«Қайрат» футбол клубының балалар академиясы бар. Бір Алматының өзінде үш академия жұмыс істейді. Жер-жерден алты жүз баланы қабылдайтын орталықтың тыныс-тіршілігі қайнап жатыр. Біз Тимур Сегізбаев атындағы балалар футбол академиясына арнайы бардық. Еңбек сіңірген жаттықтырушы, қазақ футболының ардагері, үздік қақпашы Құралбек Ордабаев күтіп алды. Академияны аралай жүріп əңгіме өрбіттік. Сонымен, аңызға айналған футбол ардагерін не мазалайды екен, құлақ түрелік:

– Бар өмірімді футболға арнадым. Ата-анамның қарсылығына қарамай, доп теуіп кеттім. Аллаға сансыз мадақ болсын, арманы орындалған адаммын. Мені тəрбиелеген ұстаздарым бар. Өзім тəрбиелеген шəкірттерім бар. Барлығы футбол сүйер қауымның сүйіктісіне айналды. Тимур Сегізбаев – менің бапкерім. Қазір жолымызды жастарға бердік. Біз тек кеңесшіміз.

Қызметімнің бəрі футболмен байланысты болды. Қазір Алматы қаласы бойынша «Қайрат» футбол командасындағы Даму бағдарламасының жетекшісімін. Алматыда ғана емес, барлық облыста балаларды даярлайтын футбол клубтары мен орталықтар бар. Бірақ, жағдайлары төмендеу. Балалар алаңға доп тебуге ғана келеді. Тіпті, жуынатын жер таппай қиналып кетеді. Жататын жері бөлек əңгіме. Біздің жағдайымыз оларға қарағанда жақсырақ. Сосын академия дəрежесін иеленгеніміз бар.

Құралбек ағаның айтуынша, айына екі рет балаларға іріктеу тур өтеді екен. Академияға 7 жас пен 17 жас аралығындағы жеткіншектер қабылданады. Дəл қазір 2009-2010 жылдары туған балаларды іріктеп жатыр екен. Əрі қарайғы əңгімені Құралбек аға жалғады:

– Қазақстан чемпионатында немесе қалааралық жарыстарда көзге түскен 13-14 жастағы балаларды академияға шақырамыз. Еліміздегі басқа футбол клубтарында ойнап жүрген балалардың ойыны ұнаса, оларды да «Қайратқа» алдыртамыз. Бала келгеннен кейін біздің базада болады. Тəртіпке бағынып, оқу-жаттығу жұмыстарына араласады. Компьютермен бақылап отырамыз. Қанша уақыт жаттығу жасады, қанша минутта бітірді, денсаулығы қалай, барлығын автоматты түрде біліп отырамыз. Егер баланың нəтижесі дұрыс болса, кіші құрамаға қосып, сатылап көтереміз. Не себепті он жеті жасқа дейін ғана қабылдаймыз? Өйткені, 17 жастан кейін бала тез шаршап қалады. Физиологиялық жағынан бөлек, психологиялық тұрғыдан да əлсірейді. Балалықпен «ойнай аламын, шаршамаймын» деп келуі мүмкін. Бірақ, кеш болып кетеді. Жеті жастан бастап академияда тəрбиеленіп, он жеті жасқа келгенде үлкен матчтарға қосамыз. «Футболшы болам» деп жарты жолдан қосылуға болмайды. Бала кезден армандап, бірден шешім қабылдап қойған жөн.

Алматы облысынан ғана емес, əр жерден келетін балалар бар. Алыс-жақыннан келетіндерді ескеріп, интернат қарастырдық. Биылғы оқу жылынан бастап, 2000-2004 жылы туған балаларды интернатқа орналастыра бастадық. Бес мезгіл тамақ береміз. Мектепке барып келгеннен кейін екі мезгіл жаттығу жасайды. Интернат жанынан ашылған қосымша оқу орталығына барады. Ағылшын жəне қазақ тілін оқытатын үйірмелер жұмыс істеп тұр. Балалар-дың денсаулығын қадағалайтын медициналық орталық ашылды.

Қазір осыдан төрт жыл бұрын қабылданған балалардың арасында да іріктеу жүріп жатыр. Шешімді өздері қабылдайды. «Академиядан шығамын, басқа спорт түріне ауысамын» десе, біздің тараптан қарсылық жоқ. Жеті жасында келіп, он жасқа жеткенде өз еркімен шығып, басқа салаға кетуіне болады. Тіпті, «Қайраттың» құрамында емес, «Тобыл» мен «Ордабасында» ойнаймын десе де, жібереміз. Ал екі жылдан кейін қайта айналып келетін болса, ережеге сəйкес тест тапсырады. Баланың əл-ахуалын анықтап аламыз. Бізден кеткенде қандай болды, қайтып келгенде өзгеріс болды ма? Осыны анықтаймыз. Тесттен қорқудың қажеті жоқ, жаттықтырушылар баланы ойынға қосып, бақылайды. «Қайрат» балалар академиясына келем деушілерге есік ашық. Алайда, доп тебе алады екен деп, барлығын бірдей қабылдай бермейтінімізді ескертеміз.

БАЛАНЫҢ 14 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ ШЫҒЫНЫ

АКАДЕМИЯНЫҢ МОЙНЫНДА

Үш академияда қазір алты жүз бала оқу-жаттығу жұмыстарына қатысады. Қырық  жаттықтырушы қызмет етеді. Балалардың жасына сəйкес жаттықтырушылары да əртүрлі. Олар академияның берілген кестесіне қарай жұмыс істейді. Құралбек аға «Қайрат» футбол клубының жекеменшікке өткенін де айтып өтті:

– Басқа футбол клубтарын мемлекет қаржыландырып отыр. «Қайраттың» клубы да, академиясы да жекеменшік. Кейбір клубтарда балалар орталығы бар. Алайда, сапасы қандай екені белгісіз. Насихаты да аздау. «Қайраттың» деңгейіне жетсін демеймін, бірақ қарқынды жұмысқа кірісу керек.

Балалар академияға қабылданғаннан кейін екі жақтың міндеттері анықталады. 7-14 жас аралығындағы балалар жаттығады. Ешқандай келісім-шарт болмайды. Барлығы тегін. 15 жасқа толғанда ғана келісім-шарт жасалады. Формасы, киімі, тамағы, төсек-орны, барлығы академия қазынасынан төленеді. Шəкіртақы беріледі. Егер басқа командаға ауысамын, «Қайраттың» құрамына қосылмаймын десе, өтемақы төлейді. Бұл –дүниежүзінде бекітілген футбол клубтарының ережесі.

– Кейбір ата-ана «балам доп тебе алады, «Қайратқа» қабылдаңызшы» деп келеді. Балаға қарасаң, онша ынтасы жоқ. Бірақ, əкесінің сөзінше керемет футболшы. Ондай жағдайда баланы ақылы дайындық курсына жібереміз. Пісіп-жетіліп, шымыр болғанда академияға ауыстырамыз. Алғашқы формасын ата-анасы алып береді. Кейіннен академия мойнына алады. Академиядан түлеп ұшқандардың бəрі доп теуіп жүрген жоқ. Университет бітіріп, басқа салаға кетіп қалғандар болды. Жаттықтырушылардың көбі – өзіміздің түлектер, – дейді Құралбек аға.

НҰРБОЛ ЖҰМАСҚАЛИЕВ – «НАМЫСТАН» ШЫҚҚАН БАЛА

Кезінде «Намыс» деген команда болғаны белгілі. Құралбек аға осы «Намыстың» тарихы, тағдыр-талайы туралы да айтты:

– Несіп Жүнісбайұлы екеуміз «Намыс» командасын құрдық. Сол командада ойнаған жігіттер əлі футболдың айналасында жүр. Араларында өздері іздеп келгендер де болды. Кейбірі біздің көзімізге түсіп, «Намысқа» алып келдік. Ол кезде жағдай онша емес, интернат жоқ. Орал, Семейден келген балалар Несіптің үйінде жатып оқыды. Нұрбол Жұмасқалиев – «Намыстан» шыққан бала. Ауылда шаңның арасынан өскен бала мен асфальтта өскен баланың айырмашылығы болады. Олар денелі, шымыр болады. Қалада өскеннің əлжуаздығы байқалып тұрады, қарқыны баяу. Спорт саласында ең керегі қабілет екенін естен шығармаған жөн.Елімізде футбол алаңдары ақылы. Көпшілігі қымбат та. Өткенде бір ауылға жеке кəсіпкер мешіт салғызып берсе, екінші кəсіпкер барып, одан да күшті етіп екінші мешітті салғызып беріпті. Осыны естігенде, қатты қынжылдым. Сол мешіттің орнына балаларға арналған футбол алаңы болса ғой, шіркін?!. Балалар асыр салып, доп қуатын еді. Бəсекелестіктің қажеті қанша?! Бізде тегін ойын алаңдары бар, бірақ кешкі алтыдан кейін ақылы болып кетеді. Көп адамның қалтасына салмақ салады, сосын қолды бір сілтейді. Ауылдағы жаттықтырушылардың білім деңгейі төмен. Шетелде оқып, тəжірибе жинақтап келсе, жақсы болар еді. Жас спортшыларға көңіл бөлмесек, нəтиже күту бекер. Футбол алаңдары тегін берілуі керек. Айтарым сол.

Құралбек ағамен үш сағат əңгімелестік. Өзі айтпақшы, бүкіл өмірін футболға арнаған жанның айтары да аз емес. Əлі де жаны күйетіні байқалады. Бірақ, бүгінгі алты жүздің ішінен алпыс футболшы шықпауы, олардың арасынан жұлдызы биік алтаудың шықпауы мүмкін еместей.

 

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА
«Ұлан» газеті, №38
19.09.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз