Елімізде үш мыңнан астам жеткіншек қант диабетімен күреседі екен. Жақында осы балалардың ата-анасы жағдай тым қиындап кеткенін айтып, дабыл қақты. Денсаулық сақтау министрлігі қант диабеті бақыланатын аурулар тізіміне қосып, қажетті дəрі-дəрмекті қысқартып тастапты. 2017 жылғы 11 желтоқсандағы №935 бұйрыққа сəйкес, «Глюкаген Гипокит» препараты берілмейтін болыпты. Ал бұл препарат ауруға қарсы тұратын бірден-бір күш…

Былтыр инсулин сорғысы тізімнен алынғанда, ата-аналар наразылық танытып, бұйрық күшін жойған-ды. Сорғы барлық балаға тегін берілетін болған… Өкініштісі, əлі 1800 балақайға инсулин сорғысы қажет… Демек, қант диабетімен ауыратын балалардың үштен біріне биыл емес, келесі жылы да сорғы жетпейді деген сөз…
Қажетті дəрілердің бағасы өте қымбат. Науқас балаларды балабақшаға қабылдамайды. Ағзада қант азайып кетсе, баланың жағдайы нашарлайды. Сол үшін аналар үйде баласын қарап отыр.

Журналистермен кездесу кезінде ата-аналар көп нəрсе айтты. Əсіресе, мектептегі медбикелердің қант диабеті туралы мүлдем хабары жоқтығына кейіді. Кей балалар əжетханада отырып өздеріне ине салады екен. Өйткені
сыныптастарынан ұялады… Ине салу ойыншық емес қой?! Инфекция түссе, ауру асқынып кетеді…

Қант диабетімен қалай күресеміз? Алдын алуға бола ма? Бұл туралы əл-Фараби атындағы ҚазҰУ эпидемиология, биостатистика жəне дəлелді медицина кафедрасының доценті, медицина ғылымының кандидаты Гүлбану АРЫНОВА апайдан сұраған едік.

– Бұл дертке балалардың ұйқы безі қызметінің нашарлауы себеп болады. Яғни, созылмалы панкреатит немесе бала ағзасының күйзеліске түсуі де сеп болуы мүмкін. Себеп əртүрлі. Кейде вирустық инфекция түседі. Ауру иммундық жүйенің өзіндік агрессиясы аясында дамиды. Бұл жағдайда лимфалық тіндер ұйқы безінің инсулин түзуші клеткаларын бұзады. Тіндер қалыпты жағдайда ағзадағы бөтен, зиянды клеткаларды жоюы тиіс. Процесс «аутоиммундық» деп аталады. Аутоиммундық ауруларға тұқым қуалауға бейімі бар адамдарға қоршаған ортаның əртүрлі факторлары əсер етуі мүмкін. Аурудың тура себебі белгісіз. Ғалымдардың айтуынша, вирустық инфекция, зақымдану немесе сиыр сүтін көп ішетін балаларда кездеседі екен.

– Аурудың алғашқы белгілері қандай?

– Қант диабетінің 1-түрі жедел басталады. Əлсіздік немесе бас айналуы мүмкін. Глюкоза – ағзаның энергиялық қажеттілігін қамтамасыз ететін негізгі энергия көзі. Ми жəне жүйке жүйесі тек глюкозаны тұтынады. Көмірсудан түсетін глюкоза инсулиннің бөлінуіне септігін тигізеді… Егер бұл процесс жүрмесе, зат алмасу мен клетканың энергиялық қамтамасыз етілуі бұзылады. Қанда қанттың көлемі ұлғаяды, қан мен несепте глюкоза мөлшері көбейеді. Өте қатты шөлдеу, тез шаршау, күндіз-түні жиі-жиі кіші дəретке бару, салмақтың төмендеуі, басқа да тері инфекциялары осылай пайда болады. Сондай-ақ, бала дұрыс тамақ ішпесе, аз қимылдаса да ауру болады. Жоғары көмірсулы жəне майлы тағамдарды жиі жеу дертті қоздыра түседі. Қант диабетінің алдын алудың бір жолы – салауатты өмір сүру салтын сақтау.

– Спортпен айналысуға бола ма?

– Əрине, спорт тек қант диабеті емес, түрлі аурудың алдын алады. Жүктемесі көп спорт түрі ауыр болады. Жаяу жүру, волейбол, бадминтон, үстел теннисі, шаңғы тебу, суда жүзу, гимнастика сынды спорт түрлерінің пайдасы зор. Тек шынығу 40 минуттан аспауы керек. Балаларға кішкене кезінен дұрыс тамақтануды үйретіп, əр жемістің пайдасын айту керек. Қантты жəне қанты көп тағамдарды шамадан тыс қолданбаған дұрыс.

Инъекция салатын орын жəне қол таза болғаны жөн. Гигиеналық процедуралар сақталғаны дұрыс. Қолды ағып тұрған суға жақсылап сабынмен жуып, кептіреміз. Этил спиртіне салынған сулық немесе мақтамен инъекция салатын жерді жақсылап сүртеміз. Егер тазалық сақтамаса, асқыну болуы мүмкін. Ата-ана балаға осы заттардың барлығын арнайы сөмкеге салып беруі керек. Егер препарат мұздатқышта тұрса,қолмен ұстап, жылытады. Инъекция салу ережесін дəрігер мұқият түсіндіріп айтады. Қант диабеті əр балада əртүрлі жағдайда емделеді.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №49
4 желтоқсан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз