«Шай ішсең, көңілің жай». Шайдың тоңсаң бойыңды жылытатын, шөлдегенде шөліңді қандыратын, сергектік сыйлайтын қасиеттері бар. Сапалы түрлерін емдік шараларда жиі қолданады.

XIX ғасырда жапондық зерттеуші М.Киттар «Қазақтар шай ішкенде уақыт та, орын да талғамайды. Кез келген тамақтан бұрын да, кейін де шай іше береді» деп жазған болатын.

Ал ми қайнаған ыстықта шөлді қалай басуға болады? Оның да шешімі – шайда. Алайда күнделікті тұрмыстың темпі жылдамдаған сайын адамдар да жалқауланып, кез келген нәрсенің оң шешімін, аз уақыт алатын процестерді қолдануға құштар болып барады. Мысалы, қарапайым шай демдеп ішуге уақыт таппайтын тұрғындар үшін қалташадағы шай таптырмас шешім.

Айта кетейік, шайды қалташаға орауды қытайлар ойлап тапқанымен, шәйқалташалары тек 1952 жылы «Липтон» компаниясымен патенттелді. Вашингтон университетінің ғалымдары қалташадағы шайды зерттеу барысында күніне 5  кеседен артық  ішуге болмайды деген тұжырымға келген. Сондықтан, шайдың орнына су ішкен дұрыс дейді мамандар.

Соңғы кезде ғалымдардың аузынан «Қалташадағы шай қатерлі ісік туғызады», «Қалташадағы шайдың құрамында адам ағзасына зиянды элементтер бар» дегенді жиі естіп жүрміз. Бұл қаншалықты рас? Шындығында, қалташадағы шайдың қарапайым түйіршіктелген шайдан қандай айырмашылығы бар? Бұл ақпараттардың анық-қанығын химия ғылымдарының кандидаты Ақылбекова Тұрар Наурызбайқызынан сұрап білдік. Тұрар Наурызбайқызы бұл тұжырымдарды растады. Ол Химия ғылымдарының кандидаты, аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технология кафедрасының оқытушысы.

Қалташай қатерлі ісік туғызады

Ұлан: Өндірісте қалташадағы шай түрлі химиялық өзгерістерге ұшырайды деп естіп жүрміз. Одан шай өзінің сапалық қасиеттерін жоғалтпай ма?

Тұрар Наурызбайқызы: Шай негізінен табиғи компоненттерден жасалады. Алайда қалташадағы шайлар өндірісте өте көп өзгерістерге ұшырайтындықтан, өзінің сапалық қасиеттерін жоғалтады. Сондықтан онда табиғи дәм мен иіс болмайды.

Ұлан: Бірақ түйіршіктелген шайдан қарағанда қалташадағы шайдың дәмі де иісі де ерекше ғой. Мұның сыры неде?

Тұрар Наурызбайқызы: Сіз бен біздің сезіп жүрген иісіміз – химиялық хошиістендіргіштер мен бояу.

Ұлан: Мұндай шайдың денсаулыққа қандай зияны бар?

Тұрар Наурызбайқызы: Химиялық хошиістендіргіштер адам ағзасына қатерлі ісік қаупін туғызады. Қалташадағы шайлар ескірген шай қалдықтарынан жасалатындықтан, құрамында шаң-тозаң мен түрлі қоқыстар кездеседі. Ол ағзада химиялық тұздардың түзілуіне себепші болады. Сондай-ақ, қалташадағы шайдың құрамында фтор өте көп болады. Ол тіс эмалінің бұзылуына, сарғаюына, сүйектердің сынғыштығына әкеледі. Қалташадағы шайлардың сапалы қағазға оралуы маңызды. Жібек-қағаздан жасалған қаптамалар адам денсаулығына зиянды емес. Алайда, мұндай қаптамадағы шайлар қарапайым қағазға оралған шайлардан қарағанда қымбат болады. Көптеген компаниялар қаптама ретінде синтетикалық қағаздарды қолданады. Бұл да адам ағзасына зиян. Қалташадағы шайдың сақтау мерзімі ұзақ. Ал көп сақталған шайдың құрамында бауырды зақымдайтын афлотоксин деген қауіпті зат болады.

Ұлан: Шайдың сергектік сыйлайтын, шөл басатын қасиеті неге байланысты? Оны жиі қолдану тәуелділікке әкеліп соға ма?

Тұрар Наурызбайқызы: Кез келген шайдың құрамында кофеин мен танин кездеседі. Кофеин ой және дене күшін жақсарту үшін қолданылады. Алайда мөлшері көбейіп кетсе, ұйқысыздыққа душар етеді. Жүрегі ауыратын және қан қысымы жоғары адамдар кофеинді азайту үшін қалташадағы шайды жылы суға салып, суын төгіп, қайтадан демдеу керек.

Ұлан: Шайдың сапасын үй жағдайында қалай тексеруге болады?

Тұрар Наурызбайқызы: Ол үшін қалташадағы шайды салқын суға салып көріңіз. Бояғыштар мен хошиістендіргіштер салқын суға да шыға береді. Түсі, дәмі, иісі тек ыстық суда шығатын шайлардың сапасы жоғары деген сөз.

Ұлан: Кеңестеріңізге рақмет!

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №32
7 тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз