақстанның Тəуелсіздік күні мен Наурызды айрықша атап өтеміз. Өзара телефонмен құттықтасамыз да. Алайда, АҚШ-та туып-өскен балалардың осындағы қоғам мен мектеп тəлім-тəрбиесінің əсерінен американдық болып кету ықтималдығы жоғары. Оларды тамырынан айрылмайтындай ету үшін ата-ана ғана емес, ел жақ та амал қолданғаны жөн. Мысалы, оларды Қазақстанның жоғары оқу орындарына тартып, əр жазда қазақ диаспорасындағы жастардың елдегі лагерьлерін өткізіп, оларға қазақы тəлім-тəрбие беріп, өркендеген Қазақстанды таныту шараларын қолға алғаны ғанибет болар еді. Бұл Қазақстанның əлемге таныла түсуі үшін де, əлеммен мəдени ауыс-түйісінің күшеюіне де пайдалы дер едім.

– Ал Қытайдан барған қазақтар мен Қазақстаннан барған қазақтардың айырмасы қандай?

– Қытайдан келген қазақтар қазақпен қазақша сөйлеседі. Өзара өз тілімен байланыс жасайды. Қазақстаннан келген қазақтардың көбі өзара орысша сөйлеседі. Менің отбасымдағылар үйде қазақша сөйлесеміз. Түзде, əрине, жолыққан адамның тілімен. Қызым Гүлбаршын Жапонияда, АҚШ-та өсті. Осындай тілдік ортада жетілсе де, қазақшаны жақсы түсінеді. Үйде міндетті түрде қазақша сөйлейміз.

– Қазақстан туралы тағы не ойлайсыз? Сізді Назарбаев университетіне келеді екен деп естіп қалып едік…

– Қазақстан үшін тыныштық, орнықтылық, сол негіздегі экономикалық даму маңызды саналады. Назарбаевтың саясаты жақсы келе жатыр деп қараймын. «Мың досың болса да, бір жауың болмасын» деген бар. Қазақстан екі ірі елдің ортасында тұр. Əрі іргелес, əрі ірі елді ренжітуден пайда жоқ. «Асығу – шайтанның ісі». Талай іске өте асыққан болмайды. Қазақстан егемендігін, тəуелсіздігін қолына қайта алды. Осыдан айрылмаса, қазақ тілі енді өлмейді. Қазақ тілін күштеп жалпыластырамын деп, Қазақстандағы өзге ұлттарды қинау да пайдасыз. Одан кейінгі бір үлкен мəселе – ислам дінін желеу еткен радикалдардың, экстремистердің алдын алу. Қазақ ежелден сабырлы, салмақты халық еді. Əсірелігі, ұшқарлығы жоқ болатын. Дінге келгенде де солай. Осы дəстүрді сақтаған жақсы. Қазіргі заман – білімнің заманы. Білімнен артта қалсаң, бейбіт күнде де таяқ жеуің, дамыған елдерге қор болуың мүмкін. Батыстағы дамыған елдердің өз бұқарасына саясаты жақсы болғанымен, сыртқы саясатқа келгенде, олардың алдымен ойлайтыны алдымен өз жағдайы екені айтпаса да түсінікті. Қазақстан дербес болғаннан бері батыс елдерінің Қазақстанға көп инвестиция салудағы түпкілікті мақсаты – Қазақстанның жер ресурстарынан көбірек пайда көру. Бұл Қазақстанға да пайда келтірді. Бірақ, батыс елдері Қазақстанға ғылыми-техникалық жақтан инвестиция сала қоймайды. Ғылым-техникалық сырын бере қоймайды. Басқаларға қорлану осы жақтан туындайды. Қазақстан өз күшіне сүйеніп, ғылымын, техникасын дамытуы керек. «Болашақ» бағдарламасы көп оқушыларды шет елдерге шығарды. Бұлардың жақсы білім алып, Қазақстанға еңбек сіңіретіндері де аз емес. Бірақ ғылымға шындап берілгендері көп кездеспей жатыр. Мен мұнда жүрген қазақстандық оқушылармен көп əңгімелестім. Көбінің ойы бірер атақ алып, елге қайтып, тəуірірек жұмыс табу ғана. Банктерде, шетелдік компанияларда, өкімет органдарында жұмыс істегісі келеді. Сонда ғылым мен білімді кім дамытады? Мұны ел жақ қатты ескеруі керек деп ойлаймын.

 – Біраз ой салатын əңгіме айттыңыз. Əр қазақ сіздей болсын. Рахмет!

Сұхбаттасқан Сержан ТОҚТАСЫН

(«Ақ желкен», №4)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз