Бокс – ер мен елдің намысы қатар сыналатын спорт атаулының төресі. Соның ішінде кəсіпқой бокстың алар орны ерекше. Үлкен гонорар мен шоуға айналған бұл салада туымызды көкте желбіретіп жүрген жігіттер жетерлік. Мəселен, Геннадий Головкин, Қанат Ислам, Жанат Жақиянов, Жанқош Тұраров секілді жігіттер бар. Кəсіпқой бокстың шырқау шегі – Əлем чемпионы атағы. Дегенмен, бұл мəртебеге бүгінде Геннадий Головкин ғана қол жеткізген. Қазіргі таңда отандасымыз орта салмақта əлем чемпионы. Қандастарымыздың арасында да бұл нəтижені қайталаған чемпиондар болған. Олар – Бейбіт Шүменов пен Жанат Жақиянов. Алайда, алғашқысы жарақатына байланысты мансабын аяқтаса, екіншісі соңғы кездесуінде Райан Барнетке есе жіберіп, белбеулерінен қағылды. Қазіргі сəтте кəсіпқой бокста 63 қазақстандық боксшы бар екен. Бұл олқылықтың орны жақын күндері толтырылуы бек мүмкін. Дəл осы межеге жетуге басты үміткер – Қанат Ислам.Қанат Ислам 2000-2010 жылдар аралығында ҚХР намысын қорғады. 2011 жылы еліне оралып, азаматтық алды. Бұл Қанаттың өміріндегі үлкен қадамдардың бірі еді. Себебі, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына қатыса алмайтынын біле тұра, осындай шешімге келді. Елге оралғаннан соң «Астана арландары» сапында бүкілəлемдік бокс сериясында бақ сынай отырып, елордалықтардың капитаны атанды. Ал 2012 жылы кəсіпқой боксқа ауысу жайлы шешім қабылдап, 28 қыркүйекте алғашқы жекпе-жегін өткізді. Бүгінде 25 кездесудің барлығында жеңіске жетіп, 20 қарсыласын мерзімінен бұрын ұтқан. Сондай-ақ, бірнеше белбеудің иесі.

Қанат Ислам 33 жаста. Яғни, мақсатқа жетер жаста. Кəсіпқойда жүрген бес жыл ішінде көптеген жетістікке қол жеткізді. Дегенмен, əлі əлем чемпионы атағы жоқ. Меніңше, барлық кінəрат Қанаттың кездесуін ұйымдастырушыларда. Исламның жаттықтырушысы – Нельсон Лопес. Нельсон – кəсіби маман. Кəсіпқой бокста əлемдік деңгейдегі ең үлкен бокс кештерін өткізген. Тіпті, Алматы мен Астанада да қазақ боксшыларының кездесулерін жоғары сапада ұйымдастырды. Əйтсе де, шешім қабылдау тұрғысында көп жерде қателікке бой алдырады немесе сөзбен «орақ орып», іске келгенде шорқақтау. Мəселен, бірінші орта салмақта əлем чемпионы Мигель Котто Қанатпен шаршы алаңға шығуы мүмкін деген қауесет шыққан. Бірақ, бұл кездесудің өту ықтималдығы өте төмен. Себебі, пуэрториколық боксшы жақын уақыттарда мансабын аяқтауды жоспарлап отыр. Жақында кəсіпқой бокстың аңызы филиппиндік Мэнни Пакьяо «Қазақтың» командасымен келісімге келді деген ақпар желіде желдей есіп, сол күйі жабулы күйінде қалды. Соңғы сыбыстарға сенсек, отандасымыз Геннадий Головкиннің бұрынғы қарсыласы Келл Брукпен қолғап түйістіреді деген жаңалық бокс жанкүйерлерінің арасында кеңінен талқылануда. Брук жоғарғы деңгейдегі спортшы. Нельсон мырза мен ұлыбританиялық боксшының өкілі ортақ шешімге келіп, жекпе-жек өтсе Қанат Ислам үшін оң əсерін тигізетіні анық. Біріншіден, деңгейлес қарсыласын жеңіп, мықтылығын шегелей түседі. Екіншіден, рейтингте сатылай алға жылжиды. Қазіргі кезде WBA тұжырымы бойынша ғана əлемдік рейфтингте бірінші орында тұр. Үшіншіден, бірінші орта салмақтағы əлем чемпиондарының назарын өзіне аудартып, титулды кездесу өткізуге үлкен мүмкіндікке ие болады. Осыларды ескере отырып, Қанат Ислам мен командасы уақытты текке өткізбей, мейлінше жоғары деңгейдегі боксшымен қолғап түйістіріп, əлем чемпионы атағын иеленуге асыққан жөн деген пайымға келеміз.

 

Ілияс СƏРСЕНБАЙ,
Ы.Алтынсарин
атындағы мектеп-гимназияның
11-сынып оқушысы.
Кентау қаласы,
Оңтүстік Қазақстан облысы

«Ұлан» газеті, №48
28.11.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз