Әлемде әр салада өзгеден өзгеше, сапасы не саны басым болған нәрсені жазып қоятын «Гиннестің рекордтар кітабы» бар. Сол кітапқа кинематография саласында Роберт Родригес кіріпті. Оған себеп, бір өзі бірнеше маманның қызметін өте жоғары, кәсіби деңгейде атқарады. Мәселен, сценарист, режиссер, оператор, продюсер, қоюшы суретші, «спецэффектер», композитор, монтажер және актер. Голливудтық әріптестері оны «бір адамдық кинокоманда» дейді екен әзілдеп. Алғашқы «Музыкант» (El Mariachi) фильмін прокатқа шыққаннан кейінгі сұқбаттарында: «Менің фильмімнің титрінде есімім көп қайталанатынын байқаған боларсыздар, сол себепті де фильм түсіру барысындағы мәселелер жайлы, қызығы мен қиындығы туралы сұрақтардың бәріне бір өзім еш кідірместен толық жауап беремін», – дейді.

Мексикалық болашақ жұлдыз мектепте оқып жүріп комикстер салып, достарының таңданып қызықтағанынан шабыттанып, түрлі сюжеттер құрап, сүйікті ісін жалғастыра берген. Кейін камераға қолы жетіп, отбасындағы сегіз бала мен ата-анасын қосып, қысқаметражды түрлі фильм түсіреді. Әрине, бәрі керемет болмаған. «Алғашқы фильмдерім түкке тұрғысыз еді, бірақ әрбірін түсірген сайын тәжірибе жинап, сабақ алып отырдым», – дегені бар. «Бас ауруы» деп аталатын қарындасы мен інілері түскен қысқаметрлі киносы 13 кинофестивальден жүлде алады. Сонымен қатар Робертке тәп-тәуір қаржы әкеледі. Алғашқы толықметрлі фильмнің идеясы туған соң, оны түсіруге қажетті көбірек ақша жинаудың қамын жасайды. Біраз ізденеді, бірақ өзі жап-жас, еш киномектепте оқымаған жігітке қалталы кісілер мен продюсерлер сеніп ақша ұстатудан қорқады. Сондықтан эксперимент жасайтын орталыққа барып үш мың АҚШ долларына қанын сатады. Досы әрі басты рөлдерді сомдаушы Карлос өз меншігіндегі жерін сатып төрт мың долларын ұсынады. Бір айлық медорталықта экспериментте жатып, фильмінің сценарийін жазады.

Ол орталықтан шыға сала таныстарын, көршілерін жинап фильм түсіру процесін бастап кетеді. Кімде не бар, соның бәрін киносында тегін пайдалануға тырысады. Иті бар досы итін, көлігі бар машинасын, үй, кафе – бәрі де таныстарының тегін келісуі арқылы кино павильонына айналады. Екі апта еңбектенудің арқасында фильм түсіріліп бітеді. Магнитофонына әртістердің диалогын қайталап жазып, ең ауыр жұмыс монтаждауға отырады. Нәр татпастан, тіпті асхана мен дәретханаға бармай, тәулік бойы тапжылмай жанкештілікпен монтажын жасайды. Киносы толық дайын болған соң, өзі тұрған қалашықтан қашықтау жерде Мексика туралы фильм түсіріп жатқан голливудтық кинокомандаға келеді. Оларға алғашқы толықметрлі киносын көрсетеді. Аз ғана ақшамен, тәуір дүние жасағанын режиссерге риза болған олар голливудтық агенттерге жол сілтейді. Фильмді прокатқа шығарушы кинокомпаниялармен бір жылдан аса уақыт келісе келе, фильмі үлкен экранға жол тартады. Осылайша, 23 жасында, екі-ақ аптада, жеті-ақ мың долларға арзан кино түсіріп, екі миллион доллар пайда тауып, Голливудты аузына қаратқан атақты режиссерге айналады. Жолы ашылып, талай тамаша туындыларды түсіреді. Өзгеден тағы бір ерекшелігі, біздің шөбере-шөпшектер тамашаласын деп құпия киносының премьерасын ғасырға, яғни 2115 жылға арнап тастаған. Әлгі Мексикада испанша түсіріп, Америкада көрсеткен арзан киносы кәдімгі мектептерде испан тілі сабағында көрнекті құралға айналған. Сол киносы жайлы жазған кітабы бүгінде есі дұрыс киногерлерге әліппе тәрізді. Кино түсіріп, кітап жазып қана қоймай, киногерлерге 10 минуттық киносабақ өтеді.

Ол дәрістерінде не айтады?

*Әйгілі режиссерлердің бірі «киноның қыр-сырын екі аптада меңгеруге болады» деп айтқан екен, меніңше ол кісі артық кетті. Біз бәрін он-ақ минутта үйренеміз. Сіздердің режиссер болғыларыңыз келеді ғой?! Иә, өте дұрыс. Демек, сіз режиссерсіз. Сондықтан визиткаларыңызға режиссермін деп жазып, достарыңызға, туыстарыңызға таратыңыздар. Қайталап айтам, кино әлемінде режиссер болуды армандаған сәттен бастап, сіз – режиссерсіз. Осыны ұмытпаңыз!

*Тек қана шығармашыл болу аздық етеді. Жан-жақты болу қажет. Яғни технар болу, техниканың майын ішу керек. Шығармашыл адамдар шығармашыл боп туылады. Егер сондай болсаңыз Құдай берген екен.

*Өкінішке қарай технарлар ешқашан шығармашыл болмайды. Алайда көптеген шығармашылық адамдары тума талантына сеніп, басқа ештеңе үйренбейді. Есесіне солар технардың көмегіне жүгінеді. Техниканы меңгеріңіз. Егер сіз шығармашыл-технар болсаңыз, онда сізді ештеңе тоқтатпайды.

*Тәжірибеңіз бар ма? Әрине, бар. Сіздер фильм көресіздер. Енді тек түсіруден тәжірибе жинау керек. Қолыңызға камера алып, өз фильміңізді түсіргенде өте көп нәрсе үйренесіз. Нағыз тәжірибе сол. Қателік жіберіңіздер. Әрине, қателік болуы міндет емес. Бәрі субъективті түрде.

*Өнерде біреудің жіберген қателігі өзгеге сабақ болады. Осыны қолданыңыз. Мұның өзі өнер екенін айтыңыз. Өз қателігіңізді айтыңыз, сұраңыз. Сізден де көп сұрайды.

*Сценарийден бастаңыз. Сіз жаза аласыз ба? Жоқ. Онда тамаша. Барлық сценарийстер бірдей жазады. Әркім өзінше жазсын. Сізді ерекше ететін де сол. Сізге сценарийстер курсына жазылуға болады. Бірақ киномектептерге бармаңыздар. Ол жерден басқалардікіндей фильм түсіруде ғана үйренесіз. Бізге жаңа, ерекше фильм керек.

*Сценарийді қалай жазу керек? Ақшаңыз аз, қалтаңыздың хәлі белгілі. Әйтпесе менің курсыма келмес едіңіз. Шынымен кино түсіргіңіз келсе, онда көп ақша қажет емес. Сіз түсіру алаңында көп уақыт өткізіп, мол ақша жұмсауыңыз мүмкін. Біз бұған шығармашылық жақтан келейік. Сценарийді сізде бар меншігіңіз бен мүмкіншілігіңізге қарай жазыңыз. Арзан киноны қалай түсіруге болады? Жан-жағыңызға қараңыз. Сізде не бар? Егер әкеңіздің дүкені болса, онда осы дүкен жайлы фильм түсіріңіз. Анаңыз қайда жұмыс жасайды, мұғалім бе? Мұғалім жайлы түсіріңіз. Тіпті итіңіз бар ма? Ендеше ит туралы түсіріңіз.

*Мен «Эль Мариячиді» түсіргенде, менде тасбақа, гитараның қабы және өзім тұрған қала болды. Мен осылар жайлы фильм түсірдім. Фильміңізді қалай елестетесіз? Раскадровка. Оны жасауға болады, яғни фильмді түгелімен сызып шығу керек. Ал мен оны уайымдамаймын. Таза ақ парақты алам да соған қарап, өз фильмімді көрем. Жай ғана көзді жұмып, экран, экранда сіздің киноңыз деп ойлаңыз. Кадрден кадрге, эпизодтан эпизодқа дейін бәрін көріңіз. Аппақ парақты алып отырыңыз да, көзіңізді жұмыңыз. Миыңыздан сіздің киноңыздан басқаның бәрін шығарыңыз. Сосын осы көргендерді жазыңыз. Әр кадрды жазыңыз. Енді тек түсіру ғана қалды.

*Құрал-жабдықтар. Нашары әлде кереметі – бәрібір. Сізге құрал-жабдыққа аса бас қатырудың қажеті жоқ. Бұл сіздің алғашқы фильміңіз екенін еске алыңыз. Сіз Спильберг емессіз ғой. Мен «Эль Мариячиде» 16S деген камераны қолдандым. Осының арқасында, тез қозғалдым, көп әрекет жасадым. Себебі жеңіл. Бірақ дыбыста шуы көп. Сондықтан дыбысты қайта бөлек жаздым. Бұл камера 2 мың доллар тұрады. Аз ақша емес иә, сол үшін кімде бар, содан алыңыз. Мен сөйттім. Камерасы бар, бірақ қолданбаған біреуді таптым. Жалға алдым да киномды түсірдім. Камераға сенімді, өте жақсы штатив керек. Ол орнықты тұруы қажет. Камераны штативке мықтап орнатсаңыз жеткілікті. Болды. Киноңыз тамаша болады. Фильмді штативпен түсіріңіз. Мүгедектер арбасына отырыңыз да ары-бері жүріңіз. Фильмге энергия қосыңыз. Маған ең алдымен ұнайтыны – фильмде энергия мен жарықтың көп болғаны. Көптеген кинокомпаниялар осындай көп энергия мен жарықтың жартысын да жасай алмайды. Себебі оларда өте жақсы штатив, аса үлкен түсіру тобы бар. Барлығы баяу қозғалады, бәрі есептелген жансыз сияқты. Киноға жан беріңіз. Қымбат құрал-жабдықтан бас тартыңыз. Өте жақсы, есесіне өте ауыр. Ең керегі, сіздің екі қолыңыз.

*Келесі жарық түсіргіш. Жарықтан қате жібермеңіз. «Эль Мариячиде» екі жарық түсіруші аспабым болды. Кәдімгі үйдегі лампа, ғимараттардың ішіндегі түсірілімде қолдандым. Жарықтандыру күңгірттеу болды. Себебі оның күші аз. Осындайда жіберген қателіктер сіздің режиссерлік шешіміңізге байланысты.

*Соңында «постпродакшн». Фильмді түсіріп болған соң не істеу керек?! Видеомонтажды жүйе, компьютерлік жүйе қолжетімді, аса қымбат емес. Фильмді пленкадан монтаждамаңыз. Пленка сізге жау. Пленкаға түсіруге болар, бірақ пленкадан монтаждамаңыз. Компьютер өте ыңғайлы. Кинопленка баяу, қымбат, ол сіздің шығармашылығыңызды ақсатады. Тұтас киноны пленкаға созып жазудан бөлек, басқа да жолы бар. Өзім ақшасыз түсірдім, осы машинкамен сандық форматта монтаждадым. Бәрі тамаша шықты. Таза, анық, түрлі-түсті. Көшірмесін жасап, күллі Голливудқа тараттым. Түсінсеңіз, пленкаға түсіру шынымен артық мәселе. Ақшаны желге шашу. Ұялы телефонмен болса да, сандық форматта түсіріңіз, жұрт көрсін, бағаласын.

*Сонымен, сіз фильмді түсірдіңіз, монтаждадыңыз, адамдарға көрсеттіңіз, оларға ұнады. Енді не істейміз? Ең бірінші, сізге агент табу керек. Голливудта «аш қасқырлар» толып жүр. Соның ішінен сізге жұмыс істейтін біреуді табыңыз. Ол адам сізге табысты келісімдер жасайды, жақсы баға қояды және тамаша кино түсіруге мүмкіндік береді. Олар киноға көп ақша салады. Бірақ ондай жүйеге тапталып кетпеңіз. Ал сіз кино түсіру арзан екенін білдіңіз. Мұны Голливуд білмейді. Арзанға тамаша фильм түсіре алу – сіздің артықшылығыңыз. Әлі күнге дейін аз бюджетті фильм түсіремін. Есесіне қымбат көрінеді. Өйткені, мен сіздерге айтқан осы техниканы жақсы меңгердім.

*Осымен болды. Маған барып фильм түсіру керек. Сіздер бірдеңе түсінді деп үміттенем. Камера алып, өз фильмдерін түсіреді деп сенемін. Өз идеяларын жазады деп ойлаймын. Шабыттанып жата берудің керегі жоқ. Бастаңыз. Сіздің қолдан келеді.

Думан БАҚЫТКЕЛДІ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз