Үлкен теннисте үкілеген үмітіміз Зарина Дияс Лондонда өткен Уимблдон турнирінде кезекті рет өнер көрсетті. Зарина алғашқы айналымды сәтті бастап, қытайлық Синьюань Ханьды жолынан ығыстырды. Екінші кезеңде австралиялық Арина Родиноваға 1:5 ұпайымен есе жіберіп жатса да, табандылық танып, жеңісті жұлып алды. Өкінішке қарай, Зарина үшінші кезеңде Петра Матричтің осал тұсын таба алмай, жарты жолдан жарысты тоқтатты.

Теннис спортын серік етіп, еліміздің атынан әлемдік аренада атой салып жүрген қаракөздеріміз көп емес. Осы тұста жас өрендердің теннис спортына деген қызығушылығын оятып, еліміздің үздік теннисшілерінің бірі атанған Зарина Диястың жетістіктері көңілге қуаныш ұялатады. Алайда, қолынан жарақат алып, ота жасатқаннан кейін біраз турнирлерден шет қалғанын білеміз. Дәл осы жарақаты біраз додада жеңілістің ащы дәмін татқызып, әлемдік рейтингте де жағдайын біраз төмендетіп жіберді. Дегенмен салы суға кетпеген Зарина жақында ғана Манчестерде өткен ITF турнирінде топ жарып, әлемдік рейтингте 207-орыннан 133-орынға қайта көтерілді.

Жастайынан қайсарлығымен дараланған Зарина жасөспірімдер сапында өнер көрсетіп жүріп-ақ әжептеуір нәтижелерге қол жеткізе бастаған. Осы орайда спортшымыздың өмірінен аз-кем мағлұмат айта кетейік. Зарина Алматы қаласында дүниеге келіп, 6 жасында отбасымен Чехия еліне қоныс аударған. Зарина үйдің үлкені, өзінен кейін Алиса есімді сіңлісі бар. Теннисші қыздың салмағы 64 келі болса, бойы 172 сантиметр.

Көгілдір экраннан теннисті қызыға көргені – оны теннис әлеміне алып келді. 2009 жылы Прагадағы үлкен додалардың біріне алғаш рет қатысып, ширек финалға дейін оңай жеткен. Осы турнирден соң Заринаның жұлдызы жанды десек те болады. Бір жылдан кейін «Кремель кубогінде» өнер көрсетіп, әлемнің №1-ракеткасы болған сербиялық Елена Янковичті шаң қаптырғанда, Зарина небәрі 17 жаста еді. Дәл осы жеңістен кейін, көптеген мықты мамандар назар аударып, бірге жұмыс істеуге құлық танытқан. Қазақстанның ғана емес, Азияның да бірінші ракеткасы болған. Австралия ашық чемпионатына қатысқан алғашқы қазақ теннисшісі ретінде де мәртебесі биік. 2015 жылы теннисші өзінің алғашқы миллион доллар табысына қол жеткізді.

«Осы уақытқа дейін бағындырған шыңдарымның барлығы анамның арқасында» деген Заринаның расымен, әр жеңісі мен жетістігінің артында анасы тұр. Уимблдон турнирінде топ жаруды армандайтын Зарина, үлкен шлем жарысының 1/8 финалына шыққан тұңғыш қазақ теннисшісі екенін де атап өткен ләзім.

Заринаның алдағы жоспары жайында Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараевтың пікірін білген едік:

«Зарина қыркүйек айынан желтоқсанға дейін денсаулығын қалпына келтіріп, медициналық оңалтудан толық өтті. Кішігірім турнирлерге қаңтар айынан бастап қатыса бастағанмен, алғашқы айналымнан-ақ жарысты тоқтатқан. Әрине, жарақаттан айыққаннан кейін бірден топ жару оңай  емес. Теннисшіміз  қазір толыққанды спорттық формасына келді.

Осы жолғы Уимблдон турнирінде сәтті өнер көрсете ме деп үміттенеміз. Бірақ үшінші айналымда сыр беріп алғанын өздеріңіз де көрдіңіздер.

Ал, Заринаның теннис кортындағы ерекшелігіне келер болсақ, ең алдымен ол өте сауатты ойнайды. Басқа теннисшілерге қарағанда қателік жібермейді, әрбір соққысын ұтымды жасай біледі. Әр ойында жанын салып, соңғы ұпайға дейін таласады. Күтпеген жерден қарсыластарын есеңгіретіп, толассыз шабуылдың астына алатын кездері де болады. Меніңше,Заринаға сәттілік жетіспейді. Жарақат алып, денсаулығына көп зияны тиіп жатады. Осыдан 5 жыл бұрын иығын жарақаттап, ота жасатқан болатын. Сол жарақатынан енді айыға бастағанда, қолынан жарақат алып, тағы да денсаулығына зақым келді. Егерде теннисшіміз спорттық мансабының соңына дейін жарақатсыз ойнаса, әлі талай додада топ жаратынында күмән жоқ. Біз спортшы қызымыздың жастық жігеріне сенеміз», – деді Диас Досқараев.

Зарина Уимблдондағы турнирден кейін, АҚШ-та өтетін ең үлкен додалардың бірі – US Open-де өнер көрсететін болады. Кезінде Заринаның өнеріне Олимпиада чемпионы, әлемнің үздік ракеткасы болған Жюстин Эненнің бапкері атақты Карлос Родригес пен голландиялық Эрик ван Харпен қызығып, Мария Шараповадан да асып түсуі мүмкін деп топшылаған. Алайда ол болжамның жүзеге асуына сенімнің азайыңқырап қалғанын да жасырмаймыз. Бірақ спорттағы мамандар жасындай жарқыраған Заринадан әлі де зор үміт күтетіндерін айтты.

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз