Кәсіп түбі – нәсіп

Алматы қаласына алғаш келгенде көргенім – «Қағанат». Қалада осындай атауы бар асханалардың көптігі сондай, алғашында аялдаманың бəрі «Қағанат» деп аталатын шығар деп ойлаппын. Сөйтсем, «Қағанат» Қазақстандағы ең үлкен асханалар желісі екен. Оның тек қана Алматыда ғана емес, Астана, Қарағанды қалаларында да тамақтандыру орталықтары бар. Ай сайын 300 мыңнан астам тұтынушыға қызмет көрсететін, тəулік бойы демалыссыз жұмыс істейтін «Қағанаттың» аты баршамызға мəлім болғанымен, оны құрған адамның есімі бізге беймəлім. Bolashak Business Lecture жақында Қазақстан Тəуелсіз əйелдер ассоциациясының мүшесі, «Қағанат» асханалар желісінің негізін салушы Шынар Бүгімбаевамен кездесу өткізді. Кездесуде Шынар Бүгімбаева кəсіпті қалай бастағаны жайында, «Қағанатты» қандай қиындықтармен үлкен тамақтану империясына айналдырғаны туралы айтып берді.

Ұлан: Бизнесті тым ерте бастағаныңызды білеміз. Тамақтандыру орталығын ашу туралы ой қалай туындады?

Шынар Бүгімбаева: Бизнеске 17 жасымда келдім. Бірақ, бұл жасында кəсіпкерліктің қыр-сырын толық меңгерген саналы адамды көп кездестірмеппін. Менің өмірлік көзқарасымның қалыптасуына əкем əсер етті. Ол бар ғұмырын білім беруге арнаған адам. Əкемнің барлық мақсаты бізді, балаларын аш қалдырмау болатын. Олар қиын заманда өмір сүрді ғой, жоқшылықты көп көрді. Бірақ, бұл қиындықты балаларым көрмесе деп еңбек етті. Мектеп бітірген сəтте болашақта кім болатынымды анық білмедім. Қазір оқушылар болашақ мамандығын таңдай алмаса, қоғамда оларға дұрыс көзқарас қалыптаспайды, «болашағы жоқ бала» деп қарайды. Бұл дұрыс емес. Əркім жүрек қалауын əртүрлі уақытта табады. Оны табу үшін де бірнəрсе əсер ету керек. «Егер тамақ бар жерде жұмыс істесең, тоқ боласың» дейтін əкем. Мен алғашында бұл пікірге қарсы келіп, жастық жалынмен өкпелеп те қалатынмын. Расымен, тамақ өндірісі ешқашан кері кетпейтін, сұраныстан түспейтін табысты іс. Тіпті, соғыс болып жатқан елде де адамдар тамақтанады. Мен қазір əкемнің айтқанымен 100 пайыз келісемін.

Ұлан: Қазір қоғамда кəсіп ашқысы келетіндер көп. Бастаған ісің алға басу үшін не істеу керек, кəсіпкерліктің қандай принциптері бар?

Шынар Бүгімбаева: Əрбір адам жеке тұлға болған соң ерекше дүние жасағысы келеді. Сол сияқты, бизнесте де əркімнің өз жолы бар. Біреудің ұстанымы біреуге сəйкес келмеуі мүмкін. Бірде əкемнің «касса жабылған соң қайта ашылмау керек» деп айтқаны есімде. «Қағанатты» ашқанда осы принципті ұстандым. Ешқашан ақшаны құр босқа жұмсаған емеспін. Тіпті, ісім алға басқанға дейін тойға, мерекеге, өзіме киім алуға да ақша қимадым. Қатар құрбыларым секілді боянып, киініп, қыдырып жүрмедім. Өз ісім табыс бермейінше, бір белдемше, бір жейдемен жүрдім. Тіпті, өзіме баспана алуға 10 жыл уақытым кетті.

Қанша рет кредит алғаным есімде жоқ

Ұлан: Бизнесті алғаш бастағанда қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Алғаш қаражатты қайдан алдыңыз?

Шынар Бүгімбаева: Кəсіп бастау үшін қорықпау керек. Тəуекелге барудан еш жасқанбаған жөн. Мен 17 жасымда университетті тастап, балмұздақ сататын дүңгіршекте жұмыс істедім. Бұл əрекетті ақшадан тарыққаннан емес, оқуым ұнамағандықтан жасадым. Тамақтандыру орталығын ашу туралы шешімді университетте он минуттық үзіліс кезінде қабылдадым.

Қиындықтың қайсыбірін айтайын?! Ең бірінші асхананы «Тастақ» базарының маңайынан аштым. Алғашында ақша жетіспеді. Сонда келген тұтынушыдан тапсырыс қабылдап, ақшасын алып, жаяу базарға барып, азық- түлік əкеліп, жылдам дайындап үлгеруге тырысып жүретінмін. Қазір мұндай жағдайды елестету қиын шығар. Бірақ, расымен осындай күндер де бастан өткен.

Қызметкерлердің барлығына айлық таратып беріп, өзім аш қалған кез де болды. Өзім басшы, өзім азық-түлік тасушы, өзім ыдыс жуушы, өзім еден жуушы, өзім кассир əрі бухгалтер болдым.

«Қағанатты» ашу үшін қанша рет банктен несие алғаным есімде жоқ. Алайда, ең соңғы рет 2007 жылы несие алғаным есімде. 1996 жылдан бастау алған бизнесім бұл кезде едəуір өркендеп қалған болатын. Бірде мені банк басшысы шақыртып алды. Барғанымда «бұдан былай сізге несие бермейміз» деді, ал мен болсам «бұдан былай маған несиенің қажеті де жоқ» деп жауап бердім. Осыдан кейін қарыз да, несие де алған емеспін. Бірақ, бұл жетістікке жету үшін 10 жыл бойы еңбектендім.

Ұлан: Жасыратыны жоқ, қазір адамдар арасында кəсіп ашу тренд- ке айналған іс. Түрлі тренингтер мен кітаптардың саудасы да қызып тұр. Алайда, барлығының ісі нəти- желі бола бермейді.

Шынар Бүгімбаева: Маған бизнес бастағанда ешкім «былай істе» деп айтқан емес. Өз білгеніммен бастап, өз жолыммен жүрдім. 24 жасымда «Бай əке, кедей əке» деген Кийосакидің кітабын оқыдым. Осы кітапты оқыған соң үш нəрсені түсіндім. Алғашқысы – ақшаны тек табыс əкелетін нəрсеге жұмсау керек. Ойлап қарасам, менің ұстанымым да сондай екен. Осы күнге дейін ақша əкелмейтін заттарды мүлдем сатып алмаппын. Екінші түйгенім – ұжым бəрінен маңызды. Ісіңнің алға басуы не кері кетуі ұжымға байланысты. Бұл тұжырымда да қателеспегеніме қуаныштымын. Үшіншісі, егер сен күнделікті жұмысқа баратын болсаң, бұл – жұмыс. Ал жұмысқа бару немесе бармау өз еркіңде болса, бұл – бизнес. Қазір мұны «қаржылық еркіндік» деп атап жүр ғой жастар. Осы үшеуін түсінген адамның бизнесі алға жылжиды деп айта аламын.

«ҚАҒАНАТ» ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

Ұлан: Асхана алғашында «Қанағат» деп аталған екен. Ал «Қағанат» атауы қайдан туды?

Шынар Бүгімбаева: Жоғарыда айтқанымдай, алғашқы асхананы Тастақ жақтан аштық. Екінші асхананы тек төрт жылдан кейін ғана ашуға мүмкіндік алдым. Бұл кезде асханамыздың атауы «Қанағат» болатын. Бірақ, əлі еш жерге тіркелмегенбіз. Мемлекет тарапынан салық, құжат дегендер талап етілетін болғандықтан, асхана атауын патенттеу үшін Астанаға аттандым. Тауар белгісі туралы заң бойынша атауы бірдей мекемелер тіркелмеуі керек екен. Ал «Қанағат» атауын менің алдымда иеленіп қойғандар бар екен. Сондықтан, мен берген өтінім қабылданбай, кері қайтарылды. Өзім қазақ тіліне шорқақтаумын. Ал көмекшім орыс мектептерінде қазақ тілінен сабақ беретін. Оған сөздегі əріптердің орнын ауыстырып көрсек қайтеді деген ұсыныс айттым. Осылайша «Қағанат» атауы өмірге келді. «Қағанат» сөзінің қандай мағына беретінін сұрағанымда «Империя, үлкен мемлекет» деп жауап берді. Адамның есімі тағдырына қалай əсер етсе, «Қағанаттың» үлкен тамақтандыру империясына айналуына оның атауы да солай əсер еткен шығар деп ойлаймын қазір. Кейде қазақтардың америкалықтардан несі кем деп те ойлаймын. Қазір «Қағанат» əлемдік деңгейдегі Макдональдсқа бəсеке тудырып, отандық нарықта орын бермей отырған асханалар желісі деп айта аламын. Менің тамақ дайындаудағы жылдам, дəмді, арзан, таза жəне табысты деп аталатын бес ұстанымым қазіргі қоғамдағы адамдардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ете алады. Сондықтан, «Қағанаттың» болашағы зор.

P.S: Əдетте кездесулер мен жиындарға студенттер мен оқушыларды міндеттеп апарады ғой. Ал бұл кездесуге келгендердің жүзінен мұндай белгі байқалмады. Берері барын білгендіктен болар, барлығы саналы түрде келген. Бірақ, қазақтілді аудитория аз. Тіпті, ғаламторда, бұқаралық ақпарат құралдарында да Шынар Бүгімбаева туралы қазақша ақпарат кездеспейді. БАҚ-та жиі көріне бермеуді дұрыс деп санайтын спикердің бизнес лекциясынан кейін кəсіп бастағысы келетіндер мықты мотивация алды деп ойлаймын.

Дана МАРАТОВА

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз