Аз уақыттан соң қоп-қоңыр күз де келеді. Алматының қай маусымы да әдемі дерсіз, бірақ күзі елден ерек «сәнденеді». Тойға барар құдашадай зеңгір аспан-айна алдында «сары көйлегін» киіп, күн ұзаққа тұрып алады. Өзің де оған қарап отырудан бір жалықпайсың.
Ал басқа өңірлердің күзі ше… Маған бала күнімде туған ауылымның күзі тым салқын көрінетін. Жаныңды жабырқатып жіберетін бір сұрғылт шақ болатын-ды. Сосын бұл шақты ескі фильмдердің лентасындай қара қоңыр қылып көрсететін бір мақұлықтар болатын. Олар – қарғалар. Кәдімгі қарға-құзғын. «Қарқ-қарқ». Қарқылдаудан бір тынсашы. Кеше ғана жадырап тұрған сәтті қапелімде қарасұр түске бояп, тіршілік біткенді осынау «зар күйімен» мең-зең күйге түсіретін де қарғалар сияқты көрінетін. Аспанды тұтас жауып тұратын-ды.

Кейін-кейін мынау дүниеге бозбала шақ, жігіт көңілмен қараған кезде Құдай Тағаланың бүкіл жаратылысқа жауабы барын бағамдайсың. Ұшқан құс, жүгірген аңның әрбіріне ой тастап қарайсың. «Осы мақұлықтың адамзат үшін неге жіберілгеніне» үңілесің. Мәселен, бала күніңнің естеліктерімен бірге санаңда бақиға «қарқылдап» қалып қойған қарға-құзғынмен де енді мәмілеге келгендей боласың. Қай заманнан келген құс? Аңыз-әпсаналар бұл туралы не депті? «Қарға тамырлы қазақ» деген не сөз, «Біздің де қолға қарға саңғыр» дегені ше, «Қарға бойлы Қазтуған» қайдан шықты, қазақтың жақын адамға «қарғам», «қарғаш» деуінің сыры неде – осыған аз-кем дәлел-дәйектер келтіріп көрсек дейміз…
Әуелгі білетініміз – «Құран Кәрімнен». Онда не деуші еді? «Мәйда» («Дастархан») сүресі. Қабыл Абылды өлтірді. Жер бетіндегі алғашқы қылмыс. Енді қайтпек? «Сонда Алла, оған туы-сының өлігін жасыруын көрсетуі үшін жіберген қарға, жерді қаза бастағанда: «Әттең! Маған не болды? Туысының денесін көмген қарға құрлы бола алмадым ба?» деді де, өкінушілерден болды.
(32-аят). Демек, адамзатқа туысын жерлеуді үйреткен – қарға.
Енді аңыз-әпсаналарды ақтарып көрейік. Рабғузидың «Қисас-ул Әнбиясын» еске түсіріп көріңізші. Адам Ата мен Хауа анамыз туралы алғашқы баянда не деуші еді?! «Хақ тағаладан хабар келді. «Ей, Адам! Тәубаң-ның қабыл болуын тілесең, Меккеге бар». Адам ғалайһи-уәс-салам: «Иә, Раббым! Меккеге барар едім, жолды білмеймін ғой», – дейді. Сонда Алла Тағала қара қарғаны жол басшы етіп, соңынан Адам ғалайһи-уәссалам ілеседі. Пайғамбар ғалайһи-уәссалам Адамға: «Алты түрлі жануарды өлтірмеңіз. Бірінші, қара қарғаны бағалаңыз…» дейді «Пайғамбарлар тарихында». Қалған бес жануарды есіңізге түсіру үшін айта кетейін: құмырс-қа, қарлығаш, әтат құсы, бақа, ара. Мұнда да қарғаның адамзат үшін игілігін көрсеткенін байқап отырсыз.

Әр ұлттың тарихында өз тотемдері болғаны анық жай. Тарихшылардың айтуынша, бір замандарда бөрінің түркі халықтарына тотем болғаны сияқты Азияның солтүстік-шығысы мен Американың солтүстік-батыс теңіз жағалауы өңірінде жасайтын көшпелі халықтар ортасында қарға тамаша образ саналған. Олардың бір бөлігі қарғаны киелі құс санап, табынады, тотем тұтады («Ауыз әдебиеті және Шаман мәдениеті»). Ғұндардың көне аңызында да жапанда жалғыз қалған Үйсін күнбиінің баласын қасқыр емізіп асыраса, нәрестеге ет таситыны қарғалар екені айтылады.
Филолог-маман Алмас Әбсадықовтың «Қарға тамырлы қазақ» сөзінің мағынасын қалай түсінеміз?» деген мақаласында мынадай жолдар бар: «Моңғол-дың құпия шежіресінде» қарға белгілі бір іске бірлікпен жұмыла кірісетін татулық бейнесінде жиі қолданылады. Ұлы қаған өзіне жақын адамдардың іс-әрекетіне баға беріп, соған орай шендік, лауазымдық жарлықтарды түрлі аң-құстардың қасиеттері мен тірліктерін тілге тиек ете отырып жасайды. Сондай көріністің бірінде Шыңғыс хан әрдайым өзінің қасында болған Қоға, Көкечос деген әскербасыларға арнаған сөзін:
Қара түнде
Қасқырша аулап,
Жарық күнде
Қара қарға болып, – деген жолдармен бастап, оларды өзгелерге үлгі етеді».
Осы тақырыпта жазған Қайрат Ғабитханұлының да мақаласын оқып шықтық. Онда моңғолдардың да қарғаны кие тұтқаны айтылады. «Моңғолдар қарға қарқылдап өтсе: «жаман тіліңді ары қыл, жақсы тіліңді бері қыл», – деп айғайлайды. Қарға – моңғолдар ұғымында жақсылық пен жамандықты қатар алып жүретін киелі құс. Қарғаның бір түрі құзғын (хон хэрээ) туралы моңғолдар: «Құзғын мама ағашқа келіп қонса, ат жүйрік болады», – деп ырымдайды. Оның себебі құзғынның ұзақ жасайтын және биікке де, алысқа да ұша беретін ерек-шелігіне байланысты болса керек», – дейді автор «Моңғол халық республикасының этногра-фиясына» сілтеме жасап. Якут-тардың қаңғалас тайпасының ішінде суор, яғни қарға деген ру болған дейді деректерде.
«Қолыма қарға тышар» деген сөзді «басыма бақыт құсы қонар» дегендей мәнде қолданады. Егер қарға киелі құс болмаса, оның қолына бір саңғығанын жақсылық нышаны санамас еді ғой. Әрине, бұның бәрі тым көне дүниетанымға байланысты туып, ұлт болып қалыптасу мен наным-сенімдердің өзгеруіне байланысты бүгінде ертедегі сол наным-сенімдердің тек тілде ғана сақталып қалғанын байқаймыз», – дейді және. Ойландыратын сөз.

«Қарға тамырлы қазақ» қайдан шықты?

Құс туралы ізденгенде энцик-лопедиялардан кейін әлбетте Есенғали Раушановтың «Құстар – біздің досымыз» кітабы мен құстар туралы мақалаларына назар аударамыз. «Қарға сүйер баласын…» деген шағын мақаласында: «Жанұясына адал, балапандары үшін қандай қауіпке де бас тігіп, тіке шабатын құстардың қатарында қарға барын біз көбіне ескермейміз. Бұрынғы қазақ «қарға сүйеді баласын аппа-ғым деп» бекер айтқан ба? Оның екінші бір кісі сүйетін қасиеті – жұт болсын, өрт болсын, аштық-аласа-пыран келсін – туған жерін тастап кетпейді. Ми қайнатар ыстықта да, ақтүтек боранда да туған жерінен алыстамайды», – дейді Есенғали Раушанов.
«Қара қарғаның жаралар
жанын,
қимаймын оны қарғысқа,
кететін бетке ап қалаған
жанын
өкпем бар қайта бар құсқа», – дейді Байбота Қошым-Ноғай «Қара қарғаны ақтау» өлеңінде. Біріне бірі жаны жақын ақындар осылай бір-бірін толықтырып отыратыны да «қарға тамырлығынан» шығар, бәлкім…
Қазақтың көп сөзінің қарғамен байланысты болуы оның қысы-жазы көз алдында жүретінінен болғаны да дерсің. Тіпті, «құралайдың салқыны», «отамалы» деген секілді «қара қарғаның адастырмасы» деген мезгіл бар екен. «Қазан айының аяғында қара қарғалардың көк жүзін қаптай топтанып, у-шу болып ұшатын кезі. Қарға балапандарын өсіріп, қазан айының аяғында топтанып жүрген өзге қарғалардың арасында балапандарын адастырып кетеді, ал балапандары ары қарай өз бетімен күн көреді», – дейді.
«Қазақ әдеби тілінің энциклопе-диясында».
Қош делік, қарға жайында аңыз-әпсаналардың бірсыпырасы осындай. Айтпақшы, естен кетпейтін бір оқиға бар. Осыдан үш жыл бұрын ғой деймін, Орал қаласында, көшеде иығына қарға қондырып жүрген бір кісіні алыстан көргенім бар еді. «Қолда ұстайды. Көшеге шыққанда осылай иығына қондырып ап жүреді. Өзінің мойнында айқыш (крест) бар», – деді жолдасым.
Неге екенін, жақын барып әңгімелеспеппіз. Бәлкім, жоғары-дағыдай наным-сенімдердің жұрнағы бойында жүрген жан ба екен…
Ендігі әңгіме – қазақ сөздерінің қарғамен байланысты болуы. «Қарға бойлы Қазтуған». «Бойы қысқа, аласа, тапал», – деп түсіндіреді энциклопедия мұның мағынасын. «Қазтуған тапал, тоқты жілігінің қорғасын құйған асығындай шымыр адам, сондықтан да оны халық «қарға бойлы Қазтуған» деп атап кеткен», – дейді Ілияс Есенберлин еңбектерінде. «Қарға тамырлы қазақ» деген тіркес бір атадан тараған ұрпақтың туыстық белгісін емес, адам баласының бір-біріне жанашырлық қолдауы мен белгілі бір іске жұмыла көрсететін татулықты білдіреді. Көшпелілердің көне мифтік танымы бойынша, қарға – басына іс түскен жанға қамқорлық көрсетіп, жанашырлық білдіретін киелі құс» деп топшылайды «Қарға тамырлы қазақ» сөзін қалай түсінеміз?» мақаласында. Қарғамен байланысты қазақ сөздерін көптеп келтіре беруге болады. «Қарға адым жер», «қарғадайынан», «қарға қарғаның көзін шұқымайды», «Қаз келсе жаз болар, қарға келсе қатқақ болар», қарға тұмсық», «қарға саусақ» – шұбырып кете береді. Дулат Исабековтің қайсыбір әңгімесі «қара қарғаның миы қайнайтындай ыстық» деп суреттеле басталушы еді.
«Кейбір тұрақты сөз тіркесте-рінде қарға жағымсыз мәнде де қолданылады. Бұндай мақалдар мен тұрақты сөз тіркестері кейінгі кездің еншісіне тиеді. Тіл қоғамдық құбылыс болғандықтан дәстүрдің, наным-сенімнің өзгеруіне қарай тілдегі тұрақты сөз тіркестері соған сәйкес өз ішінде өзгеріске түсіп отыратындығы сөзсіз. Сол үшін бұндай сөздерді талдаған кезде сөздердің жасалу дәуіріне де мән берген жөн», – дейді Қайрат Ғабитханұлы.

Қанша жыл өмір сүреді?

Қарға туралы әңгіме айтқанда көбіне оның өмір сүру ұзақтығына мән береміз. Бала күнімізден-ақ оның «үш жүз жыл өмір сүретінін» білетін едік. Ал шындығында солай ма еді?! Әсіресе, шығарма-шылық адамдар осыған иланғысы келеді.
Қарға деген азғын құс,
Жоқ ешқандай боқтан
басқа қайғысы.
Үш жүз жасап бітірмеген
мазмұнды іс,
Жаһандағы құс біткеннің
байғұсы!..

Өзің жайлы кеш, қарға,
Мен де ойлаушы ем дәл
осындай жобада.
Кеше кешке теледидар
қосқанда,
Үніңді естіп келді
тілім тобаға!

Бұл – Светқали Нұржанның «Қарғалар» деген өлеңінен үзінді. Бұл өлеңнің жазылуына да себепші – қарғалардың өзі. Өткен жылдары Қарағандыда, кейін Маңғыстау облысында қарғалардың бағана басынан «Аллалап» үн қатқанын бүкіл баспасөз жарыса жазды. Ал қарғалардың адам тілін тез үйрене-тінін орнитологтар растайды.
Енді қарғаның өмір сүру ұзақтығына келейік. Ақын Құл-Керім Елеместің балаларға арналған «Өлместің суы» деген шағын әңгімесі бар. Мұнда Құзғын деген патшаның ұзақ өмір сүргісі келіп әбілхаят суын іздейтіні туралы баяндалады. Әрине, әңгіме желісі ауыз әдебиетінен алынғаны көрініп тұр. Демек, қазақ ежелден қарғаның ұзақ, бәлкім мың жыл жасайтынын топшылаған деуге болатын да сияқты. Бірақ адамның жасы, ұзақ өмір сияқты тілеу сөздерде, тұрақты сөз тіркестерінде қарғаның аты кездеспейтіні де қызық жай.
«Қар-р», «қар-р» дейсің
қарда жүгіріп,
«Қар-р», «қар-р» дейсің
ұшып жоғарыға –
Зауалды адамнан көрдің ғой,
Неге қарды қарғайсың, қарға?!

Мадақ саған, мұқалмас төзім,
Сен темірден екенсің, һей, құс –
Түркістанда үш жүз жыл жасап,
Үйренгенің тек қана қарғыс!
«Қар-р», «қар-р» етпе енді
ешқашан:
Сен жалғыз тариxсың бұ сәт –
Өткеннен бір xикая шерт,
Ұшып жүрген, ей, қара кітап!
Бұл – өзбек шайыры Мұхаммед Салықтың өлеңі. Түпнұсқадан оңтүстіктік ақын досқа жолма-жол аудартқанда осылай боп шықты. Әрине, әдемі өлең, әдемі теңеу. Бірақ…
«Кешеге дейін кейбір оқымыс-тылар оның мың жыл болмаса да, 250-300 жыл өмір сүретіні анық деп тұжырым жасап келді. Бекер сөз. Құс ұзақ жасамайды. Қарғаға келсек, ол әрі кеткенде 70-75 жыл, әйтпесе 30-35 жыл жасайтыны бүгінгі орнитологиядан аттың қасқасындай айқын жайт. Бұл – бір. Екіншіден – ол расында да ұзақ өмір сүрді делік, сол үшін оны күстәналау ғаділет пе?» – дейді Есенғали Раушанов.
Осы жайтты анықтамаққа Алматыдағы Зоология институ-тына хабарластық. Біздің бұл сұрағымызға Омар Абаев есімді құс маманы қысқа жауап берді: «Біздегі ғылыми зерттеулер бойынша қарға 30 жылдан 37 жылға дейін өмір сүреді. Ұзақ жасағаны 37 жылдан аспайды», – деді орнитолог. Маманнан асырып не айта аламыз?!

P.S: Құдай адамзатты басқа жаратылыстан артық қылып жаратса да, біздің кейде мақұлықтардан да үйренеріміз көп. Әсіресе, құстардан. «Қарға тамырлықтың» кімге керегі жоқ дейсіз қазір. Аяз би айтқан «құс жаманы – сауысқанның» да сақтығын қайда қоямыз?! Әйтеуір, күні бойы «Қарға-майықшы қарғаны біз де, қар-ғамның бар ма жазығы» деген ақын жырын іштей қайталаумен болдым…

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз