Суретшілер – момын халық. У-шумен ісі жоқ, әр жерден бір жылтыңдап жүре бермейді. Біз бұл жерде кәсіби суретшілерді айтып отырмыз. Ал өнер мұражайларынан, сурет көрмелерінен олардың жұмыстарын көріп, ерекше тамсанып қайтасыз. Себебі көре білген адамға суретте бәрі де бар.

Шығармашылық адамдарының жаңалықтарымен бөлісуді «Ақ желкен» журналы қолға алды. Кино, әдебиет, театр, сурет өнерінің шеберлерінің шығармашылық жаңалықтарымен ұдайы таныстырып отырмақпыз. Өткен нөмірлерде қаламгерлер мен кинорежиссерлердің жаңалықтарын білдік. Ендігі кезек суретшілерде. Айтпақшы, қаламгерлер сияқты суретшілер де «жазады» екен. Демек, ақындардың өлеңді шығармайтыны сияқты суретшілер картинаны салмайды, жазады екен…

Жұмақын ҚАЙРАМБАЕВ:

– Екі жыл бұрын қазақтың біртуар тұлғаларынан серия-портрет жасауды ойлағанмын. Құрманғазы, Абай, Жамбыл, Мұқағали – осы төртеуін қазір жасап жатырмын. Бітіп те қалдым. Бұл картиналарда тек бет-бейне емес, оның қыры ашылуы керек. Абайды қазір ескерткіштен ғана білеміз. Мұқағалидың жырын қазақтың қай даласына барсаңыз да кезіктіресіз. Жүзге келсе де жырынан жаңылмаған Жамбыл да үлкен тұлға. Алғашқы төртеуін осындай оймен таңдап алдым. Жамбыл картинасы Астанадағы музейде тұр. Ал қалған үшеуін қарашаның соңында Астанада өтетін көрмеге апарып қоямын. Менің бағытым – реализм.

Досбол ҚАСЫМОВ:

Талғат Тілеужановтың картинасы

– «Уақыт алға» деген үлкен картина жазып жатырмын. Оны сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Бұрынғы заманнан қазірге дейінгі өнерді, өнердің жолын көрсететін жұмыс десем болады. Картинада қатып қалған стиль жоқ, аралас. Бір картинаны жазу әр кезде әрқалай уақыт алады. Бір картинаны аяқтау үшін бірнеше ай, тіпті бірнеше жыл кетеді. Мысалы «Уақыт алға» деген картинасын бастағаныма үш жыл болды. Ұзындығы 3 метр, биіктігі 1,5 метр. Қашан бітіретінімді де білмеймін. «Мәңгі» деген бір жұмысты да бастап жатырмын. «Мәңгілік» емес, «Мәңгі». Бірақ ешқандай тарихи картина емес, жәй сюжет. Жалпы картинада мораль болуды құп көрмеймін. Суретте сұлулық қана болу керек. Әрине, ойсыз салмаймын, бірақ картинада ой тығылып тұру керек деп ойлаймын.

Алпысбай ҚАЗЫҒҰЛОВ:

– Әрине, күн сайын шығармашылықпен айналысамын. Біздің жұмысымыз да сол. 25 қыркүйекте 60 жасқа толдым. Соған орай Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мерейтойыңызды Астанада өткізіңіз деді. Соған 25 қазанда Ұлттық музейде мерейтойыма орай жеке көрме болады, Алла қаласа. Соған күні-түні дайындалып жатырмыз. Бітпеген картиналарды аяқтап, рамкасы жоқтарды жөндеп жатырмыз. 100-ден астам картинаны сол көрмеге апаруым керек. Жаз бойы сонымен айналыстым. Соңғы уақытта «Кездейсоқ кездесу», «Бұлақтың басында» деген картина жаздым.

Сурет өнерінің ең басты құралы – түс. Түс арқылы айтайын деген ойыңды жеткізесің. Суретшінің жасы ұлғайған сайын түс таңдауы да өзгереді. Мақтанғаным емес, қазір түсім ысылған сияқты сезіледі өзіме. Басты мақсат, түстің гармониясын үйлестіру керек.

Ағымсалы ДҮЗЕЛХАНОВ:

– Темірбек Жүргеновтың 120 жылдығына орай сериялық графика жасап жатырмын. Басқа да жұмыстар істеп жүрмін. Таза шығармашылыққа келсем, эпостық жырларымыздан 6 картина – Қыз Жібек, Айман-Шолпан, Қамбар, Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын батырларамызды дайындап жатырмын. Өзім эпосқа, аңыздарға, қиял-ғажайып ертегілерін бейнелеуге қызығамын. Мұның бәрін бала кезімізден естіп өстік. Бұларды бейнелеуде жырдың мәтініне мән беремін. Жұмыстарымның көбі реалистік бағытта. Басқа стильдер бар, бірақ оны халық түсінбейді. Биыл екі үлкен картина бітірдім. «Сақтар» және «Жібек жолы керуені» деп аталады. Қызыр баба мен төрт түліктің атасын бейнелеуді жоспарлап жүрмін. Мұның бәрі балаларға керек болар деген үміттемін. Кеңес өкіметі кезінде ертегі кейіпкерлерінің суреттерін салдым. Балаларды салғанды да жақсы көремін.

Мейіржан НҰРҒОЖИН:

– Шығармашылықта үзіліс болып тұр. Тапсырыстарға ғана жұмыс істеп жатырмын. Мемлекеттік деңгейдегі көрмелерге де дайындық жоқ әзірге. Көрме өткізу үшін тақырып болу керек. Жалпы суретшілер шығармашылығын алдын ала жоспарламайды. Шабыттың бір түрі дейміз бе, картина жазатын әр суретшінің өз уақыты болады…

Жазып алған Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2018

1 ПІКІР

  1. Монтредағы джаз-фестивальдің құрметті қонақтарының бірі,босса нова стилінің негізін қалаушы Антонио Жобимнің екі шығармасы хрестоматиялық болып есептеледі.Ағымсалының да «Гүлнәзиясы» да сондай стандарт дүние.
    Әбеке, «жұрт түсінбейді» демеңіз,басқа стильдерді де қаузай беріңіз.
    Барлығыңызға сәттілік,жаңа дүниелер күтеміз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз