Біреулер: «Біздің жаққа Қадыр Мырза Әли келген», «Мен Қадыр Мырза Әлиді көргем», «Қадыр Мырза Әли айтқан, Қадыр Мырза Әли жазған» деп жатады. Ал енді сол қас талантқа көзі тірісінде күнде қасында шәй құйып беріп отырған асыл жарға ол ең әуелі шаңырақтың иесі, отағасы екені айтпаса да түсінікті. Оған әрине барлық әйелдердің күйеуіне айтатын арыз-арманы да, мұң-шері де, өкпе-назы да жат емес, бөтен емес. Оның үстіне: «Ағайынға қадірім жоқ – бетімді көреді, Қатынға қадірім жоқ – етімді көреді» деген халық даналығы тағы бар. Міне, осындайдан танымал адамдардың, аңыз адамдардың әйелдері жөнінде түрлі әңгімелер шығады. Сондай әңгімелердің шет-жағасы менің «Қыш Адам» атты эссемде айтылды. Осыған қатысты бір әдебиет сыншысынан: «Тамаша эссе! Менің де ойыма көп нәрсе оралды. Мен кісікиіктеу әдетіммен, жақын жоламай жүрсем де, осы кісінің маған бір ыстық ықыласы бар еді. Телефонмен, не көшеде, жиында кездесіп қалып сөйлескеніміз болмаса, басқа аралас-құраласымыз да болған жоқ. Соның өзінде ықыласын білдіріп, біраз әңгімесін айтып үлгеріпті. Тек өмірінің соңғы жылдары ғана сәл ренжітіп алдым ба деймін. «Иірім» бе, «Жазмыш» па, бір кітабын беріп, пікір білдіргенімді қалаған сыңай танытты. Мен жазбадым. Себебі, ұнамады. Екі кітабы да. «Жазмыштағы» жайлар, әлем жазушыларының өміріндегі мысалдардың көбі өзіме де таныс жайлар еді және сол мысалдардан бір үлкен қорытындылар жасауы үстірт, негізсіз, қызықсыз көрінді. Ал «Иірім» жазушылар ортасының өсек-аяңы болғасын ұнамады. Жазбайтынымды білген соң, адам жіберіп, кітабын қайта алдыртып алды. Соған қарағанда, ренжіген болуы мүмкін. Ал, жалпы, ол кісінің адамдық, ақындық болмысын жақсы ашыпсың! Олай дейтінім, ол кісіні мен де біраз білем ғой. Білмейтінімді көңілмен ұғам дегендей… Негізі аяулы адамдарымыздың бірі еді ғой, марқұм. Өте сәтті дүние шығыпты», – деген хат алдым.

«Қыш Адамды» бірнеше сайт көшіріп басты да, онда да комментарий ретінде жазылған назар аударарлық бір пікірлер жүрді. Араларынан қаламдас дос Өмірзақ Ақжігіттің де жазбасын көріп қалдым. Мұның алдында жазған «Аңыз Оралхан» атты эссеме сайт бетінде Ғаббас Қабышұлы ағамыз да осылай пікір білдіріп еді. Өкінішке қарай, қазір сайт беттеріндегі комментарийлер көбінесе жасырын атпен беріледі. Не пайдаланарыңды, не пайдаланбасыңды білмей дал боласың. Орынды пікірлер мен орнықты ойлар авторының аты-жөні көрсетіліп берілсе де болған екен ғой деген ойға келесің. Мысалы, сондай бір пікірді «Тәкен» деп көрсетілген сайт оқырманы қалдырыпты. Онда:

«Керемет мақала! Мен ақыннан дәріс алған, ақынның ҚазМУ-де ұстаздық қызметте жүрген кезінде университет бітірген адаммын. Ол кезде кітап боларын білмейміз, әрине. Әлгі «Иірім» мен «Жазмыштағы» сырларды төгіп-төгіп айтатын, қазақ ақылының оғланы. Мен старостамын – Қадырдың сабағы боларда аудиторияға басқа курстардың студенттері де келіп отыратын. Анау бір: «Үйің сенің болса болар бірнешеу, Ал өлгенде, көрің жалғыз болады», – дейтін өлең жолдарын аузынан шығарған әңгіме желісі (Гогольдың бір сюжетін мысалдап тұрған) әлі есімде. «Міне, мына бір кездейсоқ тіркес өлең болатын болды», – деп жымиғаны да көз алдымда… «Әрине бір қатырма қағаз керек-ақ. Дейтұрғанмен, нағыз дипломды беретін өмір, енді сол дипломды алу үшін арпалыс-додаға кіресіңдер» деген сөздерін жазып алыппын…. Қалай дегенде де, «талай тентек» оқыған ҚазМУ-дің Қадыр кірген аудиториялары дір ете қалатындай әсер етуші еді сол жылдары. Қолымызда баспадан жақында ғана шыққан «Алақан», алдымызда «Қарға бойлы, Абай ойлы» Қадыр…. қайран жылдар!», – делініпті.

Мұның бәрін тәптіштеп келтіріп отырғанымыз жәйдан-жәй емес. Аты-жөні белгісіз оқырмандардың тағы бірнешеуі «Қадыр ағамыздың бала-шағасы орысша оқыған», «Жоқ, қазақша оқыған» деп ақпарат алмасып жатты.  Бірі: «Иә, сонау 90-шы жылдары Қадыр ағамыз біз оқып жүрген ҚазМУ-де ұйымдастырылатын кештерге де жиі шақырылатын. Сондай кештердің бірінде, бір студент Қадыр ағамызға қаратып: «Балаларыңыз қазақша білмейді екен, сіздер өзгеге қалай ақыл айтасыздар?»  – деп қытымырлау сұрақ қойғаны бар… Сонда Қадыр ағамыз аз-кем тосылып барып: «Иә, өкінішті, солай болып тұр. Балаларым орыс мектептерінде оқиды», – деп жауап берген еді. Енді ол кезде орыс мектептері мода болды ғой, ол үшін ақын ағамызды ешкім кінәлай алмайды! Бастысы, ұлдары қазақ азаматтары болып өссе болды емес пе? Сол кеште Қадыр ағамыз өз өлеңдерін оқып, жастарға үлкен бір рухани сый жасаған еді. Көпшілігіміз Қадыр ағаны жақыннан бұрын көрмегенбіз, бәріміз ол кісіге ерекше бір сезіммен, ілтипатпен, таңырқай қарағанымыз әлі есімде», – деп жазса, екіншісі: «О не дегенің, Қадырдың үш ұлы да қазақ мектебінде оқыды ғой. Алматыда қазақ мектебін ашуға атсалысқан адамның бірі де осы Қадекең болатын. Сен, шамасы Тұманбай ағамен шатастырып отырсың. Адам естелікті байқап-байқап айтқаны жөн емес пе?» – деп қарсы пікір білдіріп жатты. Оған әлгі біріншісі: «Иә-иә, ол кеште Тұманбай аға да, тағы екі-үш ақын болды-ау деймін. Қателессем, кешірім өтінемін. Пәленбай жыл өтіп кетті! Мына мақалада Қадыр ағаны әдемі суреттеп жазыпты. Ол кісінің әдемі өлеңдері де көп еді ғой, студент кезде оқып жүретін едік, жастардың көбі ол кісіні жақсы көретін», – деп кешірім сұрап жауап қайырып та үлгерді.

Міне, осылайша эсседе айтылған жайттарға былайғы оқырмандардың өздері де бейтараптық танытпай жатқанда, Қадыр ағамыздың асыл жары Салтанат апайымыз қалайша үн қатпай сырт қалсын. Әсіресе, Қадыр ақынның анасының басындағы құлпытасқа жазылған сөздің «Қыш Адамда» неге келтірілгенінен де әркім әрқандай астар іздеуі мүмкін ғой. Ол өлең шумағын Қадыр ағамыз өзі шығарған екен. Естуімізше, бұл өлеңнің құлпытасқа жазылуына Есенғали Раушанов секілді бірді-екілі інілері қарсы болған да сияқты. Алайда Қыш Адамның аты Қыш Адам, көңілдегі сөзін құлпытасқа жазатын көне дәстүр жеңістік бермесе керек.

Күткен қоңырауым күтпеген жерден жол үстінде шалынды. Өзім үшін асыл бір адам телефон шалғандай жүрегім дүрс етіп соқты. Салтанат апайым сонда құлпытасқа қашалып жазылған әлгі өлеңді былайша талдап берді:

«Бала боп қызық көрмеген»: Енемнің отбасы ауқатты жандар екен. Содан кеңес өкіметінің конфискациясына тап болады. Әкесін соттап жібереді. Анасы енем емшектегі кезінде қайтыс болады. Жетім қалған енемді нағашы апасы өзінің қызымен бірге емізіп өсіреді.

«Баладан қызық көрмеген»:   1957 жылы енемізді Алматыға алып келдік. Өзіміз бір орыстың үйінде пәтерде тұрамыз. Бұл жерде орта мүлдем бөлек, қазақ көрмейсің. Ертемен екеуміз жұмысқа кетеміз. Сарғайып, сөйлесетін адам жоқ, енем тиісерге қара таппай отырғанда мен жұмыстан келем. Ішінде жиналып қалған бар ашуын менен алады. Сондағысы: «Сен болмағанда, балам ауылдың қызына үйленетін еді. Мен мұндай күйге түспес едім. Бәріне сен кінәлісің, қайыршы», – дейді. Осы сөзді жиілетіп баласына да айтады. Ақыры не керек, бір жылдан кейін енем елге қайтты. Ағаң үй алып берді.

Сөйтіп енем өзінің табиғи ортасына барды. Қабағы ашылды, мал ұстады. Бізге қолдың сары майын жіберетін болды. Елде енем өте сыйлы болды. Кеңсе, дүкен дегендердің есігін теуіп ашады. Әрине, Қадекеңнің де беделінің арқасында. Осыдан болар, «Баладан қызық көрмеген» деген әңгіменің шыққаны.

«Байдан да қызық көрмеген». Енем бойжетіп, Ғинаят атамызға тұрмысқа шығады. Дүниеге Қадыр ағаң келеді. Атамыз әжептәуір қызметте болады. Милиция ма, дүкен меңгерушісі ме, анық есімде жоқ. Қадекеңнің «Әкем дүкенге ертіп барғанда» дейтіні бар еді. Не керек, әйтеуір дүкен тоналып, кінәсін атамызға жабады. Сонымен атамыз сотталып кете барады. Енем қолында ұлы, қасында қайнағасы, төсекте күйеусіз қала береді. Атамыз сол кеткеннен соғыс басталып, штрафбаттан бір-ақ шығады.

Кейіннен жараланып елге қайтады. Дүниеге Ақкүміс деген қыз бала келеді. Ағаңның туған қарындасы, балалы-шағалы, Оралда тұрады. 1950 жылы осы қызды қырқынан шығарып отырғанда, атамыз дүниеден өтеді. Енем жап-жас кезінде жесір қалады. «Байдан да қызық көрмеген» дегені содан шығар.

«Қайдан да қызық көрмеген». 1914 жылы туған енеміз 1950 жылы небәрі 36 жасында екі баламен жесір қалады. Қолда ержетіп қалған ұл, емшектегі қыз, қайнаға отбасымен тағы бар. «Қайдан да қызық көрмеген» дегеннің бір сыры осы болса керек».

Салтанат апайымыз да әңгімешіл екен. Жазуға болатын да, болмайтын да біраз әңгіменің басын қайырып тастадық. Ерлі-зайыптылар жүре-бара бір-біріне ұқсай бастайды деген сөздің де жаны бар. Апайымыз өтімді, батымды сөйлейді. Бұдан кейін хабарласқанда да шұрқыраса қалатын болдық. Қадыр ағамыздың әр кезде, әр жерде айтқан сөздері ортақ тақырыбымызға айналды:

«Мақалада айтылған ешкі сүтіне келетін болсақ: сүт алып жүргені орыс емес, қазақтың кемпір-шалы. Дрозд көшесінде тұрады. Сүтті орыстан алса, әлгі бір әйел қайдан жүр? Әйел түгілі ерлерге сырын ашпайтын ағаң оған не затқа иіліп қалыпты?

Пойызда кездескен адамға келетін болсақ: Мен білмейтін қандай жанашыр адам? Сондай етене жақын болса, менің білуім керек қой. Қадекеңнен де естімедім ондай адам барын.

Мұхтар Шахановқа келетін болсақ: Алғашында қатты ашуланғаным рас. Дүниеден озған адамнан келетін жауап жоқ. Осыны ол мықтап сезіп отыр. Есіме Шахановтың алғашқы өлеңдерін Қадекең өз қолымен електеп, сұрыптап шығарғаны түсті. Ол кезде Мұхтар бірінші әйелі Қызылгүлмен тұратын. Қол ұстасып біздің үйге келіп жүргені, тұңғыш ұлын біздің ұлдың атымен Қуаныш деп қойғаны, біздің Шымкентте анасының қолынан дәм татқанымыз және мен қиналып жүргенде Қалампыр деген қарындасын көмекке жібергені түсіп, ашуымды бастым. Әжемнің: «Біреуге ашуланғанда, оның қандай да бір жақсы жағын есіңе түсір», – дегені бар еді.  Біз сол үлкендердің айтқанынан шыға алмайтын ұрпақпыз.

Ағаңның түр-түсіне келетін болсақ: нағашылары жағынан қарашай-балқарлармен араластары болған. Қадекең нағашыларының «Біз қарашайдың Шора (толық атауын ұмытып қалдым. С.Қ.) деген жеріне барғанда» деп жиі әңгімелеп отыратынын есіне алатын еді. Ол жақтан қазақтар жылқы барымталап, қыз ұрлайтын сияқты. Кім білсін, бұл қазақты?

Балаларымыздың қандай мектепте оқығанына келетін болсақ: №12 қазақ орта мектебін ашуға Қадекең мен жазушы Мағзом Сүндетов екеуінің бармаған жері, ашпаған есігі қалмады. Ақырында №40 орыс мектебінің бір сыныбына рұқсат алды. Сол ашылған сыныпқа алғаш 7 бала келді. Олар: Қуаныш Мырзалиев, Мұхтар Сүндетов, Дина Асанова, Бақыт Тұрсынқұлов, Төлеген Сүлейменов, Парасат (фамилиясы есімде жоқ. С.Қ.), Әбу Сәрсенбаевтың немересі, осы жетеуі.

Сол жеті оқушымен ашылған мектеп бірінші тоқсанға жетпей 3 класс болды. Қазақтар орыс сыныбынан балаларын жұлып алып, қазақ сыныбына беріп жатты. Бұл мектептің қазіргі бейнесі қандай екенін бәріміз жақсы білеміз. Кейін немерелерім осы мектепке барды.

Тек ортаншы ұлымыз Қазыбек денсаулығына байланысты үйдің жанындағы орыс мектебінің табалдырығын аттады. Аяғында бұрынғы Дзержинский, қазіргі Наурызбай көшесіндегі №25 орыс мектебін француз бағытында бітіріп, Ленинградтың Пушкин атындағы ауыл шаруашылық институтында білім алды. Қазыбектен Айсұлу, Руслан атты немерелерім бар.

Келіндерге келетін болсақ, үшеуінің екеуі орыс қызы. Үшінші ұлым Ғазиздің әйелі қазақ, Шымкенттің тумасы. Аты Бақтыгүл. «Алматы ақшамы» газетінде жұмыс істейді.

Орыс келіндерімнен туған немерелерім қазақ мектебінде оқиды. Түгелдей сүндетке отырғызылған. Соның бірі осы Сырым, сөйлесіп көріңіз. Айсұлу немерем – дизайнер. Суретті жақсы салады. Мұхитым атақты суретші болды. Гауһар – визажист, Руслан компьютердің құлағында ойнайды. Мүсілім әлі бесінші сыныпта. Айнамкөз үште, шашы мен көз қиығы атасынан аумайды.

Жырым менің сырласым, дұғаласым,

Дұғаласа сол болып дуаласын.

Енді міне сен оның жары болдың,

Ақын жары болғанға қуанасың.

Бірақ та сен қызықтан қалдым деп біл,

Иығыма батпан жүк ілдім деп біл.

Ақын мені жар ғылып алды деме,

Мен ақынды бала ғып алдым деп біл!

Расымен де ағаң мен үшін үйдің тұңғыш баласындай болды.

«Бастауын істі бастаймын, Аяқтау қиын әманда», – деп ағаң айтқандай, бұл сөзімді аяқтау қиын шаруа болып тұр. Жалпы енем марқұм кеңес өкіметін «қайыршылар өкіметі» дейтін. Мінезі адуынды кісі еді. Ал, Қадекеңнің:

Той-думанға, қыз-қырқынға алақтап,

Жастығымды өткізбедім далақтап.

Өмір шіркін алтын ине,

Мен жібек жіп,

Қойған соған сабақтап, – деген өлеңі бар.

Осыдан артық не деуге болады. «Қыш Адамда» айтылған Қадекеңнің еңбекқорлығы міне, осы!

Ал енді «Қадыр айтыпты» дегенге қатысты айтарым: Кейбір асабалар тойды Қадырдың сөзімен ашып, Қадырдың сөзімен жауып жүр. Тіпті, Қадекеңнің: «Түлегі сендер, Тілегі сендер, Тірегі сендер сол елдің» дегендей өлең жолдарын мектеп бітірушілерге арналған үнпарақтардан көріп қалып, «Авторын неге жазбайсыңдар?» деуіме тура келеді. Бәріне айтарым: біреудің сөзін өзінікіндей етіп айтқанда, «ұят» деген үлкен сөз құлақтарында тұрса екен деймін».

Салтанат апайымыз осының бəрін қолмен қойғандай етіп айтып берді. Мен жазған эссенің бұл айтылған əңгімеден алыс кеткен жері жоқ екен. Десе де апайға алдын ала хабарласқанымда, «Қыш Адам» жазылмай қалуы да мүмкін еді. Себебі Қадыр ақын туралы халықтың өзі жасап алған образы бар. Біз қаласақ та, қаламасақ та ол образ енді өзгермейді. Ал тұрмыстың əңгімесі қашан да сол тұрмыстың деңгейінде қала береді. Қадыр ағамыздың ұрпағын қайбіреудің бала-шағасындай орысша шүлдірлетпей, қазақы қалыпқа салып өсірген Салтанат апайымызға мың алғыс десек те айтылатын əңгіме осы-ау. Осының қайсысы дұрыс дегенде, «Қалыпқа салма, халыққа сал» деген дұрыс дер едік.

Иә, Қадыр Мырза Әлиді асыл жары Салтанат апайдан артық ешкім білмейді. Бірақ оның көбі жүректе сақталатын сыр. Бірі мұңайтады, бірі жылатады, бірі күлдіреді. Үлкен кісінің Алматыдағы ұлы мен келінінің қолына келе жатып, пойыздың ұзақ жүрісіне шыдамай шамырқанғаны, көп қабатты үйде бір есіктен кіріп-шығып жүрген көршілерінің Қадыр ағамызды көне мысырлық біреу екен деп қалғаны, қайбір абысын-ажындардың бұрын араласып жүріп, «Иірім» шыққаннан кейін араласпай кеткені, бәрі де сол іштегі сыр.

Айтпақшы, менің тағы бір сыншым: «Қадыр Мырза Əлидің образы онша ашылмай қалыпты», – деді. «Қыш Адам» дегеннен артық қандай образ керек екенін түсінгем жоқ. Біз кешегі кеңес заманында шын асылдарымызға үлкен теңеулер беруден де жасқаншақтап қалған халықпыз. Ұлтқа еңбегі сіңген тұлғаларымыздың лайықты бағасын беруге мүмкіндік тудырған тәуелсіздікке мың шүкір! Осы деңгейден ойласақ, Қадыр Мырза Әли менің көңілімде ғана емес, халықтың көңілінде де Қыш Адам іспетті бейнеде орнығып қалғаны өтірік емес.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз