Қараша. Қазіргі әлемдік күнтізбенің он бірінші айы. Орысша «ноябрь» атауы  ағылшынша «November» сөзінен алынғаны белгілі. Ал ағылшынша атау тиісінше латын тілінен алынған. «Тоғызыншы» деген мағына береді. Ескі Рим күнтізбесі бойынша қараша жылдың тоғызыншы айы болатын.  Қазақтың ескіше күнтізбесінде де қараша тоғызыншы кезекте. Яғни біздің жыл басы деп тойлайтын наурыз мейрамымыз – заманында барлық халықтардың жыл басы болып саналған. Ескі славян тіліндегі қараша – листопад деп аталған. Жапырақтар әбден сарғайып түсетін ай. Сонымен қатар қарашада жердің оты кетіп, айнала қоңырқай тарта бастайды. Қазақша атауының мәні осында жатса керек. Дәстүр бойынша сіздердің назарларыңызға қараша айында өткен тарихи оқиғалар мен қызықты деректерді ұсынамыз.

1 қараша

Еуропаның қайта өрлеу дәуірі – әлемдік өркениеттегі үлкен табалдырықтың бірі. Бүгінгі теңдесі жоқ өнер туындылары, әсіресе көркем сурет туындылары осы замандардан бастау алады. Солардың ішіндегі ең атақтыларының бірі – Христиан дінінің орталығы болып саналатын Ватикандағы Сикст капелласы. Ол Рим папасы Сикст IV құрметіне тұрғызылған. 1483 жылдың 9 тамызы күні ашылған бұл капеллаға әлемдік даңқ сыйлаған оның төбесіндегі суреттерді Микеланджелоның салуы болатын. 1512 жылғы 1 қараша күні Микеланджелоның суреттерімен әсемделген капелла көпшілікке бірінші рет таныстырылды. Өнер сыншылары капелланың төбесіндегі суреттерге қараған сайын суретшінің шеберлігіне таңғалмасқа шара жоқ екенін айтады. Өйткені құрылыс төбесінің колонналар тірелген жері мен бұрыштары сопақша болып келсе де, Микеланджело сол қисық бұрыштардың өзінің тігісін жатқызып, суретті теп-тегіс ақ кенепке салғандай етіп қиыстырған. Бір қарағанда шынында да капелланың төбесі тегіс көрінеді. Атақты суретші бұл жұмыстарға 4 жыл уақытын сарп етіп, тіпті көзінен айырылып қалу қаупі де болған. Аспанға біраз уақыт тікесінен тік тұрып қарап тұрған адамның көзі қарауытып кетеді емес пе. Өйткені мұндай жағдайда көз тамырларына қажетті деңгейде қан жетпейді. Ал Микеланджело 4 жыл бойы аспанға қарап тұрып жұмыс істеген. Тіпті жанына көмекші де алмаған. Зерттеушілер суретшінің бұл ісін сараңдығымен және атаққа деген қызғанышымен түсіндіреді. Иә, ғажайып суретші. Бірақ пенде ғой.

3 қараша

Кез келген баладан, кез келген адамнан ең бірінші ғарышқа қандай жануар ұшырылды деп сұрай қалсаң, ойланбастан «Лайка» деп жауап береді. Иә. Жер орбитасына көтерілген ең бірінші тіршілік иесі осы ит болатын. Оның құрметіне қаншама көзін әлі ашпаған күшіктер «Лайка» деп аталды. Қызық. Романтика. Бірақ біз ешқашан ол иттің ғарыштан оралғаннан кейінгі тіршілігін ойлап көрген емеспіз. Тереңдеп келсең қайғылы. Ол жер бетінен «Спутник 2» ғарыш кемесімен көтерілгеннен кейін кеме ішіндегі жоғары температураға шыдай алмай, 7 сағаттан кейін-ақ көз жұмған. Тіпті ғарыш кемесін құрастыру кезінде де оны жерге қайта оралту көзделмеген көрінеді. Дегенмен ғалымдардың мақсаты бойынша ол ғарышта бір аптадай өмір сүруі керек болған. 1957 жылдың 3 қарашасы адамзат үшін ғарышқа тұңғыш тірі жануар ұшырылған қуанышты күні. Кеңес өкіметінің қызылкеңірдек болып ұрандатқан күні. Осы ұрандар ғарыш кемесіндегі ыстыққа шыдай алмай жан дауысымен қыңсылаған Лайканың аянышты үнін адамзатқа естіртпеген болар.

8 қараша

1895 жыл. Күнтізбеде 8 қараша. Сағат тілі кешкі алтыдан асып кеткен. Германияның Вюрцбург университетінің лабораториясының жарығы жанып тұр. Вильгельм төмен қысымдағы газ арасынан аздап вакуумделген шыны прибор арқылы электр тогын өткізіп тәжірибе жасап отырған болатын. Кенет ол өзіне таныс емес сәулені байқады. Бұл сәуле өзінен бірнеше метр қашықтықта тұрған флуоресценттік экранды жарықтандырып тұрғанын көріп, сәуленің бастапқы нүктесі мен экран арасына өз қолын тосып экраннан қолының сүйектерінің көлеңкесін байқады. Вильгельм көптеген тәжірибелердің нәтижесінде экранның орнын фотографиялық пластинкамен ауыстыруға болатынына, сәулеленген адам денесінің құрылыстары сол пластинкаға басылып қалатынына көзі жетті. 1895 жылдары көпшілікке аса таныс емес бұл ғалымның толық есімі Вильгельм Рентген болатын. Түсінген боларсыздар. 8 қараша – адамның ішкі құрылысын ешбір отасыз-ақ көруге мүмкіндік берген рентген аппаратының туған күні. Бұл жаңалығы ғалымға физика саласы бойынша тарихта тұңғыш рет Нобель сыйлығын әперді.

9 қараша

Бұл күнді әлемді жаулап алушылардың күні деп те атасақ болар. Себебі 1799 жылы 9 қарашада Наполеон Бонапарт өзіне дейінгі демократиялық мемлекет құрылысын құлатып, төңкеріс жасады. Осы жылдан бастап бірнеше саяси реформалар арқылы бүкіл билікті өз қолына жиып, диктаторлық деңгейге жетті. Ары қарайғы тарих өздеріңізге де белгілі болар.

Бұл күн әлем тарихына өшпес қасірет әкелген Адольф Гитлердің алғашқы көтерілісінің жеңіліс тапқан күні. Ол тарихта «Сыра бүлігі» деген атаумен қалған болатын. 1923 жылдың қаңтар айынан бастап Германияда саяси дағдарыс басталды. Гитлер дәл осы уақытты өзінің мақсаттарына өте жақсы пайдаланып, неміс ұлттық-социалистік жұмысшы партиясының көсемі ретінде үгіт-насихаттарын күшейте түскен болатын. 1923 жылдың 8 қарашасында Мюнхендегі «Бюргербройкеллер» деп аталатын үлкен сыра залында 3000 адам елдегі уақытша келеңсіздіктер турасында фон Кардың сөзін естуге жиналады. Фон Кар Германияның бұрынғы премер-министрі. 1923 жылдары Бавария аймағының комиссары болып тағайындалып, қолына диктаторлық билік тиген ол Берлиннен келген Гитлер партиясының көзін жою жөніндегі бұйрыққа құлақ аспаған. Оларды қауіпті жау санамай 8 қараша күні Бюргербройкеллер үлкен сыра залында халық алдына шығады. Ол мінберден сөйлей бастаған кезінде Адольф қолына сырасын ұстап, есік алдында тұрған еді. Оңтайлы сәтін дәл тауып, қолындағы бокалды жерге ұрып сындыра тапаншасынан оқ атып, өзіне халықтың бар назарын аударады да, үстел үстіне шығып алып: «Ұлттық революция басталды», – деп айғай салады. 9 қараша күні Мюнхен көшесіне Гитлермен еріп шыққан 3000-ға жуық бүлікшіні полиция оқ жаудырып тоқтатып, Гитлер 5 жылға түрмеге жабылды. Бірақ белгіленген уақыттың 9 айын ғана түрмеде өткізіп, бостандыққа шыққан. Ол билікті басып алу жоспарын осылай қайта бастайды. Оның билікке келгені, істеген істері барлығымызға аян. Бірақ әлемдегі сайлауға дейінгі бүкіл уәделерін орындаған жалғыз мемлекет басшысы Адольф Гитлер екенін сіз білесіз бе? Иә, 1923 жылы әбден дағдарысқа түскен мемлекетті 20 жылға толмайтын уақытта әлемдегі ең мықты мемлекетке айналдырып, әскер жасақтап, соғысқа дайын қылу – екінің бірінің қолынан келетін дүние емес.

1938 жылдың 9 қарашасы – оның ең үлкен арманының бірі орындалған күн. Анығында 9 қарашаның түні. Бұл түн тарихта «Хрусталь түні» немесе «Сындырылған витриналар түні» деп аталады. Кімнің витриналары? Еврей халқының дүкен, асханаларының. Мысырдан Мұсаға еріп шыққан халықтың ұрпағын Гитлер тарапынан жаппай қырып, геноцид ұйымдастыру дәл осы 9 қарашаның түнінен басталған болатын. Бұл оқиғаға да биыл 80 жыл.

10 қараша

1885 жылдың 10 қарашасында неміс инженерлері Готлиб Даймлер мен Вильгельм Майбах өздері құрастырып шыққан іштен жану қозғалтқышын ағаш велосипедке орнатты. Бұл – бүгінгі таңда әлемдегі ең қымбат саналатын автоконцерннің алғашқы қадамы болатын. «Майбах» атты автокөлікті естіген боларсыз. Ал Даймлер ше? Мерседес автокөлігінің бір маркасы осылай аталады? Иә. Бұл екі инженер 1885 жылғы еңбектерін жалғастыра келіп 1902 жылы Мерседес автокөлігін дүниеге әкелгендерін өздері де сезген жоқ. Осы екі инженер құрастырған қозғалтқыштар жер бетінде, су бетінде және әуеде белгілі бір аппаратты қозғалтуға жарамды болды. «Мерседес» автокөлігінің бір нүктеден тараған үш сәулелі эмблемасының мағынасы осы жере жатқан болар.

12 қараша

Эрмитаж сөзі француз тілінен аударғанда жалғыз қалатын орын, саяжай павильоны деген мағына береді. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында орналасқан әлемге танымал бұл музей алғашында музей ретінде емес, мемлекеттің негізгі ордасы ретінде салынған. Бүгінгі біз білетін музейде қаншама орыстың патшалары мен патшайымдары билік етті. Ал ондағы өнер туындылары Елизавета Екіншінің кезінде жинала бастады және барлық билікке келгендер осы үрдісті жалғастырып отырды. ХХ ғасыр басында Эрмитаж музейінің қорында 40-тан астам теңдесі жоқ өнер туындысы болды деседі. Олар ешқашан сатылмайды. Өйткені бағасы жоқ. Моно Лиза секілді. Ал музей әлемдік деңгейдегі музей саналуы үшін оның қорында кем дегенде теңдесі жоқ, сатылымға шығарылмайтын 7 картина немесе мүсін болуы тиіс. 1917 жылы большевиктер билікке келісімен Эрмитаж қорындағы теңдесі жоқ картиналарды сату науқаны басталады. Бүкіл әлем Ресейге қарай бет бұрды осы кезеңде. Сонымен қызыл өкімет сатқан теңдесі жоқ өнер туындыларынан бүгінгі таңда Эрмитаж қорында жетеуі ғана сақталған. Большевиктер тарапынан музейдің қару-жарақ қорына да орны толмас нұсқан келтірілді. Ондағы қару-жарақтар қызыл өкіметке қарсы пайдаланылуы мүмкін деген қауіппен тарихи жәдігер саналатын қарулардың ішіндегі механизмдерінің барлығы дерлік алынып тасталған. Айтқымыз келгені бұл емес. Айтқымыз келгені өзіне дейінгіні мойындағысы келмеген тоңмойын қызыл өкімет 1917 жылдың 12 қарашасында Эрмитажды Мемлекеттік музей ретінде жариялап, қарапайым халыққа есігін ашты. Бойындағы ұраншылдық пен лепірме көңілден кете алмаған халық ескінің қалдығы ретінде музейді өртеп жіберуге ұсыныс айтқан. Сол ұсынысты қолдағандардың ішінде ақын Маяковский бар. Ең қызығы суретші Малеевич те Эрмитажды өртеп жіберуге үн қосқан. Ал қазіргі таңда оның атақты «Қара квадраты» Эрмитаждың төрінде тұр.

13 қараша

Тікұшақтың қашан пайда болғанын білесіз бе? ХХ ғасырда дерсіз. Дұрыс, әрине. Бірақ жерден көтерілу үшін жол жүрмей, тік көтерілетін аппараттың негізгі принциптері біздің жыл санауымыздың басында қытайда жасалып қойған болатын. Ол жәй ғана баланы алдандыратын ойыншық еді және мұндай ойыншықтар әлі күнге дейін сатылады. Қарапайым тік таяқшаның басына тікұшақтың бақалағы сияқты көлбеу бөлшек орнатылып, қос алақаныңыздың ортасына салып шиіріп жібергеніңізде бірнеше секундқа аспанға көтерілетін ойыншық есіңізде болар. Міне осы ойыншықпен қытай елінің балалары шамамен IV ғасырда ойнап жүрген. Бұл ежелгі Римдегі бу қозғалтқышының (паровой двигитель) халықтың ойын-сауығына пайдаланылғаны секілді дүние. Тікұшақтың негізгі принциптері жөнінде Леонардо да Винчи де өз еңбектерінде бірнеше сызбалар қалдырған. ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында тікұшақ жасауға көптеген құрастырушылар мен инженерлер қызықты және оны жасап ұшырыпта жүрген еді. Бірақ ол аппараттардың ешқайсысының ішінде адам отырған жоқ. Тек 1907 жылғы 13 қарашада ғана француз инженері Поль Корню өзі жасаған аппараттың тізгінін ұстап, жерден 50 сантиметрге көтерілген болатын. Әрине, 50 сантиметрлік биіктікте тізгінде отырған Поль ешбір маңызды қозғалыстар жасай алған жоқ. Сонда да болса ол тарихтағы тікұшақтың тұңғыш жүргізушісі болып саналады.

18 қараша

1928 жыл. 18 қараша. Нью-Йорк қаласы. Кинотеатрлар алдында топырлаған балалар жүр. Бүгін «Вилли кемесі» атты мультфильм көрсетіледі. Ал оның негізгі кейіпкері – бүгінгі таңдағы ең танымал мультфильм кейіпкері саналатын Микки Маус. Тіпті Форбс журналының мәліметі бойынша, Микки әлемдегі ең қымбат мультфильм кейіпкері. Оның бағасы – 5,8 миллиард доллар. Микки Маус Голливудтағы «Даңқ аллеясына» аты жазылған бірден-бір анимациалық фильм кейіпкері және оған тұрғызылған ескерткіш – әлемдегі таза алтыннан құйылған ең үлкен ескерткіш. Салмағы 45 келі, биіктігі 61 см.

21 қараша

Қараша айының нендей қасиеті бары белгісіз, әйтеуір осы ай адамзаттың көкке көтерілуімен тығыз байланысты. Жер орбитасына тұңғыш жануардың көтерілуі, алғашқы тікұшақтың тізгінделуі сынды тарихи оқиғалар осы айда өткенін жоғарыда жаздық. Сонымен қатар 1783 жылдың 21 қарашасында адамзат тұңғыш рет әуе шарында аспанға көтерілді. Францияның Париж қаласында ағайынды Монгольфьелер құрастырған әуе шарында Пилатр де Розье мен маркиз д’Арланд 915 метр биіктікке көтеріліп, 9 шақырым қашықтықты ұшып өтіп, 25 минуттан кейін жерге қонды. 

22 қараша

Бір қызығы, бұл күннің де әуе кемелеріне қатысы бар. Тіпті бүгінгі бізге таныс ұшақтардың да негізі осы күні қаланды десек қателеспейміз. 1909 жылы ағайынды Орвилл және Уилбер Райттар 22 қараша күні тұңғыш рет аэроплан құрастыратын компанияның іргесін көтерді. Ал ағайынды инженерлердің тұңғыш ұшағы 1903 жылдың 17 желтоқсанында әуеге көтерілген болатын.

25 қараша

Нобель сыйлығы – ғалымдарға берілетін әлемдегі ең атақты және ең мәртебелі сыйлық. Бүгінгі таңда бұл сыйлық математикадан басқа бүкіл ғылым саласындағы жетістіктер авторларына және әлемдегі бейбітшілік пен тыныштыққа қосқан үлестері үшін қоғам қайраткерлеріне де беріледі. Барлығы түсінікті. Тек әлемдегі бейбітшілік үшін берілетін Нобель сыйлығына Альфред Нобельдің өмірбаянын қарап отырып таңғалмасқа шараң жоқ. Өйткені ол осы уақытқа дейін қаншама адам өмірінің үзілуіне себеп болған динамитті ойлап тапқан адам. Дәл осы қару түрін Альфред 1867 жылдың 25 қарашасында өз атына патенттейді. Кейінгі сұқбаттарының бірінде өнертапқыш: «Бір-бірінде миллиондаған адамды қыруға қауқарлы қару бар екенін білгендер – бір-біріне соғыс ашпайды», – дейді. Бірақ олай болмады. Бұл тұрғыда Альфред Нобель мен Эйнштейн тағдырлас ғалымдар. Артында қалған бар байлығының біраз бөлігін ғалымдарға сыйлық ретінде қалдыруының астарында – өз-өзін ақтап алғысы келген пенделігі жатыр дейді кейбір ғалымдар. Ол жағы бізге бұлыңғыр. Бізге белгілісі, 1867 жылдың 25 қарашасында динамитті патенттеген ғалым 1895 жылдың 27 қарашасында Нобель сыйлығы жөніндегі шешімін қағазға түсіріп, заңды түрде бекітті. Әлемдегі ең мәртебелі сыйлықтың туған күні осы күн болып саналады.

Дайындаған ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз